Қонақжай халық ұрпағымыз (Сахналық қойылым)

0
3126
ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі

Білім беру саласы: Қатынас                                                               

Ашық ұйымдастырылған оқу қызметі:  Драма                                                                           

Тақырыбы:  «Қонақжай халық ұрпағымыз». (Сахналық қойылым)

Мақсаты:

Тәрбиелік:   Адамгершілікке, кішіпейілділікке, имандылыққа тәрбиелеу.

Білімділік: Балаларды сөйлеу арқылы тілдік қорларын көбейту.Балалардың қонақжайлылық ұғымын, дағдыларын қалыптастыру. Көнерген сөздерді бала тілінде айтып үйрету.

Дамытушылық: Ата-бабамыздың ұлттық құндылықтарын,ұлттық тәрбиесін бала санасына сіңіру. Өз ұлтына, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрге деген сүйіспеншілігін арттыру.   Отбасындағы өзара сыйластық қарым- қатынасын дамыту.

Көрнекілік:  киіз үй, үй жабдықтары,ыдыс-аяқтар,  сүзбе, домбыра,сүлгі, леген, қол жуатын құман, проектор, слайд, видео- фильм, дидактикалық ойындар.

Пәнаралық байланыс:  Мүсіндеу, Құрастыру, Көркем әдебиет

І. Кіріспе бөлім

Ұйымдастыру кезеңі

Балалар «Туған жер» әнін айтып,  әженің аулына қонаққа келеді.

Балалар: Сәлеметсіз бе? Сәлем бердік.

Әже: Ой, айналайындарым, келіңдер.Қаладан немерелерім келіп қалыпты ғой. Жоғары шығыңдар. Сендер келеді деп мынадай әдемі көрпешелер тігіп қойған едім, соған отырыңдар.

Әже балалардың жағдайларын сұрайды.                                                                      Немересі Мирас: Әже, құртыңызды сағындық.

Әже:  Қазір көктем мезгілі ғой ,төрт түлік малымыз төлдеп, аққа аузымыз тиіп жатыр.

Немересі Фатима: Әже құртты неден  жасайды?

Әже құрттың жасалу жолын түсіндіреді.

Тосын сәт

Қонаққа Робот келеді.

Робот:  Са-ла-мат-сыз-дар ма! Мен  қай-да кел-дім?

Әже: Қош келдің, Робот балам  төрге шық!  Сен Қазақ еліне келдің. Өзің қай елден келдің?

Робот: Мен ро-бот-тар  е-лі-нен кел-дім. Мы-нау қан-дай дөң-ге-лек  үй? Бұл қа-лай а-та-ла-ды?

Әже: Бұл киіз үй. Киіз үй — қазақ халқының ертеден келе жатқан баспанасы. Ол көшіп — қонғанда тез жиып, шапшаң тігуге ыңғайлы.Біздің қазақ халқы ертеде қыста қыстауға, жазда жайлауға көшіп жүрген. Көшіп қонуға ыңғайлы болсын деп осындай киіз үйлер дайындаған. Бұл киіз үй қыста жылы, жазда салқын болған. Киіз үй негізінен ағаштан жасалып, киізбен жабылған. Сондықтан киіз үй деп аталған.

Әже: Балалар, назарымызды экранға аударайық.

Киіз үй құрылысын видео арқылы көрсету.

Әже: Ал, ер балаларым, сендер Робот балама киіз үй құрастырып беріңдер, мен қыздарыммен бірге құрт жасайық.

Құрт жасау

Дидактикалық ойын «Киіз үй» Әжесі: Робот балама қазақтың ұлттық ойынын ойнауды көрсетейік.

Қазақтың ұлттық ойыны: «Алақан соқпақ»

Ойын шарты:  Ойынға қатысушылар дөңгелене отырады. Орталарынан бір бастаушыны белгілейді. Оған сүлгі беріледі. Бастаушы шеңбер ішін айнала жүріп, біреуіне: «Алақаныңды тос!»- дейді.Ол алақанын  тосады. Сол кезде, бастаушы оның алақанына ширатылған сүлгіні тигізеді де, тез тартып алып: «Сүлгі қайда?»-деп сұрайды.Сонда әлгі ойыншы орнынан тұрады да,  бір  өлең немесе тақпақ,мақал-мәтел айтады. Сонан соң: «Сүлгі анада»- деп, басқа баланы көрсетеді. Ойын осы ретпен жалғаса береді.

Фатима: Сыйлап сәлем беремін,                                                                              Көршілерді көргенде.                                                                                                    Ізетті деп білемін,                                                                                                          Үйге қонақ келгенде.

Әдепсіз деп сөкпесін,

Анама айтып өкпесін.

Нұрәділ: Жайлауың болар жеріміз,

Төсегің болар төріміз.

Білгің келсе қазақты,

Қонағы болып көріңіз.

Б.Ерасыл: Сырттан келген мейманға,

Сәлем беріп,қол алсақ.

Бірінші еткен құрметің,

«Түсіңіз» деп түс беріп,

Шылбырына оралсақ

Екінші еткен құрметің.

Дінмұхаммед: Дастарханның басында,

Әдептен біз озбаймыз.

Үлкендердің қасында

Қолды бұрын созбаймыз.

Жаннұр:  Сәлем –сөздің анасы

Ұғын, қазақ баласы!

Бір ауыз сөз сәлеммен,

Нұрлы сауап аласың.

Жарасхан: Анам менің сүйіктім,

Тек  өзіңе табынам.

Қасымда жүрсең биікпін,

Алыстасаң сағынам.

Шырайлым: Құтты қонақ келсе,қой егіз табады.

Әже: Балаларым ойнап болсаңдар,Робот балама ,қазақ халқы қонақжай  халық екендігін  сахналық қойылым арқылы көрсетейік.

ІІ. Негізгі бөлім.  Сахналық қойылым.

Далада ойнап жүрген немересі  Жарасхан үйге жүгіріп келеді.

Немересі Жарасхан: Әже, әже  әкем маған базардан «жарғақ шалбар» әкеп берді.

Әжесі: Құтты болсын,балам,шалбарың, саған байғазыға кәмпит берейін, ала ғой.  Ойнап болсаң,тез шешініп киімдеріңді жинап қой. Сосын есіңе сақта үйге қарай жүгіруге болмайды!

Немересі Дінмұхаммед:  Әже, жарғақ шалбар деген не?

Әжесі: Иленіп,әбден өңделген жұқа теріден жасалған шалбарды «жарғақ шалбар » дейді.

Немересі Фатима: Әже, «байғазы» деген не?

Әжесі:  Жаңадан алынған затқа немесе киімге берілетін сыйды «байғазы» деп атайды.

Ата даладан үйге кіреді.    

Атасы:  Бәйбіше — ау, ана көшенің басындағы үйге жаңадан көршілер көшіп келіпті.Сол көршілерді «ерулікке»  шақырып келдім. Қазаныңа тамағыңды сала бер.

Әжесі: Жарайды, атасы,«Қонақ келсе, құт келер» деген ғой атам қазақ.

Немересі  Ерасыл: Ата, «ерулік»  деген не?

Атасы:  Басқа жерден көшіп келген көршілерін сол жерде бұрыннан тұратын көршілері қонаққа шақырады, танысады.

Әжесі: Балаларым, қонақтарды қарсы алайық.

Қонақтар үйге кіреді. Балалары қонақтардың киімдерін алып қояды. Аяқ киімдерін жинап қояды.

–Қош келдіңіздер, төрге шығыңыздар!

Әжесі: Үй-іштерің, мал-жандарың тегіс аман ба? Қандай жерден көшіп келдіңдер ?

— Қонақтардың қолына су құйыңдар.                                                                                                                                                                                                          Дастархан жасауға әжеге немерелері көмектеседі.

Дастархан жасалып,шай ішіледі. Қонақтардан ауылдарының  жаңалықтары сұралады.

Атасы: Көрші, есімің кім болады?  Отбасыңды таныстырып жіберерсің. Қай ел боласыңдар?                                                                                                                                    Әжесі: Балам, кімнің баласысың?

-Атаңның баласы болсаң,жеті атаңды білесің бе?

Қонақтың немересі Нұрәділ жеті атасын айтады.                                                            —  Жарайсың, балам, жеті атаңды жақсы біледі екенсің.

Атасы:Балаларым,төрдегі домбыраны қонаққа алып бере қойыңдар.

«Қонақ кәде» деген болады,  «әу» демейтін қазақ жоқ қой. (Қонақ домбырада ойнайды)

— Көп рахмет, көңіліміз бір көтеріліп қалды-ау.

Әжесі: «Ауылдың алты ауызы» деген болады, менің немерелерім де сіздерге арнап  ән шырқап берсін.                                                                                                       Ән:«Көктем»                                                                                                              

Қонақтар: Немерелеріңіз өнерлі екен. Айналайындар,бақытты болыңдар!

Әжесі: Балаларым,  қонақтан бата алайық.

(Қонақ бата береді)

ІІІ. Қорытынды бөлім     

Қонақ әже: «Қонаққа кел демек барда, кет демек жоқ», қой қайтайық.

Робот:   Мен де е-лі-ме қай-та-йын, қа-зақ хал-қы-ның қо-нақ-жай е-кен-ді-гін о-сы жер-де  көр-ген-де-рім-ді  е-лі-ме  ай-та  ба-ра-мын.     

—  Қош,сау бо-лы-ңыз-дар!                                                                                                                                                                                                                                    Әжесі: Балаларым,қонақтардың киімдерін алып беріңдер. Қонақтарды шығарып салайық.                                                                                                               – Қош,сау болыңыздар!

— Үй осы келіп тұрыңыздар!                                                                                                                                                                                                                              -Үйдегілерге бізден сәлем айта барыңыздар.

Рольдегі балаларды таныстыру.

  1. Атаның ролінде — Мирас
  2. Әженің ролінде – Інкәр
  3. Немерелерінің ролінде – Жарасхан, Дінмұхаммед, Фатима, Шырайлым, Ерасыл
  4. Қонақ атаның ролінде – Нұрберген
  5. Қонақ әженің ролінде – Адина
  6. Қонақтың немерелері ролінде – Нұрәділ, Жаннұр

 

Ұйымдастырған: Аманова Жанымкүл

«Бәйтерек» ересектер тобы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ