Өз аймағыңыздағы Ұлы Отан соғысы жауынгерінің бейнесі Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасындағы батыр бейнесіне пара-пар келетінін салыстырып жазыңыз.

0
15533

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасына қатысып, бағыңды сына!

Қасым шығармашылығы — қазақ поэзиясының асылдарының бірі. Халықтың қарапайым ортасынан шыққан жалынды ақын өз тағдырын туған елі тарихымен тұтастыққа сезініп, өз өлеңдерінде халық жанына тән ерлік, батырлық, жомарттық сезімді терең көрсетті. Оның батыл ойлы, сыршыл поэзиясының бұрынғысынша әсерлі де тартымды болып келе жатқаны да сондықтан. «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы Қасым Аманжоловтың ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының жанрындағы үздік жетістігі болып табылатын бұл туындыға жас ақын Абдолла Жұмағалиевтің майданда көрсеткен ерлігі арқау болған. Ақындық дарыны үлкен үміт күттірген Абдолла намысқой, отаншыл, қайсар жігіт екен. Майданда соғысып жүріп, оның бөлімшесі немістердің қоршауына түседі. Бір үйдің шатырына паналап, ұрыс жүргізеді. Жолдастары түгел оққа ұшады. Абдолла жалғыз өзі автоматтан оқ жаудырып, немістің рота әскерін үйге жолатпайды, көптеген солдатын қырғынға ұшыратады. Жау «Абдоллаға беріл, кінәнді кешеміз» деп хабарлайды. Абдолла берілмей, соғыса береді, ақыры немістер үйді өртейді. Әдетте, отқа адам төзе алмай, қашады екен. Бірақ  Абдолла тапжылмай, үймен бірге өртеніп кеткенше қарсылық көрсетумен болады.

Ол туралы Абдолланың бөлім командирі В.Григорьев: «Жау қоршауында жалғыз калып, арыстандай алысқан айбатты акынның ерлігі бізге батырлықтың асқар шыңындай сезіледі. Ол жан алқымға келгенде, соңғы гранатасын немістерге лақтырады да, ақтық оғы қалғанша автоматты жау өңменінен айырмады», – деп жазды. Поэма Абдолла өмірінің осы бір соңғы кезеңін суреттеуге құрылады. Ақын образды жау қоршауында, от ортасында қалған батырдың бір сәттегі ерлік ісін көрсету арқылы ашады. Туған елінің ерлік дәстүрі мен жауынгерлік антына берік азамат кейпі санада туған жалынды толғаныс арқылы да толыға түседі. Поэма аз сөзбен берілген соғыстың сұрапыл суретінен басталады.

Өмір гүлін жаншып, таптап,
Шаштан сүйреп махаббатты,
Жерімізде жындай каптап,
Найзаға іліп ар-ұятты,
Келе жатты сұм жендеттер.

Олардан жиіркеніп жиырылған жер, жауға тамшы татырмай, суын алып қашқан өзендер, жауды бетке ұрып сабалаған жел, дұшпан аяғына бастырғысы келмей, аспанға ұшқан тастар – барлығы да жаудың зұлымдығын көрсетіп, оған деген кекті, ызаны өршітер суреттер. Орман етегінде сатыр-сұтыр жаланған от та жаудың жауыздығын бейнелейді. Қоршаудағы солдат кеудесіне сол оттан кек ұшқыны түскендей әсер қалдырады. Ол Отан жерінде зұлымдық отын жағып отырған жауларына кектенеді.

Қасиет күші ұлы Отанның,
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!

Күллі әлемнің ашу кегі,
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, жарыл жүрек! – деп шамырқанады. Қаһарманның ішкі толғанысы ширыға келе, қаһарлы кекке, жан ашуына айналады. «Намысты ұлан аласұрып» жау тобына автоматтан оқ жаудырады. Екі жақ та өшіге өршеленеді. Осы бір өлім мен өмірдің күресін ақын зор ақындық буырқаныспен суреттейді:

Қара толқын орман шашын
Жұлды талдап снарядтар.
Мәңгі мекен көл жағасын
Тастап, суға сүңгіді жар.

Кең даланы жүнше түтіп, орман шашын талдап жұлып, көл жағасы – жар құлатқан снаряд күші батырдың жүрегін шайлықтыра алмайды. Ол ақтық демі біткенше арыстанша алысады.

Ала алмайсың! – деді ер ұлан,
Алмай қойман! – деді жауы.
Қысты келіп жан-жағынан
Темір торлы жау кұрсауы.

Бұл – кейіпкер тағдырының драмалық шиеленіске толы кезі. Үйге бекінген жалғыз адамды ала алмаған жау өрт қояды. Отан алдындағы антына адал солдат жау қолына түскеннен ерлік өлімді артық санайды.

Қызыл жасыл киінген өрт
Көрінді оған боп қыз ойнақ,
Толқып торғын, жайнап букет,
Тым сиқырлы билеп, ойнап.
Ашып отқа омырауын,
Естісін, – деп, – қырсық жауым,
Айтты ол шырқап өрт ішінде
Сүйген әні «Қарғам-ауын».
Қайсар батыр от киінген
Күш-қайратын тіске жиып.
Жаңағы ақшыл ер жүзінен
Жалын тілі тұрды сүйіп…

Абдолланың отқа жанып тұрған шағын да зор ақындық қуатпен ғажайып суретке айналдырған:

Шұғыла шашқан кешкі бұлттай,
Толқын шашта оттар ойнап.
Өрт топанып кешіп Нұхтай,
Жалғыз өзі тұрды бойлап.

Бұл – екінің бірі айта алмайтын жыр, екінің бірі көрсете алмайтын сурет. Өртеніп, жалынға айналып барып, күрт құлаған Абдолла бейнесінен иілмейтін, шарт сынатын қайсар мінез танылады. Ол әсер жауын мазақтап, өлім қойнына өлеңдете кіреді. Ақын кейіпкерін өрт ұстаған Прометейге ұқсата отырып, оның өлімін романтикалық аңызға айналдырады. Оқиға да, адам сезімі де қысталаң шақтағы қозғалысқа негізделіп, оның бойындағы рухтың әр күшін өткір бейнелейді. Ақтық минуттағы соңғы сөзін батыр Отанына, еліне арнайды. Бұл – трагедиялық ақын өлімінің өзінде де үлкен өмір сүйгіштік күш барын танытады. Соғыстың қызып тұрған кезінде жазылған (1943) бұл поэма сол кездің өзінде-ақ, жұртшылық назарын бірден өзіне аударды. Ол жөнінде алғашқы пікір айтқан Ғабит Мүсірепов: «Қасым ақын жанының бар толғауын, кек күшін, сезім тереңін түгел бере алған. Жалынды сөзбен жауға аттандырар, жан сезімімен жас тамшылатар ақын сөзі өзегін, жүрегін тербей шыққан. Қасым поэмасы майданнан соққан жаңа леп сияқты», – деп жазды.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ