Сөз қадірі – өз қадірің
«Ой- жібек , сөз кесте».
Сөз сөйлеушінің ойын , сезімін білдіріп қана қоймайды, оның мінездемесі де болып табылады. Сондықтан кісінің тәрбиелік деңгейі көбіне сөзінің сипатынан байқалады.
Қазақ халқында: «Өнер алды – қызыл тіл» , «Тіл тас жарады, тас жармаса , бас жарады» , «Сөз жүйесін тапса , мал иесін табады», — мақалдар бар. Бұл халқымыздың тіл құдіретін танып әрі өте ардақтағанын көрсетеді. Халық қашанда сөздің адамдар арасындағы атқаратын қызметіне, сөйлеудің парқына және қай жерде қалай сөйлеуге айырықша мән берген. «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді», «Жанды жаралайтын да сөз, емдейтін де сөз», «Жақсы сөз – жан азығы» , «Жақсы лебіз – жарым ырыс», «Оқ жарасы бітер, сөз жарасы бітпес», « Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар» , — деген сияқты мақалдар сөздің бұзушы және түзеуші зор күш екенін, сөйлеу білудің орасан зор маңызын танытады.
Шынында да, адамның адам болып тұлғаланып, кемелденуінде сөздің атқарған рөлі баға жеткісіз. «Жылқы кісінескенше , адам сөйлескенше», дегендей, адамдар бір-бірімен сөз арқылы ұғысып, танысып, жақындасып , өзгені де сөзі арқылы танып, өзін де сөз арқылы танытады. Сөз адам үшін тәрбие құралы, білім-білік, мәдениет, өнер бастауы, түп-тұқияннан бері жасалып , қорланып келе жатқан ақыл-ой жәдігерлігі, әсемдік қазынасы. Сондықтан да сөзді шашпа – төк тегін дүние көріп , оңды-солды талғаусыз айта берсең , жұғымы, қадірі болмайды. Білімпаздар айтқандай: «Сөз қадірі- адамның өз қадірі, сөзі құпсыздың өзі құпсыз».
Қалай да сөздің адамға жағымды немесе жағымсыз әсері орасан зор екені даусыз. Біздің халымыздың: « Жылы- жылы сөйлесең, жылан інінен шығады», — деген тамаша мақалы жылы да жағымды сөйлеудің қаншалық керемет күшке ие екендігін аңғартады. Халық жырларында азуын айға білеген айтқыш ділмарларымызды тілінен «Тәтті айтқанда , бал тамған, ащы айтқанда , қан тамған» деп сипаттайды. Ал «Тіл бас жарады, бас жармаса, тас жарады», — деген мақалда да кәрі тарих мақұлдайтын шындық бар.
Қорытындылай келсек сыпайы, келісті сөз сөйлеушінің абыройын арттырады,жақтастарын көбейтеді, көптің ықыласына бөлейді. Сондықтан тіл қуатына барлық ғұлама тәлімгер, ұстаздар үлкен мән берген. Бұл жөнінде Құранда да айтылған: « Менің пенделеріме айт: жақсы сөздер сөйлейтін болсын», — деп.