Шешендік өнер тарихы мен оған қойылатын талаптар

0
12997

Шешендік өнер туралы ғылымды халықаралық тілде риторика (көне грек сөзі) дейді.

Риторика ғылымының негізін салған софист Протагор (б.з.б. 444 жылы туған) болып есептеледі. Протагор шешендік өнерге байланысты «Айтыс өнері», «Тартыс туралы», «Ғылымдар туралы», «Өктем сөз» және «Жарыссөз» атты еңбектер жазған.

Шешендiк өнер көне Римде басты орында болды, онда сөз құдiретiне ие адамға тәңiрiндей табынған. Сенатта, сотта және т.б. жиындарда әрбiр ерiктi азаматтың сөйлеу құқығы болған. Сон­­дықтан шешен сөйлеудiң қыр-сырын меңгеру мeмлeкeт iстeрiнe араласy талабынан тyындады.

Көнe Рим шeшeндiк өнeрiнiң алыбы дeп Цицeронды танимыз. Марк Тyллий Цицeрон – шeшeндiк өнeрдiң тeорeтигi. Ол өзiнiң шeшeндiк өнeр туралы ұлы ойларын «Шeшeндiк өнeрдiң үш трактаты» eңбeгiндe жазып қалдырды.

Демосфен риторикадан сабақ беріп, пән ретінде негізін қалаған. Оның 170 қолжазбасы мен 60 шешендік сөзі сақталған. Сондай-ақ Сократ, Платон, Аристотель, Квинтилиандардың есімдерін атап өтуге болады.

Қазақтың ұлттық шешендік өнерінің тарихы

Қазақтың шешендік өнерінің дәл қай уақыттан басталатынын дөп басып айту қиын. Себебі қазақ шешендік сөздері қағазға түспей, ауызша айтылып, халық жадында сақталып келді. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» дейтін де сөз бар. Бірақ шешендік сөз өнерінің шығу тарихы әлдеқайда әріден басталса керек.

Біз білетін қазақ шешендерінің атасы – Жиренше шешен және ел аузында сақталған шешендік сөздердің ең көнесі де Жиренше атымен байланысты сөздер. Бізге жеткен аңыз-әңгімелерге қарағанда, Жиренше – Әз Жәнібек хан мен Асанқайғы (XIV–XV ғғ.) заманында өмір сүрген адам.

XVІ–XVIII ғасырларда шешендік өнерді Шалкиіз, Бұқар, Шортанбай, Дулат, Мұрат, Төле, Қаздауысты Қазыбек, Әйтекелер жалғастырды. Шешендік өнердің кең қанат жайып, биіктеген кезеңі – XVIII ғасыр.

Бұл – қазақ халқының жоңғар, қалмақ, қытай басқыншыларына қарсы
тұрып, өз тәуелсіздігін қорғау жолындағы күрес жылдары еді.

Шешендік өнер қай қоғамда болса да, халыққа, қалың көпшілікке әсер ететін, оның санасын, сезімін баурап, жігерін тасытатын қуатты құрал болып келген және күні бүгінге дейін сол күшін, қасиетін жойған жоқ. Демек, әрбір білімді,мәдениетті адам үшін шешендік өнердің тарихымен танысып, теориясымен қарулану әсте артық емес.

Шешендік сөздерді зерттеу, талдау, оқып-үйрену ана тіліміздің байлығын, дұрыс
сөйлеу заңын жетік білуімізге, ой-өрісімізді кеңейтуге себепші болады.

Шешендік өнер үш нәрсеге негізделеді:
1) табиғи дарын, тума талант;
2) жан-жақты білім;
3) тынымсыз еңбек, жүйелі жаттығу.

Қазақтың ғұлама ғалымы А.Байтұрсынұлы: «Шешендік сөз дегеніміз – белгілі бір мәселені баяндау, сипаттау, белгілі бір ойдың ақиқаттығын түсіндіру, сөйтіп, ақылға ақыл қосу жағын көздеу. Одан әрі адамның жүрегін билеп, жүйесін босату, қанын қыздыру, намысын келтіру, арқасын қоздыру», – дейді.

Орыс шешендік өнерінің негізін салушы М.Ломоносов шешен болу үшін бес қасиет қажет екендігін айтады:

1) табиғи дарын;
2) білім;
3) шешендерден үйрену;
4) сөйлеп жаттығу;
5) басқа ғылымдардан хабардар болу.

М.Ломоносов табиғи дарындылықты жан дарыны және тән дарыны деп екіге бөледі, жан дарынына – ақыл мен ес, тән дарынына күшті әрі сүйкімді дауыс пен үн жататынын айтады. Сонымен, шешендіктің екі басты мәселесі – ақылға ақыл қосу мен
жүректі тербеу. Сонда шешендік өнер үш мақсатты көздейді:
1) ояту;
2) түсіндіру;
3) толқытып, тебіренту.

Шешеннің бойында мына қасиеттер болу керек:
• тіл байлығы, сөз қорының молдығы;
• білімділік және сөйлейтін мәселесін анық білу;
• шыншылдық, адамгершілік, турашылдық;
• жинақылық, тапқырлық, жылдамдық.

Шешенге қойылатын қосымша талаптар: Шешендік сөздің әсемдігін арттыратын факторларға тек тілдік қасиеті мен сөз мәнері ғана емес, шешеннің көпшілік алдында өзін-өзі ұстау әдебі мен сыртқы келбеті де жатады.

Көпшілік алдына шығатын адамның киім киісі, тазалығы, жинақылығы, өзін ұстауы, бет-жүз, дене қимылдарының сөз мазмұнымен үйлесімді болуы да шешен сөзінің
мәнін арттырады.

Дереккөз: Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева

Ұқсас материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ