СӨЙЛЕМ СИНТАКСИСІ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЗІРГІ ҒЫЛЫМИ БАҒЫТТАР

0
7868

Аннотация.
Қазақ тіл білімінде шартты рай формасының қатысуымен жасалған сөйлемдер құрмалас сөйлем синтаксисіне қатысты еңбектерде жалпы айтылып өткені болмаса, тікелей осы формаға қатысты мәселелер тек құрылымдық-мағыналық аспектіде және ауызекі тілдің синтаксисіне қатысты зерттеулерде ғана қарастырылған. Осыған орай тек бір ғана тілдік құрал – шартты рай формасының қатысуымен жасалған сөйлемдерді арнайы нысан етіп, кешенді түрде зерттеу мақаланың өзектілігі болып саналады.
Кілт сөздер: шартты рай, сөйлем, кешенді зерттеу, функционалды-семантикалық өріс, шарттылық, модальділік. Хабаршы №1- 2015ж. 221 Сөйлемнің табиғатын тану үшін кешенді, жүйелі түрде жаңа бағыттағы зерттеу жұмысын жүргізудің қажетттігі қазіргі таңда тілдік құбылыстардың сырын тану жолында күрделі әрі кешенді үрдісті дамытумен тығыз байланысты. Осымен байланысты тіл білімінің тылсым құпиясы басқа да ғылым салаларымен (антропология, психология, философия, логика т.б.) тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде ашылып отыр. Өйткені тілдің табиғатын тілдің өзінің ішкі заңдылықтары негізінде ғана танып-білу жеткіліксіз. Тілді халықтың мәдениетімен, ой танымымен, психологиясымен бірлікте қарау тіл ғылымында өзіндік өріс алып келе жатқан когнитивтік лингвистика, психолингвистика т.с.с. ғылымдардың пайда болуына негіз болды. Бұл ғылымдардың тығыз қарым- қатынаста болуы тілдің құрылымдық, функционалдық жүйесінің кешенді үлгілерін айқындауды мақсат етеді. Айталық, когнитивтік лингвистикада тіл мен таным бірлікте қаралып, екеуінің сабақтастығы адамға қатысты біртұтастықта алынады. Адамға «тұтастық» деп қарау бірнеше ғылым саласының зерттеу әдістері мен құралдарының бір арнаға тоғысуына бағытталады. Қазіргі тіл білімінде осы бағыттағы зерттеулер кешенді сипатта антропоцентристік және когнитивтік лингвистиканың «әлемнің тілдік бейнесі» теориясының негізінде жүргізілуде. Ал бұған дейін сөйлемнің құрылымдық, логикалық, коммуникативтік, семантикалық аспектілері оны зерттеудің негізгілері қатарында болып келді. Құрылымдық аспект ойдың формасына және жағдаятқа қатыссыз, сөйлемнің өз ішінде қарастырылады. Сөйлемнің құрылымдық үлгісі оның тұлғалық белгілері – тұрлаулы мүшелерге негізделіп жасалады. Сөйлемге құрылымдық талдау жасау барысында лексикалық толықтырулар, интонация, орын тәртібі және контекст назарда болмайды. Тек оның грамматикалық негізін құраушы компоненттер, предикативтік минимум ғана, басты нысан болады. Заманның әр түрлі бағдарламалар түзіп, оқулықтар жазу секілді талаптарына сай, қоғам қажеттілігін өтеу мақсатында жазылған А.Байтұрсыновтың «Тіл құрал. Сөйлем жүйесі мен түрлері», Қ.Жұбановтың «Қазақ тілінің програмы» деген еңбектері сөйлем синтаксисіне қатысты бағыттың да негізін қалады. Сөйлемді ғылыми нысан ретінде алып, оның құрылымдық аспектісін зерттеген еңбектердің қатарында Н.Сауранбаевтың, С.Аманжоловтың, М.Балақаевтың, Қ.Есеновтің, Р.Әмірдің, О.Төлегеновтің, Т.Сайрамбаевтың зерттеулері аталады. Семантикалық аспектіде мағынаның объективтік және субъективтік жағы айрықша көрсетіледі. Алғашқысы – диктум, кейінгісі – модус болады. Диктумдық бөліктің семантикалық компоненттерінің бастысы – предикат, одан өзге актанттар (субъект, объект, адресат, құрал) мен сирконстанттар (пысықтауыштар). Сөйлемнің модустық бөлігі сөйлеушінің бағасымен және оның хабардың растығына сенімді / сенімсіздігімен байланысты болып келеді. Диктумнан өзгешелігі – кейде астарлы беріледі. Орыс тіл білімінде В.А.Белошапкова семантикалық құрылымның компоненттері деп субъект, предикат және объект секілді бөлшектерді таниды. XX ғасырдың 60-70 жылдарында іргесі қаланған генеративті грамматиканың бір бағыты болып табылатын туындаушы синтаксис семантикалық және синтаксистік құрылымдарды трансформациялау арқылы үстірт құрылымда қарастырады. Сөйлемнің үлгісі «мағынадан мәтінге» және, керісінше, «мәтіннен мағынаға» сызбасына сүйеніп беріледі. Бара-бара бұл бағыт сөйлемнің семантикалық аспектісіне жуықтаса керек. Орыс тіл біліміндегі С.А. Шувалованың осы ізбен жазылған зерттеу еңбегі себеп-салдарлық, шарттық, мақсаттық мағынаның өзара шартты қатынасын айқындауға арналған. Қазақ тіл Хабаршы №1- 2015ж. 222 біліміндегі М. Серғалиевтің «Етістікті сөз тіркестерінің синонимиясы» деген еңбегі де тілдің дамуы барысындағы осындай бағытты сипаттайды. Қазақ тіл біліміне сөйлемді оның ең кіші құрылымын негізге ала отырып үлгілеп көрсетуді енгізу Ж. Сәдуақасұлының есімімен байланысты. Зерттеуші сөйлемнің семантикалық компоненттерін анықтап, оларға предикат, субъект, объект, конкретизатор, атрибутты жатқызады. Бұл бағыт ғалымның сөзімен айтқанда: «Сөйлемді зерттеудің семантикалық аспектісі оның грамматикалық құрылысымен тығыз байланысты қаралатындықтан және онсыз семантикалық талдаудың мүмкін еместігіне сай, тіл ғылымында сөйлемді зерттеудің бұл түрі семантика-синтаксистік (немесе структура-семантикалық) деп те аталып жүр» [1, 22 б.]. А.Б. Қайыровтың зерттеу еңбегі де құрылымдық-мағыналық үлгіде жазылған. Коммуникативтік аспект «белгіліден – белгісізге» бағытында жүріп отырады. Яғни, сөйлемдегі берілген ойды тема-ремалық (ескі-жаңа) қатынасқа жіктеп, сөйлемдегі ойдың берілуін басты бағдарға алады. Мұндағы сөйлем мүшелері мен сөйлемнің актуалды мүшеленуінің арақатынасын анықтауды В. Матезиус енгізген. Г.А. Золотова «О синтаксическом словаре русского языка» деген еңбегінде «сөздің синтаксистік формасы» деген терминге түсінік береді. Зерттеушінің танымы бойынша: «лексеманың мағынасын беріп, синтаксистік қызметін атқаратын синтаксема сөйлемнің мағыналық құрылымының ең кіші единицасы болып есептеледі» [2, 49 б.]. Ал «Коммуникативные аспекты русского языка» деген еңбегі жай сөйлем синтаксисіндегі типтік мағыналар идеясын танытуға бағытталған. Автор жай сөйлемнің барынша кең таралған семантика- грамматикалық үлгісін былай өрнектейді: «субъектінің әрекеті», «субъектінің қалпы», «субъектінің ерекшелігі», «субъектінің біліктілігі», «субъектінің сапасы» [3, 31 б.]. Жалпы алғанда, Г.А. Золотованың бағыты сөйлемнің құрылымын, семантикасын және коммуникативтік сипатын қосып, тұтастай функционалдық синтаксистің іргесін қалауға негіз болды. Г.А. Золотованың тұжырымын басшылыққа алған З.С. Күзекова екінші тіл ретіндегі қазақ тілі оқулығы теориясының лингвистикалық негіздеріне зерттеу жүргізген докторлық диссертациясында функционалды коммуникативтік грамматикаға сипаттама беріп, оның ең кіші единицасы деп синтаксеманы айтады. «Өзіне морфологиялық, категориялық-семантикалық, функционалды- синтаксистік сипаттарды біріктіре отырып, синтаксема айқындалған бірліктің сандық, сапалық шартына жауап береді: а) басқа синтаксистік бірліктермен бөлшек /бүтін ретінде қатынасқа түседі (сөйлем ретінде, сөз тіркесі ретінде); ә)құрылымның элементі ретінде синтаксемаға бүтіндік сипаттары ғана тән» [4,220б.]. Автор функционалды-коммуникативтік грамматиканың зерттеу нысаны ретінде тілдің семантикалық кеңістігін, синтаксеманы, сөйлемді, сөйленімді, мәтінді атап көрсетеді. Қазақ тіл білімінде сөйлемнің функционалды мүмкіндігін коммуникативтік тұрғыдан анықтаған Ж.А. Жакупов болды. Функциональды синтаксисті контекст аясынан қарастырған ғалым өзінің тың ізденісін былай сипаттайды: «Сөйлемнің коммуникативтік сипаты оны актуальды (коммуникативтік) мүшелеуден, ондағы коммуникативтік бөліктерді ерекшелеп жіктеуден көрінеді. Бұның контекспен, орамды тілмен, синтаксистік күрделі бірлікпен, тұтас мәтінмен қатысы бар. Сөйлемді мұндай жолмен мүшелеуге байланысты контекстік мүшелеу термині де қолданылады. Сөйлемді тіл мен сөйлеудің құбылысы ретінде қарау үшін осы термин тиімді болар деп ойлаймыз» [5, 23 б.]. Қазақ синтаксисінде интонация мен синтаксистің арақатынасын зерттеп, докторлық диссертация жазған З. Базарбаева: «Жалпы алғанда, интонацияның Хабаршы №1- 2015ж. 223 көрініс табатын жері сөйлем, мәтін деп табылса, онда интонация мен синтаксистің арақатынасын анықтау проблемасы туады», – деп, екеуінің сабақтастығына тоқталады [6, 397 б.]. Ғалымның пікірінше, синтакистік конструкция мен интонацияның тығыз байланысы сөйлеу тіліндегі ең шағын үзінді – синтагмадан басталады. Өлең мәтінін актуалды мүшелену теориялары бойынша қарастырып, тақырып-тема және контекст-рема тұрғысында зерттеген А.Қ. Таусоғарованың, актуальсыздану құбылысының сөйлем құрылымындағы орнын зерттеген А.С.Елеуованың, мүшеленбейтін сөйлемдерді сөйлем санатындағы мүшеленетін сөйлемдерге оппозиция ретінде қараған Ж.Ж. Ибраимованың зерттеу еңбектері де сөйлемнің коммуникативтік аспектісінің қырларын аша түседі. Логикалық аспектіде сөйлем логикадағы ойлаудың бір формасы – пайымдаумен салыстырып қаралады. Нәтижесінде ойдың зат не құбылысқа қатысы құпталады немесе теріске шығарылады. Осы қатынас сөйлем түрінде беріледі. Тіл арқылы жарыққа шығатын ой танымның процесі болып табылады. Таным ұғым, пайымдау, ойқорыту түріндегі ойлау формалары арқылы қозғалысқа түседі. Осы ойды жалғастырып, Г.В. Колшанский сөйлемге мынандай анықтама берген: «Предложение есть, таким образом, относительно самостоятельное грамматическое построение, состоящее из слова или группы слов, воплощающее в своей конкретной форме отношение логических членов субъекта и предиката и передающее благодаря этому относительно законченную мысль-суждение» [7, 93 б.]. Қазақ тіл білімінде шешендік тілдің логикамен байланысын зерттеген Г.Қосымованың докторлық диссертациясы қазақ шешендік өнерінің тілдік танымын сипаттауымен құнды. Сөйлеу дағдысы қалыптасқан адамдардың тауып сөйлеуі ойлау заңдарына, ал ойлау заңдары логикадағы тепе-теңдік заңына сүйенеді. Б. Сағындықұлының докторлық диссертациясы тілдің философиялық негізін сөйлем синтаксисіндегі салалас сөйлемдерде арнайы қарастырып, нәтижесінде тең дәрежедегі қатынастарды ашып сипаттауымен өзіндік ерекшелікке ие болды. Автордың сөзімен берсек: «Тілдің философиялық негізі екі ғылымда да танылған, бірақ әрбірі өз әдіс-тәсілдерімен, ішкі амалдарымен түсіндірілетін категориялық бірліктер арқылы ұштасады. Бұған мазмұн мен түр, жекелік пен жалпылық, себеп пен салдар категориялары ортақтасады. Тек философияда аталған категориялар үш ғылым – тіл, психология, логика – байланысымен, онда да тілдің басымдылығымен танылады. Біз оның тіл біліміне қатысты жағын тіл философиясымен ашуға тырыстық. Нәтижесінде философиядағы тепе-теңдік тілдегі салаласумен теңдеседі. Салаласу – тілдік құбылыс. Салаласудың тек синтаксиспен шектелмейтіндігі анықталды. Тілдің басқа салаларына да қатысы бар. Тілдің әр саласындағы тілдік бірліктердің салаластық қатынасын қарастыру ондағы теңдік дәрежені анықтау болып саналады» [8, 232 б.]. Сөйлемді семиотика ғылымымен байланыстыра қарауды Ч. Моррис енгізіп, семиотиканы синтактика, семантика, прагматика деп бөлді. Бұлай бөлуге түрткі болған – орта ғасырдағы гуманитарлық ғылымдардың «үштігі». «Үштік» грамматикадан, логикадан (ол кездерде диалектика деп аталған) және риторикадан құралған. Зерттеудің пәні мен міндеттері бойынша олар семиотиканың тармақтарымен: грамматика – синтактикамен, логика – семантикамен, риторика – прагматикамен сәйкес келеді. Алдымен ғалымдар негізінен синтактикамен: синтаксиспен, композициямен, мәтін морфологиясымен айналысқан. Бірте-бірте зерттеу нысаны семантиканың аясына қарай ауысты: таңбаның сыртқы әлемге қатысы, таңба-ұғым, «әлемнің тілдік бейнесі» бағдарға алынды. Соңғы жылдары негізгі зерттеулер прагматика аясында, яғни, сөйлеуші және жазушы субъектілердің, олардың түрлі «Менінің» төңірегінде, адресант пен Хабаршы №1- 2015ж. 224 адресаттың, сөйлеуші мен тыңдаушының, жазушы мен оқушының арасындағы қарым-қатынас, сөзбен әсер ету, иландыру т.б. түрінде жүргізілуде. Прагматиканың тілдік негіздері одан тыс – тілдің синтактикасы мен семантикасында жатады. Прагматиканы тілдің қозғалыстағы семантикасы деуге болады. Сөйлеудің семантикасы, басқаша айтсақ, сөйлеудің мақсаты. Сөйлем- айтылымның барынша көрнекі байқалатын тұсы – нақты номинативтік мағынасы мен коммуникативтік қызметінің үйлеспейтін кезі. Сөзіміз нақты болу үшін дәлел келтірейік. Мәселен, Сіз тым алыстап барасыз деген сөйлем контекстен тыс тұрғанда «Сіз әлдеқайда, белгілі бір бағытта тым алысқа ұзап барасыз» дегенді білдіреді. Нақты тілдік жағдаяттарда ол әр түрлі коммуникативтік ұғымды бере алады: 1) Қайту керек: қараңғы түсті. Сіз тым алыстап барасыз; 2)Сіз тым алыстап барасыз. Мен бұған жол бере алмаймын; 3) Сіз тым алыстап барасыз. Біздің арамыз осынша салқын тартар деп ойламап едім; 4) Сіз тым алыстап барасыз. Бұл жағдайда ештеңені өзгерте алмайсыз. Көнуге тура келеді. Қазақ тіл білімінде сөйлеу тілі синтаксистік бірліктерінің прагматикадағы үлес-салмағын анықтаған З.Ш. Ерназарова грамматикалық бірліктердің синтаксис деңгейінде қолданысқа түсуін ішкі факторларға қоса, сыртқы факторлармен де анықтауды басты жолға қояды. Автор: «Тіл мен сөйлеу тілі арасындағы деривациялық процестің өтуіне прагматикалық көрсеткіштердің ықпалын сөйлеуші мақсаты арқылы анықтау да өзекті мәселелердің қатарына жатады», – дейді [9, 5 б.]. Сөйлемге психолингвистикалық тұрғыдан келу де бүгінгі ғылымның талабынан туып отыр. Айтылымды қабылдаушы ондағы кодқа салынған тілдік, тілдік емес ақпаратты ашу арқылы сөйлеушінің мақсатын аңғарады. Бұл бағытта сөйлем синтаксисі психолингвистикаға жүгінуі керек. А.Е. Карлинский пайымдайтын жалпы теориялық мәселелерге сүйенсек, оған тіл мен сана: сөйлеу мен ойлау ара қатынастары жатады. [10, 264 б.]. Сана мен ойлау когнитивтік жүйеде қарастырылып, қоғамдық және жеке бөліктер түрінде қабылданады. Когнитивтік жүйенің қоғамдық бөлігін сана – таным – мәдениет, ал жеке бөлігін – білім – ойлау – мінез-құлықты құрайды. Бұлардың алғашқысы – идеалдық, кейінгісі – материалдық болып есептеледі. Жоғарыда сипатталған когнитивтік-коммуникативтік түпкіжүйе қызметіне қарай ажыратылады: когнитивтік жүйе адамның ортамен өзара әрекетін қамтамасыз етіп, танымдық қызмет атқарса, коммуникативтік жүйе қоғамдық еңбек тәжірибесі барысында адамдар арасындағы өзара әрекеттің құралы болып, коммуникативтік қызмет атқарады. Басқаша айтқанда, коммуникативтік жүйе индивидуумның вербалды мінез-құлқына, когнитивтік жүйе жалпы адам қызметіндегі авербалды мінез- құлыққа бағытталады. Демек, сөйлеу қызметі – түсінілім мен сөйленім үдерісі, яғни, ойлау мазмұнын тілдік схемаға негізделген ережелер бойынша кодқа салу және кодты ашу үдерісі. Ойлау белгілі бір тілде жүзеге асады. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздерін зерттеген Н. Уәли зерттеушілердің назары тек мәтінде болып келгенін, сөздің (речь – Н.У.) сапасын тану үшін оны үш «аймақтан» автор-мәтін-реципиент қатынасынан іздестірудің бүгінгі тіл ғылымы үшін барынша табысты екенін айтады. Автор коммуникация аясындағы нормаларды қалыптасқан тілдік нормадан да, тіпті сөйлеу нормаларынан да ауқымды прагматикалық нормаларға ұластырып, сол арқылы сөйлеуді сөз мәдениетімен шебер сабақтастыра білген. Бұл сабақтастықтың бастауын психолингвистикадан таратып түсіндірген. Кодификация – психологиялық синтаксис ықпалының нәтижесі. Көз жеткізу үшін Қ. Күдеринованың мына пікірін келтірген орынды: «Бүгінгі әдебиетте жазу Хабаршы №1- 2015ж. 225 арқылы ойлану басым. Морфологиялық синтаксистің билігі күшті болған ЖТ-да қазір логикалық синтаксис басым, сөйлем құрауда ассоциацияның билігі бар, тура мағынадан гөрі астыртын мағынадағы сөздерді көп қолданатын психологиялық синтаксис күшейіп келеді. Автор индивидуалды кодификация жасайды, оның кодын әр оқушы өзінше ашады, өзінше түсінеді» [11, 176 б.]. Құрылымдық-семантикалық және функционалды-семантикалық ілімдерге сүйеніп, құрмалас сөйлемдерді құрылым-мағына-қызмет деген үштағандық күрделі бірлік түрінде зерттеген Т.Н. Ермекованың докторлық диссертациясы зерттеу нысанын тұтастай қарастыруымен ерекшеленеді. Автордың айтуынша: «Құрылымдық-семантикалық бағыттың ерекшелігі – синтаксистік бірліктерді жан-жақты, дәлірек айтсақ, әрі құрылымдық, әрі семантикалық аспектіде қарастыру. Ал функционалды-семантикалық бағыт, мағынадан формаға, функциядан оны атқарушы құралдарға бағыты бойынша сипатталады» [12, 10 б.]. Соңғы жылдары бірнеше аспектіні біріктіріп, зерттеу нысанын тұтастай алып зерттеу үрдісі қалыптаса бастады. Солардың қатарында «Ғылыми тіл синтаксисінің құрылымдық-коммуникативтік негіздері» деген тақырыпта қорғалған С.Қ.Әлісжановтың докторлық диссертациясын айтуға болады. Еңбекте ғылыми тіл синтаксисі функционалды-коммуникативтік және прагматикалық бағытта зерттелген. Демек, сөйлемді синтаксистік әрі коммуникативтік аспектіде қарастырумен ғана шектеу – оның табиғатын ашып, тереңірек тануда жеткіліксіз болады екен. Сөйлемнің сөйлеуде жұмсалатын қызметі функционалды грамматикада қарастырылады. Сөйлеудегі қызметі оның семантикалық қызметіне, ал сөйлемдегі қызметі құрылымдық қызметіне негізделеді. Семантикалық қызмет пен құрылымдық қызметтің өзара байланысы синтаксисте байқалады. Яғни, тілдік орта мен сөйлеу ортасының өзара байланысып, бір қызметке бағынуының көрінісі – бұл сөйлем. Құрылымды негізге ала отырып, тілдік форманың семантикасына баса назар аудару; тілдік форманың объективтік шындыққа қатынасын, оған сөйлеушінің көзқарасын мағыналық мазмұнымен байланыстыра отырып, коммуникативтік прагматикада қарастыру; тілдің құрылымдық элементін ойлау формаларымен сабақтастырып, танымдық негізде дәйектеуге мүмкіндік беретін логикада қарастыру; сөйлеуді сөз мәдениетімен сабақтастырып психолингвистикада қарастыру; тілдік жүйенің тілдік ортада «қызметке» бағынып, жүзеге асуын зерттейтін функционалды грамматикада қарастыру – бұл пікір алысу үшін жұмсалатын сөйлемді көпаспектілік ұстанымға негізделген кешенді зерттеу болып табылады. Кешенді зерттеудің аясында қалай болғанда да сол бағыттардың бірі негізгі бағдар болатыны белгілі. Тіл білімінің мазмұндық тұлғадан тілдік тұлғаға қарайғы бағыты – ономасиологиялық теориялық бағыт тілдің функционалдық негізін ашуға бағытталған. Функционалды грамматиканың дәстүрлі грамматикадан бірінші айырмашылығы – оның біртұтастық принципінде, ал екінші айырмашылығы – жүйелі-интегративтік принципінде делініп жүр. Функционалды грамматика дәстүрлі грамматиканы толықтырып, тілдік жүйелілікті тұтастай көрсете алады әрі оның сөйлеудегі қызметін де ескереді. Тілдің негізі – сөйлеу, ол қоғамдағы адамдар арасындағы қатынас құралының қызметін атқарады. Тілді қолданушының өз мақсат-мүддесі болады десек, сол мақсат-мүддені жүзеге асыру үшін тілді қолданушы әрбір адам тілдік тұлғаны таңдап, талғап жұмсайды. Бұл категориялық жағдаятпен де байланысты. Хабаршы №1- 2015ж. 226 В.Г. Адмонидің, Ф. Данештің, А.В. Бондарконың, Р.М. Теремованың, З.К.Ахметжанованың, Б. Шалабайдың, А.Б. Салқынбайдың, Қ.Т. Рысалдының, Т.Н. Ермекованың, Б. Қапалбековтың т.с.с. еңбектері функционалды грамматиканың іргесін қалауға негіз болды. Семантикалық категорияларды функционалды-семантикалық өріс түрінде қарастыру көптеген нәтижелерге жетуге себеп болып жүр. З.К. Ахметжанова функционалды-семантикалық өрістерді моноорталықты және көпорталықты деп екіге бөліп қарастыруды ұсынады. Бұл екеуінің алғашқысында, яғни, моноорталықты түрінде, ядрода орналасатын – грамматикалық категория, шеткі аймақта лексика-грамматикалық, лексикалық, контекстуалды тәсілдер орналасады. Ал көпорталықты түрінде ядроның өзі болмайды, ядролық компоненттің қызметінде жекелеген формалар мен синтаксистік құрылымдар жұмсалады. Функционалды-семантикалық өріс тілдік жүйедегі парадигмалық қатынастарды және синтагмалық қатынастармен байланыстыра отырып, сөйлеуді де қоса қарастырады. Демек, ол бір ғана субъектімен шектелмей, ауқымды түрде объектіні де, құбылысты да, жағдаятты да қамтуға тиіс. Зерттеудің бұл қыры тілдің жүйесі мен сөйлеу жүйесін, парадигматика мен синтагматиканы, тұрақтылық пен дамуды байланыстырады. Бұл байланыс қарым-қатынас кезінде белгілі бір сөйлесім жағдайында нақты жүзеге асады. Категориялық жағдаят осындай талаптарды жүзеге асыратын ұғым болып табылады. Парадигмалық қатынастар түріндегі тілдік жүйеде және синтагмалық қатынастардың нәтижесіндегі сөйлеуде, яғни, екі түрлі қарастырылуына сәйкес, категориялық жағдаят та екі түрлі болып келетіні айтылып жүр: актуалданған және актуалданбаған жағдаяттар. Тілдік жүйедегі функционалды-семантикалық өріс бірнеше өрістер арқылы, ал сөйлесімдегі функционалды-семантикалық өріс категориялық жағдаят арқылы анықталады. Шолу нәтижесінде айтарымыз: шартты рай формасының қатысуымен жасалған сөйлемдерді құрылымдық, коммуникативтік-прагматикалық, логикалық, психолингвистикалық және функционалдық аспектілерге сүйеніп, кешенді зерттеу барысында негізгі бағыт етіп функционалды-семантикалық өріс теориясын басшылыққа аламыз. Алдымен «шарттылық» семантикасының бір типі – шарт функционалды-семантикалық өрісін көпорталықты өріс түрінде, одан соң модальділік функционалды-семантикалық өрісін моноорталықты өріс түрінде қарастырамыз.
Әдебиеттер:
1. Сәдуақасұлы Ж. Қазақ тіліндегі бір құрамды сөйлемдердің құрылымдық типтері (етістік бас мүшелі сөйлемдер): филол. ғыл. д-ры дис. автореф. – Алматы, 1997. – 54 б. 2. Золотова Г.А. О синтаксическом словаре русского языка. – М., 1988. – 352 с.
3. Золотова Г.А., Онипенко Н.К., Сидорова М.Ю. Коммуникативная грамматика русского языка. – М., 2004. – 541 с.
4. Күзекова З.С. Екінші тіл ретіндегі қазақ тілі оқулығы теориясының лингвистикалық негіздері: филол. ғыл. д-ры дис. – Алматы, 2005. – 275 б.
5. Жакупов Ж.А. Қазақ тілі функциональдық синтаксисі (контекст проблемасы): филол. ғыл. д-ры дис. – Алматы, 1999. – 225 б.
6. Қазақ грамматикасының өзекті мәселелері. – Алматы: Кие, 2007. – 482 б.
7. Колшанский Г.В. Логика и структура языка. – М.: КомКнига, 2005. – 240 с. Хабаршы №1- 2015ж. 227
8. Сағындықұлы Б. Тең дәрежелік қатынастағы тілдік бірліктер: филол. ғыл. д-ры дис. автореф. – Павлодар, 2004. – 48 б.
9. Ерназарова З.Ш. Қазақ сөйлеу тілі синтаксистік бірліктерінің прагматикалық негіздері: филол. ғыл. д-ры дис. – Алматы, 2001. – 246 б.
10.Шайбакова Д.Д. От практики преподавания языков к теории лингвистики (к 50-летию научной деятельности А.Е. Карлинского в Казахстане) // ҚХҚжӘТУ Хабаршысы. Филология сериясы. – 2008. – №1 (18). – 262-269 бб.
11.Күдеринова Қ. Жазу мен ойлау арақатынасы // Профессор С.М. Исаев: қазақ тіл білімі мен әдебиеттанудың теориялық және әдістемелік мәселелері. Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы, 2008. – 169-178 бб. 12.Ермекова Т.Н. Компоненттер құрылысының құрмалас сөйлемнің грамматикалық-семантикалық сипатына қатысы: филол. ғыл. д-ры дис. автореф. – Алматы, 2007.
Алтаева А.К. 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ