Ұстаз сөзі – игі істің басы.(эссе)

0
1571
ҚазҰУ – Ғылымға құштар жандар үшін үздік таңдау

Ұстаз сөзі – игі істің басы.

Мұғалімнің бүкіл мақтанышы шәкірттерінде,
Өзі шашқан  ұрпақтарының өсіп-өнуінде.

Д.И Менделеев.

   «Ұстаз» — ұлағатты салиқалы тағылымды ақпаратты зерттеуші болса,  «шәкірт»- шеберлігі әлсіз күнделікті ізденуді растайтын тұлға деп қарастырамыз.

   Шәкірттердің ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы деп Ғ.Мүсірепов айтқандай бір-бірімен тығыз байланысатын егіз ұғымның бір арнамен тоғысатыны белгілі. Ұстаздық пен шәкірттік адам баласының арақатынасының ең бір абзал әрі мағыналы да мәнді түрі.

     Шәкірт  үшін ең жоғары адамгершіліктің үлгісі ол- ұстаз. Сондықтан оқушы жүрегінде ұмытылмастай өшпес із қалдырады. Шәкірт тәрбиелей жүріп, өзіміз де үйренеміз. Өз шәкірттеріміздің әрбір істен нәтиже шығырып, қуана білуіне үйрете білсек, бағыттасақ, ол біздің мерейіміздің үстем болғаны емес пе?

     Ұстаз үшін әрбір шәкіртінің орны бөлек, әрине. Солардың ішінен мінезі де, қылықтары да басқа оқушыларымнан ерекшеленіп тұратын аты затына сай Аяулым деген шәкіртім туралы айтқым келеді. Алғаш мектебімізге басқа жақтан ауысып келген күннен бастап Аяулымның ана тілге, әдебиетке деген қызығушылығын байқадым. Шығармашылық қабілеттері де көзге түсіп жүрді. Ынта қойып, тапсырылған іске ерекше ықыласпен кірісетін шәкіртіме жауапты жұмыс та тапсырдым. Бірнеше рет аудан көлемінде өткізілген байқаулар мен сайыстарға қатыстырдым. Алғашқы қадамдары онша сәтті болмаса да, тамшының тас тесетіні сияқты талай еңбектің арқасында көптен күткен жүлделі орындарға да жетті. Бір жыл көлемінде аудандық және облыстық дәрежедегі олимпиадалардың жүлдегері атанды. Сондай сәттерде «Сіздің мен үшін еңбегіңіз зор, сізге рахмет» ,-деген сөзі  есімде қалды. Салмағы ауыр осы бір сөздерден- ақ көп ой түюге болады. Шәкірт сенімінен шыға білу де үлкен еңбекті талап ететініне тағы бір көзіміз жеткендей болады. Сонымен қатар, өз шеберлігін мектепішілік дебат клубында да шыңдап жүрген шәкірттеріміздің бірі екенін мақтанышпен айта аламын. Бүгінгі күнде алдында тұрған ең бір жауапты кезең- мектеп бітіру емтиханына дайындық үстінде жүрген аяулы шәкіртімнен болашақта үлкен үміт күтемін және сәттілік тілеймін!

    Сөз соңында айтарым, «Ұстазы пейілді болса, шәкірті зейінді келер» ,- деп халық мақалында айтылғандай, елдің ертеңі – біздің қолымызда екенін ешқашан естен шығармайық. От жалынды мінездерімен, үкілі үміттерімен, тау қопарар қиялдарымен, екпінінен бұлт үркетіндей, тау ықтырар жүректі де сүйікті шәкірттеріміз көп болса, еліміздің болашағы да жарқын болады деп сенемін!

Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданы, Глубокое кенті,
«О. Бөкей атындағы қазақ орта мектебі» КММ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Нурсеитова Марфуға Кабыкеновна.

БАСҚА ЖАРИЯЛЫМДАР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ