Түр-түс құрамды күрделі аталымдардағы ұлттық дүниетанымның тілдік көрінісі

0
3493
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

МАЗМҰНЫ

Кіріспе

1. Түр-түс құрамды күрделі аталымдардағы ұлттық дүниетанымның тілдік көрінісі

1.1 Түр-түске байланысты күрделі аталымдардың танымдық негізде зерттелуі

1.2 Түр-түсті білдіретін күрделі аталымдардың шығу төркіні мен өзіндік ерекшеліктері

1.3 Түр-түс құрамды күрделі аталымдардың таңбалық жүйесі мен танымдық сипаты

1.4 Түр-түске қатысты күрделі атаулардағы ұлттық дүниетаным көрінісі

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

КІРІСПЕ

Халық тілі – сол халықтың шынайы ұлттық болмысының көрінісі. Бүгінгі таңда тілді теориялық-танымдық үдерісте зерттеудің қажеттігі туып отыр. Бұл үдеріс тіл мен адамзат санасын тұтастықта қарастырып, тілдік білімді адам санасының жемісі, күрделі ассоциативті-вербалды құрылым, болмысты рух пен ой бірлестігінде тараушы жүйе ретінде кешенді сипаттауға бағытталады. Адамзат қоршаған шындықты, әлемдегі сан алуан құбылыстар мен олардың сапасы мен қасиетін сезім мүшелері арқылы сіңіріп, санамен түйсінумен қатар, оған жауап қайырады, ақпаратты өзінше жаңғыртып, жаңа сапада қайта жасауға саналы түрде талпыныс жасап, өңдейді, қорытынды шығарып, елеп-екшеп, бағалайды, тәжірибеде қолданады. Бұл үдерістердің тұтас көрінісі ретінде ғаламның тілдік бейнесі жасалады.

Қазіргі таңда аталымның жасалуындағы сананың, танымның, ойлаудың тілдегі таңбасы лингвистикада кешенді түрде зерттелуде. Тіл мен ойлау – бір-бірімен тығыз байланысты құбылыс. Қазақ тілін талдап тануда А.Байтұрсынұлының еңбегін ерекше атау керек. Тілші-ғалым: «…қазақ сөзі не байырғы мағынасын жаңғырту (өзгерту) не жаңа тұлғадағы сөз жасау арқылы дүниеге келген атаулар, көбі жасанды сөздер» 1, 21 – деп жаңа термин ретінде өзі ендірген сөздердің қызметі жөнінде нақты пікір білдірген. Тілдегі таным көрінісі болып табылатын таңбаны ғылыми тұрғыдан саралап-талдау қазақ тіл білімінде өзекті мәселе болып саналады. Таңба-аталым неден басталады, қандай заңдылықтармен жүзеге асады, белгілері қандай деген сауалдар, оның дамуы және қалыптасуын терең зерттеп, талдағанда ғана шешімін табады.

Бүгінгі таңдағы «тіл мен этнос» мәселесі туралы тіл біліміндегі көптеген зерттеу жұмыстары тілдегі ұлттық сипат пен танымды, ұлттық рухты тануға немесе оны танытуға негізделген. Алайда халық танымының дерегі ретінде тіл мәселесі әлі де болса жеткілікті түрде қарастырылмай келеді.

Осыған орай тілдегі мәдениеттің айқын үлгілері мен әсем өрнектері көрініс тапқан ұлттық таңбалар (символдар), оның ішінде түр-түстік таңбалар болмысын тіл арқылы ашуды осы мәселе айналасындағы зерттеулердің жалғасы деуге болады. Халық болмысында ұлттық таңбалардың негіздері болып табылатын белгі, нышандар — әмбебап категориялар. Бірақ бұл зерттеу жұмысында түр-түстермен жасалған күрделі аталымның қалыптасып, дамуындағы негізгі қызметі халық танымы мен рухани-материалдық мәдениетінің негізінде қарастырылады.

1. Түр-түс құрамды күрделі аталымдардағы ұлттық дүниетанымның тілдік көрінісі

1.1 Түр-түске байланысты күрделі аталымдардың танымдық негізде зерттелуі

Тіл – жалпы мәдениет пен адамзаттық дүниетанымның да тұғыры. Болмысты тану арқылы жасалған ұғым тілдік таңбаға айналғанда, мифосимволикалық бейнелер жүйесі қалыптасады. Тіл ұрпақтан ұрпаққа «дыбыс-таңба» жүйесі болып қана жетпейді, тілдің сақталуы арқылы халықтың бүкіл ғұмырында жасаған таным-түсінігі арқылы ақпарат жетеді. Басқаша айтқанда, сөз жүйесі арқылы халықтың ойлау жүйесі, материалдық және рухани мәдениеті жетеді. «Каждый язык есть своеобразное мировидение» деп жазған Бодуэн Куртенэ ойлары тілдегі ұлттық танымның сипатын дұрыс тани білуде меңзесе керек.

Бұл ретте Ғ.Мүсірепов «тілін білмеген – түбін білмейді» деп өсиет айтқан. Тіл – танымның дамуына сәйкес жетіліп, дамып, өркендеп отыратын тарихи үдеріс. Тілдің дамуы адам түсінігінің артуымен байланысты. Тіліміздегі туынды сөздердің молдығы – осы дамудыбелгілеуден туындаған таңбалар. Сөз – болмыс туралы адам ұғымының баламасы, танымның эквивалиенті. М.Арын «Бес анықта» «Тіл дегеніміз – белгілі бір халықтың жинаған рухани қазынасының жиынтығы, соның бәрін сақтайтын қоймасы» деп орынды тұжырымдаған.

Сөздің жасалу жүйесі мен атау ретінде қалыптасуы – күрделі де ұзақ үдеріс. Табиғаттағы барлық болмыстың адам санасында бейнеленген мүсінін, белгісін, қасиетін таңбалау мүмкіндігінің негізінде атау жасалады, сөйтіп танылған зат не құбылыс туралы хабар жеткізу, жадқа белгілеу қажеттігін орындалады. Тіл – шындық өмірдегі зат пен құбылыстың адам санасында бейнеленген таңбасы, осы таңбаның тілдік жүйеде анықталып, атау ретінде қалыптасқан мағыналық түрі.

Атау арқылы әлем бейнесі тілде таңбаланады. әлем бейнесінің белгісі, қасиеті, қимыл-қозғалысы, әрекеті, сапасы мен мөлшері, жағдайы, көлемі т.б. көрініс табады. Тіл адам танымының бейнелеуіш қызметінің нәтижелерін де таңбалайды. Адам санасының әлем бейнесінің белгісі мен қасиетін тануы үнемі және бірте-бірте болатын ұзақ үдеріс. Осы үдерістің өн бойында белгілі бір зат не құбылыстың әртүрлі ерекше белгілері танылады да, әртүрлі мағыналы атаулар жасалады. Осыған сәйкес есімдердің синонимдік, антонимдік, көпмағыналылық жүйесі қалыптасады.

Тіл – адам баласының ой-санасында танылған әлемдік бейненің, болмыстың танымдық белгісі. Адамзат тіл арқылы табиғаттағы таныған, білген заттар мен құбылыстарға атау береді. Ұлттық таным мен ұлттық тілдің бірлігі мен байланысы туралы мәселе ерте кездерден бастап-ақ ғалымдардың назарын аударған үлкен ғылыми-теориялық мәселе еді. Бұған ежелгі философтардың зерттеулерінде көп көңіл бөлінген. Осыған сәйкес атау теориясының зертеле басталуының ұзақ тарихы бар деп бағалаймыз. Платон, Сократ, Аристотель, әл-Фарабидің ғылыми трактаттарының өзінде сөздің шығу жүйесі жайында жазылған толғамды тұжырымдар мен ойлар бар.

Түр-түске байланысты танымдық лингвистиканың қайнар көзі Аристотель, Платон, В.Гумбольдт еңбектерінде жатыр. Танымдық үдерістің негізгі айырым белгісі тіл туралы жаңаша зерттеулерінде, зерттеу әдістеріне жаңа тәсілдер енгізуінде емес, таза танымдық бағдарының жаңалығында, тілге танымдық тұрғыдан келуінде [4]. Алғашқы когнитивтік зерттеулер этнолингвистикалық және лингвистикалық типологияны шендестіру деңгейінде болды. Тілдік әмбебеп құбылыстарды тереңірек түсінуге талпыну Н.М.Хомский, Д.Ж.Лакофф, Р.Лангакер және орыс тіл білімінің ғалымдары Ю.Д.Апресиян, Н.Н.Караулов, Е.С.Кубряковалардың еңбектерінен басталады.

Қазақ тіл біліміндегі танымдық бағыттың қалыптасуында этнолингвистикалық зерттеулердің мәні айырықша. Атап айтқанда, Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов, М.Копыленко, Ж.Манкеева, Г.Гиздатов, Г.Қосымова, Б.Қасым, Қ.Жаманбаева, Г.Зайсанбаева, С.Жапақов т.б. ғалымдардың зерттеулерінен когнитивтік бағыт бастау алады. Танымдық ғылымның нысаны болып саналатын таным, тіл мен ақыл, олардың өзара қатынасы – көне замандардан пікірталас тудырып келе жатқан түсініктер.

Тіл мен ойлаудың өзара қатынасы – ертеде философтарды да толғандырған мәселе. Платонның «Кратилі» – тілдің танымдық жағынан ең алғаш философиялық талдау жасаған туынды. Платонның пікірінше тілдің негізі – атаулардың қоршаған ортаны танып білуде абсолюттік дәлме-дәл еместігінде. Атаулар көмегімен қоршаған ортаны танып, білу танымдық құрылымның төменгі сатысын ғана құрайды, ал бұл процестің ең жоғарғы сатысын байқап-бағдарлап, мән-мағынасын түсіне танып білу болып саналады [4,5]. Дүниетаным жеке адамның өмір сүруімен қатысты болумен бірге адамның қоғамдық өмірдегі орнына да байланысты.

Дүниетанымның жинақы көрінер тұсы – ұлттық дүниетаным. Ұлттық дүниетаным ұлттың бүкіл болмыс-бітімімен, қоршаған ортасымен, шаруашылық кәсібімен, табиғат құбылыстарымен тығыз байланысты. Ұлттық дүниетаным түр-түс құрамды күрделі атауларда да орын алады. Түр-түстік ұғымды білдіретін сөздерден жасалған күрделі атау да өзге күрделі ұғымдық атаулар сияқты біртұтас лексика-грамматикалық бірлік деп танылатын, сыңарлары кем дегенде екі мағыналы лексемалардан тұратын аталым болып саналады. Күрделі ұғымдық атаулар номинациялық қызметпен қатар, танымдық қызмет атқарады. Бүгінгі кезеңге дейін түр-түс атаулары түркі тілдерінде тіл білімінің морфология саласында қаралып, лексика-грамматикалық тұлғалары анықталды.

1.2 Түр-түсті білдіретін күрделі аталымдардың шығу төркіні мен өзіндік ерекшеліктері

Қазақ тіліндегі көптеген түр-түс атауларының шығу төркіні әлі күнге дейін белгісіз. Олардың кейбіреуін этимологиялық жолмен анықтауға болғанмен, кейбіреулерінің құпия сырын ашу мүмкін емес. Мысалы, ақ, боз, сұр, ала, көк, кер тәрізді бір буынды түр-түс атауларын талдап, анықтап жатудың қажеті де жоқ сияқты көрінеді. Себебі бұлар одан әрі жіктеуге, морфемаларға бөлшектеуге келмейді. Бұл сөздерді көне түркі заманынан бері келе жатқан байырғы ілкі түбірлер санатына жатқызуға болады. Көптеген түркі тілдерінде кездесетін бұл сөздердің түстік мағынасы да көне болуы керек. Мәселен, ақ сөзі түркі тілдерінде ақ//ах//ағ//а:қ формасында қолданылып, бір-біріне жақын үш түрлі мағынаны аңғартады:

1) «ақ» деген негізгі түстік мағына («белый»); оның төңірегіне: ақшыл, көздің ағы, жұмыртқаның ағы, т.б. мағыналар туған;

2) «ақ» сөзінің ауыс мағыналары: кіршіксіз таза, ақжүрек, кінәсіз, адал;

3) тамаша, керемет, ғажайып.

Ақ сөзінің этимологиясы жайында, оның заттық не түстік негізі жөнінде ХХ ғасырдың өзінде-ақ түркологтар арасында әртүрлі пікірлер қалыптасты. Э.В.Севортян «аға» және «әке» деген туыстық атаулардағы екі сөздің де негізі «ақ» «оқ» (қартаю) етістігінен өрбіген дегенді айтады. Егер «ақ» түбірініңкөне түркі тілінде «қартаю, жан ұлғаю» мағынасын берсе, тілек мағынасындағы «қосағыңмен қоса ағар» тірексі құрамындағы «ағар» сөзі жоғарыдағы «ақ» түбірімен төркіндес болуы мүмкін.

Мысалы, Ал Еріктің жары Айнаға қап тауын асып кетсе де бәрі-бір, күйеуі қайда – бұл сонда, қосағымен қоса ағарудан өзге арман да, мақсат та жоқ (Оралхан Бөкей). Ақ, қара тілдік бірліктері «сақал» сөзімен тіркесуі арқылы «жастық, кәрілік» мағынасын береді. Кәріліктің «ақ» тілдік бірлігі арқылы объектіленуі қартайғанда шаштың, сақалдың ағаруымен байланысты қолданылады. Мәселен, ақ шаш, шашына ақ түсті, самайы ағару. Ал қара шаш тілдік бірлігі қайраттылықты, жастықты сипаттайды. Сондай-ақ адамның балалық шағы қара борбай, қара сирақ тілдік бірліктері арқылы да көрінеді.

Жалпы сүт тағамдарын білдіретін ақ атауы (сүт, қымыз, шұбат, құрт т.б.) ақ етістігі негізінен тарағанын аңғаруға болады. Оған дәлел «ақ» – ағу, жоғары-төмен құйылу, жылжу» мәніндегі етістік. Сүттің төмен сауылып, сорғалап құйылатыны шындық. Әрі өзі де ақ, басқа реңкі жоқ, өзгермейтін ақ түсті ақ атау да көңілге қонымды, ақылға сыйымды. Көне түркі тілінде «үрүң» атаудың тілден ығыстырылып шығуына да осы ақ сөзінің конверсиялануы әсер еткен. Көне мұраларда кездесетін «таң ағару» тіркесіндегі «ақ» жоғары көтерілу, «таң көтерілу» мағынасын беретін ақ етістігінің әртүрлі сапада жеткендігін Б.Сағындықұлы дәлелдейді.

Тарихшы ғалым Х.Көктәнді «ақ» сөзінің ежелгі нұсқасы ретінде «су» сөзіне де үлкен мән беріп: «Су» – ақ деген сөз. Судың ақ деген мағынаны білдіретінін көптеген деректер айғақтайды. Жапондарда да су дыбысталуы ақ мағынасын білдіреді екен. «Ақ сунбуақ-ақ биік» болып аударылады. Сырдария өзенінің «Авеста» кітабындағы атауы да – Ардвисур. Бұл өзеннің ежелгі аты – «таза ақ құндар өзені» деген мағына білдірген. «Су» сөзінің «ақ» мәнін білдіретіндігіне мына мысалмен де дәлелдеуге болады: Сурманақ – жалайыр тайпасының Шыңғыс хан заманындағы бір тармағы, екінші тармағы – Шуманақ деп аталады.

Жалайыр тайпасы үлкен екі тармаққа бөлінген. Суманақ тармағының алғашқы тұлғалық атауы Су-ман, кейін Суман (мәні ақ деген мағынада), түсініксіз болған соң, алғашқы мағынасын калькалық тәсілмен көшіре аударып ақ сөзін қосқан, содан соң Сурманақ болып шыққан. Шуманақ тармағы атауы да дәл осындай тарихқа ие. Тұнғыс-манчьжур тілінде «су» сөзі «чуу» дыбысталуында сақталып, «өте» мағынасын берген екен. Қазақ тіліндегі «су қараңғы соқыр» тұрақты тіркесі «көзі аппақ болып ағарып кеткен адам» деген ұғымды білдіреді. Екінші бір мысал: Алтын Орданың Жошы заманындағы атауы «Сыр Орда» болған.

Көптеген тарихшылар, соның ішінде Рашид-ад-дин, Вассаф, А.Б.Греков, А. Якубовский сияқты ғалымдар Алтын Орданы «Сыр Орда» деп атаған немесе «Су Орда – Алтын Орда деген атауға еге» деп жазған», деген деректер келтіреді. Су ақ. Осыған қарағанда Шыңғыс заманында «су» атауы әлі де «ақ» деген мағыналық мазмұнын жоймаған. Бұл күндегі ана тілімізде кеңінен қолданылып жүрген «сүттен ақ, судан таза» деген тұрақты тіркесіндегі мағынасы да аппақ, мөлдір түске қатысты айтылып, кінәсіз деген мағынаны білдіреді.

Қ.Ғабитханұлы, Т.Жанұзақов сынды бірқатар ғалымдар «ақ» сөзінің шығу төркінін «ай» космонимімен сабақтастырып, оның фонетикалық өзгерісінің схемасы ајаs>аја>ај болуы мүмкін деп болжайды. Бұның дәлелі ретінде түркі тілдерінде қолданылатын «ай йузлүк» тіркесінің мағынасына айтады. «Ай» атауын «ақ» сын есімімен байланысты қарауының негізі бар. Сөздердің тілдегі қолданысы және оның беретін мағынасына қарасақ, шынында да «ай» атауы о баста заттың сын-сипатын білдіретін сөз болғанға ұқсайды. Тіліміздегі айдын, айқын сөздері «ай» түбір сөзінің негізінде жасалған.

Яғни, «ай» сөзі о баста «ақ» деген түстік мағынаны білдіретін сөз болған. Осы сөзден біртіндеп, кейін келе қазіргі тіліміздегі сын есім «ақ» туындаған. Түркі тілдерінде й-қ-ғ дыбыстарының сәйкестігі ежелден бар құбылыс екендігін ескерсек, бұл өзгерісті ай>ағ>ақ түрінде көрсетуге болады. Сонымен «ақ» түс атауының шығу төркінін дәл басып айтудың қиындығы «ақ» сөзінің көнелігімен байланысты болып отыр.

Тіліміздегі ал қызыл, ал қара, ал сары т.б. тіркестер құрамындағы «ал» сөзі көне түбірлердің бірі болып саналады. Бұл сөздің төркіні туралы да әртүрлі пікір бар. Кейбір зерттеушілер «ал» сөзі монғол тіліндегі «гал» («от») сөзімен байланысты деп қараса, енді бір топ ғалымдар түркі тіліндегі жалын, ялкун, йалун сөзінің түбірі жал//ял//һал деп қарайды. Сөз басындағы дауыссыз дыбыстардың (г//ж//й//һ) түсіп қалу заңдылығын ескеретін болсақ, «ал» сөзінің бастапқы заттық негізі «от», «оттың жалыны» болуы әбден мүмкін.

Қазақ және басқа түркі тілдеріндегі қызыл мен жасыл сөздерінің түбірі «қыз» бен «жас» деген пікір көптен бері айтылып келе жатқандығы белгілі. Сондағы ғалымдардың дәлелі – бұлардың екеуі де -ыл, — іл моделі негізінде бүгінде жеке-дара қолданылмаса да, бөліп алып қарауға болатындығы. Ал белгілі топономист Е.Қойшыбаев қызыл сөзін тіліміздегі қысыл (қысылу, тар) етістігімен байланысты қарастырады. Ғалымның мұндағы сүйенетін дерегі – Жоңғар және Іле Алатауларындағы шатқал аты – Қызылауыз («узкие ворота» мағынасында) аталуы. Алайда көптеген ғалымдардың пікіріне сүйенсек, жоғарыдағыдай, қызыл сөзінің түбірі – қыз: бірде етістік («пламенеть» , «краснеть»), бірде сын есім мағынасында («красный», «багровый») екі түрлі қолданылады екен.

Сын есім мағынасында қолданылғандығын дәлелдеу үшін қызар етістігін алып, боз — бозар, көк — көгер, ақ — ағар моделі бойынша талдаса да жеткілікті. Бұл жерде түбір тек зат есім немесе сын есім ғана болуы керек. Сонда қазіргі қазақ тіліндегі қызыл сөзінің құрамындағы о бастағы дербестігін жойған «қыз» түбірінің төркіні анықталмақ. Ол тек қызыл түстің ғана емес, тіпті алабұртып, қызу қанды, сұлу реңді мағынасындағы «қыз» сөзінің шығуына да негіз болса керек. Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат түрік» сөздігінде осы қыз түбірінің тағы бір мағынасы беріледі: Бұ ат қыз алдым Бұл атты қымбат алдым. Сонда қыз түбірінің мағынасы: 1) қызыл; 2) қымбат, соған тағы да -ыл жұрнағы қосылып, тарихи тұрғыдан қатыстық сын туғызса, біздің тілімізде сапа сыны болып қалыптасқан.

Жасыл түс атауының да түбірін жас деп тануға болады. Мұнда да о бастан заттық не сындық, мағынаны берген. Жас сөзінің бастапқы мағынасы «жаңа шыққан көк, өсімдік» деуге болады. Кейінйін бұл мән жаңа өсіп келе жатқан балаға, одан кейін кісінің өмір сүру жыл санына ауысқан. Тілші-ғалым А.Жеңісқызы жас сөзінің төркінін уақыт өлшемі саналатын жыл сөзімен қатар қарастырады. Деректерге сүйене келе, мынадай қорытындыға келуге болады: жыл мен жас сөзінің семантикалық қатарына «ылғал», «жаңа туылған», «жас шөп», «көз жасын» жатқызуға әбден болады. Осы мағыналардың тууына көк өнімдерінің ылғал, дымқыл болуымен, әсіресе, таңертеңгі шық түскен кездегі күйімен байланысты «көз жасы» деген мәнге ие болған сияқты.

Көк сөзінің көкшіл, көгірек деген түстік мағыналарына орнығуы адам танымы арқылы танылған зат пен құбылыстың танымдық құрылымы арқылы берілетін бейненің ортақ сипатымен байланысты қарастырылады. Аспанды көк деп атап, көк тәңірге табынған, көк бөрінің ұрпағы саналған түркі тектес халықтардың дүниетанымында аспанның түсі барлық осы түстес белгілерге атау ретінде берілген. Неге аспан деп аталынбаған деген сұраққа «аспан» сөзінің өзі таза түркілік емес және қолдану уақыты да кейін енген деуге болады. Көк сөзі түркі тектес халықтардың бәріне ортақ сөз болып табылады. Заттық ұғымдағы көк (аспан) пен түр-түс атауы көкті синкретикалық түбір деп қарастырылып жүр.

Аспан мағынасын білдіретін көк сөзі мен онымен (аспанмен) түстес нәрселердің салыстырмалы түрде көк аталуы мүмкін. Көне түркі тілдерінде «көк» сөзінің бір мағынасы «тамыр», «көкяң» қазіргі түркі тілдерінде «тамырлас» мәнін береді. Бұл сөз «көкең» туыстық атауымен де тығыз байланысты. Мұндай мағына «көгі жақсы», «көгі жаман» тіркестерінде сақталған. Бұл тіркестер көне жазба ескерткіштерінде де кездеседі. Махмұт Қашқари еңбегіндегі «көгің кім» тіркесінің аудармасы «шыққан тегің қандай» деген мағынаны білдіреді.

Қазақ тілінде және жалпы түркі тілдерінде де сары түс атауы сындық мағынада қолданылады. Жоғарыдағы талданған қызыл, жасыл түр-түс атаулары сияқты бұл сөздің де шығу тегін, этимологиясын анықтау қиын. Сары сөзінің негізгі түстік мағынасымен қатар сан алуан ауыс мағыналары да бар. Сары сөзі – жиі қолданыста болатын және көп жағдайда түсті білдіретін лексема. Бірақ сары сөзі де кез келген қолданысында түсті білдіре бермейді. «Сары» сөзі жер-су атауларымен тіркесіп қолданылғанда «сар» тұлғасында кездесетіндігін байқау қиын емес. Топономист Е.Қойшыбаев «сар» сөзі топонимдік атаулармен тіркескенде көбінесе «айқын, негізгі, кең, басты» деген мағынада қолданылатындығын айтады.

Ал Рабиға Сыздық «сары алтын» тіркесіндегі «сары» сөзінің мағынасы қоспасыз, таза, ал «сары уайым» дегендегі «сары» сөзі парсы тілінде уайым, қайғы екенін айта келе, «сары уайым» тіркесі бір мағыналы екі сөздің қабаттаса айтылуынан пайда болған, бала-шаға, бекер-босқа сияқты бір сыңары парсыша – уайым (сар), екіншісі – қазақша уайым сөзінен жасалған плеонастық тіркес болып табылады», – дейді. Сондай-ақ «сары алтын» тіркесіндегі «сары» сөзінің негізгі мағынасы «шынайы», «таза» екендігінде дау жоқ, ал «сары уайым» тіркесіндегі «сары» сөзі түсті білдірмейді, плеонастық тіркес те емес.

Өйткені «сар(ы)» сөзінің түркі тілдеріндегі бір мағынасы – «нағыз, «шын». Бұл орайда Е.Қойшыбаевтың «сары» жайлы «айқын», «анық көрінген», «басты» деуі қисынды. Осыған орай «сары уайым» «негізгі, анық уайым», ал «сарыла күту» «шыдаммен, нағыз күту» дегенге келеді. «Сары» сөзінің «нағыз, таза» деген мағынасының барлығын тарихшы ғалым Х.Көктәнді де сары сөзіне берген талдауында анықтап, айқындайды.

Тарихшы ғалым сары сөзінің түбірін са/со деп бөліп алып, «са» түбірі «дала» деген ұғымды білдіретінін айтады. Кейбір тарихшы ғалымдар сары ұйғыр дегенді көне ұйғыр ұғымын береді деген пікір айтады. Бұл асылы, таза далалық ұйғыр деген сөз. Ратаза, шын деген сөз. «Со» дала, «со» сөзі, салқар (с//ш), сақара деген сөздердің түпкі буынында да сақталған. «Сайын» сөзі жеке тұлғасында түсініксіз болған соң, кейін халықтың өзі сайын дала деп калькалық тәсілмен көшірме аударма жасаған. Осы күнге дейін бұл екі сөз қосарланып айтылып келеді.

1.3 Түр-түс құрамды күрделі аталымдардың таңбалық жүйесі мен танымдық сипаты

Айналадағы түр-түстердің барлығы әрқашан бір заттың немесе құбылыстың түсін, түрін, өң-реңкін, сыртқы көрінісін, сипатын анықтаумен ғана шектелмейді. Сондай-ақ, түр-түс атаулары мүлдем түр-түске қатысы жоқ, не одан бүгінгі таңда тым алыстап кеткен ұғымдар мен түсініктерді, мән мен мағыналарды, жөн мен жосықты білдіретін қасиеттерге де ие. Солардың бірі – түстердің тілдік таңбалық қасиеті.

Лингвистикадағы символика о баста көне гректердің «символ» (symbolon — «белгілі бір қоғам мен әлеуметтік топтардың мүшелері үшін ғана түсінікті шартты белгілер») сөзінен шығып, бүгінде «әр түрлі ұғымды, түсінікті, идеяны, ойды, сезімді, іс-әрекетті білдіретін шартты белгілердің жиынтығы деген мағына береді». «Символдардың» пайда болуына қандай да халықтың болмасын қоршаған ортасы, шаруашылық кәсібі, салты, дәстүрі, мәдениеті, жалпы алғанда дүниетанымы әсер етеді.

«Символдардың» өзге таңбалардан ерекшелігі, негізгі қасиеті – оның идеалды нысандық мағынасында, яғни физикалық әлемде жоқ объект мәнін құрайтын семантикалық айырмашылығында. Адам символдың осы қасиеті арқасында өз қажеттіліктеріне жарамды, құнды түсініктер алады. Демек, халық өзін қоршаған әртүрлі нәрсеге, дүниеге ой көзімен, ұлттық түйсікпен қарап, көңіліне түйіп, модельдендіруге бейім келген. Ал ол тілдің эволюциялық жолмен даму арқылы өрбіген, соның негізінде туындаған символдарда көрінеді. «Символ» тілдік жүйеде белгілі бір когнитивтік құрылым ретінде ғаламның тілдік бейнесін көрсетеді.

Адамзат мәдениетінің жүйесінде түр-түс қоғамдық санада қалыптасқан тұрақты ассоциациялардың нәтижесінде нақты бір заттық мазмұнмен сәйкестендірілген жағдайда ғана символ бола алады.

Түр-түс ұғымы этностың ментальды қасиеттерін, ұлттық сипатын саралап, талдауға, индивидуальды болмысын танытуға мүмкіндік береді. Оны концептуалды талдап, жүйелеу арқылы әлемнің тілдік бейнесінің санадағы құрылған моделін тануға септігін тигізеді.

Халқымызда «Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» деген мәтел бар. Оны жеке адамдар мен қауымның түр-түске сан алуан көзқараспен қарайтындығына байланысты айтуға да болады. Ол орыс тіліндегі «Талғам мен түр-түс таңдауда жолдастық жоқ» деген мақалмен де мағыналас («На вкус и цвет товарища нет»). Екі халықтың өмірінен алынған бұл екі мақалдан «әр елдің, әркімнің өз талғамы, өзі ұнататын түрі мен түсі бар» дегенді аңғаруға болады.

1.4 Түр-түске қатысты күрделі атаулардағы ұлттық дүниетаным көрінісі

Кез келген ұлттық тілдің сырын шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын ғана білу жеткіліксіз, оның түпкі тамыры сол тілде сөйлеуші этностың сан ғасырлар бойы жүріп өткен тарихымен, күнделікті өмірде орныққан мәдениетімен, ой танымымен тікелей байланысты.

Қай ұлттың болмасын мәдениетіндегі түр-түстері өзіндік ерекшелікке, өзіндік белгілік таңбалық мәнге ие. Халық «мәдениеттегі түр-түс» арқылы өзіндік дүниетанымын, эстетикалық талғамын, көзқарасын, эмоциялық сезімін, адамгершілік түсініктерін берген. Қоршаған дүние, аспан әлемін, табиғат құбылыстарын, тіпті, кез келген материалдық мәдениетке қатысты заттар, киім-кешек, құрал-жабдық немесе рухани мәдениетке байланысты салт-дәстүрді түр-түстерсіз қабылдау мүмкін емес. Түр-түссіз олардың ешқайсысының: қоршаған ортаның да, заттар мен құрал-жабдықтардың да болмыс-бітімі толыққанды болмайды.

Түр-түс – ұлт мәдениетін танытатын жолдардың бірі. Түр-түс әлемі өз тамырын терең жайып, ата-бабамыздың мифтік түсінігімен де астасып жатады. Адам баласының өзін-өзі, өзін қоршаған табиғатты, қоғамдағы заттар мен құбылыстарды жан-жақты әрі терең танып білуінің көптеген тілдік қайнар көздері мен тәсілдеріне түр-түс әлемі де жатады. Адамзат баласы сан алуан түр-түсті бір-бірімен салыстырып ажыратып, айырады. Олардың бір тобы адам жанына жылы көрінсе, енді бір түстер суық болып көрінеді.

Осыған орай түстерді жылы түстер және суық түстер деп бөлу қалыптасқан. Бұған себеп – ыстық оттың жалыны қызғылт, қызыл екені, суық мұздың түсі көкшіл, жасыл, қаракөк екендігі. Бірақ қоршаған ортадағы түр-түстердің барлығы әрқашан да бір заттың немеес құбылыстың түр-түсін, бояу реңкін, сыртқы сипатын, көрінісін ғана анықтап, айқындаумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге түр-түс атауларының мүлдем түр-түске қатысы жоқ немесе одан мағынасы тым алыс ұғымдар мен түсініктерді де білдіре алады. Басқа халықтар сияқты қазақ халқы үшін де әлем екі түске: ақ пен қараға бөлінген.

Оның біреуі ақ түс – барша жақсы қасиеттердің иесі болса, қара түс – жамандық біткеннің белгісін білдіреді. Бұл түсінік халық санасына терең орнығып, оның тілі мен ойлау жүйесінен, дүниетанымынан орын алған. Сол себепті де ақ түс күні бүгінге дейін жақсы бастама атаулының бәрінен де табылады. Өйткені ол адалдық пен сұлулықтың, пәктік пен тазалықтың, күллі жақсылықтың, адамгершілік қасиеттерінің біртұтас жиынтығын білдіреді.

Халқымыздың ежелгі дүниетанымы бойынша дүниені төрт бұрышты деп түсініп, әр тұсқа өзіндік таңбалық түс бергені белгілі. Сол ұғым бойынша солтүстікті қара түспен белгілейді. Зерттеулерге жүгінсек, «Авестада» солтүстік жақтағы қасиетті тауды «Хукариа» деп атайтындығы белгілі. «Хукариа» атауының иран тіліндегі бастапқы айтылу нұсқасының «Хух Хара» болғандығын ескеретін болсақ, мұндағы «хара» о баста дей-түркінің (арғықазақ) «қара» формасынан шыққандығын аңғаруға болады. Демек, «Хух Хара» сөзі бүгінгі түркі тіліне «Харатау» — «Қаратау» деп аударылады. Бұл жердегі «қара» сөзі түсті емес, «түпкі, бастапқы» деген мағынані білдіріп тұр.

Түркі тілдерінің бірі өзбек тілінде «қара» сөзі «темір» деген мағынада жұмсалады. Мұндай ұғым буряттардың дүниетанымдық негіздегі ауыз әдебиеті үлгілерінде де болғандығы байқалады. «Қара» сөзі жер асты, төменгі әлем ұғым-түсінігін білдірсе, «ақ» сөзі оған қарама-қарсы ұғымды: жоғарғы әлем, құдайлар мекені, аспанның символы ретінде қолданылған. Қазақ халқының мифтік түсінігінде төрт түлік, соның ішінде жылқы малының ақ түстісімен байланысты ақ түсінің о дүниелік символы болған. Ақ түс ежелгі түркі-монғол халықтарының мифтік түсінігінде күнге, күн сәулесіне теңеліп қолданылған. Сол кезде желдей жүйрік жылқы ғана күн сәулесінің жылдам таралуына теңесе алған.

Астарында қазақ халқының ғарыштық дүниетанымының ұлттық белгілері жатқан қоршаған орта мен табиғат құбылыстары және жан-жануарлардың түр-түстік символикасына халқымыз ерекше мән берген. Қазақтардың ұғымында ақ, қара түс атауларымен қатар ала түсінің де қасиеті айырықша. Ала – орта дүниенің, жер бетінің таңбасы ретінде бірқатар ұлттық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерде ерекше орын алады: «Өлікті жөнелткенде абыз ала жіптің бір шетін мәйіттің денесіне байлап, бір ұшын өзі ұстап былай деп атқады: «Ала жіп, ала жіп, бұл кісінің бар күнәсын ала біт!».

Қазақ танымында алалық, түстілік, алапестікке қатысты әңгімелер бостан-босқа айтылмаған, бұлар таза мифтік түсініктің қарабайырлануы (профанация) нәтижесінде ежелгі мән мен идеяның ұмытылып кетіп, есте сақталып қалған сөз тіркесі мен әңгіме фрагменттері кейінгі уақытта басқаша түсіндіріліп жүр. Ғалым Б.Ақбердиева алалық сөзінің негізгі символдық белгісі ретінде күнге тәуелді етеді. Яғни, алалық – күн белгісі, атрибуты. Қазақ дүниетанымында мұндай күнтекті белгі ретінде қал, қалша, пес, шұбар сияқты сөздер де қолданылады. Алалық пен алапестікті кейін тек ауру-сырқат, кесел деп түсінген.

Шын мәнінде «пес» сөзі де «дақ», «қал» деген ұғымды білдіреді. Оны белгілі сырқатқа телу – кейінгі қазақ тілінің дәстүрі, ертедегі қазақтар ежелде күн бетіндегі дақты қалға, меңге теңеген. Ала сөзіне қатысты көптеген атауларда уақыт мағынасы сезіледі. Ала түсінің уақытқа қатыстылығы жөнінде мифолог С.Қондыбай ала сөзін ертегі-аңыздардағы ат-жылқылардың түсіне қатысты ала отырып, ала аттың күн мен уақыттың символы екендігін айтады.

Ол қазақ халқының жылқыны түстеуге келгенде алдына жан салмайтындығын ескерте келе, ала түс ұғымына шұбар, тарғыл, сарыала, бурыл, қызылкүрең сияқты бірнеше түс араласқан қосындыны ала түс деп орташалап алып, мифтік тұрғыдан зерттеп, қарастырған болатын. Қазақтың эпостық жырлары мен өткен ғасырлардағы ақын-жыраулардың мұраларында ала сөзі ат, оның ішінде азбан ұғымында жиі кездеседі. Ала, алаша ат – күшті, мықты, жүйрік аттың символы, алалық түске байланысты емес, медиаторлық қасиетке берілген атау ретінде қолданылады.

Сонда ала, алаша атты мифтік триадалық символдың тіліміздегі лексикология-фразеология жүйесіндегі көрінісінің бірі деп тануға болады. Сонымен қатар қазақ тіліндегі осы сөзбен кездесетін сөздер мен сөз тіркестерінде алаш, алай-түлей, алапат, аласапыран тағы да басқа жер жүзі, жер беті, тіршілік, өмір сүру, күресу, мифтік таныммен айтқанда орта дүниеліктің белгісі бар екендігін айта кеткен орынды. Өйткені жер бетінің белгісі ала түспен белгіленеді.

Қорытынды

Әлем бейнесі мен ұлттық мәдениет, халықтың салт-дәстүрлері мен сенімдері, сол тілде сөйлейтін халық тарихы көрініс табатын кез-келген халық ұғымындағы түр-түстік символдар баға жетпес лингвистикалық қазына болып табылады. Мәдениет ұғымының кең мағынада қолданылатыны белгілі. Біздің қарастырғанымызтілдің эволюциялық жолымен дамып, өрбіген соның негізінде туындаған түр-түстік символдар. Атауыш мағынадағы сөздің ерекше қасиеттері олардың ішкі мағыналарында жатыр.

Символдық мәнге ие сөздің табиғаты ерекше, ол ерекшелік символ-сөздің танымдық, ұлттық, мәдени, фондық мағыналарын сол тілде сөйлейтін халықтың дүние тануымен, құбылыстарға баға беруімен, әлемнің тілдік бейнесімен тығыз байланысты. Ал түстік, сындық мағына беретін қара сөзінің не үшін жоғарыдағы мағыналарға ие болғанын дәл түсіндіру қиын.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Аманжолов С. Қазақ тілі теориясының негіздері. – Алматы: Ғылым, 2002. – 368 б.
  2. Арутюнова А.Н. Образ/опыт концептуального анализа // Референция и проблемы текстоборудования. М., 1988, с.117-119
  3. Аитова Н.Н. Қазақ тіліндегі түр-түс атауларының когнитивтік семантикасы. Филол.ғыл. канд.дисс.автореф. Алматы, 2005
  4. Әлкебаева Д.А. Қазақ тілінің прагмастилистикасы. — Алматы: Зият-Пресс, 2007. — 243 б.
  5. Әмірбекова А.Б. Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшеліктері: Филол. ғыл. канд. дис. — Алматы, 2006. — 117 б.
  6. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. Алматы: Ана тілі, 1992. – 448 б.
Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жоспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ