Тележурналистика — телевидение саласындағы барлық-дерлік шығармашылық әдіс-тәсілдері мен шеберлігін бір жүйеге тоғыстыратын ғылым саласы. Эфир – көрермен алдындағы өте жауапты сын. Бағдарламада жүргізушінің белгілі бір ойды айту барысында мүдірмей, кідірмей жеткізуі өз алдына, әрбір айтылмақ ойының дұрыс та, түсінікті жетуі аса маңызға ие.
Әсіресе, ойын-сауық, зияткерлік, таңғы, сенбілік, ток-шоу бағдарламалар легін тізіп көретін болсақ, келсін келмесін, кілең эстрада жұлдыздарының жүргізуі жаңашылдыққа саналып, дәстүрге айналып жатыр.
Журналист еңбегінің ең басты мақсаты – ақпаратты бере білу, яғни коммуникативтік актіні жүзеге асыру. Микрофондағы журналист – ол жаңалықтарды хабарлайтын, қандай да бір оқиғаны, фактіні, құбылысты баяндайтын адам. Адам өз ойын сөз арқылы жеткізеді. Қазір асқан жеделдік, қысқа әрі нұсқа айту, дәлдік, ықшамдылық бірінші кезекке шықты. Мемлекеттік іс-шараларды орындауға жоспарлы түрде атсалысуда. Саясат және ұлттық сана, экономикалық және әлеуметтік өмір, тәуелсіздік бағытында жұмыс істей отырып, тәуелсіз республиканың дүниежүзілік қоғамдастық пен нарықтық қарым-қатынастағы жетістіктерін көрсету, халықтың мұң-мұқтажын үкімет тарапына жеткізу, елді әлеуметтік қорғау сияқты т.б. көптеген мәселелерде өзіндік таңба қалдыруы өзекті болып отыр7
2019 жылдың 5 қарашасында Ұлттық арнада Лондонда халықаралық World Travel Market туристік көрмесі жұмысын бастады деген материал жарыққа шықты. Жүргізуші мен материал тілшісі сөйлеу кезінде көп қате жіберді. Мысалы, «болып табылады», «300 мыңға жуық жаңа бизнес байланысТАРЫ», «жаңалықтарМЕН бөлісу», «миллиондаған кездесуЛЕР»», «ң» дыбысы сол баяғы күйінде айтылады. Арна тілшілері бастауыш көпше түрде болса, басқа мүшелерді де көптейді. Журналист Еркебұлан Нұрекеш ақпарат тілінде қолдан «причастный оборот жасау» деген штамп қалыптасып кеткенін айтып еді.
Ол дегеніміз:
а) «Математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған Алмас оқуды 2016 жылы бітірді».
ә) «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауылына келген ол қазір Аққайнар орта мектебінде жұмыс істеп жатыр».
Ақпаратты осылай құрастыра салған оңай, бірақ есімше формасымен күрделі анықтауыш болып келетін бастауышы бар сөйлем құрауды доғару қажет сияқты. Алмастың қандай мамандық бойынша білім алғаны мен оқуды қай жылы бітіргенін бөлек-бөлек айтуға болады. Ауылға келгені мен мектепте жұмыс істеп жатқанын да. «Алмас «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауылға келіп, …» деп көсемшемен жазуға болады. Телеэкранда қолданылатын ақпарат шаблонын ауыстыратын уақыт келген сыңайлы. Телеэкранда жиі қолданылатын қазақ тілінің табиғатына қайшы үлкен қате: жаңалықпен бөлісу, ойымен бөлісу, тағы сол сияқты кете беретін бөлісулер.
Несі қате: орыс тіліндегі «поделился (кем? чем?) новостью/мыслями» дегеннен калька. Әсіресе бұл калька әлеуметтік желілердегі share категориясы пайда болғанда өршіп кетті.
Бұл жерде екі қате бар.
- Қазақ тілінде көмектес септік қандай бір әрекеттің объектісі болатын есім сөз не етістікке жалғанбайды. Көмектес септік тек әрекетті жасайтын адамның қолындағы құралды, әрекетті жасау амалын, тәсілін не сол әрекетті ортақ жасайтын екінші адамды білдіру үшін қоланылады. Мұны тексеру үшін «Жаңалығыммен кіммен бөлісемін?» деп сұрақ қойса жеткілікті. «Мен сеніМЕН жаңалығымМЕН бөлісемін». Қатарынан екі көмектес септік жалғауы тұрғаны нонсенс көрінбей ме? Демек біреуі болмауы керек деген сөз. «Бөлісу» деген әрекеттің объектісі болатын сөз тек ТАБЫС септігінде тұрады: «Жар төсегін бөліскен», «Ой(ды) бөлісейік», тағы с.с.
- БӨЛІС етістігі — ортақ етісте тұр. Демек, ол бір адам тарапынан жасалатын әрекетті емес, кем дегенде екі адам ортақ жасайтын әрекетті білдіреді. Яғни, бір адам өз тарапынан ол әрекетті жеке-дара жасай алмайды. Оған ортақ болатын адам керек. «Жиналғандар ой бөлісті».
Ал «поделиться» сөзінің қазақ тіліндегі баламаларына келсек:
Поделилися куском хлеба. — Нанын бөліп берді.
Поделился мыслями. — Ойын ортаға салды.
Поделился новостью. — Жаңалықты жар салды (айтты, жариялады, тағы с.с.)
Бөлісу дегеннің өзі — бірнәрсеге ортақ болу. Біреуді бірнәрсеге ортақ қылу да емес. Екі (үш, төрт, көп) жақтан келіп бір нәрсеге ортақтасу.
Қазақ «Тамақты бөлісіп жейді, жұмысты бөлісіп істейді», бірақ тамақПЕН, жұмысПЕН бөліспейді.
«Жаңалықпен бөлісу» дегенді жазғыңыз келгенде өзіңізден «жаңалықПЕН НЕНІ бөлісем?» деп сұраңызшы, сонда бәрі орнына тұра қалады.
Журналистер жиі жіберетін қате:
— Мың адам болса да, жұмыстарын емес, жұмысын істейді.
— Мың адам болса да, тиіскілері емес, тиіскісі, айтқылары, барғылары емес, айтқысы, барғысы келеді.
— Мың адам болса да, құлақтарына емес, құлағына қыстырмайды.
— «АҚШ өндірісінің тауарлары», «Америкалық өндіріс тауарлары», «Шетелдік өндіріс көліктері». Несі қате: «Товары американского производства», «Машины иностранного производства» дегеннен калька.
Неге қате: «производство» — өндіріс қана емес, өндіру де (жасау, шығару да бар). Бұл тіркестердің орысша да «товары произведенные в Америке» деген варианты бар. Дұрысы: Америкада өндірілген тауарлар, шетелде жасалған көліктер.
Астаналық уақыт бойынша. Несі қате: «по астанинскому времени» дегеннен калька. Дұрысы: бұрынғы дұрыс ТВ, радиода » Алматы уақытымен» дегенді еститінбіз.
— «Бес мыңды құрайды, бір жарым миллионды құрады». Орыс тіліндегі «составляет, составил» дегеннен калька. Неге қате: бұл енді калькасынан бөлек, сөз қолданысының өзінде қате. Өйткені, орыс тілінде «Количество чего-то составляет 1,5 миллиона» дегенде, «миллиона-ны құрайтын количество емес, количество-ны құрайтын миллион» деп тұр. Яғни, қазақшасында «Бірдеңенің* санын 1,5 миллион құрайды болуы керек». Яғни, бірдеңенің саны сол бірдеңенің 1,5 миллион данасынан/бірлігінен құралады деген сөз. Мысалы: «Мемлекеттің бюджеті 3 млрд теңгені құрайды» емес, «Мемлекеттің бюджеті 3 млн теңгеден ҚҰРАЛАДЫ». Ал қолданыс дұрыстығына келсек, қазақша «құрамай-ақ», «Мемлекеттің бюджеті — 3 млрд теңге» деген дұрысырақ. Өткен шақта болса «құрады» емес, «3 млрд теңге болды», келер шақта «құрайды» емес — «болады» десек қателеспейміз.
-Мұндай жағдай енді қайталанбау керек. Дұрысы: қайталанбауы керек.
Неге қате: «Керектің» алдындағы сөз тәуелденбесе — «керек» жіктеледі.
-Уақытпен бәрі өзгереді. Бұл орыс тілінен «со временем» дегеннің калькасы.
Неге қате: «министрлікпен бекітілген» дегеннен айырмасы жоқ.
Дұрысы: уақыт өте келе.
-Ақшалар, қаражаттар, қаржылар. Бұл орыс тіліндегі «деньги, финансы, средства» сөздерінің көпше түрде тұруына қарап қолдану. Неге қате: жоғарыдағы мысалдағыдай, бұл сөздер де орыс тілінде тек көпше, қазақ тілінде тек жекеше түрде қолданылады. Дұрысы: қандай жағдайда да, қанша адамға тиесілі болса да, қандай көлемде болса да, тек ақша, қаражат, қаржы.
— Қате: лоторея. Дұрысы: лотЕрея.Бұл — опечатка емес, кей адам, әсіресе журналистердің көбі шынымен солай деп ойлайды.
— Кірістері/табыстары/шығындары. Несі қате: орыс тілінде «доходы/расходы/издержки/траты/затраты» көпше түрде болған соң тура солай алу. Неге қате: бұлар орыс тілінде жекеше түрде қолданылмайды. Ал қазақ тілінде, керісінше, (идеалда) көпше түрде қолданылмайды. Бірақ, «мои расходы — менің шығыным», «издержки производства — өндіріс шығыны» — абсолют балама.
Баспасөз тіліне қарағанда телехабарлар тілі үш бағыт бойынша: бейне – дыбыс – сөздердің өзара үйлесімі арқылы анықталады. Телехабарлар тілінің сөзжасамдық құрылысы, стилі, сипаты сол бағдарламаның ерекшелігіне байланысты болады десек, шөпті де, шөңгені де әңгіме еткен қазақ тілді бағдарламалардың басым бөлігінің бағыты қайда апарып соғатынын анықтау қиын. Телехабарлар тілінің әмбебап табиғи ерекшелігінің бірі – интонацияға негізделген бейнелі ауызша әдеби сөйлеу тіліне сәйкес келеді. Тележурналистік шеберліктің басы – кемел де кестелі сөз өрнегін ұтымды, ұшқыр оймен құра біліп, оны дер кезінде, орынды қолдана білуімен анықталатын болса керек.
Теледидар газет, радиодан кейін өмірге келсе де, қазіргі кезде солардың әрқайсысымен бір қатарда тұрған және сол бұқаралық ақпарат құралдарына тән ерекшеліктердің бәрін өз бойына жинақтаған синтезделген өнер түрі болып табылады. Әрине, бұл әр күннің не бір жылдың нәтижесі емес, оған теледидар тарихындағы әрбір талант өз үлесін қосты. Қазақ тіл білімінде телехабарлар тілін зерттеуге бетбұрыс еліміз тәуелсіздік алған жылдардан басталады.Телехабарлар тілі туралы ғылыми мақалалар, ара-тұра айтылған ой пікірлер болмаса, қомақты да жүйелі ғылыми зерттеу жұмыстары жоқ деуге болады. БАҚ ішіндегі теледидар хабарларының тілі жөніндегі мақалалардың басым көпшілігі 90 жылдардың екінші жартысынан бері көбейіп келеді. Мұның бірінші себебі – халық өміріне электронды ақпарат құралдарының енуі. Екіншіден, еліміздің егеменді мемлекет болуымен байланысты ұлттық тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуы себеп болды.
Бүгінгі таңдағы БАҚ тіл мәдениеті дамуының айқын бір құбылысы – тілдің үнемі даму, жаңару, толығу үстінде болуы, ол қоғамда болып жатқан жағдайлар мен тарихи оқиғаларға байланысты. Тіл орашолақтығы баспасөзден гөрі телехабарларда жиі байқалады. Түрлі коммерциялық, тәуелсіз телеарналарда мемлекетіміздің 50-де 50 тіл бағдарламасын әйтеуір орындасақ болды деген желеумен комментатор, диктор, тіпті тележурналист мамандарын ешқандай байқау, сынақсыз қабылдайды. Ал ондай мамандар әдеби тілдік норманы, сөйлеу мәдениетінің табиғатын білмек түгілі, ауызекі, тұрмыстық сөйлеудің өзін (акцентпен) бұзып айтады. Жалпы, тележурналистер тіліндегі кемшіліктер тоқталып кетсек:
— орыс тілді мәтіндерден тікелей аударудың нәтижесінде болатын қателіктер;
— тележурналистердің тілінің шұрайсыздығы;
— сөйлемдерді айтқанда, интонацияның дұрыс қойылмауы;
— сөз тіркестерінің дұрыс қолданылмауы;
— оқу мақамын дұрыс меңгермеуі; — мәтінді нақышына келтіре білмеуі;
— екпіннің дұрыс қойылмауы т.б. Осындай олқылықтар біздің бұқаралық ақпарат көздерінің қай- қайсысында кездесіп жататындығы рас.
Бүгінгі таңда елімізде 40 шақты телеарна бар. «Хабар», «Qazaqstan», «Kazsport», «Балапан», «Білім және мәдениет», «24 kz», «Kazakh TV»,»МИР», «КТК», «Асыл арна», «Астана», «НТК», «Тамаша», «ТАҢ», «Алматы», «Жетісу», «7 арна», «СТВ», «Gakku» , «31», «Hit TV», «MuzZone», сондай ақ «Qazaqstan» ұлттық арнасының аймақтардағы филиалдары бар. Енді 18 миллионнан астам халыққа қызмет етіп жүрген осы телеарналардың мемлекеттік тілдегі сапасын сарапқа салып көрейік.
Еліміздегі алдынғы қатарлардың біріндегі телеарналардың бірі «Хабар»Агенттігі» АҚ. Бұл агенттіктің қарамағында үш тілде хабар тарататын «Хабар», «24 kz», «Kazakh TV», «Білім және мәдениет» телеарналары бар. Әлімнің әр жерінде агеттіктің тілшілері жұмыс істейді. Арналардың 75 пайызындайын төл туындылары құрайды. Бағдардарламардың басым бөлігі әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды қамтиды және қазақша- орысша араласқан (55 пайызы мемлекеттік тілде).
«Хабар» осы уақытқа дейін көп жетістікке жеткен. «Хабар» арнасы қазақ тілді бағдарламаларды, телехикаяларды жиі түсіреді. «Журналистік зеттеу», «Бабалар ізімен», « Ұлы дала өркениеті», «Бетпе- бет», «7 күн» сияқты сапалы бағдарламаларды атап өтуге болады.
«Хабар»Агенттігінің «Білім мен мәдениет» телеарнасы мемлекеттік тілге айрықша басымдық берген. Мәдени – ағартушылық бағыттағы телеарнаның басты мақсаты – мәдиеттің қоғамдағы орнын айқындау, адамдардың мәдени деңгейін көтеру. Ұлтымыздың тарихи және мәдени мұрасын сақтау, тілдік ортаны дамыту, көрерменнің дүниетанымы мен білімін дамыту, ұлттық құндылықтарды насихаттау арна туындыларының басты назарында мәселе.
Арнаның ерекшелігі мемлкеттік тілдің басымдылығы және бағдарламалардың тілдік сапасына мән беруінде.
Ұлттық телеарналардың ішінде тілдік сапасы жоғары «Жетісу» арнасы.
Алғашқы уақыттарда телеарна «Жұрұйық» атымен жұмыс бастап, қарқынмен дамып келеді. Әртүрлі саланы қамтитын 40 – тан астам төл туындылары бар арнаның басымдығы мемлекеттік тілге берілген. Арнаны тек Қазақстан халқы емес, шетелдердегі көрермендер де көреді. «OTAU- TV» спутниктік желісі арқылы Қытай, Моңғолия, Түркменстан, Пәкістан, Иран, Өзбекстан, Ресей, Түркия елдеріндегі қандастарымызға қолжетімді. Телеарнада «Тілсақшы» хабарында тілге қырағы тілшілер мемлкеттік тілдің мәртебесін, тіл тазалығын сөз етеді. Бұл телеарнаның тілге деген ерекше құрметі деп айтуға болды.
«31» телеарнасын 2008 жылы «СТС» телекомпаниясы сатып алып арнаның басым бөлігі орыс тілді ойын-сауық бағдарламалар болды. Бірақ қазақтілді көрерменнің наразылығының, сын –пікірінің арқасында қазақ тіліндегі бағдарламалар өз орнын табуда. Мемлекеттік тілде ақпарат жеткізу кезінде бұл телеарнаның тілшілерінің олқылықтары жетерлік. Мысалға , кешкі жаңалықтар жүргізушісі Аида Боранбай «Түркістанда 20 жастағы өзіне өрт қойған жігіттің халі әлі де ауыр» деді. Өрт – барлық тиген жерді жайпап кететін, мол ауқымды қамтитын қаулай жанған от. Соған байланысты қазақта «өртенді, от қойды» деген мағынадағы «от қою» орман, қала, үй, бау – бақша сияқты үлкен нысандарға қатысты қолданған. Ал ұсақ – түйекке, шағын заттарға, киімге қатысты «өртеп жеберді», «жағып жіберді» деп айтады. «Өрт қою» біреудің тарапынан басқа затқа қатысты істелетін әрекет. Сол себепті «өзіне өрт қойды» дегенге қарағанда «өзін – өзі өртеген жігіттің» десе мағыналық тұрғыдан да дұрыс болар елді.
«СТВ», «НТК» сияқты телеарналар әлі орыс тілінің үстемдігінен шыға алмай жүр. Бұл телеарналардың көрермендері айтарлықтай көп емес. Дегенмен тілдің сапасына мән беріп, қазақтілді көрерменге мәнді, мағыналар туындылар ұсынса деген оймыз бар.
Еліміздегі ойын – сауық, музыкалық телеарналарға тоқталатын болсақ айтар сын көп. «Hit TV», «MuzZone» «Gakku» арналарында ұлттық болмысымызға жат бейнелер , бағдарламалар көрсетіледі. Бағдарламалар екі тілде жүргізілгенімен басымдылық ресми тілге көбірек беріледі.
Қазақтың ұлттық болмысын «Таң», «Асыл арна», «Алматы» телеарналарынан көруге болады. Бұл телеарналарда қазақтілді бағдарламалардың сапасы жоғары және басымдылық мемлекеттік тілімізге беріледі.
2018 жылғы 25 наурыздағы «Әзілмен» бағдарламасында Тұрсынбек Қабатов «Біз енді әр бағдарламада төрт қатысушыдан өнер жұлдыздары. Оларға берілетін тапсырма олар әрине, күнделікті өздерінің сахнадағы киім бес, біз берген, біз ұсынған сахналық киіммен шығатын болады»,-дейді. Біріншіден, сөйлемді дұрыс құрып айтпады.Сөйлем аяқталмаған, айтар ойы дұрыс жеткізілмеген. Екіншіден, «емес» деген сөздің орнына «бес»деген сөзді қолданғаны өрескел қателік. Бұл сөз жергілікті сөйлеу мәнері болып саналады. Ал егер әр өңірден келген журналисттің «өләә» , «тегі», « не зат?», «қасқа» деген сияқты өз диалектісінде сөйлегенін елестетіп көріңізші! Бұлай жалғаса берсе телетіліміздің берекесі қашпай ма?!
Бағдарламаның бір шығарылымының өзінде құлаққа түрпідей тиетін сөздер жетерлік. «Ешқандай», «ешқай» деген сөздер «ишқандай», «ішқай» деп айтылып, «болып жатқан» дегенді «болып атырған» деп қолданады. Қабатов барлық бағдарламаларында дерлік осы қателіктерге жол береді. Онымен қоса жүргізуші орыс тілінен енген «пардазит» сөздерді жиі қолданады. Келген қонаққа «Онда сен уже супермен болмайсың ғой, жынды»,-дейді. Бұл жерде тек қана тіл тазалығы мәселесі емес, этиканы да ұстанбай тұрғанын байқауға болады.
Қазіргі таңда Тұрсынбек Қабатовтың әсіресе жастардың арасында танымалдылығы артып, сұранысқа ие болып жүргені белгілі. Әзілкештің тапқырлығына таң қалып, сөйлеген сөзіне еліктейтіндер де бар. Сондықтан жүргізушінің әр сөзіне абай болып, ойын толық жеткізіп сөйлегені дұрыс болар еді.
2019 жылы 18 наурызда «Қалаулым» бағдарламасының шығарылымында Аша Матай «Кешью» тобын «Аты аңызға айналған «Кешью» тобын қарсы алыңыздар»,-деп таныстырады. «Аты аңызға айналған» деген тіркесті осы топқа қатысты қолданғаны қаншалықты дұрыс?! Жалпы бұл тіркес ғасырлар бойы халық аузында келе жатқан, ел жадында ойып тұрып орын алған тұлғаға қатысты айтылады. Мысалға «Аты аңызға айналған Ақан сері, Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, «Дос – Мұқасан»тобы,- деп айтатын болсақ орынды болар еді. Ал сахнада жүргеніне 10 жылдан енді асқан топты аңызға айналдырғаны жүргізушінің сөз тіркесін қолданудағы қатесі.
«Qazaqstan» ұлттық арнасындағы «Түнгі студия» өзінің тұрақты көрермені бар ойын – сауық бағдарламасы болған еді. Көрерменің көңілін көтеруге арналған бағдарлама болғанымен қазақ тіліне қияна келтіретін қатесі жетерлік. 2018 жылға дейін Нұрлан Қоянбаев жүргізіп, қазір тізгінді Қайрат Әділгерей алды. Қоянбаевтың тіл тазалығы мәселесі туралы «Ана тілі» газетінің 2016 жылғы 4 –ақпандағы шығарылымында былай дейді: «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» авторлық бағдарламасында студия қонағы әнші Шахизадаға осы бағдарламаның авторы «Сіз әжека болдыңыз ғой», «…Боровоеға барады» (25.11.2015) деді. Н.Қоянбаев қазақ тілінде жүретін хабарда қазақ сөзін будандастырмай, қазақтың жер атауын орысшалап, тілді шұбарламай «…әже болдыңыз», «жап-жас әже атандыңыз», «…Бурабайға барады» деп сөйлесем, сөзін өзі секілді қойыртпақтап сөйлейтіндер түсінбей қалады дей ме екен? Әлде, өзінің қалай сөйлеп тұрғанына есеп бермей ме? Биылғы жылдың 12 қаңтар күнгі шығарылымында да ол студия қонағы «крутой Кентал» екеуі «крутой» сөзін бірнеше рет қайталады. «Крыша», «крутой», «предки», «прикол» сияқты қазақ жастарының тіліндегі көптеген сленг, жаргон сөздерден арыла алмай жүргенде, еліміздің жалғыз қазақтілді Ұлттық телеарнасынан Н.Қоянбаевтың «крутойды» насихаттап, оны көпшіліктің санасына сіңіруге атсалысып жатқанын қалай түсінеміз? Бізде түнгі студияның жүргізушісін заманауи, тапқыр, көңілді тележурналист санайтын жастар аз емес. Ересектер арасында оны арзан әзілге құмар, тілді шұбарлап сөйлейтін сайқымазақ жүргізуші деп, бағдарламасын қарауға құмар еместерді көбірек кездестіруге болады. Осылардың алғашқылары мұны сүйікті жүргізушіміз Қоянбаевтың өзі айтты деп оның «әжека», «крутой», «Боровое» сияқты сөздерін жаппай қолданып жатса кімге өкпелейміз? Тіл бұзарлыққа жол беру деген осы емес пе?».Жаңа жүргізуші Қайрат Әділгерей де қазақ тілін қатырып, өзгеріс алып келгені шамалы. Бұл кісі де Нұрлан Қоянбаев жіберген қателіктерді қайталайды. Мүмкін әзілкештер орысша сөз қоссақ бағдарлама әрленіп, көңілдірек болды деп ойлайтын шығар.
Журналистика саласында басты құрал ол – тіл. Тілді дұрыс меңгермерген журналист сапалы дүние шығарады деп айту қиын. Елімізде тілдік сапа жағынан ақсап тұрған бағдарламалар жетерлік. Қазіргі кезде журналистер қазақ тілінің бай қорын пайдаланудың орнына орыс, ағылшын тілдерінің енген сөздерді қолдануға құмар.
Тілді шала меңгерген тележурналистер ұлттық бағдарламалардың сиқын кетіріп, есті көрерменнің көңілін қалдырады. Ал жаман мен жақсыны айырмаған жастардың тілін шұбарландырып бұзады.
Рейтинг жинау мақсатында телеарнаның тізгінің әншілерге беріп, олар жіберетін олқылықтарға көз жұмады. Қазір тілге емес, түрге мән бәретін арналар көбейіп кетті. Әрине, телеарнада журналистің келбеті де маңызды, бірақ онымен қоса тілінің тазалығы мен сөз саптауы да келесіп тұрса телекөрерменге де жағымды емес пе?!
Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Телеарналарды білікті мамандардың қолынан шыққан жақсы бағдарламаларда жетерлік. Солардың бірі бірнеше жылдар бойы көрерменнің көзайымна айналған ұлттық арнадағы Бейсен Құранбектің «Қарекет» бағдарламасы, Дана Нұржігіттің «Дара жолы», «Астана» телеарнасындағы Әйгерім Сейфолла жүргізетін «Сырласу», Нартай Аралбайұлының «Мәселе» бағдарламасы да көптің көңілінен шығып жүрген бағдарламалардың бірі. Нартай Аралбайұлының сөйлем мүшелерін дұрыс қолданбауына телекөрермен үйреніп те кетті, оны Нартайдың өзінің стилі деп айтуға болады.
Мемлекеттің телеарнасы қай тілде сөйлесе, қай тілде хабар таратса, мемлекеттің бар болмыс сол тілде қалыптасады. Телеарналар ең алдымен ұлттық тілімізді, ұлттық дәстүрімізді, ұлттық болмысымызды бейнелейтін құрал болуы тиіс.
Тіліміздің сапасын бұзатын себептердің тағы біреуі ол орысшадан тікелей аудару. Қазіргі тележурналистердің ішінде қазақтың бай, көркем тілін білмей, орысша ойлайтындар бар. Олар сол орысша ойларын қазақшаға аударып сиқы жоқ сөйлемдер құрайды. Мысалға «Длина составляет … метров» деген сөйлемді «Ұзындығы … метрді құрайтын» деп аударады. Орыстың «составляет» «составил» сөздері орынсыз қолданылады.
«Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел»,- деген Абай аманаты қазіргі сөз тізгінін ұстаушы, әрбір журналист-қаламгердің қаперінде ұстанатын қағидасы болуы шарт. Өйткені дәуіріміздің «көзі», «құлағы» болып отырған бұқаралық ақпарат құралдары – тіл, сөйлеу мәдениетін қалыптастыратын негізгі қоғамдық сала екендігі басы ашық жайт [2].
Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнегесі, нағыз белгісі,-деп баһадүр Бауыржан Момышұлы артына ізгі сөз тастап кеткен болатын. Әрине, Тіріні көрге салар да – сөз, Өліні тірілте алар да – сөз. Сөз өнері – құдіретті өнер. Дана халқымыз осы тіл байлығы,сөйлеу шеберлігіне аса іждаһатпен қараған. Дұрыс сөйлеу,сөздерді орнымен қолдану, мәнді де мағыналы ой айту бір жағынан баға жетпес өнер болса, екіншіден тіліңе деген құрмет және жоғары мәдениеттіліктің белгісі. Сөйлеу мәдениеті бұл орфоэпиялық нормаға негізделеді. Орфоэпиялық норма – жоғарыда айтып өткендей, сөздерді дұрыс айту, лексикалық норма – сөздерді іріктеп, сұрыптап, талғаммен қолдану болса, грамматикалық норма сөйлеу мәдениетінде біршама тұрақталып, қалыптасқан норма саналады. Сөйлеу мәдениетінде ойдың дәлдігі, сөздің анықтығы, тазалығы, көңіл күйге әсер ететін шынайылығы (ол қарапайым сөзден немесе бейнелі образды сөздерден құралуына қарамастан), көркемдігі маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар, А.П.Чехов айтқандай «Әр сөздің айтылуына қарай мың мағынасы бар». Яғни, көкейдегі ойды дәл жекізу үшін сөздің нақты әрі дұрыс айтылуы,дауысталуы қажет дүние.
Журналистика саласында тіл қызметінің атқарар рольдің орасан зор екені сөзсіз. Адамзат сөз, тілді коммуникативті қызметі ретінде туғызып, о бастан пайдаланып келе жатқанмен,қазіргі, жаңа заманымыз тұсында бұның мән-ролін кемелдендіре, жетілдіре, ұштай беру талабымыз ерекше арта түсіп отыр. Бұлай болуы заңды да, себебі «Рухани мәдениеттің өсуі тілдегі өзгерістерден көрінумен бірге, сөзге, көркем сөздік творчество шығармаларына айырықша талап қояды» және «Бұл құрал неғұрлым өткір, неғұрлым тура бағытталған болса, соғұрлым жеңімпаз да». М.Горький. [3]
Сөз – тіл аталатын мәңгілік, аса құнды да қасиетті дүниені құрайтын бөлшек. Ал тіл – адам баласыныңи бір-бірімен «…қатынас жасау мұқтаждығы мен қажеттілігінен туған», сол себепті де «Қоғамнан тыс тіл, тілсіз қоғам жоқ». «Тіл лексикасында адам өмір сүріп, еңбек етіп, шаттанып-қуанып, қайғы-қасірет шегіп жүрген бар дүние-әлем сәулеленіп те, сипатталып та тұрады»
Тілдің осындай аса маңыздылығының бір сыры оның құдірет-күшінде. Халқымыздың «Өнер алды – қызыл тіл», «Піл көтермегенді тіл көтереді», «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді», «Бір жақсы сөз бітірер мың көңілдің жарасын» тәрізді мақалдары сол ғажайып қуат-қасиетке байланысты туған. Әрине, бұлардың ешқайсысына да асыра айтылған ғой, жәй сөз ғой деп ешкімнің талас тудырмасы белгілі, дегенмен соңғысына байланысты бір дерек келтіре кетейік.
«Өнер алды – қызыл тіл» деп қазақ халқы сөйлеу шеберлігіне, жалпы тіл мәдениетіне үлкен мән беріп бағалаған. Қай қоғамда, қай заманда болса да халықтың жігерін тасытып, жанын баурап, қуаттандырған да осы – тіл құдіреті. Тіл мәдениеті – сауатты да әсем, мәдениетті де сыпайы сөйлей білу, әсерлі де орынды етіп қолдана алу шеберлігі деп білеміз. Қазақ – озық ойлы, ақынжанды, шебер тілді, шешен халық. Тілдің тазалығы, құнарлығы таза сөйлеу, тіл дұрыстығы, тіл мәдениеті – келешектің қандай кезеңінде де басты талабы болып қала бермек.
Пайдаланылған әдебиет пен сілтеме тізімі:
- М. Барманқұлов. Телевизия: Бизнес әлде билік? Алматы 2007, 212 бет
- Қ.Тұрсын. Қазақ теледидары: тарих пен тағылым, 2008
- “Баспасөз және басқа бұқаралық хабарлама құралдары туралы” Заң. //Егемен Қазақстан, 1991. 21 тамыз.
- https://qazaqstan.tv/live
- https://astanatv.kz/kz/live
- https://www.ktk.kz/ru/live/
- https://1tv.kz/
Сахан Нағима
Тұран университеті,
Журналистика мамандығының 3 курс студенті
Ғылыми жетекші: Әлміш Ж.Т.
Керемет накты айтылған.Жарайсыз!
??? Тамаша
e