«Тіл білгірі»интеллектуалды сайысы

0
8132
ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі

Мақсаты: Оқушылар бойына ана тілге деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш қасиеттерін сіңіру, сөздік қор, сөз шеберлігін дамыту.

Жүргізуші:Қайырлы күн құрметті ұстаздар мен  оқушылар! Баршаңызды 22 қыркүйек – Тілдер мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, бүгінгі «Тіл білгірі» атты интеллектуальды сайысымызға қош келдіңіздер дейміз! Бүгінгі сайыс Оқушылар бойына ана тілге деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш қасиеттерін сіңіру, сөздік қор, сөз шеберлігін дамыту мақсатында өтеді. Сайысқа қатысушылармен таныс болыңыздар!

8 «а» сыныбы   «Алаш» тобы

8 «б» сыныбы  «Алғырлар» тобы

8 «в»  сыныбы «  Бірлік »  тобы

8 «г»   сыныбы « Білгіштер» тобы

Сайыскерлерімізге әділ баға беретін әділ қазылар алқасымен таныс болайық!

Бүгінгі сайыс 5 кезеңнен тұрады:

І. Таныстыру

ІІ. Жүйрік болсаң шауып көр

ІІІ. Мықты болсаң, тауып көр

ІҮ.Ойлы болсаң,озып көр

Ү. Тапқыр болсаң талас жоқ

Алғашқы кезең «Таныстыру» Сайыскерлер өздерін таныстырады. Таныстыру формасы ерікті, топтың аты мен ұраны айтылады. 5 ұпаймен бағаланады.

ІІ кезең «Жүйрік болсаң шауып көр» 

І топқа

  1. Тіл туралы Заң қашан қабылданды? (1997 жыл, 11 шілде) 
  2. Хабарлы сөйлем дегеніміз не?(бірдененің жайын хабарлау мақсатында айтылған сөйлем)
  3. Түбір дегеніміз не? (бөлшектеуге келмейтін сөз)
  4. Сын есімнің мағынасына қарай қандай түрлері бар? (сапалық, қатыстық)
  5. Сөзге жаңа мағына беретін қосымша қалай аталады? (жұрнақ)
    ІІ топқа
  6. «Сұлу» сөзінің синонимі – ажарлы, көрікті, келбетті, дидарлы
  7. Дөрекі сөздерді тіл білімінде қалай атайды? (дисфемизм)
  8. Күрделі сөздің қай түрі дефис арқылы жазылады? (қос сөз)
  9. Қосымша дегеніміз не? (түбірге жалғанған бөлігі)
  10. Өлең түрінде жазылатын шығарма қалай аталады? (поэзия)

ІІІ топқа

  1. Көп тілді білетін адам кім? (полиглот)
  2. Дауысты дыбыстар қалай бөлінеді? (жуан, жіңішке, ашық, қысаң, еріндік, езулік)
  3. Сөз таптарын атап бер (Зат есім, Сын есім, Сан есім, Есімдік, Етістік, Үстеу, Шылау, Одағай, Еліктеу сөздер.)
  4. Дыбысталуы мен жазылуы бірдей, мағыналары әр түрлі сөздер қалай аталады? (омоним)
  5. Грамматика қандай бөлімдерден тұрады? (синтаксис, морфология)

ІҮ топқа

  1. Әдебиет қай тілден енген сөз, қандай мағына береді? (араб тілі, асыл сөз)
  2. Қара сөзбен жазылатын шығарма қалай аталады? (проза)
  3. Күрделі сөздің қай түрі дефис арқылы жазылады? (қос сөз)
  4. Дыбысталуы мен жазылуы әр түрлі, бір ұғымды білдіретін сөздер қалай аталады? (синоним)
  5. Дауыссыз дыбыстар қалай бөлінеді? (қатаң, ұяң, үнді)

ІІІ кезең «Мықты болсаң, тауып көр»

І топқа

  1. Алыстан қарасам аппақ, Татып қарасам тәтті-ақ. (ҚАНТ)
  2. Анық сөзінің синонимі (НАҚ)
  3. Уәде сөзінің синонимі (АНТ)
  4. Ер қанаты (АТ)
  5. Түс атауы (АҚ)

ІІ топқа

  1. Көктемде ақ гүлге оранады, 
    Күзде қолға доп боп оралады. (АЛМА)
  2. Түс атауы (АЛА)
  3. 14 наурыз – Көрісу мерекесінің екінші атауы (АМАЛ)
  4. Түбір етістік (АЛ)

ІІІ топқа

  1. Алдында бір нәрсе әкеп берсе, тегі, Оңын сол, Солын оң ғып көрсетеді (АЙНА)
  2. Орақ болып туады, Табақ болып тұрады. (АЙ)
  3. (АНА)

ІҮ топқа

  1. Дауылға да теңселмейді, Иілместен өлсем дейді. (ЕМЕН)
  2. Сұрау есімдігі? (НЕ?)
  3. Ерлі-зайыптылардың аналары бір-біріне кім болады? (ЕНЕ)
  4. Белгі сөзінің синонимі (ЕН)

 

Табиғаттың тылсым сыры көп. Көшпенділер ұғымында күннің көзі 7 бөлікке бөлінеді. Аптада 7 күн. Бір ғажабы,бұл атаулар өзгермейтін өлшем бөлшектері. Қазақта 3,5,7 сандары киелі болып есептеледі. Білімдар кісіні «Жеті жұрттың тілін біледі» дейді. Әз Тәуке ханның «Жеті жарғысы» мен жеті қазына атауларындағы 7-лік санның тектен-тек тумағандығы айқын. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген даналық тұжырым ұрпақ көшінің үзілмеуін тілеген ізгі ниеттен шықты. 

 

ІҮ кезең. Олай болса, келесі кезеңіміз киелі сандар жұмбағы сайысы «Ойлы болсаң, озып көр»

Үш биді ата (Төле, Әйтеке, Қазыбек)
Үш тәтті: жан тәтті, жар тәтті, мал тәтті
Үш арсыз: күлкі, ұйқы, тамақ
Үш жұрт: өз жұртың – күншіл, қайын жұртың – міншіл, нағашы жұртың – сыншыл

Үш көз: Су анасы – бұлақ, жол анасы – тұяқ, сөз анасы – құлақ
Үш із: бала, байлық, бақыт – білім

Бес парыз: Таң намазы, бесін намазы, екінді намазы, ашам намазы, жашиық намазы
Бес қару: садақ, мылтық, найза, қылыш, айбалта
Бес қатер: от, жау, борыш, ауру, сөз

Бес жаратылыс: күн, ай, жұлдыз, күндіз, түн
Бес борыш: Аллаға, пайғамбарға байланысты борыш, адамның өзіне байланысты борыш, мемлекет пен халыққа борыш, үй-іші жақындарына борыш, адамгершілік әлеміне борыш
Бес өсиет: топасқа сенбе, жауға иілме, әрқашан сақ жүр, аш үйге қонба, жарлыдан сый алма

Жеті ата: әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат
Жеті қазына: ер жігіт, сұлу әйел, берен мылтық, , ақыл, білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, жүйрік тазы
Жеті жұт: құрғақшылық, мал қырылу, өрт, оба, соғыс, топан су, зілзала
Жеті ғашық:
1. Ләйлі – Мәжнүн. 2. Фархад – Шырын. 3. Таһир – Зухра. 4. Арзу – Камбар. 5. Уәлик – Ғарра. 6. Уәки – Күлшаһ. 7. Жүсіп – Зылиқа. 

Жеті жоқ: Аллада бауыр жоқ, таста тамыр жоқ, аспанда тіреу жоқ, жерде өлшеуіш жоқ, тасбақада талақ жоқ, аққуда сүт жоқ, жылқыда өт жоқ
Жеті жетім: Тыңдамаған сөз жетім,
Киюсіз тозған бөз жетім, 
Иесіз қалған жер жетім, 
Басшысы жоқ ел жетім, 
Аққу-қазсыз көл жетім, 
Жерінен айырылған ер жетім, 
Замандасы қалмаса –
Бәрінен де сол жетім. 
Жеті нәрсені жүйкені тоздырады:
1. Ең жеген нан. 2. Зімәдан болған жан. 3. Боямалы тән. 4. Нашадан бұзылған қан. 5. Темекінің түтіні. 6. Арақтың жұтымы. 7. Ақшалы ойынның ұтымы. 

Ү кезең «Тапқыр болсаң, талас жоқ»

І топ

Төле би жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп батасын алады. Төле бала әуелі әкесіне барыпты. Жасы жүзге тақап отырған әкесі ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ» дегенді сұрайды. Сонда. әкесі әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады:

— Балам, мынаны сындырып көрші. 
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды. 
— Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт етіп оп-оңай сындыра береді. Әлібек би: 
— Бұдан не түсіндің, балам? — дейді. 
Сонда. Төле бала:
— Түсіндім, әке бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.
— Бәрекелде, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың дегенде, ынтымаққа барамын» дегенінің мәнісі осы, — депті.

 

ІІ топ

ЖЕРДЕН АУЫР НЕ?                                                                  

Балаби қартайған шағында халқын жиып:                       

Жерден ауыр не?                       

Судан терең не?                       

Оттан ыстық не?                       

Көктен биік не? — деп, төрт сұрақ берген екен. Ешкім шеше алмапты. Сонда Балаби өзі айтқан сұрақтарын өзі былай деп шешкен екен:                        

Жерден ауыр дегенім — ақыл, білім.                        

Судан терең дегенім — оқу, ғылым.                        

 Оттан ыстық дегенім — фани жалған, адамның өмірі.                        

Көктен биік дегенім — тәкәппардың көңілі.

ІІІ топ

 Қазыбек би Тәуке ханның белгілі би-батырлары бастаған елшілігіне ілесіп алғаш рет қалмақ қоңтайшысы Цэван Рабданға барғанында 14 жаста екен. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында қазақ билері жасқаншақтық танытып, күмілжіңкіреп қалған сәтте жасөспірім Қазыбек: “Дат, тақсыр!” деп жұлқынып алға шығады да:

“Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз. Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге — танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!” – депті.

Жас баланың бұл сөздерінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарған қалмақ ханы әділдікке жығылып, өжеттігі мен шешендігіне риза болып: “Дауысың қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек болсын”, – деген екен. Соның арқасында елшілік жау қолындағы 90 тұтқынды шабылған мал, тоналған мүлігімен шашау шығармай қайтарып алып, елге олжалы оралған екен. Қазыбек бұдан кейін де жоңғарларға екі рет елшілікке барып, ел намысына дақ түсірмей, көздеген мақсатын орындап қайтқан.

 

ІҮ топ

Қазыбек беріде елге белгілі болған кезде екі әйел бал ата дауласып, алдына келіп жүгінеді. Әйелдердің біреуі: — Мынау баламды есін білмейтін жас күнінде жоғалтым. Соны мына әйел тауып алды ма, өлде үрлап алды ма, оны білмеймін, өйтеуір асырап алыпты. Бүгін танып, сұрасам «өз балам» деп бермейді.

Екінші әйел тұрып:

— Бала өзімдікі, өзім талтым, мынау босқа жармасып тұр. — Қазыбек екі әйелдің сөздерін тыңдап болып, біраз ойланып отырып қалады. Содан кейін: — Бірің балаңды жоғалтқаныңды, енді бірің тапқаныңды растап шығарлык мұнда басқа куә жок. Сондықтан мұнда мынадай билік еткім келеді, — дейді де, баланың екі қолынан екі әйелге ұстатып қойып, қара балтаны жоғары көтеріп: «екеуіңе қақ бөліп беремін, осыған ризасыңдар ма?» — дейді. Сонда балаға ие болып жүрген әйел:

— Біреуге тірі кеткенше, жартысы болса да өзімде қалсын, бөлсең бөл! — деп безеріп тұрып алады. Ал, баланы таныған әйел:

— Ойбай, биеке-ай! Қайда жүрсе де, тірі болсын, шаба көрмеңіз! — деп безек қағады. Содан барып Қазыбек:

— Бала мына жоғалтқан әйелдікі, өйткені ол баланың тірілігін тілеп түр, баласын өзіне бер, — деп билік айтады

Жүргізуші: Екі ішектің бірін қатты, Бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ –домбыра демекші 5 «е» сыныбы оқушысы Ахботин Ғабитты термемен ортаға шақырамыз.

Сөз кезегі әділқазы алқасына беріледі.

 

Өткізген: Дәрменова Ш.Н.

Ақтау қаласы №11 «Мамандандырылған физика-математикалық мектебі 

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ