Үйдің кенжесі неге ақылды болады?

0
1609

Адамның адам болуына әсер ететін дүние көп. Тектен берілетіні бір бөлек, баланың мінезін қалыптастыратын нәрсе жетіп-артылады. Тіпті, отбасыда нешінші болып туғаны да өзіндік қолтаңбасын қалдырады екен. Ата-ана мұндайды майда-шүйде деп, елеп-ескере бермейтіні де рас. 

Бірінші бала. Тұла бойы тұңғыш бала ата-ананың жүрегі мен өмірінде ерекше орын алады. Ол қамқорлық пен мейірімге қанып өседі. Түрлі зерттеу қорытындылары бірінші баланың кез келген қарым-қатынас кезінде өзін ұстамды ұстап, сенімді болатынын көрсетіп келеді. Олар әдетте бұлжымастық пен шынайы берілуді талап ететін мамандықтарды таңдайды. Олардың арасында дәрігерлер көптеп кездеседі. Әке-шеше үлкен баласына кішілерге қарай тұр дегенді жиі айтады. Осындай жауапкершілік олардың сенімді болып өсуіне ықпал етеді екен. Егер үлкен баланы сен үйдің үлкенісің деп әспеттеп отырса, олардың бойында жауапкершілік тез қалыптасады. 

Екінші бала. Ол үйдегі көмектің бәрін ағасы не әпкесінен алады. Сондықтан ылғи еркіндікке шыққысы келіп тұрады. Осыдан да ата-анасына тәуелсіз болып өседі. Көбіне үлкеніне қарағанда әлдеқайда еркелеу болып келеді. Қандай дау шықса да үлкеніне қарағанда кіші бала ересектердің қолдауына көбірек ие болады. 

Үлкен мен екінші баланың арасында ылғи өзара тартыс болып тұрады. Баланың кішкентай күнінде үлкені көбірек еркелейді. Ата-аналардың көбі екі балаға да бірдей болғымыз келеді десе де, іс жүзінде бұл мүлде мүмкін еместігі дәлелденген. Егер отбасыда тек екі бала болса, онда оның үлкені ақылды, әрі дінге жақын болып өседі. Ал, кіші бала әлдеқайда еркін, өзіне сенімді, өзгерістен еш қорықпайтын рухани мықты болып өседі. 

Кей отбасыда үш бала кездеседі. Ондай кезде ортаншы бала үлкенінің киімін киюге мәжбүрлігіне реніш білдіреді. Дегенмен, үлкендері мен кішілеріне қарағанда ортаншылар салмақты болады. Ұрыс-керісті сабырмен қабылдайды. Көңіл-күйлері де бірқалыпты деңгейден ауытқи бермейді. Барды бар, жоқты жоқ деп түсінеді. 

Үйдің үлкені болған балалар көшбасшы, белсенді болуға, әлеуметтік қызметкер, басқаруға бейілді келеді. Олардың қатарында Джордж Буш, Уинстон Черчиль сияқты саясаткерлер бар. Екінші баладан тәуелсіз мамандар, кәсіпкерлер, шығармашылық тұлғалар жиі шығады. Егер отбасыда үшеу не одан да көп бала болса, ортаншы балаларға еркіндік көбірек беріледі. Өз үйінде ортаншы болғандар Дональд Трамп, Джулия Робертс, Мадонна және т.б. Ортаншылар ата-анасының махаббатына көп зәрулік көреді екен. 

Үйдің кенжелерінен талантты адамдар өсіп шығады. Компьютердің құлағында ойнайтын бесаспап мамандар, заңгерлер, кеңесшілер, психологтар, ғалымдар. Үйінің кенжесі болғандар қатарында Билл Гейтс, Ганди, Камерон Диаз және т.б. бар. 

Баланың мінезін зерттеген ғалымдар, нешінші болып туғанымен қатар балалар арасындағы жас алшақтықтың да өзіндік қалдырар сипаты болатынын байқаған. Ғалымдардың айтуынша, көп балалы отбасыда балалардың аралығы үш жастан болғаны дұрыс екен. Сонда балалар өзара аз ұрсысады. Есейгенде де достықтарын нығайтуға барын салады екен. Егер жас аралығы тым жиі болса, бәсекелестік артады. Тым алшақ болса, бір-бірін түсіну қиындайды. Негізінен үлкені кішісін еш мойындамай өтеді.

Ғалымдар бұл қорытындылардың бәрі зерттеу нәтижесі екенін есте сақтау керектігін ескертеді. Көпшілік жалпы заңдылыққа бағынғанмен, қағидаға бағынбайтын тағдырлар болатынын ұмытпайық. 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ