Үкаша Ата құдығының сыры неде?

0
4994

Үкаша Ата құдығының құпиясы

«Болашағы зор ел – тарихын тасқа жазады» деген қазақтың қанатты сөзі бар. Бүгінде өзі кетсе де көненің көзіндей ол адам жайлы сипат беріп тұратын кесенелер мен ескерткіштер жетерлік. Соның бірі «аңыздың түбі ақиқаттығын» айта келе ауызға алатын Түркістаннан 60 шақырым алыста жатқан Үкаша Ата мазары. Шыны керек, мұнда осы бір киелі орынға құран бағыштап, Аллаға алақан жайып арызын айтудан гөрі «Құдықтан маған қанша су шығар екен?» деген қызығушылығы жетелеп баратындар басым. Күн өткен сайын күдік пен күмән көбейсе де, алыс-жақыннан ағылып адамдар келіп жататын осынау қорым туралы дәйектерге көз жүгіртсек…

Шаруаларға берілген орыннан бой көтерген

Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясында сәулет өнер ескерткіші саналатын Үкаша Ата қабірі Қаратаудың күнгейінде орналасқан. Шамамен VI-VII ғасырларда өмір сүрген Мұхаммед Пайғамбардың замандасы болған әулиенің мазарына барғандар одан бір шақырым жерде орналасқан құдықтан өзіне қанша су шығатынын білуге асық. 1986 жылы облыстық мәдениет басқармасының арнайы шешіміне сәйкес археологиялық жұмыстар жүргізілген қорымнан кісі мүрдесі табылмаған. Сондықтан ауыл қарамағына шаруашылыққа берілген жерді 1990-шы жылдары ауыл ақсақалдары бастама көтеріп, тәубе ететін киелі орынға айналдырады.

Меккедегі Зәмзәмға апаратын бұлақ

Аңызға сенсек, Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбардың күзетшісі болған сахаба жайлы сан түрлі дерек бар. Бір күні Алланың елшісі алпыс бірге толып, оған Жебрейіл періште: «Сен Пайғамбар ретіндегі міндетіңді орындадың, енді өзіңнің туыстарыңның арасында қарапайым адам секілді өмір сүресің», – депті. Сонда Мұхаммед Пайғамбар: «О, Аллам, мен қарапайым адам секілді өмір сүре алмаймын, өзіңнің қасыңа ала гөр»,- деп жалбарыныпты деседі. Оның осы тілегін Алла қабыл етіп, бұл өмірден өтерінде Пайғамбар алыс-жақындарын жиып: «Менің ешкімде қарызым қалмады ма?» — деп сұрайды. Сонда Үкаша Ата бұрын өзінің арқасын осқанын, бірақ әлі өзінің есесін қайтармағанын айтады. Киімін көтеріп, арқасын тосқан Пайғамбардың жауырынан тараған үш сәулені көрген Үкаша Ата оны өзіне алып, атса оқ, шапса қылыш өтпейтін қасиетке ие болғанға ұқсайды. Сондықтан оған шалғай елдерге ислам дінін насихаттау аманатталса керек. VII-VIII ғасырларда арабтар исламды қазақ жеріне күшпен тарата бастағанда осында келген Үкашаны діннен хабары жоқ ел-жұрт жау көреді. Ешқашан намаздарын қаза етпеген, дұға кезінде айналасын түгел дерлік ұмытатын оның осал тұсын білген дұшпандары басын қылышпен шауып өлтіреді. Алайда кесілген бас қолға тимей домалап барып сол мезетте көктен жасын түсіп пайда болған құдыққа түсіп ғайып болыпты. Зерттеушілердің мәліметінше, аталмыш құдық Меккедегі зәмзәм бұлағымен жалғасады-мыс. Себебі кейіннен Үкашаның басы сол бұлақтан табылып, Пайғамбардың қабірінің аяқ жағына жерленген. Бұл оның: «Иә, Алла, менің басым Пайғамбарымның аяғында жатса екен!» деген тілегінің орындалғаны болса керек.

Ниетің таза болмаса, құдық пен шелекке өкпелеме!

Тереңдігі 35 метрдей құдықтың ерекше шипасы бар деседі жұрт. Сондықтан мұнда келім-кетім елдің қарасы қалың. Құдық суының ішкенді ауруынан айықтыратын, дертін ұмыттыратын шарапаты бар көрінеді. Сондай-ақ құдыққа түскен шелек әулиеге күмәнмен қарағанға, теріс пиғылдыға бір тамшы су бермейді деседі. Ал ниеті таза адамдарға құдықтан шелек толы су шығады екен.

Осыдан біраз жылдар бұрын бір тамшы су шықпай қалған, оған қоса 70-80 шелек үзіліп ішінде қап қойған құдыққа түскендер оның спираль тәрізді екенін көріпті. Сондай-ақ 15 метрдей төмен түскенде биіктігі 12, диаметрі 15 метрдей кең үңгірге тап болады. Мұнда одан басқа тағы 2 үңгір бар екен. Сипаты қазақтың киіз үйіне өте ұқсас үңгірдің құп-құрғақ екенін көрген олар шетіндегі ағып жатқан бұлақтың бетіндегі шелектерді алып шыққан. Сосын көзбен көргендер судың құбылаға қарай ағатынын, құдықтың бір жақ қабырғасында 10 метрге дейін аппақ гүлдер қаулап өскенін айтыпты.

Ал айналасындағы ауыл адамдарының айтуынша, судың шықпауы шелекті құдыққа дұрыс салмаудан да болуы мүмкін. Жоғарыда айтқанымыздай, шелекпен су шықпауының бір себебі тас пен бұлақтың екі арасындағы тереңдігі 60-70 метрдей қазандыққа түсуі болуы да бек мүмкін. Алайда құдық басындағылар қаңғаның қазандыққа түсуі тегіннен-тегін еместігін алға тартады. Кімдікі ақ, кімдікі қара, Аллаға аян. Әйтсе де бұрынғыдай мұнда әулиеге сыйынып емес, әулиелі жерге келіп Аллаға алақан жайып, дұға ететіні айдан анық қой.

Құдыққа түскен балалардың аманы жоқ…

Жоғарыда құдық түбіне түсіп-шыққан адам болса, неге оны көзімізбен көрмеске? Мұндай ой кез-келген адамға келері анық. Он рет естігеннен бір рет көрмек артығы тағы бар. Бірақ бұрындары бұл құдыққа жолаушылар тиын тастайтын болған болса, мұны білетін айналадағы ауыл-аймақтың балалары бірнеше рет қызық қуып құдыққа түсіпті. Алайда олардың ол жерден аман шыққаны жоқ көрінеді.

Ғакаша қалай Үкаша ата атанды?

Үкаша ата жайында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында өмір сүрген Шәді төре Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Шайқысламұлы біраз деректер қалдырыпты. Оған қоса Шоқан Уәлиханов пен Потаниннің жазбаларында да ол туралы айтылса керек. Өз шығармаларында Ғакаша деп атаған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Ғакаша бар 90 адамнан тұратын атты әскер Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жасағына келіп қосылғанын айтса, Шәді төре бір әңгімесінде: «Сол уақытта Ғакаша атты бір сахаба, әдеппен бір сөз айтты қол қусырып», — дейді. Үш автордың жазбаларынан өзара үндестік табу қиын емес. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қайтыс боларындағы соңғы өсиетіне байланысты жазылған шығармалардың бір адамды меңзеп отырғаны да айдан анық. Кеңес үкіметі орнап, қазақ әліпбиі кириллицаға көшкенге дейін Ғакаша аталған тұлға бертінде Үкаша Ата аталыпты. Оның жоғарыда айтылған құдық туралы аңыздары да осы жазбаларда баяндалады.

Өз әйелінің сатқындығынан өлген

Бүгінде жаңалықтың түр-түрін естуге етіміз үйренгені соншама, күйеуін ұрып өлтіргені былай тұрсын, пышақтаған, балталаған әйелдер туралы естігенде де «күйеуінен де бар шығар» деп жайбарақат отыра береміз. Бұл қазіргі қоғамның бір көрінісі. Бала күнімізде ауылда бір шал көз жұмса ауыр күрсінетін бізді қатыгез қылған қоғам ба, уақыт па, жоқ адамдардың өзі ме, кім білген?.. Тарихтағы жауыз әйелдердің тізімін түгендесек алғашқылардың бірі болып аузымызға американдық Белл Ганнес түсері сөзсіз. Өзінің екі күйеуі мен туған қыздарын өлтірген жауыз әйел АҚШ тарихында ғана емес, әлем тарихындағы қанышер әйелдердің қатарында. Ал күні кешегі Отырардың қақпасын ашып берген Қарашоқыға қапалы қазақ осыдан 14-15 ғасыр бұрын күйеуінің ең осал тұсын жауға жария еткен әйелдің кім екенін біле ме? Бір деректерде Үкаша Атаны дін туралы жете түсінбеген ел жау санап, қыздарын әдейі тыңшы етіп әйелдікке берген деген дерек бар. Әйтеуір осылай оның әйелі намазды беріле оқитынын айтып, осал тұсын жеткізсе керек. Мұны білген дұшпандары оқ өтпейтін қасиеті бар оның басын шауып өлтіреді.

27 метр қабірде жатқан ол алып болмаған

Үкаша Атаның денесін Ер-Қоян батырдың өзі бастаған жамағат көміп, оған мазар орнатыпты. Ұзындығы жиырма жеті метр молаға көмілген Үкаша Ата алып адам болмаған. Тек оның достары домалаған бастан аққан қан тиген жерлерге дейін оның әр бөлшегін жауып тұрсын деген ниетпен кесенені үлкен етіп салдырыпты.

«Қауіп еткеннен айтамын…»

Осыдан екі жыл бұрын жергілікті сайттардың бірінде «қауіп еткеннен айтамын» атты айдармен «Зиярат жасауға барып, жағамызды ұстап қайттық» деген арыз түріндегі мақала жарық көрген еді. Үкаша Ата мазарына зиярат етуге барған үш құрбы үлкен сауапқа кенелеміз деп қонбаққа бекініп, құдық басына тастаған бес жүз мың жобасындағы «тиын-тебенді» буып-түйіп үйге әкеткенімен қоймай, түн ауа екі-үш жігіттің жиналып наша шегіп, өздерінен-өздері айқайлап зікір салғанына куә болғанын баяндаған. Осылай ат арылтып Қарағандыдан келгендер базынасын айтып жоғарыға жанайқайын жеткізген-тін. Алайда Жамбыл облысының атынан жазылған хаттың арты немен біткені белгісіз…

Бір адам аман-есен түсіп-шыққан құдықтан басқалар неге жапа шегеді? Ұлан-ғайыр қазақтың жерінде расымен де сонау Меккедегі зәмзәм суына апарар бұлақтың бар болғаны ма? Бір қауғадағы сумен ниет-пейілді пайымдауға болатын «құпиялы» құдықтың қадір-қасиетіне иланғанның бағы жанып, айығып кетуі әсте мүмкін бе? Жер бетінде қаншама адам болса, сонша пікір, сонша ой болатыны сынды қазіргі таңда бұл зират пен құдыққа деген сенім мен күмән соншалықты қабат. Әйткенмен көп естігеннен көзбен көргенге не жетсін десеңізші…

Дереккөз:  www.korr.kz


ПІКІР ҚАЛДЫРУ