Ұлы Жеңіске 70 жыл. ӘКЕ ӘНI

0
1857
                                Ұлы Отан соғысындағы  жеңіске 70 жыл
                                                              ӘКЕ ӘНI
                                                         (адами эссе)  
 
         Халықта қыз бала көбiне анаға  қарағанда әкеге жақын дейдi… Небiр ой қорытындысы текке айтылмайды ғой, бұл пiкiр де көп жылғы тәжiрибе, ақиқаттың нәтижесi шығар… Мен де әкеме жақын өстiм. Ол — әдетте көп сөйлемейтiн, томаға тұйық адам. Ал, кейде бiр көтерiңкi көңiлде отырған сәтте әңгiмеге тарта қалсаң, шешiлiп қоя бередi. Өзi қуақы тiлдi, тiптi, әңгiменiң бояуын түрлендiрiп, соншалықты сезiммен, жүйелi баяндап есiңде мәңгiге қалдырады. Кей-кейде шүберектен тiгiлген боқшаны иығына асынып, сонау Терiс– айрық өзенiнен өтiп, жаяулатып көршi ауылдағы мұсылман мектебiнен оқығанын айтып өтедi. Көбiнесе Ресей жерiне күн туған сәтке әлсiн-әлсiн орала бередi.
          — … Соғыс басталған сол бiр күндер әлi есiмде. Ол кезде мен 18-ге жаңа толған жiгiт едiм. Шағын ғана ауылдың азаматтарына бiр-ақ күнде шақыру қағазы келдi. Бәрiмiз майданға бiрге аттандық. Алғашқы кездерi адам ату  түгiлi қолына мылтық ұстап та көрмеген өзiмiз сияқтыларға қосылып, бiраз оқу-жаттығуда болып, 1941 жылдың аяғына таман соғысқа кiрiсiп те кеттiк. Бүкiл соғыстың жолын жүрiп өттiк қой…
… Сәл бiр жазушылық қабiлет болған да әлденеше  роман болатын жайлар көз алдымда. Кейiнгi жас жазушылар соғыс тақырыбына жазған уақытта, шiркiн-ай, ешқандай сезiнбей жазып отыр-ау деп ойлаймын. Шын сезiнбеген, түйсiнбеген адамнан шығар ойда табиғилықтан аулақ кетедi ғой.
         Иә, бiрдi айтып бiрге кетпейiн. Сталинград түбiндегi бiр қанды шайқаста сол жақ сан еттен тиген оқ оң жақ жанбастан шығып, қатты жараланыппын. Есiмдi жинаған сәтте байқағаным үсiнуге жақын қалғандаймын. Көп қан кеткен сияқты. Көз қарауытып, дене қозғалтар емес. Айдала. Жатқан жерiмнiң қары ерiп, қанға араласып ендi қата бастағандай екен. Қозғала алмай, әрi айналаны бажайлап бiраз жаттым. Шабуылға таң ата шыққанымыз есiме түстi. Күн бесiн уақыты сияқты. Екi аяқ мүлде жоқ тәрiздi. Қозғалып көрейiн десем, адам төзбес аурудан көздерiмнiң алды қарауытып, қайтадан есеңгiреп қалдым. Дегенмен, текке өлмеуiм керек, күресуiм керек. Жанға батқан аурудан қорқып қозғалмасам, ай-далада қалғаным ба деген ой да шарпып өттi. Көздi қарауыттырып, миды солқ еткiзетiн аурудан ышқынып, бiр жанбасқа аударылып, сосын еңбектеп жылжитын қалыпқа түстiм. Қол, иық, арқа, мойын, дегендерiңнiң бiрi де қозғауға келер емес, сiресiп қалған. Бар күштi жинап алға ұмсындым. Бiр-екi қарыс жер қозғалған сияқтымын. Тағы, тағы қозғалдым… Денеме қан жүре бастаған сияқты. Осылайша қанша жылжығаным есiмде жоқ, тағы да ессiз жатқан жерiмнен медсанбаттың адамдары тауып алып, жедел көмек көрсетiптi. Бұдан кейiн бiрнеше рет жараландым. Мынандай майда-шүйде жараларды есепке алмағанда, — дейдi басын оқ жұлып кеткен саусақты көрсетiп қойып. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледi»  деген осы шығар, — дейдi де осындай жайттардың куәлары мыналар дегендей ордень, медальдарының куәлiктерiн алдыңа жайып салады. III дәрежелi Даңқ орденi, Қызыл Жұлдыз орденi, «Сталинградты қорғағаны үшiн», «Ленинградты қорғағаны үшiн», «Ерлiгi үшiн», «Германияны жеңгенi үшiн» медальдары және тағы да басқа марапаттаулары көзiңiзге түседi.
           — Берлинге ту тiккен күн бүгiнгiдей-ақ көз алдымда. Соғыс бiттi, бiз жеңдiк дегендi бiр-бiрiмiзге айтып, кез-келгендi сүйiп, құшақтап жүрмiз. Қуаныштан жылаған дегендi сонда өз басымнан кештiм. Бұл күнге жетпегендер қаншама десеңшi! Бiздер солар үшiн жыладық.
         Майдандағы ерлiктер куәгерлерiнен соң, келесi бiр папкаға көзiңiз түседi. Бұл – соғыстан кейiн бейбiт еңбекке араласқан жылдар шежiресi…
         «Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай аудандық суландыру жүйесi басқармасының инженер – гидротехнигi Жабықбаев Қабылғазы еселi еңбегi, адал қызметi үшiн… наградталады” деп басталатын жолдар көзге оттай басылады. Сан-алуан грамоталар, құттықтаулар, бiрнеше дүркiн бесжылдықтар қорытындысы бойынша алған марапаттаулар.
         Әке өткен өмiр жолының осы бiр парақтарын ақтара отырып, ойға қаламын. Әкемнiң еңбек өтілі ұлы Жеңiспен жасты екен-ау! Соғыстан Жеңiспен оралған ол бiрден еңбекке араласты. Өйткенi, ол жылдар ауыртпалығы демалып отырғанды көтермейтiн халде болғаны баршаға белгiлi. Шаруашылық басқарды, партия жұмыстарында болды. Әйтеуiр, қай жерде жүрсе де еңбегiн аянбады.
          Ардагер әке жолы көпке үлгi. Қазiргi кезде Украинада еңбек ететiн үлкен ұлы Какен, милиция қызметкері Төкен,  дәрiгер-педиатр Гүлмира, әке жолымен гидротехник мамандығын қалаған Мұрат, құрылыс маманы Тұрсын сияқты балалары әке үшiн әрдайым мақтаныш.  Кей-кейде әке әңгiмесiн тыңдай отырып, ойлаймын ”бұл кiсi сияқты Отан үшiн от кешкен, талай азап тозағын басынан өткергендер саны аз-ақ қалған шығар-ау” деп. Қандай ер адамдар! Нағыз батырлар осылар-ау! Бұларға қанша құрмет, қанша iлтипат көрсетсең де аздық етер… Үкiмет, қамқорлығы өз алдына ғой, әрине. Менiң сөз етпегiм, адамдар құрметi. Кейдекезекке тұрғандар алдына келiп «Отан соғысына қатысқан» деген кiтапшасын көрсетiп, әлгi бiр затты алғысы келген адамды кейбiреулер тiлдеп, сол бiр жанның жанын ауыртып жатады. «Осылар-ақ кимелеп жүредi екен, өздерiңе арналған дүкенге неге бармайсың?» — деген сөздiң өзi сол адамға соғыс азабынан да ауыр тиедi-ау!
     Бұл бiр ғана мысал. Былай қарасаң, уақ-түйек секiлдi болғанымен, мұның түп астарында үлкен мән де бар. Отан үшiн от кешкен, басқыншылардан елiн қорғаған адамдарға деген iлтипаттың кей-кейде ұмыт болатыны кешiрiлмес жай. ”Бiз үшiн Отан деген тек Қазақстан болмады. Бүкiл Совет елiн Отан деп ұқтық. Сол үшiн кеуденi оққа тостық,” — дейдi ол. Бұл әсiресе, соңғы буын жастарға ескертер мәселе. Бiздер, кейiнгi ұрпақ өкiлдерi, ол адамдарға өмiрбақи қарыздармыз. Бiз сол қарыздарымызды өз адамгершiлiгiмiзбен өтеуге тиiспiз.
     Әр жылғы 9 мамыр күнi бiздiң үйде кiшiгiрiм той болатын едi. Жан-жақтағы балаларынан жеделхаттар келiп жататын. Аудандық салтанаттың, әкiмшiлiк жиналысының төрiнде кеудесiне ордень, медальдарын тағып шығып, шалқып бiр отырады. Осы сәтте мектепке де шақырып жатады, естелiк айтып берсе екен дейдi. Әке көңiлi көл-көсiр.  Мiне, осындай бiр күнi ол кiсiнiң ыңылдап ән салғанын естисiң.
Әридай-ай, құрбым-ай, әрид-ай…
     Маған сол бiр ыңылдап салған қазақ әнi әуенiнен ыстық ән жоқ сияқты бұл тіршілікте. Алысқа ұзап кетсем де, әр күн сайын құлағымда сол әуен тұрады. Кеудемдi, санамды сағыныш билейдi. Осы бiр өмiр  мен өлiм өткелiнен бiрдей өтiп,  қарапайым батырға деген сағыныш лебi есе түскендей болады…
          Ол кiсiнiң қызметi су маманы болғандықтан, қарамағындағы екi-үш ауылдың егiн-жайын суландыру мәселесiмен айналысатын. Сондықтан да науқан уақытында жарғақ құлағы жастыққа тимей, атқа мiнiп егiн аралайтын.
Жақсы өнiмдi көрiп қуанатын, көңiл толмастай жай болса күйiнетін. Туған дала табиғатымен бiрге қуанып, бiрге мұңайып жасасып келе жатқанына жарты ғасырдан артық уақыт өтсе де жарғақ құлағы жастыққа тимейтін. Дәл осылай Жер-ананы сүю, қадірлеу, сол ананың перзенті болғанына қуану екінің бірінің қолынан да келмесі анық.. Кейін құрметтi демалысқа шықса да,  маусымдық жұмыстарға араласқан еді… Ажал деген алпауыттың құрығы жетпейтін жер бар ма екен, шіркін!..
            Бозғылт сағым көлбеп жатқан сар даланы кезiп келе жатып та әлгiбiр әуендi ыңылдаған шығар… Желмен шайқалып тұрған бағана сымдары сол әуенмен тербелгендей болушы еді…
         Алатаудан соққан самал сонау шығыстың желiнен сол әуендi iлiп ап, маған жеткiзiп тұрғандай көрінуші еді…
 
Клара Қабылғазина, Ph.D. ассоцир профессор,әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ