«Өз қызымды қалай біреуге жаман дейін». Қараусыз қалған қариялардың әңгімесі

0
1283
Freepik.com

Өткеннің айнасы, болашақтың бағдары бола білген қарияларымызға  деген сый-құрмет қаншалықты деңгейде?  Оларға деген махаббат пен сыйластықтың өлшемі қандай? Қазіргі бейбіт өмірді, тыныштықты, нұрға толы күнді бізге тарту еткен қазыналы  қарттарымыз  емес пе?

Біз  үлкенді сыйлап, сол кісілерден тəлім-тəрбие көріп, ақ батасын алып өсетін халықпыз. Кейінгі жылдары қарттарымызды лайықты деңгейде бағала алмай жүргендейміз… Жастардың үлкенге сөз қайтаруы, қарттар үйінің көбеюі, үйінде қалған затын базарда сататын әжелеріміз,  көшенің  əр бұрышында қол жайған қарияларымыздың сұм көрінісі бұған дəлел.

Қалаға келгелі қоғамдық көліктерде қарт кісілерге орын бермей, олармен сөз таластырып тұратын жас буынды көріп жүрміз. Оның қазақ баласы екенін көргенде ішің ашып, жүрегіңнің ауыратыны жасырын емес. Өзгені қойшы, өз ата-әжесінің мінезіне шыдай алмай, оларды қарттар үйіне өткізіп жатқан бала мен келін көп.

Текелі қалалық арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығының тұрғыны Қуаныш Әлкенов қарияларға арналған орталыққа өз еркімен келгенін айтты.

"Ешқандай  ұрыс болған жоқ. Жай үйден кетіп қалдым, болды.
 Балаларым анда-санда келіп тұрады", - дейді қария. 

Атаның айтуынша, ол кейде немерелерін сағынады. Жылына 1-2 рет көруге мүмкіндігі бар.

"Балаларым алып кетеміз деп мүлдем айтпайды. Себебі 
олардың жұмысы бар", -  дейді Қуаныш ата. 

Күн сайын көк базардың қасында қайыр сұрап отыратын әжені жиі көремін. Жақынырақ тілдесіп, сөйлесіп көрдім. Есімі — Айжамал. Оның  айтуынша, бұл жерде қайыр сұрап жүргеніне көп уақыт болған. Күннің ыстығы мен суығына қарамастан осында тұрады.

"Күн суытып қатты жаурап жатсам, кейде асханаларға, кейде вокзалға, 
үлкенірек дүкендерге кіріп жылынып аламын. Бірақ олар бізді 
кіргізіп қояр деймісің, біраз тұрған соң, біреуі келіп қуып 
шығады",- дейді әже. 

Айжамал әженің айтуынша, күйеуі екі жыл бұрын қайтыс болған. Баспанасын қызының атына ауыстырып берген. Қазір сол үйде қызы өзінің отбасымен тұрады.

"Баласы да бар шығар, білмеймін. Өз қызымды қалай біреуге жаман
 дейін. Оның өміріне қазір менің керегім шамалы..," - Айжамал әже. 

Осылай қысқа ғана сөзін қайырды да, ары қарай тіл қатқысы келмеді. Әрине, өмір болған соң, қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Десек те, қариясын далада қаңғыртып, қайыр сұратқан жұрттың ертеңгі күні қандай болмақ?

Қарияларымыз: «Олардың жұмысы бар ғой», — деген сөзді желеу етіп алғандай. Балалары отбасын асырау үшін күн жүріп, түн қатып қызмет етеді. Ал ата-аналарына уақыт таппайтыны көңілге қаяу түсіреді.

Бала кезінен бар еркелігін, бұзықтығын көре тұра, балаларының бетінен  қақпай өсірген қарияларымыздың бүгінде бұл көрінісі жаныңды ауыртады. Дегенмен, бұл мәселенің шешімін табу үшін əр адам өзінен бастағаны дұрыс шығар. Бәріміздің ата-әжеміз бар емес пе? Біз сол жандарға қаншалықты көңіл бөліп жүрміз?  Сол туралы ойланып көрейік….

Ертай Əмина Əділқанқызы
 «Тұран» университеті, журналистика мамандығының
4-курс студенті

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ