Заман сұранысына сай қашықтан оқыту ерекшеліктері

0
826
Иллюстрация: Freepik.com

      Дүниежүзінде індеттің таралуына байланысты  Қазақстан да әлемнің 167 елі сияқты қысқа мерзімде қашықтықтан оқыту форматына көшті.

2020 жылы сәуірден бастап, еліміз бойынша 3,2 млн оқушы, бүкіл әлем бойынша 870 млн-нан астам оқушы осындай форматта білім алуда.  Осыған байланысты ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетов  Қазақстанның танымал IT — сарапшылары мен отандық білім беру жүйесі өкілдерінің қатысуымен өткізілген онлайн конференцияда «Білім беру жүйесі өзгереді, басқа жол жоқ.

Мазмұнына да өзгерістер енгізу қажет» — деп айтқан болатын [1]. Шынында да отандық білім беру жүйесі үлкен өзгерістерге ұшырады. Қазіргі қоғамды ақпараттар ағымы тез дамып баратын қоғам деп атаймыз. Еліміз осындай қоғамның көшінен қалып қоймауы керек.

Қазіргі кезеңде елімізде алғаш рет ұйымдастырылған қашықтықтан
оқытуға деген сұраныс күннен күнге артуда. Оған себептер де жеткілікті:
территория жағынан үлкен елдегі географиялық кедергілерді аттап өтуі, қазіргі уақытта қалыптасқан жағдайға байланысты жаңадан пайда болып жатқан білім беру қажеттіліктерін қанағаттандыра алмауда.

Ал қашықтықтан оқыту қоғамның жаңа сұраныстарына жылдам жауап беретін және икемді оқыту түрі болып табылады. Соңғы кездері қоғамда уақыттары тапшы, мүмкіндіктері аз, кейде тіпті күндізігі формада оқуға құлқы жоқ, өз оқу графигін өзіне ыңғайлы етіп, сабақ кестесіне тәуелсіз құрғысы келетін, айрықша сұраныстары бар адамдар тобы көбеюде. Бұларды уақытты және қаржыны үнемдеуге мүмкіндік беретін, тұлғалық оқыту тәсілін пайдаланатын қашықтықтан оқыту қызықтыратыны сөзсіз.

Қашықтықтан оқу – қазіргі жағдайларға қатысты барынша жетілген ерекше оқу түрі болып табылады. Қашықтықтан оқыту – оқу үдерісінің барлық құрылымдық бөліктері (оқу мақсаты, мазмұны, ұйымдастыру формалары, оқу құралдары) енгізілген және арнайы Интернет немесе басқа да интерактивті құралдар арқылы жүзеге асатын оқытушы мен оқушының қашықтықтан қарым-қатынас жасауы арасында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы оқу үдерісін жүргізу мен ұйымдастырудың заманауи тәсілі. Себебі, қашықтықтан оқу жағдайында оқытушы интернет желісінің көмегіне сүйеніп, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, сабақты ұйымдастырады [2].

Қашықтықтан оқытуды ұйымдастырудың 3 түрі бар: онлайн (синхрондық) және оффлайн (асинхрондық) және қазіргі уақытта кең таралған үшінші түрі – вебинар. Технологиялылық – заманауи бағдарламалық және техникалық құралдарды пайдалана отырып оқыту электрондық білім беруді неғұрлым тиімді әдіске айналды. Мұндай жаңа технологиялар білім алушының оқу жүйесімен белсенді өзара әрекеттесуін ескере отырып, білім беру үдерісін өзі құруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, қашықтықтан білім беру жас ерекшеліктері мен мүмкіндігі
шектеулі оқушыларға білім алуға, оқушылардың психологиялық мәселелерін
шешуге, өз күшін дұрыс пайдалана алуға, оқушылар мен педагогтердің өзара
құзіреттілік саласын кеңейтуге, қабілеттерін дамытуға, жаңаны ойлап табуға
және оны іске асыруға көмектеседі [3].

Сонымен бірге, қашықтықтан оқыту үдерісі қатысушыдан жоғары деңгейдегі жауапкершілікті, уақытты жоспарлай білу, өзіндік жұмысты орындау кезіндегі дербестік және т.б. осы сияқты маңызды қасиеттерді талап етеді. Сондықтан ата- аналарда міндетті түрде оқу процесіне қатысуы керек. Бұл процеске ересектердің қатысуы техникалық, кәсіби білімді, іскерлікті талап етпейді. Олар баланың іс- әрекетіне терең қызығушылық танытуын,  сабақ туралы пікір алысуын, қиындықтарды жеңуін, айқын жетістіктерге жетуін тудырады.

Қашықтықтан оқуды жүзеге асыратын оқытушының қазіргі заманғы қашықтықтан оқыту курстарын жасақтау және пайдалану арқылы сапалы, тиімді өткізуге мүмкіндік беретін арнайы дайындығы болуы маңызды.

Педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында қашықтықтан оқыту форматына көшу бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Институт тренерлері білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне арналған біліктілік арттыру курстары білім беру бағдарламасын жасады. Сонымен қатар, оқытудың жаңа формасы Аралас сабақ (Blended learning) жүйесінде курстар тұрақты түрде ұйымдастырылда, яғни дәрістер Оnline режиминде өтеді. Барлық оқу материалдары, оқу бағдарламалары және дәрістерге байланысты контенттер, пәндер бойынша бейнеосабақтарды дайындайды.

Ақпараттық – коммуникациялық технологиялардың дамуы білімді бағалау және пайдалану жүйесін де уақытылы өзгертіп отыруды талап етеді. Осыған байланысты оқытуда қолданылатын әдіс – тәсілдер, әдістемелер, технологиялар жаңартылып отырады.

Қазіргі таңда оқытушы мамандығын алған жас ұстаздардың жеткілікті дәрежеде цифрлық сауаты бар. Олар өмірге бейім, жаңа технологияның бар мүмкіндіктерін пайдалана отырып, цифрлық технологиямен үнемі өзара әрекеттесетін ұрпақ өкіліне жатады. Олармен жұмыс жасау қиындық тудырмайды.[4]

Қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша оқытушының негізгі міндеті білімалушының өз бетінше орындайтын жұмысын басқару болып
табылады: атап айтқанда, туындайтын өзекті мәселелерді қарастыру; мақсат пен міндеттерді қою; білім-тәжірибелерді беру; білім алушылардың арасында өзара байланысты ұйымдастыру; оқу процесін бақылау. Оқушылар қашықтықтан оқыту кезінде білім беру процесінің негізін қолайлы уақытта, ыңғайлы орында, өз бетінше жұмыс құрайды. Сондықтан оқушылар өз бетінше жұмыстың техникасы мен әдістемесін, жоғарғы деңгейде білімді өз бетімен толықтыру негіздерін меңгеруі қажет. Сонымен бірге нәтижелі түрде оқу үшін жаңа ақпараттық технологияның кұралдарымен жұмыс істей білуі тиіс.

Қашықтықтан оқыту – бұл жалпы білім берудің жаңаша әдістерінің бірі.
Оны дұрыс ұйымдастыру — қазіргі заманның басты талабы. Қазір қашықтықтан оқытудың ұйымдастырушылық және педагогикалық мүмкіндіктері электрондық пошта, тақырыптық тарату тізімі, электрондық журналдар, веб, Usenet, ZOOM конференциялары, чат, хабарландыру тақталары және т.б. қол жетімді телекоммуникациялық сервистердің көмегімен іске асырылады.

Аталған телекоммуникациялық — ақпараттық құралдар базасында түрлі педагогикалық қызмет түрлерін қолдануға болады, мысалы, қашықтықтан іскерлік ойындар, зертханалық жұмыстар мен практикумдар, қолжетімсіз объектілерге виртуалды бару, виртуалды экскурсиялар, білім алушылардың, сондай-ақ педагогтардың бір-бірімен компьютерлік хат алмасуы, электрондық бюллетеньдер шығару және т.б. Олар жекелей де, кешенді түрде де жұмыс істей алады. Мысалы, білім алушыларға білім беру мәселесі қойылатын дәрістік материал ұсынылады. Әр білім алушы оны шешеді, ал нәтижелерді барлық білім алушыларға таратады. Бұл шешімдер электрондық пошта арқылы салыстырылады және талқыланады; білім алушылар сұрақтармен, пікірлермен, ұсыныстарымен алмасады [4].

Сонымен, қашықтықтан оқыту – адамның білім алуға және ақпарат алуға
деген құқықтарын іске асыратын үздіксіз білім беру жүйесі нысандарының бірі ретінде мамандардың негізгі қызметін атқара жүріп, білімін-біліктілігін
арттыруға мүмкіндік береді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Еліміз бойынша 3,2 млн оқушы қашықтықтан оқуды бастады» «Білімді ел»
    газеті, №13. 07.2020

2.«Қашықтықтан оқыту қалай жүріп жатыр?» «Білімді ел» газеті, №14. 04.2020
3. «Мұғалімге арналған нұсқаулық». «НЗМ» ДББҰ. 2012 ж 77-79 бб

  1. «Тренерге арналған нұсқаулық». «НЗМ» ДББҰ. 2012 ж 23-бет

 

Суйеуова Н.Б.,аға оқытушы, магистр
Ш.Есенов атындағы КМИТУ,  Ақтау қаласы

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ