ЖАЛҒЫЗ ЖАПЫРАҚ

0
1815
                        Ұлы Отан соғысына 70 жыл
                                   
      Аспан сұп-сұр. Қою қап-қара бұлттар әлдеқайда беті ауған жаққа жөңкiле көшiп жатыр. Сұрланған, сұстанған түрлерiне қарағанда келе жатқан қыс ызғарынан қашып бара жатқандай… Күздiң суық желi тек даланың берекесiн ғана қашырмай, үй-iшiнiң де әтуiрiн алғандай… Жатаған тоқал үйдiң ойдым-ойдым болып сылағы түскен сырт пiшiнi көзге қандай сұрықсыз көрiнсе, үйдiң iшi де соншалықты көңiлсiз күйде тұр. Төрт көздi шағын терезенiң алдына көлденең салынған темiр төсектiң үстiнде бiр уыс қана болып бүрiсiп отырған қара кемпiр де тоңазыған денесiн жылытқысы келгендей жиырыла түседi. «Алла, тағала, жалғызымды сақтай гөр» деп күнiне әлденеше жалбарынып қоюды әдетке айналдырған.
     Бұл қария осы ауылдың көнекөз қарттарының бiрi Жәмiш кемпiр едi. Төсек тартып жатқанына талай уақыт болды. Көктем өттi, ала жаздай жатты, ендi мiне, суық күз келдi. Даладағы ауа райының қандай екенiн, қай мезгiл екенiн осы төрт көздi терезеге мөлиiп, ұзақ-ұзақ қарап жатып бiлетiн. Жетпiске жеткен шағында күрт жатып қалды. Жасында ауырған өкпе ауруы қайта меңдеп едi оны. Екi иiнiнен дем алып, зорға қозғалады. Әлi бұл жағдайының қаншаға созылатынын қайдан бiледi! Әйтеуiр, кеудеде жан болған соң адам амал жасайды екен. Таңертең келiнi Сақыпжамал алдына қойып кеткен шайды бiр-екi құртпен біраз талмап, тастай боп суып кетсе де ұзақ сораптайтын. Келiнi ауылдағы бастауыш мектепте мұғалiм болып жұмыс iстейдi. Түс мезгiлiнде бiр жүгiрiп келiп кетедi. «Ер мұғалiмдердiң бәрiн майданға алып кеттi ғой, апа, бүкiл мектептiң жұмысы Сәлима екеуiмiздiң мойнымызда. Сiз үшiн ғана үйге жүгiрiп жүрмiн, әйтпесе, тiптi уақыт жоқ, — деп едi анада. Iштей аяп қояды. Жалғыз ұлының соғысқа аттанғанына да мiне,  алты айдың жүзi болыпты. Алты айдан бес күн асқанына дейiн көкiрегiнде сайрап тұрса да, аузын жыбырлатып, әлсiз саусақтарын қыбырлатып қайта санайды. Қайта санайды да құдайына, жаратқан иесiне тағы бiр сиынып қояды. Күзге салым бiр хат келген едi-ау,
содан берi баласынан хабар жоқ. Ондағы: ”Оқу оқыдық, қару-жарақты атып үйрендiк. Ендi, әне-мiне майданға алып кетедi деген сыбыс бар. Майданға кiре қалсақ хабарымды тағы бiлдiремiн” — деген сөздерi есiнде тұр. Әсiресе, ”Айналайын, апатай, есiмнен күнi бойы Сақыпжамал екеуiң шықпайсыңдар. Қастарыңда бас көтеретiн де ешкiм қалмады ғой. Дегенмен, «көппен көрген ұлы той» дегендей, ел қатарлы күн көрерсiңдер. Жауды жеңiп, аман-есен елге оралатыныма сенемiн. Тек қана мен барғанша сен тiрi болшы, апатайым!» деген жолдары құлағында тұрғандай.
     Жалғандағы жалғызын көз алдына елестетiп жатып, көзi iлiнiп кеткен екен. Үйренген әдетi бойынша тағы терезеге қарады. Терезенiң алдында анадайдан көрініп тұрған жалғыз теректiң бұталарының  жапырақтары түсiп, жалаңаштанып қалған. Кенет, теректiң орта тұсындағы бұтақтардың арасынан түспей қалған бiр жапырақ көзiне түстi. Асықпай, мұқият түрде теректiң әр бұтағын қарап шықты. Тiптi  тесiле қарағандығы сондай көздерi де жасаурап кеттi. Шынымен-ақ сып-сидам теректiң өн бойында қалған сол жалғыз тал жапырақ едi. Күздiң суық желiнiң ызғарынан қалтырағандай дiр-дiр етедi. Өзi онша сарғаймаған да. Қою  жасыл түсiн сәл сарғайтып барып сақтап қалған. Неге екенiн өзi бiлмейдi, әйтеуiр осы жапырақтың түспегенiн тiледi. Оны өзiне ырым етiп қойды. Әлдеқандай бiр жақсылыққа жорыды.
     Ауызғы үйден тысыр бiлiндi. Сақыпжамал екен. «Ойпырмай, күннiң ызғар соғуын-ай! Мектепте жағатын отын жоқ, балалар тоңып отыр. Сәлима көршiлерiнен естiптi, немiстер де өңмеңдеп келе жатыр екен дейдi. Бiздiкiлер де берiспей жатқан тәрізді… Әйтеуiр, майдан дегенiң қиян-кескi соғыс көрiнедi»- деп ол есiктен асыға сөйлей кiрдi. «А, жаратқан құдай, өзiң жар бола гөр»,- дедi кемпiр жауап орнына. «Сiзге шай қамдап берейiн. Кешкiсiн кешiгiп қалатын түрiм бар, — дедi Сақыпжамал, — үнiнен шаршағандығы сезiледi:
     — Пошташы газет-журнал таратып жүр екен… Бiзге ештеңе де келмедi… Күз де аяқталып қалды. Таяу арада қыс та келедi. Ол уақытта пошта қатынауы қиын болады. Тiптi соған дейiн бiр хабар келмедi-ау…
     — Қайтейiн, қарағым-ай! Екеуiмiздiң қолымыздан келер не бар? Бiр тәңiрiге жалбарынып, жалынамыз да, — деп кемпiр күбiрлеп, өзi бiлетiн құран сүрелерін сыбырлай жөнелдi.
     Күнде таңертең Жәмiш кемпiр терезенiң тұсындағы ақ терекке қарайтын болды. Тiптi ойында ешнәрсе жоқ болса да, көзi ерiксiз соған түседi. Күннен күнге суыта түскен ауа райының реңi де жаман. Қыс та суық болатын сияқты.
     Кемпiр сарғайып, қуаты тайса да тырмысып түспей тұрған жапыраққа ұзақ қарады. Әлден соң көзiн жұмып, талған жанарын тынықтырып бiраз отырды. Жата берген соң ба, әйтеуiр ойына әлденелер түседi. Өзiнiң жастық шағын есiне алды. Дәм-тұзы бұйырып, қосылған күйеуi Әшiр екеуi тату-тәттi ғұмыр кешiптi. Оның дүние салғанына да төрт-бес жыл болыпты-ау! Дүниеге келген балаларының үшеуiнiң ғұмырлары қысқа болып, жалғыз ұлмен қалды. Онда да мойымады. Бiр баласы екеу болып, келiндi болды. Соған шүкiршiлiк еттi. Ендi мiне, сол жалғыздың жолына қарап, мойып отыр.
     Күндер зулап, тоқтамай өтiп жатыр. Тiршiлiктерiн iстеп тырбанған жұрт. Алдыңғы қара қағаздар да келе бастаған. Пошта таситын қара шалды жұрт бұрын асыға күтушi едi, ендi оған үрейлене қарайтын болды. Қара шал да көк есегiн тепеңдеп, бейнебiр соғыс құрбандарына өзi кiнәлi адамдай көзiн жерден бiр көтермейдi.
     Тағы да қалғып кеткен екен. Түс көрiптi. Айнала құрсауланған көк мұз. Аяғын олай да басады, былай да басады. Тiптi қандай амал жасаса да, iлгерi жүре алар емес. Кенет әлдеқайдан Әшiр пайда болып, аяғын баса алмай тұрған жарына қолын созады. Ұмтылады кеп, ұмтылады кеп… Әйтеуiр бiр уақытта Әшiрдiң бiр саусағына қолын iлiндiрген Жәмiш жандәрмен ұстай алып, iлесе бердi. Жүрiп емес, ұшып бара жатқандай… Құрсауланған мұздың
шеңберi кiшiрейе түскендей… Тағы да кедергi болды-ау! Мұз құрсау тiптi тарыла түстi.  Онан сайын демі жетпей бара жатқан сияқты. Жанталаса қолдарымен ауаны қармаған күйi оянып кеттi.
     — Япырм-ай, бұл не түс екен, әлгi көршi кiрсе, жорытайыншы, әйтеуiр жалғыздың жанын сақтай гөр, жаратқан!
     Есiк жайлап ашылып, келiнi кiрдi. Жүдеу өңiнен қажып, әбден титықтағаны сезiледi, көздерiн уайым табы көлеңкелеген.
     — Сәлима екеумiз, тоғайдан отын кесiп, оны тасып, әкелiп болғанымызша кеш те батты. Таң сәрiден тұрып мектепке от жақпасақ, сабақ жүрмей қалуы мүмкiн… Жұрт майданда қан кешiп жүргенде, бiз ел iшiнде отырып сабақты тоқтатқанымыз болмас… Далада қар жауып тұр. Соңын ала аяз болып та қалатын сыңайы бар, — дей жүрiп үйге от жағуға кiрiстi. Сәлден кейiн-ақ мыс шәугiм ызылдап үн шығарып, үй iшiне сәл бiр жылылық енгiзгендей еді. Келiнiнiң  бiраз шаруасын тамамдағанын күтiп отырған кемпiр оны көршiсiне жұмсады. Көрген түсiн жорытпайынша жүрегi маза табар емес.
     Бар зейiнiмен бала күннен бiрге келе жатқан құрбысының әңгiмесiн тыңдаған көршi iшiнен секем алса да, оны Жәмiшке сездiрмедi. «Япырм-ай, күнi тақалып қалғаны ма шынымен! Құдай қосқан қосағының қасына барайын деген ғой», — деп ойлады.
     Ертеңгiсiн түнiмен жауған қар басылып қалыпты. Айнала көз қарықтыратындай аппақ. Жәмiш кемпiрдiң көзi тағы да терекке түстi. Жалғыз жапырақ қалтырағанын бiлдiргiсi келмегендей ақырын ғана дiр-дiр етедi. «Тұрмысың iлiнiп, көктемнiң сарқыты, түсiнемiн, сенiң де қар астында қалғың келмейдi. Ұзақ өмiр сүргiң келедi. Адамдар да солай… Ұз-а-ақ өмiр сүргiсi келедi. Жетпiс жас деген не тәйiрi! Ендi бiр жетпiс жас өмiр берсе де, тiршiлiктiң қадiрлi екенiн, өмiр сүргеннен артық бақыттың керегi жоқ екенiн айтар едiм. Менi қойшы, аз да болса тiрлiктiң небiр дәмiн — ащысын да,
тұщысын да таттым ғой, әлгi жалғызды құдай сақтасын. Қыршын, ғой қыршын!…»
     Жалғыз ұлдың үйден кеткен күндерiн әдеттегiше төсек үстiнде отырып, қолдары қалтырай санай бастайды. Неше ай, неше күн, неше сағат болғаны айдан анық болса да, күнде ертеңгiсiн бiр санау әдетiне айналып кеткен. Өзiнiң де халi нашарлап бара жатқан сияқты. Аяқтағы iсiк денеге қарай жайылып бара жатыр…
     Үй-iшiнiң алакеуiмденiп қалғанына қарағанда күн батып бара жатқан сияқты. Жәмiш кемпiр әр түндi үрейлене қарсы алады. Ауруы да түнде меңдейдi. Сақыпжамалдың ұйықтап жатса да көкiрегiн кере күрсiнетiнi де жиiлейдi. Ойлар мазалаған сайын кiрпiк iлiнбейдi. Кешкiлiк дәмдерiн татып, анау-мынау үй тiршiлiгiне бола сәл күйбеңдеген келiнi сығырайған керосин шамды үрлеп өшiредi. Сол сәттен бастап қап-қара түнек еңсенi басады. Көруге жаратылған көз осы түнектен шаршайды, шаршайды да сәл жұмылады. Көңiл – ояу. Осы бiр азапты түндердiң ұзақтығындай ұзақ ешнәрсе жоқ сияқты көрiнедi ауру адамға. Түннiң қара пердесi жайлап сыдырылып, жарық күннiң ақ сәулесi бөлме iшiне сыналап кiрiп, сәл жарықтандыра бастады. Тағы бiр таң атты, тағы бiр түн өттi… Тағы да көзi сол бiр терекке түстi. Жапырақ көзiне түспедi. Дала  жарық, тып-тыныш. Жалғыз жапырақ, соққан желге де, жауған қарға да, аязға да төтеп берiп тұрған жалғыз жапырақ мына тып-тыныш күнде қайда кеттi? Суланған жанарын басындағы ақ кимешегiнiң шетiмен сүртiп жiберiп қайта қарады. Шынымен-ақ жоқ! Шынымен-ақ үзiлiп түсiптi! Ана жүрегi жамандыққа жорығысы келмей жан-дүниесiн езiлте сыздап қоя бердi. «Әй, осы мен де ырымшылмын-ау, қайдағы бiр тал жапырақ үшiн не болды сонша маған езiлiп»! – деп өзiн жұбатып қояды. Әйтсе де есiнен сол бiр жалғыз жапырақ кетер емес. Жалғыз жапырақ менiң жалғызыма көрiнбесе еттi! Жасаған ием, жалғыз тұяғымды сақтай гөр! Әкесiнiң отын өшiрме. Әкесiне бермеген өмiрiңдi, бақытыңды соған бер!»..
              Кешке қарай Жәмiш кемпiрдiң жағдайы күрт төмендедi. Келiнi абыржып, көршi-қолаңды шақыруға кеткен мезетте ананың тiлi күрмелiп те қалған едi. Көздерi жасаурай, iштегi жалғыз арманын көзiмен бiлдiрiп, жиналып қалған ағайындарына, ауылдастарына жаутаңдай қарады. Бәрi де ананың не айтқысы келгенiн, жалғыз ұлын ең болмаса бiр рет қана көргiсi келетiнiн ұқты. Не шара?! Үнсiз ғана жылаудың аяғы ана қазасын жоқтаудың сарынына ұласты. Көкiрегiндегi арманын жер бетiнде қалдырғысы келмегендей қысып жұмған күйi қолдары қарысып қалған.
     Ел-жұрт көптеп, көмектесiп ертеңiнде сәске кезiнде Жәмiш кемпiрдi қайтпас сапарға шығарып салды.
     Екi күннен соң бiр аяқтың орнына балдақ ұстаған, жол тауқыметiнен азып-тозған жас солдат келiп тұрды ана қабiрiнiң басына…
 
Клара Қабылғазина
 
 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ