«Жарқын елдің шамшырағы — жас маман» (эссе)

0
4667
ҚазҰУ – Ғылымға құштар жандар үшін үздік таңдау

«Жарқын елдің шамшырағы — жас маман»

Алтын ұя мектептен қанат қаққан балапан университет қабырғасында жүріп қанаты қатайған құсқа айналады. Осылайша ол жоғары оқу орнынан қандай да бір мамандықтың тізгінін ұстап түлеп ұшады. Жаны сүйген салаға жұмысқа орналасқан сәттен – ақ, енді ол жарқын елге сәулелі нұрын берер шамшырақ іспетті «жас маман». Бұл сөзді кеудесінде оты бар жалынды жас, белсенді де жаңашыл тұлға деп ұғынуымыз орынды. Жастық туралы халық даналығы: «Жастық – жалын, кәрілік – құл», «Парасаттықты көрсең – қарттықтан, тамаша көрсең – жастықтан», — деп үн қатса, Бернард Шоу: «Жастық шақ – әсем зат, оны жастардың оңды – солды шашуы қылмыс», дейді. Демек, жастық шағыңды оқу – білімге сарп етіп, еліңе адал қызмет етуге арнасаң өкінбейтіндейсің. Сұлтанмахмұт Торайғыров:

                             Тәуекелге бел бусақ,

                             Көрдегіні аламыз.

                             Жеткізбейтін жүйрік жоқ,

                             Қусақ бәрін шаламыз, — деп жастарды жігерлендірсе,

 Шәкәрім ақын:

       Кел ,жастар, біз бір түрлі жол табалық,

       Арам, айла, зорлықсыз мал табалық, — дейді.

Мағжан сенім артқан көздерінде от ойнар, сөздерінде жалыны бар жастар мемлекет тарапынан қашанда қолдауға ие. Президент Н.Ә.Назарбаевтың жастарға салған үндеуі бірнеше бағдарламалардың жүзеге асуына сеп болды. Биыл 2019 жылдың «Жастар жылы» аталуы да тегін емес. Мұның артында жас мамандаға деген қолдау, сенім, көмек жатыр.

Жас маман демекші менің де мамандықтар әлемінде өз орнымды тапқаныма 1 жыл 6 ай. Мен таңдаған мамандық —  сырттай қарапайым болып көрінгенімен, тарихта ең ұлы істердің бірі. Яғни, ұстаздық ету. Мамандығыма деген махаббат мені сол баяғы тақта алдына қайта әкелді. Мектептің парталары да, сыңғырлаған қоңырау үні де, мені тағы қарсы алды. Бірақ, бұл жолы оқушы емеспін. Алдыңдағы ақжүректерге тәлім – тәрбие берер, білім нәрімен сусындатар мұғаліммін, жас маманмын. Жас маман бола жүріп, мен нені ұқтым? Нәтижеге жету үшін жұмысыма махаббатпен, ерекше құлшыныспен кірісуді жөн көрдім. Өз ісіме, жауапкершілікпен қарауды, өз ісіме есеп беруге үйрендім. Жаңашыл болуға, тың нәрсені байқап, жаңа жол табуға талпындым. Ізденісті тоқтатқан жағдайда мұғалім атынан айырылатыным анық. Сондықтан да, үйренуден жақсыға ұмытулға жалыққан емеспін.

Жаратылыстану ғылымдарының бір саласы болып табылатын биология ғылымы қызықты, әрі күрделі. Жанды нәрселерде тіршіліктің барлық көріністерімен айналысатын биология пәнін оқытуды мақтаныш санаймын. Жаңартылған білім беру мазмұнына негізделген әр сабағым түрлі тәсілдерге толы, жаңа үлгіде қызықты өтеді. Оқушылардың ойлау дағдыларының деңгейіне қарай тапсырмалар топтастырылып беріледі және бағалаудың әртүрлі әдістері қолданыс табады.

Шәкірттердің теорияда алған білімдерін практикада пайдалана білулері өте маңызды. Яғни, біз мұғалімдер оларға білім беріп қана қоймай, оны өмірде пайдаға жарата алуларына жағдай жасауымыз қажет. Осы орайда биология пәнінен арнайы факультатив, үйірме жұмыстарының тиімді іске асып жатқанын да тілге тиек етемін.

Жас жеткіншектердің ұшқыр қиялын, шығармашылығын дамытатын тұлға – ұстаз. Оқушыларымды түрлі шараларға, ғылыми жұмыстар мен байқауларға тарта отырып, өзім де білгеннің үстіне біле түсудемін. Жаңалық ашуға жетелейтін ғылыми жобалар – болашаққа бастар баспалдақ іспетті. Әсіресе, биологияда зерттеп зерделеуді қажет ететін қаншама қызықты тақырыптар бар. Соларға оқушымен бірге дайындалып, оның жаңалық ашуына ықпал етсем құба – құп. Кім біледі, мүмкін олар еліміздің болашақ ғалымдары болар?

Бүгінгі жас мамандар – еліміздің ертеңі. Олар Қазақстанның дамуына үлесін қосар азаматтар, болашақ білікті мамандар, өз ісінің шеберелері. Заман талабына сай қызмет еткен жас маманның нағыз майталман маманға айналмауы мүмкін емес. Ол үшін әрине, елбасымыз айтқандай, әрбір жас өз – өздерімен үздіксіз жұмыс істеп, өз білімдерін, кәсіби құзырықтарын арттыру қажет.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ