ЖАСТАР ЖЫЛЫ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР КЕЗЕҢІ

0
1323

Елімізде Жастар жылының жариялануы Мемлекет басшысының жас буынға арнаған жарқын үндеуіне айналды. Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде қазіргі Қазақстанның тарихын жасауға атсалысып жатқан жалынды жастарды көріп, көңілге қуаныш ұялады. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл басқосуда жастардың көкейінде жүрген барлық мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды шешудің нақты жолдарын Үкімет пен өңір әкімдеріне тапсырма ретінде қадап айтып берді. Оның ішінде – жас ғалымдар, актерлер, спортшылар, әншілер, ауыл шаруашылығының мамандары, жеке кәсіпкерлер бар. Олардың әрқайсысы өздеріне бағытталған Елбасының ақжарма тілегін тыңдап, келелі кеңесін алды.

Кез келген мемлекетте адамның өмір сүруі мен дамуына мүмкіндік беретін үш алып күш бар, олар – білім, жұмыс және баспана екені сөзсіз. Елбасы дәл осы негізгі факторларға ерекше назар аудартып, олардың өзектілігіне тоқталды. Қазақстанның үш ірі қаласында жұмыс істейтін жастарды жылына мыңға жуық пәтермен қамту, жастар бизнесін қолдауды 20 мың грантқа көтеру, Жастар стартаптарын қолдау Қорын құру, студент- волонтерлардың шәкіртақысын көтеру, жас ғалымдардың жобаларын қаржыландыру, студенттік құрылыс қозғалыстарын дамыту, сонымен қатар, жас отбасыларға қолдау көрсету – бұл тек Жастар жылында ғана емес, одан кейінгі жылдары да тиімді шаралар қабылдауды талап ететін басты мәселелер болып қала бермек.

Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында: «Менің ойымша, біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. 2012 жылдың шілдесіндегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаламда Қазақстаннан тыс жерде жұмақ жоқ екенін, еш жерде, әлемнің ешбір елінде бәріне бірден ие болу мүмкін еместігін, туған Қазақстанда еңбек етіп, өз әлеуеттерін жүзеге асырулары қажет екенін атап көрсеттім. Мен жас ұрпақ үшін тиімді әлеуметтік лифтілер құру және өз бетінше өмір сүруге, ынталы еңбекке дағдылану жүйесін қалыптастыру қажеттілігіне ерекше тоқталдым», – деп жазады.

Ең бастысы – жастар заманауи өзгерістер мен жаңарудан қалыс қалмай, бәсекеге қабілетті болуы керек. Мұны Мемлекет басшысы баса айтты. «Біздің көз алдымызда жаңа жаһандық өркениет келе жатыр. Цифрлық қоғамның, экономика мен білімнің дәуірі келді. Менің буыным мектепте оқып жүргенде, әсіресе ауылда теледидар да жоқ еді. Радио енді ғана шыға бастаған еді. 100 жыл тарих үшін тым қысқа уақыт. Қазір бәрі 10 жылдың ішінде қалай өзгеріп жатқанын көре беріңіз. Сол үшін біздің мемлекет уақыт алға тартып отырған тегеуріндерге жауап бере алуы керек. Қазіргі таңда мемлекеттер арасында ғана емес, адамдар арасында да бәсеке қыза түсті. Креативті буыны бар мемлекет жеңімпаз болып шығады. Мен бұл жігерді Сіздерден көріп отырмын», – дейді өз сөзінде.

Жастары жылы — жас буынға артылған зор сенім. Сенім үдесінен шығу үшін сапалы азамат болып өсуіміз керек.

 

Балиғатова Фарида Балиғатқызы

Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжі

Арнайы пән оқытушысы 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ