Жерік ас — мінез айнасы

0
6520

Жерік болу  аяғы ауыр әйелдің күнделікті дайындалатын тағамға деген тәбетінің бұзылуынан басталады. Аяғы ауыр келіншек бір таңдаулы тағамға құмарлығы артып, сол тағамды ғана жегісі келіп, күні-түні аңсары ауады.

Жерік ас әр анада әр түрлі болады. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, аналарымыз төрт түлік малдың етіне жерік болған, енді бірі жыртқыш аңға жерік болып, жолдастарын қиырдағы қол жетпейтін жерге сенделткен. Бөрінің жүрегіне, жолбарыстың миына, сұңқардың көзіне жерік болған аналар бір туар тұлғаларды дүниеге әкелген. Солардан туған балалар Бауыржан Момышұлындай, Абай Құнанбайұлы секілді данышпан, ақылгөй болып дүниеге келген.

Ал қазіргі таңдағы келіншектердің айтарлықтай нәрсеге жерік болдым дегенін естімейсіз. Естісеңіз де өте сирек. Қазір аяғы ауыр әйелдер тұздалған қияр, тәтті жеміс-жидек,  ащы-тұщы көкеністерге жерік болады. Жерік ас ең алдымен ана үшін емес, бала үшін екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Жерік асқа деген таңдаудың азайып, «тоқырауға ұшырағанын» қазіргі келіншектердің аурушаң, нәзік, әлсіз балаларды дүниеге әкелуінен байқауымызға болады.

Қазақ халқында болашақта тұлғалардың дүниеге келуінің азаятындығына себеп болар бірден бір дүние осы болар. Тұздалған қияр жеп дүние есігін ашқан бала зәмзәм суды менсінбей, ащы суды сылқитады келіп. Жастардың ішімдікке деген құмарлығы ананың жатырынан, бейқам қараған шешенің бейшара талғамынан басталатын сияқты. Мұны да ескерген жөн.

Дана халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихында жеріктіктің түрлері өте көп. Аяғы ауыр келіншек жүкті болғаннан бастап айлап, апталап жеріктігі басылмай, ұзақ уақыт бір асқа аңсары ауса, онда бұл жеріктік «созылмалы жеріктік» деп аталады. Ал екіқабат келіншек бір тағамға талғамы артып, артынан басқа тағамға таңдауы түсіп, артынша түрлі тағамға жерік болса, онда бұл жеріктік «қос жеріктік» немесе «жұп жеріктік»  деп аталады. Қай жеріктік түрі кездессе де, аяғы ауыр әйелдің азаматы қалаған асын тауып, қандай қиындық болса да жеңіп, тау-тасты, ой-қырды араласа да, тауып әкелуге міндетті. Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа демекші. жеріктікті әр өңірде әр түрлі атайды екен. «Жеріктік», «көксік», «көксеу», «тағам жерігі» деген сынды әр түрлі сөздер қосып, тіркестіріп айта беретін көрінеді.

Қазақ халқының ұзақ жылғы тәжірибесінде жеріктікке байланысты, жерік асқа байланысты неше түрлі аңыз-әңгімелер, мифтер жетерлік. Соның бірі қазақтың эротикалық фольклорын жұртшылық назарына тұңғыш рет жинақ түрінде ұсынған Ақселеу Сейдімбектің «Қасаға жерік келіншек» деп аталатын миф әңгімесі. Бұл эротикалық фольклор үлгісі өзінің дөрекі (эпатер) бейпілдігімен белгілі қалыптан шығып кеткендей болып көрінгенімен, халық мұрасы ретінде түсіністікпен қарауды қажет етеді. Астарында ырым-тиымдар жасырылған керемет туынды. Бұл туындының мән-маңызы орасан зор. Ең алдымен аңыздағы жерік ас адамның мінезін, болмысын, тұлғасын қалыптастыратынын ұғынамыз. Жерік астың соншалықты маңызға ие екенін, сонымен қатар дәстүрлік түп-тамырын Ақселеу Сейдімбектің «Қасаға жерік келіншек» деп аталатын миф әңгімесімен сабақтастырсақ:

 

ҚАСАҒА ЖЕРІК КЕЛІНШЕК

 Ертеректе бір келіншектің аяғы ауырлап, жерік болыпты. Жерік болғанда, құдайдың бұйыртқан тағамына емес, кəдуелгі қасаға жерік болыпты. Желі басында айғыр оқырынып қасасын шығарса, қотан ортасында қошқар мекіреніп қойға артылса, күйлеген сиырды омыраулап сүркілдеген бұқаны көрсе, тіптен ауыл шетінде  көрсе де əлгі жерік келіншек көзі жасаурап, телміре қарап, дүниенің бəрін ұмытқандай күй кешіп жүреді.

Келіншек жерігінің қатты болғаны сонша, үйіне келген еркек кіндіктінің ауына телміре қарап, аузының суы құрып, өзін-өзі ұмытып кететін болыпты. Жерік келіншектің осы хал-күйін өмір көрген, зерделі қайнағасы байқап жүреді. Жай байқап қоймайды, келінінің жерігі басылар деп, қойдан таңдап қошқар сояды, ешкіден таңдап теке сояды. Бірақ келіншектің жерігі басылмайды. Жерігі басылудың орнына одан сайын күшейіп, мазасы кетеді. Арнайы дайындалған жерік асынан аузына бір жапырақ салмастан, мөлиіп қайнағасының ауына қарай береді. Осы жағдайдың бəрін қапысыз аңғарып, байқап жүрген қайнағасы ойға қалады: “Қой, бұл болмас, келіннің жаны қиналды ғой» дейді де, бір əрекетке бел буады.

Бел буады да, ауылдың іскер екі-үш жігітін оңашалап, тапсырма береді: “Малымыздың құты — қасқа айғырды ұстаңдар, сонсоң ел көзінен таса бір жерге алып барып қасқа айғырды сойыңдар, айғырдың барлық етін ит-құс жемейтіндей етіп жерге көміңдер, тек қасасын ғана алып, қазы сияқты ішекке айналдырып алып келіңдер, бұл жағдайды жан баласы білмейтін болсын, біреу- мiреу арқылы келін естіп қойса жерігі бұзылады да мерт болады” деп тапсырады. Ауыл жiгiттері айтылған тапсырысты тап-тұйнақтай етіп орындайды. Қасқа айғырды бір таудың шатқалына алып барып сойып, қасасын сыңар қазы сияқты айналдырып, жерік келіншектің қайнағасына əкеп береді. Жерік келіншектің қайнағасы қасқа айғырдың ішегіне салынған қасасын беліне байлап, ауының ішіне салады да, қымыз ішпекші болып келінінің үйіне келеді.

Жерік келінінің жайы белгілі, қайнағасы үйге кіргеннен ауына қарап, ауының ішіндегі бұлтиып тұрған “қасаны» көріп тіптен есі кетеді. Қайнағасының алдында сақтайтын əдепті де ұмытқандай, ерекше бұлтиып көрінген “қасадан” көзін ала алмай, телміре қараумен болады. Осының бəрін аңғарып отырған қайнағасы іштeй “иə, сəт, келіннің жерігін басуға себеп болғай!” деп тілеп отырады да, беліне байланған айғырдың қасасын елеусіз ғана шешіп, отырған орнына қалдырып шығып кетеді. Содан қасаға жерік болған келіншек қайнағасының отырған орнында қалған қасаны алып, пісіріп жеп, жерігін басқан екен дейді. Keйін келіншектің ай-күні жетіп, аман-есен қол-аяғын бауырына  алып, торсық шеке бір ұл табады.

Ол ұлға келіншектің қайнағасы Қасаболат деп ат қояды. Қасаболат жұрт таң қалғандай тамаша жігіт болып ер жетіп, елінің намысын қорғайтын батыр болып, даңқы дүйім жұртқа жайылған еді дейді. [1, 28 б.]

Ең алдымен оқырман қауымды өзіне тартып, бірден көзге түсетін бөлігі — ол атауы, «Қасаға жерік келіншек». «Қаса» деген сөз әдебиет оқып, бейпіл сөздерді зерттеп жүрген тұлға болмаса, бұл сөз кімге де болса жаңа, кімге де болса сөздіктен қарап, ізденетін сөздердің бірі. Күнделікті өмірде тұздалған қиярға, алмаға, сәбізге жерік дегенді естігенбіз. Бірақ «Қасаға жерік болу» дегенді бірінші рет естуіміз. Сондықтан ары қарай оқып, толығырақ зерттеп, білуімізге себеп болған, таңқаларлық бетбұрыс болған атаулардың бірі болды. Бір жағынан журналистік жолдағы парызым болса, енді бірі нар тұлғалардың өмірге келуінде қандай ерекшеліктер болған деген сұраққа жауап іздеу еді.

Келесі кезекте мазмұнына назар аударатын болсаңыздар, жылқының қасасын ғана алып, қалған етін адамдардан тыс жерге көмгендігін байқаймыз. Осы жерде сәйкесінше мынандай сұрақ туады: «Неліктен тек қасасын ғана алып, қалған етін көмді? Неліктен көмді? Мұның астарында не бар? Зерттей келе, үлкендерден сұрастыра келе білгенім: Айғырдан жерік асты ғана, қасасын ғана алып, қалған етін көмген себебі «жерік ас барлық адамға ортақ болмау керек» деген ырыммен байланысты екен.

Тіпті ол жан-жануар болсын, ит-құс болсын, ортақ болмауы керек. Мысалы, жаңағы айғырдың етін елге таратып, немесе өздері жеп деген сияқты жағдай орын алса, жерігі қанбай қалады. Жерігі қанбаған әйелдің жағдайы өте қиын болатынын Б. Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова өзінің «Күретамыр» атты еңбегінде тамаша баяндаған: «Жерігі қанбаған анадан туған бала аурушаң болады. Аузынан сілекейі ағып, жылаңқы болып, мешел (рахит) ауруына ұшырайды. Тіпті аман болғанның өзінде ылғи көңілі толмай, қабағын шытып, ырбиып жүреді.

Оны «ит жерік» деп атайды. Мұның бәрі жай емес, түбі ұлттық қасиеттерге келіп тіреледі. Осындай нәрселерді білмей тұрып, әркім жамбасынан бір ұрып, салт-дәстүрімізді бұрмалай берсе, онда не қалады?! Бұл салттың бәрін аналар қыздарына, енелер келіндеріне үйрете білсе, қазағына істеген жақсылығы болар еді – деп Зейнеп апамыз өз сөзін қорытындылаған. [2, 16 б.]

Мәтінде көзге оттай басылатын тіркестер, сөйлемдер баршылық. Соның бірі: «қайнағасының алдында сақтайтын əдепті де ұмытқандай, ерекше бұлтиып көрінген “қасадан” көзін ала алмай, телміре қараумен болды» деген тіркесті байқауға болады. Қарасаңыздар сақтайтын әдепті ұмытқандай деген сөздің өзі қайын аға мен келін арасындағы сыйластық туралы айтып тұр.

Яғни бұл сол кездегі келіннің қандай тәртіпті болғаны, әдебі туралы деректер береді. Келінді тек ұрпақ жалғастырушы ғана емес, сонымен қатар отбасының ұйытқысы, құт-берекесі деп бағалаған. Келінің тәртіпті болса, келешек ұрпағың да тәрбиелі болады деп болжаған. «Жақсы келін – келі, жаман келін – келсап» деген қазақ мақалы келіннің тәрбиесінің бағалау шкаласын көрсеткен. Келін келсап атанбауы үшін өзіне артылған міндеттерді, сонымен қатар қайын аға, қайын ата, енесінің көңілін тапқан.

Мысалда сөз болған әдепті ұмыту себебі келіннің аяғы ауыр болғандығында. Қазақ халқы ертеде аяғы ауыр келіншекті қатты қадірлеп, аялап баптаған. Оған бірден-бір дәлел осы мысалдағы қайын аға мен келін арасындағы қарым-қатынас. Қайын ағасының келінінің іс-әрекетіне теріс баға бермей, жекіп, дөрекілік көрсетіп, бұның не деген сияқты ишара білдірмей, керсінше, жүкті екенін көріп, жүкті адамға деген құрмет білдіріп,  түсіністікпен қарап, үндемей шыдап отырған.

Мазмұн бойынша келесі кезекте жерік асты жеп, жерігі қанып, келіннің дүниеге қошқардай бір ұлды алып келген кезі баяндалады. Ол ұлға келіншектің қайнағасы Қасаболат деп ат қояды. Бұл жерде біз нені аңғарамыз? Келіншек өзінің жерігін басқаны үшін немесе жерігін қандырғаны үшін, өзіне көрсетілген күтімі үшін, өзіне деген бір жылулықты, жаны ашығандықты байқағаннан кейін ұлының есімін қоюға рұқсат берген. Яғни ұлына ат қою мәртебесін берген. Бұрындары ата-бабамыз ат қойған адамды ұлықтап, төбесіне көтерген.

Ат мінгізіп, риза қылған. Ата-бабаларымыз кім көрінгенге ат қойғыза бермеген. Бала ат қойған адамға ұқсасын деген ниетпен, сол адамға тартсын деп ырымдаған. Осындай қазақтың ұмыт қалып бара жатқан ырым-тыйымдарын байқауымызға болады.

Келесі кімді де болса алаңдататын сұрақтардың бірі: есімін неге Қасаболат деп қойған? Бұрындары ат қойғанда үлкендер ырымдап ат қойған. Ұзақ жасасын, ғұмыры ұзақ болсын деген ниетпен жағымсыз естілетін, ерсі есімдер қойған. Тағы бір дәстүрге айналған есімдер ол батырлардың, үлкен істер атқарған тұлғалардың, пайғамбардың есімдерін беру дәстүрі.

Бірақ дана халқымыз баланың денсаулығына алаңдап, ол есімді алып жүрудің қандай қиын екенін ескерген. Сондықтан ержетіп, үлкейгенше еркелетіп басқа атпен атаған. Тағдырына байланысты, өзінің көзге түсетін ерекшелігіне байланысты да ат қойған. Мысалға арқау болған есім де осы дәстүрге байланысты. Бұл жерде ерекшелік қасаға жерік болғаны. Сондықтан Қасаболат деп қойғандығын аңғарамыз.

Қасаболат жұрт таң қалғандай тамаша жігіт болып ер жетіп, елінің намысын қорғайтын батыр болып, даңқы дүйім жұртқа жайылған еді дейді.

Қазақ халқында керемет ырым бар. Аяғы ауыр келіншек не нәрсеге жерік болса, кейін туатын баласының мінезі жеген жерік асына ұқсайды деген. Аналарымыз, аяғы ауыр келіншектер, екіқабат әйелдер бір ғасырда бір рет туатын нар тұлғалы азаматтарды дүниеге әкелуі үшін жерік асқа деген талғамы өзгеріп, таңдауда тоқырауға ұшырау азайса екен.

Сонда ғана он шақты Абай, Міржақып, Сәкендер көбейіп, болашағымыз баянды, әлемге даңқы жайылған қазақ елі болып танылар едік.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  • Сейдімбек А. Бейпіл сөздер: Қазақтың эротикалық фольклоры. Алматы: “Темірқазық”, 2000.
  • Ахметова З. Күретамыр. Алматы: “Самға”, 2018

МӘЛІК М.А.,

«Тұран» университетінің студенті

Ғылыми жетекші

Алтаева А.К., ф.ғ.д., профессор


ПІКІР ҚАЛДЫРУ