Жетісудың жерұйығы

5
4786

Айналайын!
Атамекен, ақ мекен,
Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!
Туған өлке тәтті екен ғой,
Тәтті екен! -деп ақындар жырлағандай,  бұл өмірге келген әр адам кіндік қаны тамған өлкесін мақтан тұтары сөзсіз. Туған жердің тауы да, тасы да ыстық, әрбір  ой-шұқыры, өзен-көлі, құмы да сен үшін асыл, сен үшін оған әлемде ешбір жер тең келмес.         Туған жерім, алтын бесігім, өзіңде тудым, саф таза ауаңмен тыныстап, киелі топырағыңды басып есейіп келемін. Өзіңде мен үшін үлгі тұтар ұлы тұлға болған, бәрімізге пана болған, ұлағатты сөздерімен дана болған Болатбек атамның салған іздері жатыр. Қаймақ қосып шай берген, мейірімін төккен Мәулетхан әжемнің аялы  алақанында, әкем мен анамның қамқорлығында алаңсыз өсіп келемін.   Менің киелі, құт мекенім Ақсу өңірі -қойнауы тұнған қазына, тарихы тереңде жатқан, табиғаты әсем Жетісудың жерұйығы. «Ағынды менің Ақсуым» деп поэзия дүлдүлі Ілияс Жансүгіров жырлаған Ақсу жері — еліміздің игі-жақсыларын жаратқан, ұлтымыздың қайталанбас тұлғаларын тудырған алтын бесік, киелі жер. Тарихтың талай сынынан, тағдырдың талай қиындығынан сүрінбей өткен, небір қиын-қыстау заманда еңсесін төмендетпей, рухын құлатпай өткен туған жерімнің тарихын мақтаныш етемін.
      Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Ақсу жеріне қазақтың маңдайына біткен ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың табаны тиген екен. Шоқан өзінің Жетісу, Аягөз жеріне жасаған саяхаттарының бірінде осы Ақсуға тоқтап, бір күн түнеп, Шыңғыс ханның ұрпағы Ежен ханның ордасы болған, бүгінде «Ежен жотасы» деп аталатын жердегі Ордабай зираты туралы «ішінде тік тұрғызылған тас мүсін бар»деген жазба дерек қалдырған.Иә, таулары тарих, даласы дастан туған жерім талай қоғамдық дәуірді бастан кешірді. Ел үшін, туған жер үшін күрескен батырларды айтсам, ең әуелі қазақ хандығын құруға белсене қатысқан, Керей мен Жәнібек хандармен бірге мемлекетті нығайтуға үлкен үлес қосқан, бүкіл Найман руының ұранына айналған Қаптағай батыр ауызға алынады.     Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі сын сағаттарда Абылайдай  ханымыздың қасынан табылған Бөрібай батыр туралы деректерді оқысақ, жоңғарлар мен қазақтар арасындағы   жекпе-жек ұрысында  матай елі атынан  жекпе-жекке шығып, жеңіске жеткен Бөрібай батырдың ерлігін Абылай хан жоғары бағалап, хандық жарлығымен бұйыра: «Есімің Матай елінің ұраны болсын!» — депті. Дес бермес, қайсар ерлігі үшін Бөрібай батыр есімі Абылай ханның ұйғаруымен найман-матай елінің ұранына айналған. Бәйгеден аты озған бала «Бөрібайлап» келген. Жауға шапқан ұлан «Бөрібайлап» шапқан. Кеңес өкіметінің оспадар озбыр ұстанымына қарсы 1930 жылы Ақсу өлкесінде матай елінің «Бөрібай» атаулы көтерілісі болған. Көтерілістің ұраны «Бөрібай» болғандықтан ел жаппай, шашау қалмай, тайлы-таяғымен  көтеріліске шыққан.   Ел үшін еңіреп туған ерлердің бірі -Ер Тоқпанбет. 1728 жылы Шұбар көл, Бұланты өзені бойында қазақ қолының ең алғашқы жоңғарларға қарсы тойтарыс беру соғысы «Қалмаққырғанға», одан Алакөл маңындағы «Аңырақай» соғысына қатысқан. 1739, 1742, 1745 жылдардағы қазақтың жоңғарға қарсы тойтарыс соғыстарында да ерен ерліктер көрсете білген. 1745 жылғы жоңғармен жекпе-жек майданында қатарынан үш мәрте ұрысқа шығып, үш рет жеңіске жетеді. Сол үшін Ер Тоқпанбет Абылай ханнан «Үш тоғыз өсімтал бол» деген батасын алған.   Ақсу жері батырларға кенде емес. Қара батыр, Шоңай батыр, Қайнар батыр, … деп айта беруге болады. Олардың әрқайсысының ел тарихына қосқан үлесі өлшеусіз. Солардың ішінде отаршылдыққа қарсы күреске Тәнеке батыр туралы айтпауға болмайды.  Сол тұстағы атақты Кеңесары Қасымовтың көтерiлiсiне үн қосқан Тәнеке батыр -өзiнiң қол бастар батырлығымен де, ел бастар көсемдiгiмен де елдiң құрметiне бөленген тұлға. Шоқан Уәлихановтың экспедициясын Қашқарияға жеткiзу үшiн осы маңның жер жағдайын жақсы бiлетiн әрi кездейсоқ болатын қауiп-қатерден қорғай алар ержүрек батыр керек болды. Жетiсу өңiрiндегi сенiм бiлдiруге болатын мұндай бiрден-бiр адам – Тәнеке батыр болды. Тәнеке батыр патша үкiметiнiң тарапынан жасалған қысастықтардан жергiлiктi халыққа арашашы болған, қорған бола білген еді. Қазақтың соңғы ханы, тәуесіздігі  үшін күрескен Кенесары ханның үзеңгілес досы, сенімді серігі болған. Қапыда қырғыз манаптарының қолынан қаза болған қайран Хан Кененің кегін қайтару үшін садыр-матай руынан қол жинап, қырғыздарға аттанған да осы намысшыл, хас батыр Тәнеке еді-ау!  Негізінде, адамға тектілік туған жердің қасиетті топырағы арқылы дарымаушы ма еді! Қазақ жеріндегі жаңа типтегі тұңғыш мектеп ашқан Ақсу жерінің атақты байы Маманның балалары еді. Сол «Мамания» мектебі, «Қарағаш» мектебі, «Медресе мамания» 20 ғасырдың басында жұмыс істеген. Маман балалары Тұрысбек, Сейітбаттал және Есенқұл қажылар 1899 жылы ұйымдастырып, 1903 — 1904 жылы салып бітірген. Мектептің құрылыс жобасы, оқу бағдарламасы, ішкі ережелері Уфадағы “Медресе-Ғалияның” оқу-тәжірибесіне негізделді. Мектепте арнаулы оқу орындарын бітірген қазақ, татар мұғалімдері сабақ берген. Сабақ ана тілінде жүргізілді. Орыс тілі 4-кластан бастап жеке пән ретінде оқытылды. Мектепте діни сабақпен қатар жаңа пәндер (география, есеп, орыс тілі, ана тілі,т.б.) оқытылды. Б.Сүлеев, М.Ермектасов, Ә.Жайшыбеков, ақын І.Жансүгіров — Мамания мектебінің түлектері. 1928 жылы қазақ байларын кәмпескелеу кезінде Маманның ұрпақтары жер аударылып, қуғын-сүргінге ұшырады. 
      Маман қажының баласы Есенқұл қажы  ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамында болған саяси-әлеуметтік қозғалыстардың бел ортасында жүрген қазақтың оқыған азаматы еді. Ол Әлихан Бөкейханұлы, Мұхамеджан Сералин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы тәрізді  ұлт қайраткерлерімен араласып, қазақтың болашағына алаңдап отырған, Алаш қайраткерлерін қай жағынан болса да қолдап отырған ардақтысы еді. Есенқұлдың тарихта атын шығарған қайырлы ісі – 1914 жылы қазақ жазушыларына арнап, тұңғыш рет роман бәйгесін жариялауы. 1915 жылғы «Айқап» журналының № 7-8 санында: «…Құдайға шүкір, біздің қазақ арасындағы ғылымның қадірін білуші, дәулетін ғылым жолына жұмсаушы байларымыз бар екен. Альфред Нобель жолымен Есенқұл бай Маманов жүріп отыр. Роман жазған адамға ақшалай бәйге тігіп отыр, жазылған романдарды білгірлердің сынына беріп отыр. Есенқұл байдан үлгі алмақ, оның салған жолымен жүрмек – қазақтың басқа байларының міндеті» деген мақала бар.
       Қазақ халқы — табиғатынан батыр халық.  Елінің бостандығы үшін бастарын бәйгеге тіккен біртуар тұлғалар қаншама! Солардың ішінде Ақсу жерінен шыққан мемлекет және қоғам қайраткерлері Мұхамеджан Тынышбаев, Біләл Сүлейұлы, Ілияс Жансүгіров,Барлыбек Сыртанов сияқты Алаштың арыстары бар. Қазақ поэзиясының Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров, қазақтың тұңғыш темір жолын салушы Мұхаметжан Тынышбаевты білмейтін қазақ жоқ болса, Барлыбек Сыртановтың  қазақ тарихындағы орнын бәрі біле бермейді. Тар заманда туса да, елінің келешегі үшін жанын аямаған аяулы тұлғаның қысқа ғұмыры тек игі істерге жұмсалған. Сол кездегі  оқыған аз қазақтың бірі болып, Б.Сыртанов Верный ер балалар гимназиясында орта білім алып, 1886 жылы Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетіне оқуға түседі.      1905 жылғы Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде алаш зиялылары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаевтармен бірге Барылбек Сыртанов та Қазақ ұлтының жерге қатысты және өзгеде құқықтарын талап етіп, патшаға петиция жазады.  Әлихан Бөкейхановтың өтініш айтуымен «С.Б.Алашинский»  деген бүркеншік атпен Қазақ елінің алғашқы Конституциясын («Қазақ елі уставы») жазып шығады.
         Киелі мекенім Ақсу жері — батырға да, ақынға да, әнші-күйшіге де, спорт саңлақтарына да бай өлке. Осы ауданнан еңбегімен ел құрметіне бөленген Нұрлан Оңалдинов, Отызбек Сүйеубаев, Наужан Нұрсейітов, Құрманбай Жанбаев, Тыныбай Балтабаев, Отто Адлер сынды Социалистік Еңбек ерлері шығыпты. Сондай-ақ  атақты 28 панфиловшылардың бірі, Кеңес Одағының Батырлары Нұрсұлтан Есеболатов пен Есмұрат Сиқымов та – ел мақтанышы.
      Ақсу — Біржан сал іздеп келіп айтысқан ақын Сараның елі; Қуат Терібаев, Ғали Орманов, Құдаш Мұқашев, Свет Оразаев , Қанипа Бұғыбаева, Тұрсынзада Есімжанов, Жамау Бұхарбаев, Шәкен Күмісбайұлы, Хасен Қожа-Ахмет,Талапбек Сұлтанбековтей ақын-жазушылар елі ;Есболған Жайсаңбай, Рақым Тәжібай Болат Әбділман , Мұратхан Егінбаевтай өнер иелерінің елі; Мұхтар Арын,Жүрімбек Сыдықовтай ғалымдар елі; Исатай Исабаевтай қылқалам шебері,  Әбілсейіт Айқановтай жамбасы жерге тимеген палуан туған жер ,Жекен Қалиұлы, Ақан Нұрманов, Жаскілең Қалиев, Дүйсетай Бекежанов, Василий Осипов, Мақсұт Нәрікбаев, Оңалсын Жұмабек, Сағатбек Тәжиев, Бақытжан Жұмағұлов, Болат Жәмішев, Ләззат Сүлейменовадай қоғамның әр саласында ел тізгінін ұстаған азаматтар дүниеге келген жер. 
   Кейінірек білдік, кезінде жер жүзіне әйгілі АК автоматының конструкторы Михаил Калашников те осы Ақсудан шыққан екен. 
   Ал 2007 жылы үш баланы анасымен бірген өрттен құтқарған Азамат Жұмаділов Халық қаһарманы атаныпты…  
  Осынша даңқ бір өлкеге аз емес-ау!
Туған жердей жер болмас,
Туған елдей ел болмас».
  Туған өлкемнің тарихы – қазақ елінің тарихы. Оның әрбір азаматы ел тәуелсіздігіне өз үлесін қосты, әлі де қосып келеді.
      Болашақтың кілті біздей жастардың қолдарында. Сол үшін мен еліме пайдамды тигізіп, болашағы үшін аянбай еңбек етуім керек деп ойлаймын. Туған жердің қасиетін сезіне білсек, ел қамын ойласақ, тілімізді, дінімізді қадірлесек, ойлаған мақсатымызға жеткен болар едік.

Болатбек Анел
Алматы облысы, Ақсу ауданы,
Жансүгіров  ауылы  Сыдықов атындағы
 орта мектептің 10-сынып оқушысы 

 


5 ПІКІРЛЕР

  1. Болатбек Анелдің шығармасында өз елінің тарихын өте жақсы білетіні көрінеді. Туған жеріне деген сүйіспеншілікке толы екен. Өте жақсы жазылған

  2. «Мәртебе» сайтына осындай байқаулар ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын. Жас ұрпақтардың бойында отаншылдық сезімді оятатын әрі қазақтың әр жерінің тарихын білуге болатын, қажетті мәлімет ала алатын осындай байқаулар жиі ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді.

  3. Болатбек Анел жақсы жазыпты. Көлемі үлкен, материалдар мол. Тарихты жақсы біледі. Маған ұнағаны -Кенесарының кегін алған Тәнеке батыр туралы мәлімет. Соған өте риза болдым.

  4. Қазақтың барлық жері әдемі, тарихқа бай екенін білеміз. Ал, Болатбек Анел шығармасын оқи отырып, мен де өз туған жерім туралы іздене бастадым. Өз елінің тарихын жетік білетін Анелге риза болдым. Әсіресе, дүние жүзіне әйгілі АК автоматын жасаған Калашников біздің қазақ жерінен шыққанын біліп, таңырқап қалдым. Шығарма ұнады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ