Жаяу Мұса Байжанұлының әншілік өнері

0
4124
Байжанұлы Жаяу Мұса (1835—1929) — қазақ халқының әйгілі әнші-сазгері, ақыны. Туған жері — Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің жағасы, Ақшоқы алқабы. Шыққан тегі — Орта жүз, Арғын ішіндегі Сүйіндік руы. Алғаш ауыл молдасынан оқып, сауат ашады. Оң-солын тани келе өнер-білім қуып, Қызылжар, Омбы қалаларына келеді. Омбыдағы орыс мектебінде оқиды, қала өнерпаздарымен араласып, домбыра, сырнай, скрипка аспаптарын тартуды меңгереді, өзінің сезім-күйін әнге қосуға машықтанады, музыкалық әдеби кештерге араласады. Бойындағы өнерін жұрт алдында көрсете бастайды.

Қаладағы оркестрлердің, әншілердің орындауындағы концерттерді қызыға тыңдайды. Бұл оның музыкалық-эстетикалық талғамын қалыптастыруда үлкен рөл атқарды. Жаяу Мұсаның Шоқан Уәлихановпен бірге жүруі, Ыбырай Алтынсариннің өлеңіне («Кел, балалар, оқылық») ән шығаруы, өлеңмен күнделік жазуы, Абайға өлең арнауы, Л.Н. Толстой кейіпкерінің атын баласына қоюы — оның заман лебін терең сезінгендігін байқатады. 1854 жылы Омбы қаласындағы орыс мектебінде оқыған. Осындағы кітапханадан Санкт-Петербор, Мәскеу, Қазан, Орынбор, Ақмола, тағы басқа қалаларда шығатын газет-журналдармен, кітаптармен танысады. Жаяу Мұсаның тырнақалды туындысы «Қыздар-ай» Омбыда дүниеге келді. Ол туған ауы-лына сауатты азамат, музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын өнерпаз болып оралады. Келе ауыл өміріне қызу араласты. Әкімдердің, би-болыстардың парақорлығын әшкерелеп, әсіресе, Баянауылдың аға сұлтаны Мұса Шорманов пен оның інісі Мұстафаның зорлық-зомбылығын айтып, Омбы генерал-губернаторына шағым жазады. Сол үшін ағайынды Шормановтар оның астындағы атын тартып алып, «жаяу» атандырды. Осы тұста шығарған «Ақсиса» әнінде — әлеуметтік теңсіздікке өз наразылығын білдіреді. Билігі жүріп тұрған Шормановтар әр түрлі жала жауып, 1860 жылы оны Тобылға 12 жылға жер аудартады. «Сүйіндік», «Тұтқын зары» әндері осы кезде шыққан. Тұтқында 2 жыл болғаннан кейін өзі сұранып әскерге кетеді. Оны Литвада Орталық Азия жорығына дайындалып жатқан Г.Черняевтің отрядына жібереді. 1863-1865 жылдары осы отрядтың жүк батальоны құрамында Шымкент, Әулие-ата (Тараз), Верный (Алматы) жорығына қатысқан. Черняевтің халыққа көрсеткен зорлығына қатты наразы болып, туған ауылына оралады. Оған ата жаулары елде де тыныштық бермей, қайта қуғынға салған. Жергілікті халықтың ауыр тұрмысын, билеушілерден көрген зорлық-зомбылығын айтып түсіндіру үшін ол Санкт-Петерборға аттанады. Бірақ одан да қолдау таба алмаған соң, Латвияда, Польшада болып, соңынан Қазанға келіп аялдайды. Жаяу Мұсаның әншілік, композиторлық өнері халық музыкасымен тығыз байланыста дамыды. Сол тұста өмір сүрген Тоқсанбай, Жанақ, Түбек, Көтеш, Жаңабай сынды ақын-жыршылардың дәстүрлерін үлгі тұтып, жаңалыққа құлаш ұрды. Жаяу Мұсаның әлеуметтік теңсіздікті әшкерелейтін «Ақсиса», «Хаулау», «Шормановқа», «Толғау», «Бұзау зары», «Тұтқын зары», «Сүйіндік», туған жер табиғатын суреттейтін «Баянауыл», «Жаздың күні», «Жазда», «Ұлытау», «Сарын»; аңшылық-саятшылық туралы «Тұрымтай», «Қаршыға», «Көгершін», күлдіргі «Құлбай», «Қазан қыздары», махаббатты жырлайтын «Сұрша қыз», «Шолпан», «Сәулем қыздар», «Гауһар қыз», «Ләйлім»; өмірлік серігі Сапарға арналған «Келдім, Сапар, басыңа» атты әндері бар. Сондай-ақ, ол — лирикалык сипаттағы «Қыз күйі», «Қыз-бала күйі», «Қызқарқара», «Қамшылау» сияқты күйлердің де авторы. Жаяу Мұсаның музыкалық шығармалары — халықтың әншілік-орындаушылық дәстүрі, сондай-ақ, қала әсерінен пайда болған марш, би ырғағындағы туындылар негізінде дамыған. Әндерінде диатоникалық жүйедегі ладтар басым. Жаяу Мұсаның әндерінде қазақ халык әндерінде аса сирек кездесетін құбылыс — классикалық музыканың формасын құрайтын ерекшеліктер «Ақсиса», «Ескендір», «Тұрымтай» әндерінен анық байқалады. Жаяу Мұса композитор, әнші ғана емес, өз әндеріне лайықтап, өлең шығарған ақын. Көптеген мысқыл өлеңдерімен қатар «Шал мен торғай», «Бөдене мен қаншыр» атты мысалдары да бар. Жаяу Мұса көңілге түйгендерін орысша, қазақша қағазға түсіріп отырған. Қазақ қоғамының әлеуметтік. істеріне белсене араласып, ұлт мәдениетіне елеулі үлес қосқан. Жаяу Мұсаның көптеген колжазбалары Алматы, Қазан, Санкт-Петербор, Омбы мұрағаттарынан табылған. Оның әндері мен күйлерін алғаш нотаға түсіріп, жазып алғандар — Александр Затаевич, Ахмет Жұбанов, Борис Ерзакович, Михаил Лалинов, әндерін айтып берушілер — Қосымжан Бабақов, Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев, Қуан Лекеров, Жүсіпбек Елебеков және Жаяу Мұсаның баласы Салық Мусин. Оның музыкалық мұрасын қазақ композиторлары опера («Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Біржан — Сара», «Бекет»), симфония, эстрада жанрларында пайдаланған. Жаяу Мұсаның әндері қазіргі әншілердің (Ермек Серкебаев, Қайрат Байбосынов, т.б.) репертуарынан орын алды. Әнші бейнесі көркем шығармаларда, Зейтін Ақышевтің «Жаяу Мұса» романында сомдалған. Павлодар облысының Ақсу қаласындағы мәдени-ағарту училищесі және Павлодар қаласының бір көшесі Жаяу Мұсаның есімімен аталады.Жаяу Мұсаның тағы бір ерекшелігі: ол өз заманының әлеуметтік, қоғамдық мәселелеріне белсене қатынасып жүргендігінен өзінің ақындық шығармаларында немесе композиторлық өнерінде әрдайым халықтық-бұқарашылдық бағытты берік ұстайды, өмір бойы үстем тап өкілдерімен күресе отырып, сол замандағы қазақ ауылының шындығын батыл суреттейді.

Дарынды композитор, ақын Жаяу-Мұсаның өнері Ұлы Октябрьден кейін ғана гүлдене, қанаттана түседі. Ол бұл шақта қартайыңқырап қалса да, еңбекші халықпен бірге ел шаттығын, бостандыққа жеткен кедей шаруаның көңіл күйін шертеді. Жаяу-Мұса Байжанов 1929 жылы 94 жасында қайтыс болды.

Жаяу Мұса – атақты халық композиторы, оның ел арасында мол жайылған, халық сүйіп айтатын көптеген тамаша әндері бар: «Баянауыл», «Гауһар қыз», «Ақ сиса», «Ақ шашақ», «Хаулау» т.б.

Жаяу–Мұса – ұзақ өмірінде түрліше себептермен көптеген елдерді аралаған адам. Біржан дәстүрін дамытқан өнер иелерінің бірі бола тұрса да, Жаяу-Мұса қазақ музыкасына мазмұн мен түр жағынан елеулі жаңалықтар әкелді. Алдымен, ол шығарған өлеңі мен әні, түгелдей дерлік, әлеуметтік мазмұнға құрылып, жаңа ырғақтар табады, қала мәдениетінің элементтерін батыл енгізіп, көңілді, жігерлі, ырғақты әуендер туғызады. Бұл ретте композитор орыс пен татар халықтарының музыкалық қазынасын еркін және шебер пайдаланып, би, марш үлгілеріне жақын ырғақты әуендер шығаратын болады.

Жаяу-Мұса Байжановтың қазақ музыкасына енгізген жаңалықтарының түп тамыры композитордың өз басынан кешкен күрес пен тартысқа толы бай өмір эпизодтарына тығыз байланысты. Жеке басының ізденуі мен асқан дарынының арқасында Жаяу-Мұса Байжанов қазақша, орысша сауатын ашады; 13 жыл бойы оқып, өз заманындағы болған саналуан, күрделі өзгерістерді түсінерлік білімі бар көрнекті қайраткер дәрежесіне көтеріледі. Ұзақ өмірінде сан рет бай-феодалдар тарапынан қуғын көріп, бірнеше мәрте жер аударылса да, Жаяу-Мұса мойымайды, жасымайды, қашан да бұқара шаруаның жоқшысы, қамқоршысы болады.

Рас, Жаяу-Мұса Байжановтың ақындығынан гөрі композиторлық өері басым екені мәлім. Жоғарыда айтқанымыздай, композитордың шет елдерді аралауынан болса керек, оның әндері өзге әнші-ақындар мен қазақтың ежелгі халық музыкасына стиль жағынан ұқсамайды, өзіне тән ерекшеліктері мол кездеседі. Бірақ мұндай айырмашылықтарды әншейін сырттай еліктеуден туды деп қарасақ, бұл жаңалықтар қазақ музыкасының табиғатына жат, қонымсыз құбылыс деп танысақ, онымыз, сөз жоқ, жаңсақ, қате түсінік болар еді. өйткені Жаяу-Мұса орыс, татар мәдениетінен үйренгенде, тек сырттай еліктеп қойған жоқ, туысқан елдердің бай музыкасын пайдалана отырып, қазақ әндеріне европалық сыр-сипат бере білді, сөйтіп, құлпырта, ажарландыра түсті; олардың (қазақ әндерінің) мелодиялық мүмкіншілігін кеңейтті; демек, бүкіл қазақ музыкасын жаңа сатыға көтерді.

А. Затаевичтің жазуына қарағанда, Жаяу Мұса шығармаларынан тек қазақ әуендері емес, «марш», «вальс», «мазурка» сияқты батыс музыкасына тән леп есіп тұратыны да содан болуға тиіс. Әсіресе, ол би музыкасына да қатты ден қойған.

Қызылжар, Омбы сияқты үлкен қалалардан тәлім-тәрбие алған Мұса жаз айларында еліне келгенде үстіндегі ықшам киімі, тек домбыра ғана емес, сырнайда, скрипкада ойнайтын өнері, қазақ ақындары ғана емес, орыс поэзиясының да кейбір үлгілерін жатқа білетіні, орыс жазушыларының шығармаларының мазмұнын қызықты етіп айта білетіні ауыл адамдарын, әсіресе, жастарды таң-тамаша қалдырады. Әшейінде ауыл үстінен ат ойнатып өтетін орыстармен емін-еркін сөйлесуі, заң-законды жақсы білетіні ауылдағы атқамінерлердің аузын аштырады.

Ел ішіндегі ақсүйек, шонжарлардың алдында «жаман Байжанның Мұсасы» емес, мұсылманша да, орысша да сауатты жігіттің еркінсініп, бұлғақтап жүргені «мен тәуірмін» дегендерді төмендетіп, бедел-абыройын кетіре бастағандай болады. Енді олар Мұсаның ел алдындағы беделін түсіруді ойластырады.

Баянауылда ол кезде Шорман атты атақты кісінің Мұса, Мұстафа деген екі баласы билік басында жүрген. Байжанның Мұсасында өзі мініп жүруге жарайтын жалғыз жақсы аты бар екен. Мұстафа: «Бір елге екі Мұса жүрмейді, сенің атың Жаяу Мұса болсын» деп, атын тартып алады. Бұл қорлыққа шыдамаған Мұса атақты «Ақ сиса» әнін шығарған:

Ақ сиса, қызыл сиса, сиса-сиса,
Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса.
Шорманның Мұстафасы атымды алып,
Атандым сол себепті «Жаяу Мұса».
Жаныма батқандықтан ашынамын,
Мен неге жаяумын деп басыламын?
Малым жоқ Шорман айдап алатұғын,
Қылығын Мұстафаның паш қыламын!

Мұндағы «паш қыламын» деген сөз әшкерелеймін, жария етемін деген мағынаны береді.

Жас жағынан қатар-құрбы болып келетін Шоқан Уәлиханов Жаяу Мұсаның жан-жақты өнеріне, білім парасатына сүйсініп, өзімен бірге алып жүрген. Қазақстанның оңтүстігін Қоқан ханы езгісінен құтқарамын деп уәде бере тұра, жай халыққа аса қатігездік көрсеткен, кейін генерал атағын алған орыс полковнигі Черняевтің әскерінде екеуі бірге жүргенін білеміз. Бірақ олар Черняевтен көңілі қалып, Шымкентке жетпей қайтып кеткен. Шоқан бұрынғы Талдықорған облысының жерінде қаза болады, ал Мұса еліне қайтқан.

Бізге оның әндері қымбат. Әр жағдайға байланысты шығарған: «Құлбай», «Шолпан», «Тұрымтай», «Сапар», «Көгаршын», «Хаулау», «Сұрша қыз», «Гауһар қыз» сияқты құрылымы ерекше әндері халықпен бірге жасап келе жатыр.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ