ҰСТАЗДЫҚ ЕТУ – МЫҢЖЫЛДЫҚТЫ ОЙЛАУ

0
1126

Гүлмира ӘШІРБЕКОВА

\r\n               Ұстаз – мәртебелі мамандық. Ертеректе мектеп оқушылары мұғалім болғысы келетін, сабақ берген апайы мен ағайына еліктеп өсетін. Тіпті көшеде мұғалімді көргенде, ол өтіп кеткенше бас киімдерін алып, құрмет көрсететін. Мұғалім сөйлегенде жұрт ұйып тыңдаған. Ол кезде мұғалім ел үлгі алатын, интеллектісі жоғары тұлға саналды. \r\n\r\n            Тәуелсіздік алғаннан кейінгі нарықтық экономикаға көшкен тұста қоғамда қаржы, есеп, құқық саласының мамандарына сұраныс көбейді. Көпшілік жалақысы мол мамандықтарға қызықты. Әрине бұл — әр кезеңнің өз талабы. Осы кездері мұғалімдік кәсіпке қызығушылық күрт төмендеп кетті. Кешегі Алаш ақыны Мағжан айтқан төрге ұстаз емес, шен-шекпенділер, шенеуніктер жайғасты. Мұғалімнің мәртебесі мен беделі түскен кезең де өтті. \r\n\r\n             Бүгінгі таңда ұстаз беделін, мәртебесін көтеру, қолдау жасауға аса көңіл бөлінуде. Бұл – қуанарлық жайт. «Тағылым» журналы қоғамдағы ұстаздардың ролін арттыру мақсатында өзі ісіне жауапкершілікпен қарайтын, ұстаз дейтін ардақты есімге лайық үлгілі жандарды оқырманға насихаттап келеді. Солардың бірі – Гүлсана Қоңқышқызы Талқанбаева.  \r\n\r\n… Гүлсана кішкентайынан дәрігер болуды армандады. Үлкен ағасы «егер дәрігер болғың келсе, химия мен биологияны жақсылап оқуың керек» деп қадағалайтын. Талабы мен дәрігер болуға деген ынтасының арқасында аталған екі пәнге аса ден қойып оқыды. Химияның қиын есептерін шығару оңайға түскен жоқ. Оның үстіне зертханалық жұмыстар жүргізетін құрал-жабдық та жетімсіз. Бары қолға түсе бермейді. Соған қарамастан Гүлсана алдына қойған мақсатқа жету үшін бар ықыласымен санасына сіңіруге тырысатын. Ол Алматыдағы медициналық институтта білім алуды армандайтын. Мектеп бітіретін жылы ата-анасына бұл ойы туралы айтқанда, олар ұзақ ойланып отырып қалды. Бұл — кеңестік биліктің іргесі сөгіле бастаған 1987 жылдар болатын. Желтоқсан оқиғасының дақпырты мен аракідік түрлі сыбыстар әлі де басыла қоймаған кез. Орталықтағы осындай саяси жағдайды ойлады ма, әлде қыз баланы үйден жыраққа жібергісі келмеді ме, ата-ана шешімі бойжеткеннің жоспарын мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді. Әкесі: «қызым, Алматыға барып оқу оқимын деп елден жырақтап кетесің. Одан да көз алдымызда жақын жерден Қызылордаға мұғалімдікке бар. Біз солай шешіп отырмыз», — деп кесіп айтты. Іштей қатты қиналса да, ата-ана шешіміне қарсы тұрар қауқар жоқ. Құжаттарын тез жинақтап сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың жарытылыстану факультетіне емтихан тапсырып, бағы жанып оқуға түсті. Мектеп қабырғасынан жетік меңгерген химия, биология, анатомия пәндерінен алған білімін одан әрі толықтырып, педагогика, психология курстарын да аса қызығушылықпен оқыды. Осылайша тағдыр Гүлсанаға мұғалім болуды бұйыртты.\r\n\r\nЕліміз тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылы Гүлсана Қоңқышқызы да институтты тәмамдап, Сырдария ауданындағы №154 орталау мектептің химия-биология пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Алғаш мұғалім болып жұмысқа қабылданған кезі әлі есінде. Көздері жәудіреген оқушыларды көріп, қатты қысылды. Амандықтан кейін оқушылардың аты-жөндерін атап танысып шықты. Үй тапсырмасын сұрауды бастағанда, балалардың өзін бақылап отырған көзқарастарын байқады. Жан-жақтан жіті қадағалауға алған жанарларды қайтсем жаулап алам деп сәл-пәл ойланып тұрды да, жаңа тақырыпты түсіндіруге кірісіп кетті. Алдын ала дайындалған қызықты мәліметтер, күнделікті тұрмыспен байланысты мысалдарды естігенде оқушылардың көздері жайнап, сұрақ қоя бастады. Сабақты түсіндіру барысында өткен тақырыпқа байланысты бірнеше сауалдар қойып, оқушылардың да деңгейін байқады. Сол күннен бастап Гүлсана-мұғалім оқушымен қиын да қызық еңбек жолын бастап кетті.\r\n\r\nХимия және биология пәндерін игерту үшін күнделікті оқушыларды жалықтырмайтын әдістерді қолдану керек. Химияның алғашқы сабағын қызықты өтпеген мұғалімге одан кейінгі тақырыптарды түсіндіру мүлдем қиынға соғады. Сондықтан да күнделікті жаңа сабақты жаңа тәсілдермен ұғындырса, оқушылардың да қызығушылығы оянады. Көпшіліктің санасында химияны меңгеру қиын, ол түсініксіз пән деген пікір қалыптасып қалған. Химия дегеніміз – күнделікті тұрмысымызда қолданылатын әрбір затымыз, құралымыз. Сондықтан да қолымыздағы дүниенің қалай жасалғанын, қалай дайындалғанын білу әсіресе жасөспірімдер үшін қызықты деп ойлаймын. Өйткені олар кез келген сынаққа дайын тұрады. Әсіресе зертханалық жаттығуларды зор ықыласпен жасайды. Мұғалім осындай сәттерде оқушының ынтасын қолдап, әрі қарай білімін тереңдете түсуіне ықпала ете білгені абзал, — дейді Гүлсана. Оқушымен жұмыс жасағанда, үлкен жауапкершілікті сезіне білген адам ғана нағыз мұғалім бола алады. Осы жауапкершілікті жүрегімен ұғынып, көтере білген Гүлсана 1994 жылдан бері №136 Т.Жүргенов атындағы мектеп-лицейде химия-биология пәндерінің мұғалімі қызметін атқарып келеді. «Мұғалім оқуын тоқтатқан күні балаға білім беруден қалады» деген даналық сөздің астарында үлкен шындық жатыр. Мұғалім үздіксіз ізденгенде, талмай еңбектенгенде ғана жұмысы жемісті болмақ. Гүлсана да сондай тынымсыз жандардың қатарында. Химия мен биология пәндерін қатар алып келе жатқан ұстаз ғылымдағы жаңалыққа үнемі құлақ түріп жүреді. Білім беру саласындағы оқытудың жаңаша тәсілдерін меңгеріп, өз тәжірибесіндегі оңтайлы әдістерді әріптестерімен бөлісіп отырады.\r\n\r\nЕліміз азаттық алған алғашқы жылдар әлі күнге жұрттың жадында. Қоғамдағы экономикалық өтпелі кезең талай жанның тағдырын түрлі-түрлі жолдарға салды. Сол жылдары уақытша қиындыққа төзе алмаған бірқатар мұғалімдер күнкөрістің қамымен ала дорба арқалап, саудаға шықты. Талай рет қиналғанда Гүлсана мектептен шығу, мұғалімдіктен кету туралы ойламапты. «Менің мектептен кетпеуіме де оқушыларымның ықыласы себеп болған шығар», — дейді ол. Күнделікті жаңа тақырыпқа балалардың қызығушылығын арттырып, қайтсем сабақты қызықты өтем деген тынымсыз еңбектің арқасында айлап алмаған жалақы естен шығып кетсе керек. Асылында өз мамандығыңа деген құрмет, жауапкершілік бәрінен биік тұрары сөзсіз. Ең бастысы – жасаған еңбегіңнен ләззат алу, шын рахатқа бөлену. Жүрегіңмен қалаған жұмысыңды шынайы ықыласпен атқарудың өзі бақыт екендігін мойындауымыз керек. Гүлсанадан білім алған шәкірттер жиі хабарласып, тіпті арнайы келіп сәлем беріп, алғыстарын айтады екен. Сондай сәттерде еңбегімнің нәтижесіз емес екенін сезінем, — дейді. Мұғалімдік мамандық жаны нәзік, сезімтал жандар үшін арналғандай. Шын мәнісінде ұстазға шәкіртінің шынайы ықыласынан артық мәртебе жоқ.\r\n\r\nГүлсана Қоңқышқызы 1998 жылы Қызылорда қалалық білім бөлімі өткізген «Жыл биологы» байқауында Құрмет қағазын, 2001 жылы «Жыл сынып жетекшісі» байқауына қатысып, лауреат атанады. Осы жылдары оқушылары Г.Исаева республикалық олимпиаданың ІІ кезеңінде 2-орын, одан кейінгі 2000 жылы 3-орын алады. 2001 жылы Г.Талқанбаева дайындаған мектеп түлектері Г.Исаева, А.Темірбаевтар Ақтөбе мемлекеттік медициналық университетін бітіріп, бүгінде білікті дәрігерлер қатарында еңбек етіп жүр.\r\n\r\n2004 жылы Э.Асанова биология пәні бойынша республикалық олимпиаданың ІІ кезеңінде 3-орын, 2006 жылы 1-орын, Д.Раманқұлова 3-орын алған. 2009 жылы Д.Тұрғанбекова, 2011-2012 жылдары А.Пашенов республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі 2-3-орындармен марапатталды.\r\n\r\n2007 жылы шәкірттері М.Төремұратова Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінің, А.Жүсіпова Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша грант иегерлері атанды. 2008 жылы М.Төлегенова Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің, А.Мұратова, Е.Сейітовтер Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің грантына ие болды. Осылайша Гүлсана талмай еңбектенудің арқасында өзі жете алмаған биікке шәкірттерін баулып келеді.\r\n\r\n«Ұстаздық жолды таңдағаныма қазір еш өкінбеймін. Өйткені оқушылармен жұмыс мені жаңалыққа жетелеп отырады. Уақыт талабына сай болу үшін үнемі ізденісте болып, білімді үздіксіз толықтырып, жаңалап отыру және ғылымнан хабардар болу қажет», — деп жазады Гүлсана мақаласында. Ұстаздық қызметте сабақ беруді жетілдіру ғана емес, шығармашылық тұрғыдан да толысып отыру – бүгінгі күннің міндеті. Бұл орайда Гүлсана Қоңқышқызы әр жылдары тамыз мәслихатында, түрлі семинарларда баяндама жасап, өз тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп, бала тәрбиесіндегі түйткілді мәселелерді талқылап отырады. 2003 жылы «Жаңа буын оқулығын оқытудың жаңаша әдістері» атты әдістемелік құрал жазып, облыс мұғалімдері арасында таратылды.\r\n\r\n2010 жылы Гүлсана Талқанбаева Қызылорда қалалық білім бөлімі өткізген семинарда авторлық бағдарлама дайындап, оқу-әдістемелік кешенін электронды түрде қорғап шығады. Осы жылы ол Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің  «Химияны оқыту әдістемесі» мамандығы бойынша магистратураға оқуға түседі. Уақыт ағымына, заман талабына сай болу дегеніміз осы емес пе?! Гүлсана білім алған ұстаздарын әрқашан мақтан тұтады. Білім ордасының 75 жылдық мерейтойына байланысты облыстық «Сыр мектебі» газетіне «Ғалымдар ұясы» атты мақаласында ұстаздарына шексіз алғысын білдіреді. Университет профессор-оқытушылары К.Сәдуақасқызы, Ә.Тапалова, С.Наренова, Г.Абызбековалар Гүлсананың мұғалім ретінде жан-жақты толысуына, ғылыми еңбек жазуына ықпал еткен. «… ұстаздарымның «мұғалім өзін баланың жанашыры, — деп түсінуі керек, қазіргі педагогика талабы бойынша мұғалім балаға дайын білімді бермеу керек, оның өзінің өз бетінше білім алуына көмектесіп, жағдай туғызу және шебер ұйымдастыра білуі керек және барлық бала өз әлінше ғылыми жұмыспен айналысу керек, тек ғылым арқылы оқыту керек» деген ұлағатты сөздері әлі күнге санамда сайрап тұр. Осы ақыл сөздер болашақта маған бағыт-бағдар сілтеп, менің қозғаушы күшім болары сөзсіз»,- деп ағынан жарылады Гүлсана Талқанбаева.\r\n\r\n«Ғылымды күшті меңгерген және оны сүйетін мұғалім ғана өз шәкірттерінің бәріне жемісті ықпал жасайтын болады», — деген ұлы химик Менделеевтің ұлағатты сөзі осындай үлгілі ұстаздарға арналса керек. Гүлсана Қоңқышқызының жиырма екі жылдық еңбек жолында іздену, өзін-өзі жетілдіру, білімін дамыту, шәкірттерін ғылымға баулу, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуде абыройлы еңбек еткенін байқаймыз. Гүлсананың осындай жемісті белесі – 2012-2013 жылдар десек артық айтқанымыз емес. Осы жылы химия және биология пәндері мұғалімдерінің арасында өткізілген облыстық олимпиаданың 1-кезеңінің қорытындасы бойынша жоғары нәтиже көрсеткені үшін Қызылорда облыстық білім басқармасының дипломымен марапатталды.\r\n\r\n2012 жылы мамыр айында Қызылорда қалалық химия және биология пәні мұғалімдерінің арасында өткен педагогикалық оқуда «8-сыныпта бейорганикалық қосылыстардың негізгі кластарын оқыту кезінде қолданылатын жаңа типті оқу-әдістемелік кешендердің оқушылардың білім нәтижелерін арттырудағы мүмкіндіктері» атты баяндамасы бас жүлдеге ие болды. Осы жылы Өскемен қаласында 28-29 маусымда өткен «Мектептегі жаратылыстану ғылымы: ХХІ ғасырдағы қоғам, ғылым, және технология» атты республикалық химия және биология пәні мұғалімдерінің І сьездіне делегат ретінде қатысты. Сьезде ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Бұл — еткен еңбек пен төгілген тердің жемісі!\r\n\r\nСоңғы жылдары білім беру саласына мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп, білім сапасын жақсарту мен әлемдік білім кеңістігіне енуге қомақты қаржылар бөлінуде. Болашақта ғылым мен білімге инвестиция тарту, ғылыми жаңалықтардың өндіріске енгізу қарқынды түрде дамитын болады. Мұғалім беделі мен мәртебесін көтеруге, олардың біліктілігін арттыруға барынша жағдай жасалып, мол мүмкіндіктер берілуде. Соның бір айғағы, облыс әкімінің білім саласындағы қызметкерлерге сыйақы тағайындауы дер едік. Бұл – ең алдымен мұғалімге жасалған құрмет. Сондай-ақ олардың ұрпақ алдындағы жауапкершілігін жоғарылатса, екінші жағынан жас мамандардың өз ісіне қызығушылығы мен сенімін нығайтады. 2013 жылы Гүлсана Талқанбаева Қызылорда қалалық білім бөлімі ұйымдастырған «Жаңашыл жобаларды тарату, инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясаты» атты химия және биология пән мұғалімдерінің дөңгелек үстелінде жаңа әдістемелік оқу құралын таныстырды. Бұдан да басқа жетістіктері үшін Қызылорда облысы әкімінің білім беру саласы қызметкерлеріне тағайындаған 1 000 000 млн. теңге сыйақысын алып, химия пәні бойынша «Тәжірибелі ұстаз» номинациясының иегері атанды.\r\n\r\nГүлсана Қоңқышқызы да ертеңіне үлкен сеніммен қарайды. Республикалық, облыстық ғылыми басылымдарда жарық көрген әдістемелік мақалаларында ұстаз оқушыларды ғылыми жұмысқа баулудың жолдарын туралы жиі ой қозғайды. Оқушыларды зерттеушілік әрекетке үйретуді үш кезеңге бөліп қарастырып, әр кезеңнің ерекшелігі мен тапсырмаларына мән береді. Оларды ғылыми-практикалық конференцияларға дайындау барысында ғылыми мәселенің қойылымына, зерттеу әдісінің талғамына, оқушының өз шешіміне мән беру қажеттігін айтады. Гүлсана Талқанбаева оқушылармен жұмыс жасау барысында олардың өзіндік жұмысына мән бере отырып, жоғары және сапалы көрсеткіштерге жету мүмкіндігін назарға алады. Сабақтан тыс уақытта зерттеушілік әрекетке үйретудің практикалық бағытта жүргізілгені дұрыс. Сонда ғана оқушылардың құзырлылығы дамиды. Бұған дәлел болу үшін шәкірттерінің бірнеше рет пәндік олимпиададан жүлделі орын алғанын, ғылыми жобалар сайыстарына қатысқанын алға тартады.\r\n\r\nҚазіргі таңда шәкірті А.Калхозбай «Кендерден металдарды физика-химиялық жолмен өндіру» атты ғылыми жобамен айналысып, Шалқия кен орнындағы топырақ қабаттарын зерттеуде. Алғашқы қадамы сәтсіз емес. Гүлсана Талқанбаева бұл жобаның нәтижелі боларына сенімді. 2013-2014 оқу жылында 8-сынып оқушысы Н.Жақсыбек республикалық олимпиаданың екінші кезеңінде 1-орын алды және облыстық «ЕХРО-2017: Кемел келешек» атты инновациялық жобалар мен идеялар жәрмеңкесіне ғылыми жобасын ұсынды. Осы жылы 6-сынып оқушылары А.Мадияров, К.Жылкелдиева, Е.Бисенов халықаралық «ПОНИ» интеллектуалдық сайысына қатысып, бақтарын сынады.  2014 жылы Гүлсана Астана қаласындағы Оқыту мен дамыту орталығының   ұйымдастырумен өткен «Менің инновациялық сабағым» атты І  Халықаралық оқытушылар   сайысына қатысып,  ІІІ дәрежелі диплом алды. Біле білгенге бұл жеңістің бәрі маңдай тер мен қажырлы еңбекті, талмай ізденуді қажет етеді. Ұстаздың бар мақсаты – шәкірттерінің білімді, адамгершілігі мол азамат болуы.\r\n\r\nӘйгілі философ Конфуций «Жақсы адамды көргенде оған теңелу жайында ойлан да, жаман адамды көргенде өзіңді-өзің зертте», — деген екен. Гүлсана Талқанбаева жақсылардан алған тәлімін өмір бойы азық етіп, өз шәкірттерінің бойына ізгілік нәрін себелеп, жақсы адам болуға жетелеп келеді. Демек білімнің жемісі – оның пайдасында.\r\n\r\nОтбасында екі ұл тәрбиелеп отырған Гүлсана — жолдасының адал жары. Ата-анасының қамқоршысы, ибалы келін. Адам баласы үшін отбасының шаттығы мен өзі сүйіп жасайтын кәсібінен асқан байлық, бақыт жоқ. Бұл жолда Гүлсана — жолы болған жан. «Мектеп пен отбасымның арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Мектепке оқушыларымды сағынып барсам, үйге балаларыма асығып келем. Мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ»,- дейді Гүлсана. Лайым бақытын баянды етсін дедім іштей.\r\n\r\nСөз басында тағдыр туралы айтқан едік. Тағдыр жолы Гүлсанаға мұғалімдік қызметті бұйыртты. Дәрігер болуды армандаған бойжеткен бүгінде қаншама талапкердің қиялына қанат бітіріп, мақсатына жетуіне септігін тигізіп жүрген білікті ұстаз. «Адам байлық жинауға емес, өзін байытуға қызығуы тиіс» деген өмірлік ұстаным Гүлсананы үнемі жаңашылдыққа, ізденуге жетелеп келеді. Өйткені ол ұстаздық ету – мыңжылдықты ойлау деп біледі. Бұл – Гүлсананың пешенесіне жазылған бақ.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ