Әсет Найманбаевтың өмірі мен шығармашылығы

0
9860

Әсет Найманбайұлы 1867жылы Үржар ауданы, Бақты ауылында дүниеге келген. Әсет — ақын, әнші-композитор. Әсеттің  әке-шешесі кедей, шаруа адамдар болса да, Әсет ескіше оқыған, көзі ашық адам болады. Оның дүниетанымы, ой тереңдігі әсіресе айтыс жанрында кеңірек танылды. Әсет — негізінен айтыс ақыны. Ол Ырысжан, Әріп, Бақтыбай, Кәрібай, Қали, Сәмбет ақындармен және Мәлике қызбен айтысқан. Әсеттің «Салиха — Сәмен», «Ағаш ат», «Перизат», «Үш жетім қыз», «Нұғман — Нағым», «Мәлік-Дарай», «Жәмсап», «Кешубай» атты қисса-дастандары, «Жас жігіт надандықпен алданады», «Өсиетнамада», «Сеніспей уағдалы серттен қайтпа», «Жақсы әйел», ‘Жасболат кісі-ақ едің алшақтаған», «Қарақұрсақ Күшік болысқа» және «Төртқұл Ақболаттың биі Кәріпке айтқаны»,»Ақырғы сөз», «Жас шама», т.б. шығармалары бар. А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» романын аударып  (еркін аударған) оны өзі қисса етіп жырлаған. Әсет мұраларының ішінде халыққа кеңірек тарағаны — оның әндері. Ол Біржан сал, Ақан серіден дәуірлеген Арқа әнінің дәстүрін жалғастырып дамыта түсті. Жас кезіндегі әндерінде («Кіші Ардақ», «Үлкен Ардақ», «Қарагөз», «Мақпал») психологиялық тереңдік пен адамның жан дүниесін қозғайтын нәзік лирикалық Ақан әндерінің әсері байқалады. Бұл — онын қалыптасу, өзіне тән мәнер-нақыш табу кезеңі еді. Ақан сері әндеріндегі құбылмалы қайырымдар, ән тармақтарының музыкалық-синтаксистік ерешеліктері Әсет әндеріне де тән. Сондай-ақ, Әсет «Ырғақты», «Аққарагер», «Майда қоңыр», «Жалған-ай», «Сырмақ үйкер», т.б. әндердің авторы. Әсеттің өмірі мен шығармашылығы туралы арнайы мақала тұңғыш рет 1936 ж. жарияланды (Б.Ысқақов). Ақын шығармаларының тұңғыш жинағы 1968 ж. Б.Адамбаевтың құрастырумеи басылды. Әсеттің 1968 жылғы жинағына 34 өлеңі (әнін қоса), 4 айтыс-қағысы, 4 дастан-қиссасы жарияланса, 1988 жылы «Әсет» жинағына (құрастырған Б.Нұржекеев) 29 ән мәтіні, 71 өлеңі, 10 айтыс-қағысы, 8 қисса-дастаны енгізілген.Әсет 1922 жылы 22 наурызында  Қытайдың  Құлжа қаласында дүниеден озды.

Әсет Найманбаев өлеңдерін төмендегідей топтап көрсетуге болады.

Арнау өлеңдер

«Маманға»

«Күшік болысқа»

«Қанағатқа»

«Қызыр төреге»

«Жасболат болысқа»

«Елшібай байға»

Әсеттің алғашқы шығарған әндері – «Еркем-ай», «Қаракөз».

Әсет Найманбаевтың «Әсет» әніндегі:

Арғынмын, атым Әсет арындаған,

Арындап ән сала ма дарымаған.

Аспанның аясында ән шалқытқан,

Бұлбұлмын даусы көкте дамылдаған.

Ән салсаң, Әсеттей сал әсемдетіп,

Қоздырып делебені дәсерлетіп.

Сөз – жаңбыр, даусым – дауыл, әнім – ескек,

Ойнақтап басылайын аз желдетіп, –

деген жолдар ақынның төлқұжаты іспеттес.

Қазақ музыкатану ғылымының көшбасшысы, академик-сазгер А.Жұбанов: «Інжу-маржан әні – Әсет шығармашылығының шыңы», – деп бағалаған.

Әсет Найманбаев ұлы Абайдан кейін орыстың ақыны А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын аударып, оны өзі қисса етіп жырлаған. Әсеттің «Салиха – Сәмен», «Ағаш ат», «Перизат», «Үш жетім қыз», «Нұғыман – Назым», «Кешубай» деген дастандары бар. Әсеттіңгуманистік идеясын танытатын шығармасы – «Француз» қиссасы. Әсет Найманбаевтың қисса-дастандарының негізгі идеясы – әділеттілікті насихаттау.

Әсет шығармашылығының негізгі саласы – айтыстары. Әсет Ырысжанмен, Бақтыбай ақынмен айтысқан. Әсет пен Ырысжанның жұмбақ айтысы «Біржан – Сара» айтысынан кейінгі ірі шығарма болып табылады.

Әсет ақын шығыс әдебиетінің озық шығармаларымен түпнұсқасы арқылы танысып, шығыс мәдениеті мен әдебиетінен мейлінше сусындай отырып, назира – жауап негізінде шығыс аңыз – ертегілерін, классикалық шығармаларын өлеңмен қисса – дастан етіп жырлады, өз тұстастарымен жыр бәйгесіне түсті. Жазба әдебиет үлгісіндегі «Салиха – Сәмен», «Кешубай» дастандары ақынның өмірге көзқарасының, білім, талғам дәрежесінің өскендігін, жаңа арна, бағытқа бет қойғандығын аңғартады. Ақын дастандарының өзіндік бір ерекшелігі – оның көбінесе басқа ақындар жырламаған тың тақырыптарды таңдауында. Оған «Ағаш ат», «Барат қыз», «Үш жетім қыз», «Француз» қиссаларының сюжеті дәлел. Ақынның сюжет қызықтап кетпей, тым әсірелемей, адамгершілік, адалдық, имандылық қасиеттерді дәріптей жырлауы – гуманистік ой – пікірлерінің жемісі.

«Кешубай» поэмасына патша үкіметінің отарлау саясаты өзек болады. Ал «Үш баланың әңгімесі» поэмасында сертке беріктік, уәдеге адалдық ерлікке барабар дәрежеде сипатталады.

Әсет Найманбайұлының ешбір шығармасынан бөтен ұлтқа деген қылаудай көлеңке байқалмайды. Бұл тұрғыда ақын – гуманист. Соның бір куәсі – оның “Француз» қиссасы. Ақынның алуан халық өкілдерінен құралатын кейіпкерлер галереясы бұл қиссада французбен толықтырылады.

Ал «Барат қыз» — ғашықтық дастан. Әсет ақын дастандарында көбінесе балаға зар патша, халифалар сөз болады. «Шеризатта» халифаға ұлды әулие сыйласа, «Барат қызда» патшаға ұл көпшілік тілеуімен болады.

Жалпы ақынның дастандарына назар салсаңыз, халықтың қамын ойлаған патша ғана әділетті болып келеді. Құлдық деген нәрсеге ақынның мүлде қарсы екені аңғарылады. «Барат қызда» ақын:

Тойында азат етті патша құлды,

Дүнияда Әмір патша әділетті, —

десе, «Шеризатта»:

Алланың парызы қылған әмірі дат,

Сол күнде азат етті қанша құлды, —

дейді. Бір қызығы, Әсет Найманбайұлының біраз дастандарында Ғабдолла атты адам не саудагер, не бай болып жүреді.

Әсеттің алашқа атын шығарған қиссасы — «Ағаш ат». Әсеттің ертеден ел аузында жатталып, сақталып келген бұл поэмасының көшірме қолжазбасының бір нұсқасы Абай музейінің қолжазба қорында сақтаулы. Поэма 1947 жылы жазылып алынған. Көлемі бес жүз он өлең. Поэманы Әсет ақын қай жылы жазғаны белгісіз. Поэманың тақырыбына, оқиғасына қарағанда, Әсеттің Абай ауылында болған 1889 – 1890 жылдар шамасында жазған шығармасы деп жорамалдауға болады. Осы жылдар Абай айтуынан тараған осындайлық жаңа, соны әңгімелердің ішінде өз уақытында жаңа болған «Мың бір түн», «Шахнама», «Бақтыжар», «Ләйлі – Мәжнүн», «Көрұғлы» сұлтан сияқтылар болған.

Осы кезеңде Абайдың «Масғұт» және Абайдікі делініп жүрген «Әзім» поэмалары жазылған. Бұл шығармалардың оқиғасы, негізінен, шығыс әдебиетінен алынады. Шығыс елінің әлемге әйгілі «Мың бір түн» сияқты әңгіме, ертегілерінде оқиға Арун Рашид заманында, Бағдат шаһарында болған деп келетіні мәлім. «Масғұт», «Әзім» поэмаларында да сол салт сақталып, оқиғаны Арун Рашидтың есімінен, Бағдат шаһарынан бастайды.

«Масғұт» поэмасы:

Я, алла құрметінде достың Махмұт,

Тілге яр бер, берілсін тұғры мақсұт.

Арун Рашид халифа заманында

Бағдатта бір жігіт бар аты Масғұт, —

деп басталады [1].

«Ағаш ат» поэмасының оқиғасы да Шығыс елінің әңгімелерінен алынған. Поэма шығыс әдебиетінің әсерімен жазылса да, баяндауы басқаша. Ақын оқиғаны өзінше түйіндеп, дамытады.

Поэмада Қасен қызға шығыс сюжеттеріндей сырттай көрмей ғашық болмайды. Қасеннің Гүлғұсылға кездесуіне ағаш ат, шебер ұстаның өнері себеп болады. Оқиғаны дамытуда Әсет Найманбайұлының жаңалығы Қасеннің қолын ғашығына жеткізетін ағаш ат образы. Бұл мифтік образ емес, адам ақылының жемісі. Қасеннің мақсатына жетуге көмектесетін поэмадағы кейіпкерлер табиғаттан тыс күш емес. Олар — қарапайым өнерлі ұста, көпті көрген ақылды, жарлы қария. Жағымды образға қарсы күресетіндер патша, айлакер кемпір. Бірақ бұлардың күші ақылға, өнерге қарсы тұра алмайды. Ақын поэманың аяғында ағаш атты жасаған өнерлі ұстаны бір шаһарға патша етеді. Ол сол кездегі халықтық санадан туған идея, яғни, ақылды, білімді, өнерлі адам ел басқарса деген арман, тілек.

Поэмадағы оқиғаның желісі бастан – аяқ ағаш атқа байланысты. Бұл образ орыс ертегісінің сюжетіне жазылған Ершовтың «Конек – горбунок» поэмасына ұқсас [2]. Бірақ ағаш ат адамның қолынан жасалған өнердің табысы ретінде сипатталады. Әсет Найманбайұлының ағаш атында ғылыми – фантастиканың негізі бар.

Бұл жөнінде Әсеттің Абайдан алған тәлім – тәрбиесі, Абайдан естіген өнер, ғылым жаңалықтарынан ұққаны байқалады. Әсет ақын поэмада құр әйтеуір ағаш ат бір кереметпен аспанға ұшты демейді. Өз шамасына қарай ағаш аттың қалай жасалғанын өнер – білімге сүйеніп сипаттайды:

Ішіне резинканың жел кіргізіп,

Жасайды бек тамаша бір ағаш ат,- дейді.

19 – ғасырдың екінші жартысында ғылым мен техника жедел дамып, ұщқыш аппараттар жасалғаны мәлім. Осындай өнер – білім жаңалықтарынан Абай хабардар болғаны даусыз нәрсе. Ағартушы Абай маңындағы талапты жастарға дүние жүзінде болып жатқан жаңалықтарды айтып, таныстырып отырған. Әсет ағаш атын құдайдың құдіретімен немесе басқа бір белгісіз күштің қуатымен көкке ұшырмай, өзінше адам ақылымен резинкаға жел толтырып ұшырады.

Сонымен, «Ағаш ат» поэмасын шығыс ертегі — әңгімелерінің әсерімен жазылған, өз уақытына сай қазақ поэзиясында туған ғылыми – фантастикалық поэма деуге болады.

«Салиха — Сәмен» поэмасы Ақылбай, Мағауия поэмаларының үлгісінде жазылған лирикалы – романтикалық поэма. Салиха мен Сәмен де бас бостандығы үшін, махаббат жолында құрбан болған жандар. Поэмада Алтай тауын мекендеген монғолдың Ясукей деген ханының асқан сұлу қызы Салиха сипатталады. Ханның қолындағы батыры Сәмен мен Салиха көңіл қосады.

Хан сезіп, халық білсе мұндай сырды,

Ажалдан қыз бен жігіт қалмайды аман.

Екеуін еркіменен қоспайтұғын,

Қатыгез хан қаһары өзіне аян, —

дейді ақын.

Салиха мен Сәмен ешкімнен жәрдем күтпейді. Олар бір қиын құзды тауып алып, сол жерге бекініп, жан сауғалауға бел байлайды.

Хан қызының жоғалуы елді дүрліктіреді. Хан «қызымды азғырғандарды дарға асып, қыздың басын кесем»,- деп жарлық етіп, еліне іздеп табуды бұйырады. Ақыры қалың қол Салиха мен Сәменді тауып алады. Сәмен қалың қолға қарсы шығып, қансырап, естен танып құлап қалады. Қызды хан қолына табыс етеді.

Хан қолы Сәменді өлді деп тастап кеткен. Сәмен есін жияды. Ол тауда үш ай жасырынып жатып, Көкше дейтін әулиені іздеп Тянь–Шань тауына тартады. Әулие оған жәрдем көрсетудің орнына атын тартып алып, өзін жаяу қалдырады. Сәмен Салиханы іздеп зар тұтып Ұланға қайта оралады.

Ақын енді Салиха жайын баяндайды. Ол қапа мен қайғыға душар болып, гүлдей солады. Салиханың көңілі дүниеден Сәменсіз тиянақ таппай, «жолыңа жаным құрбан болсын» деп уәдесін бұзбай:

… Зар жылап осылайша қылды налыс,

Ай мен күн дәт айтуға тұрсың алыс.

Куә бол тәңірі алдында сен екеуің,

Ғаламсың көпке бірдей тура қалыс.

… Соны айтып салды қанжар жүрегіне

Жан шығып тез жетуге тілегіне…

Сөйтіп қаза болған жарының басына Сәмен де келіп, сол қанжарды қолына алып:

Жас жаным Салихамен болсын бірге,

Маржандай қызыл қаным жерге тамып.

Қара жер, мейірімді анам, аш қойныңды,

Саяңа келіп тұрмын Сәмен ғарып, —

деп ол да өзін — өзі өлтіреді.

«Салиха — Сәмен» поэмасының мазмұны осы.

Поэманың идеялық мазмұны хандық дәуірде адамның жеке басының ерікті болуына еш мүмкіндік жоқ екенін көрсетеді.Мұндағы жағымды екі кейіпкер – Салиха мен Сәмен нағыз романтикалық геройлар. Екеуінің де ерлік мінезі мен ерлік ісі, махаббат жолындағы қайсар күресі, айтқан серттен айнымай шығысып, бір қанжармен тағдырын шешу – осының бәрі өршіл романтизмнің белгілері.

Салиха мен Сәмен өлгенде жеңіліп, бас иіп өлмейді. Ғашықтық уәделеріне жеткеніне разы болып, тәкаппарлықпен өледі. Бұл екі кейіпкер де бір сезімге берік берілген. Ол сезім – махаббат. Поэманың оқиға түйіні, тартыс желісі сол махаббат жолындағы күреске құрылған.

Ақын поэмасында махаббатты ешбір күш жеңіп бағындыра алмайды деген қорытындыға келеді. Сәмен өлерде:

Қош айтам тау мен тас, дария көлге,

Жат бауыр өсіп — өнген біздің елге.

Сайрандап көк аспан мен тұрған жұлдыз,

Сәуле бер біздің жатқан сары белге, —

деп жұлдыз сәулесінің ғашықтар қабіріне түсіп тұруын тілейді.

Салиха да, Сәмен де өлерде жеке адамға кінә қойып, қарғыс айтпайды. Өйткені, бүкіл әлеуметтік өмір, хандық дәуір, тар заман бұлардың өліміне кінәлі.

Әсет Найманбайұлы поэманың романтикалық сарынына сай оқиғаның ширап өрбуін асқақтаған суреттермен, табиғаттың айбынды тұлғасының құшағында береді. Әсет ақын поэмасының тіл көркемдігі, сөз образдары жағынан да Абай үлгісі, Абай өнегесі айқын көрініп тұрады.

Салиханы суреттегенде:

Тамағы ақ торғындай үлбіреген,

Сүйріктей он саусақтың бір саласы, —

деген сипаттау Абайдың:

Жұп – жұмыр ақ торғындай мойыны бар,

Үлбіреген тамағын күн шалмайды, —

деген суретін еске түсіргендей.

Темірдей қара жартас сұрғылт түсті,

Қабағын қаһар көзін қарс түйіп, —

деген суреттер Ақылбайдың «Дағыстан» поэмасындағы, не Лермонтовтағы Кавказ тауының бейнесін көз алдыңызға әкеледі.

Мұңлы тау аспанменен бой теңескен,

Тұрғандай бейне мүлгіп басын иіп, —

деген сияқты метафоралар, «Ақырған аждаһадай тасқынды өзен» деген жолдар Әсет Найманбайұлының бұл поэмасында анық мәдениетті, жазба ақынның салтын сақтағанын көрсетеді.

Сонымен, «Салиха — Сәмен» лирикалы – романтикалық көркем поэмалардың бірі, Әсет ақын поэзиясының құнды мұрасы.

Әсет Найманбайұлының «Ер Шеризат» қиссасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Гүлшат – Шеризат» қиссасымен мазмұндас [3]. Екеуі де қиссаның сюжетін араб, парсы нұсқаларынан алған. Оны қиссаның соңындағы:

Бұл қисса тамам болды мұныменен,

Өлең ғып мәселенің түріменен.

Шығарып парсы сөзден өлең қылдым

Қазақтың әңгімелі тіліменен, —

деген жолдар растайды.

Әсет ақын дастанның бас жағын кеңейтіңкіреп алып, балаға зарығу мотивіне көбірек көңіл бөледі. Дастанның бастапқы кезінде Кәркенші патшаның бала қайғысымен ел аралап, әулиелерге түнегенін, түсінде Қызырдың аян беріп ондағы болатын жайларды күн ілгері білдіргеніне ұзақ тоқталады.

Автордың дастанның атын қойғанынан – ақ олардың осы шығарманы қолға алғандағы түпкі мақсаты аңғарылса керек. Мәшһүр Жүсіптің «Гүлшат – Шеризатында» негізгі мақсат шығыс қиссаларындағыдай махаббат, сүйіспеншілік жайын жырлау болса, Әсет Найманбайұлы Шеризатты ел қорғаны, батыр етіп көрсетуге тырысады. Оның ерлік істерін алдыңғы қатарға шығарады. Сол себептен де Әсет өз қиссасында сексен мың қолмен Бағдатты басып алуға келген Үнді әскерінің соғысын, сондағы Шеризаттың ерлігін суреттеуге айрықша мән береді. Осылайша Шеризаттың ер екені Гүлшатқа бармай тұрып – ақ көрінеді:

Ерлігі Шеризаттың байқалғандай,

Шеризат жаудың бетін қайтарғандай.

Зәңгіні ат үстінен жұлып алды.

Шын қыран тырнағынан қан тамғандай.

Аспаннан жарқ – жұрқ етіп жай түскендей,

Қара жер сықырлады шайқалғандай.

Ерлігін екі жақ та тұрды сынап,

Маңына бара алмады адам шыдап.

Денесін екі бөліп лақтырды,

Алады қолыменен басын бұрап.

Отырып біразырақ қылды дамыл,

«Келіңдер соғысуға көрсең қабыл».

Жеке адам батып шықпаған соң

«Келіңдер, — деп шақырды, — мыңнан жабыл».

Әсет қиссасының Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қиссасынан ең бір елеулі айырмашылығы — Мәшһүр Жүсіп Көпейұлында қастандық жасаушы Парахзатқа Ер Шеризат кешірім етсе, Әсетте керісінше жаза тартады. Кінәліні жазалаушы халық болады. Халық образы алдыңғы қиссада айтылмаған жаңа образ:

Баршаға амандасып келе жатыр,

Бейшара Бағдаттың адамдары.

Келіпті Бағдаттың кәрі – жасы

Шамасы о да келді елдің басы.

Халайық падишаны байлап келді,

Ғазазіл шайтан ғой депіш – анасы,

Мойнына арқан тағып жетектеген,

Көрген адам ұрады кесекпенен.

Сөйтіп ақын жауыздықты жазалау арқылы дастанның идеясын аша түседі.

Әсет Найманбайұлы сонымен қатар оқиғаның ізімен баяндап шығуды мақсат етпей, дастанның көркемдік жағына көбірек мән береді. Дастан тікелей ақынның өз қолымен жазған күйінде жетпесе де, Әсеттің ақындық таңбасы аңғарылып отырады. Мысалы, «Гүлшат – Шеризатта» Кәркін патшаның өлімі хабарланып қана өтсе, Әсет ақын оны айшықты детальдармен ажарландыра түседі:

Ел жылар ханның ойлап мейірбанын,

Сыйлаған Бағдаттың мың мен санын.

Тауысып тамам сөзді болғаннан соң,

Аһ – деп бір лебізбен шықты жалын.

Шыбын жан бір – ақ түтін бу секілді,

Жан тізбек ағып жатқан су секілді.

Сонымен тағдыр жетіп хан жөнелді,

Жығылған алтындайын ту секілді.

Мұндай образды жолдар қыз Гүлшаттың ішкі жан дүниесін суреттеген жерлерінде де әсерлі көрінеді. Керуенмен келе жатқан Ер Шеризатты Иранбақтың мұнарынан бақылап тұрған Гүлшаттың ойы былай суреттеледі:

Келеді бау – шарбаққа тура беттеп,

Көшпелі керуендей түйе жектеп.

Не қылған жан екен деп қарап тұрды

Тырнағын жолбарыс қой жұмған бүктеп.

Қыз айтты: «Бұл қырық адам батыр екен,

Біреуі сайып қыран асыл екен.

Атамды жан екен деп көзіне ілмей,

Әдейі – ақ бізге келе жатыр екен.

Осылар не болмаса білмеген жан,

Әгәр білсе, көзіне ілмеген жан.

Бір ғаламат бар екен ойларында

Бұл қалайша кеудесін сүйреген жан?»

«Ер Шеризат» қиссасы Әсет Найманбайұлы творчествосын ақындық шебер өрнегімен жаңа бір қырынан аша танытатын шығарма екені сөзсіз.

Қорыта айтсақ, Әсет Найманбайұлының дастандарындағы мазмұн тереңдігі, ой құнарлылығы, көркемдік бояудың қанықтығы, өрнек, айшық нақыстылығы, сыртқы сымбаты — ақын талантының таразысы.

Әсеттің шығармалар жинағы белгілі әдебиетші ғалымдар С.Ордалиев пенБ.Адамбаевтың құрастыруымен алғаш рет 1968 жылы, екінші рет белгілі жазушы Б.Нұржекемен ғалым Б.Абылқасымовтың құрастыруымен 1988 жылы басылып шыққан.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ