Ақ теңіздей арда мекен

0
3089
ҚазҰУ

Әрқайсымыздың өміріміздегі қиындықтар мен  қызықты сәттер қатар  жүретін, қанша жыл өмір сүрсек те, қандай іспен айналыссақ та ең  бір ұмытылмас кездер универистет қабырғасындағы керемет шақтарымыз. Менің Алатаудай  асқақ  арманым мені Алматы  шаһарына, Әл – Фараби  атындағы Қазақ  Ұлттық  университетіне  жетеледі. Осыдан бірнеше жыл бұрын арманыма  айналған  білім  ордасы , қазіргі  кезде  шындыққа айналды. Осындай заңғар  университеттің   студенті  атану әркімге бұйыра бермес бақ деп білемін.

Университет қабырғасында  оқып жүргеніме  екі жыл. Осы екі  жылдың  менің  өмірімдегі  естен кетпес, санада  мәңгі  қалар, жүректен  орын  алар  ең  тамаша  кездер. Университетке аяқ тірегелі бері өзімді  нағыз  телегей теңіз білім  ордасына, жалынды жастардың  қатарына енгеніме  өте  қатты  қуанамын әрі мақтанышпен айтамын. Өйткені,  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бен біздің жастарымыздың басты байлығы — сапалы білім екенін өзінің сөйлеген сөздерінде бірнеше рет атап көрсеткен  болатын. Осы сапалы білімнің қара шаңырағы, Қазақстандағы білім беру жүйесінің тірегі, ескінің көзін көрген, 85  жылдан асатын бай тарихы жинақталған   ұлттық  университетте еліміздің түкпір түкпірінен, алыс — жақын шет елдерден келіп, оқып жатқан студенттер жетерлік. Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ерекше мәртебесі бар Қазақстанның жетекші , нөмері бірінші   университеті,  сонымен  қатар білім мен  ғылымның  ұлттық көшбасшысы. Жақында  Қазақ  ұлттық  университеті  «QS World University Ranking by Subject 2020» пәндік рейтингісінің қорытындысы бойынша «Заманауи тіл білімі» мамандығы бойынша әлемнің ең үздік 100 ЖОО қатарына енді.

Университет қабырғасында жан – жақты, біліктілігі жоғары, қазақтың керемет ақын – жазушыларының алдын көрген, сол ұлы кісілерден дәріс алған оқытушы-профессорлар, ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, доценттер қызмет атқарады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 180-нен астам гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық мамандықтар бойынша бакалаврларды, магистранттарды, докторанттарды дайындайды. Университетімізде 16 факультет шоғырланған.Осы жерде білім алатын барша студенттер үшін жан-жақты даму үшін, көшбасшылық қабілетті қалыптастыру мақсатында, өз-өзін кемелдендіріп, еркін, заманауи дамыту үшін бар жағдай жасалған. Сол  бар  мүмкіншілікті  пайдалана  білу, әр  студенттің   өз  қолында. Мәселен, интернет орталығы, Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, мұражай, тамақтандыру комбинаты, студенттерге қызмет көрсету  орталығы  «Керемет»,  компьютерлі-техникалық жабдықтар, WI-FI сымсыз интернет желісі , ауқымы кең  спорттық кешен сынды орталықтар орналасқан. Онымен қоса ең бай кітапхана — Әл-Фараби кітапханасы орналасқан. Қойнауы кітапқа бай, зәулім сарайлы кітапханамызда әр студент  өзінің  керегіне еш  қиындықсыз  қол  жеткізе  алады.

Университеттің ерекшелігі және  ең қолайлы тұсы – студенттер үйі де, барлық факультет ғимараты да, жоғарыда аталған кешендердің барлығы бір қалашықтың ішінде  орналасқандығы. Қалашықтың табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Айнала қоршалған жасыл  желекті ағаштар, хош иісті  гүлдер,саф, таза  ауасы,  ең бастысы шыңы аспанмен таласқан заңғар Алатау орналасқан. Сол Алатаудың шыңы әр студентті, жалпы  әр адамды биікке жетелейтіндей  көрінеді.

Мен осы университеттің ең үздік факультеттерінің  бірі – философия  және  саясаттану, педагогика және психология мамандығы  бойынша  оқып жатырмын. Мен  үшін  жаныма   ең  жақын, жылы мекенге  айналды десем артық болмас.

Бұл менің университетімді  асыра  мақтағаным  емес, бұның  барлығы  шынайылықпен, махаббатпен жазылған шынайы  дүние. Менің   осы университетте алған білімім биік шыңға жетеліп келе жатқанына және   өмірден, ғылым жолынан өз орнымды ойып  тұрып  табуға жетелейтініне үлкен  сеніммен  қараймын. Мағжан  Жұмабаев : «Арыстандай айбатты, жолбарыстай  қайратты, Мен  жастарға  сенемін!», — демекші арыстандай  айбатты, жолбарыстай  қайратты  жастардың отаны – Әл – Фараби  атындағы  Қазақ  ұлттық университеті!

 

Умирбаева Роза

Әл – Фараби    атындағы  Қазақ Ұлттық  университеті Философия және саясаттану факультетінің 2-курс  магистранты


ПІКІР ҚАЛДЫРУ