Ұлттық құндылықты бойына сіңірген жастар жаһандық бәсекеге қабілетті

0
Jennie Kim: кәріс айдолының Голливудтық дебюты

Жастар – ұлттың болашағы. Ал ұлттық құндылық – мәдениеттің бір бөлшегі. Кез келген  елдің ұлттық мәдениеті, әдебиеті мен өнері, ғылым мен техникасы, әлеуметтік жағдайы, материалдық өндірісінің мазмұнды жетістіктері ұлттық құндылықтарының мәніне ие болады. Сонымен қатар жас ұрпақтың азаматтық, отаншылдық, рухани-адамгершілік болмысының қалыптасуына белсенді  әсер етеді.

Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды»,- дейді. Ал ұлттық құндылық туралы сөз болғанда, отбасы  тәрбиесі туралы айтпасақ болмайды. Халқымыз «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» дейді.

Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен ұрпақ жаһандық бәсекеге қабілетті бола алады ма?

Біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Айналамыз көз ілеспен жылдамдықпен қарқынды дамып барады. Мемлекеттің экономикасы, ғылым мен техникасы өзге елдермен бәсекеге қабілетті болу үшін ол елдің жастары бәсекеге қабілетті болу керек. Мемлекетіміз жастарды қолдау мақсатында түрлі игі шаралар жүргізуде. Білім аламын деген жастар «Болашақ» бағдарламасымен алыс-жақын шетелдерде білім алуда. Магистратура, PhD доктарантураны оқып жатқан жастар да шетелдік белді университеттерден білім алып, тәжірибе алмасып келіп елімізге қызмет етіп жатыр.  Қазір әлеуметтік желіде отырмайтын адам жоқ шығар. Әлеуметтік желіні пайдалы жағынан қолдансаңыз берері көп. Мен үнемі Қадылбеков Арнұр ағайдың парақшасын қарап отырамын. Парақшасы адамға шабыт сыйлайды. Шетелдің мықты екі оқу орнынан білім алған. Оның бірі Гарвард университеті. Қазіргі уақытта мұнай-газ өндіруші компания Теңізшевройлда қызмет етеді. Ол өзінің бір сөзінде: «Жетістікке білімнің  арқасында жеттім. Шетелдік компаниялар қызметке талай шақырды. Бірақ мен өз еліме қызмет жасаймын деп келдім», — дейді.                                                                 

Міне осындай ұлттық құндылықты бойына сіңірген, елінің болашағы үшін қызмет ететін жастар қашанда жаһандық бәсекеге қабілетті болады деп ойымды бірауыз сөзбен қорытындылағым келеді.

 

Қуат Диана

Алматы қаласы №181 ЖББ меептің 11-сынып оқушысы

Таза ауа — денсаулық кепілі

0
Jennie Kim: кәріс айдолының Голливудтық дебюты

Таза ауа адам денсаулығы үшін маңызды рөл атқарады. Таза ауада серуендеу түрлі аурулардың алдын алуға кепілдік береді. Мен бұл мақалада таза ауаның денсаулыққа қаншалықты пайдалы екенін және ауаны тазарту үшін не істеу керегін айтамын. Біздің қаламыз табиғатқа бай болғанымен, түрлі өндіріс орындарының көптігі қаланың ластануына әкеліп соғады. Соның салдарынан түрлі аурулар шығуда. Осының алдын алу мақсатында қаламызда түрлі іс-шаралар мен акциялар ұйымдастырылуда. Жақында туған қаламызда «Алматы біздің ортақ үйіміз» атты ауқымды акция өтті. Бұл акция аясында түрлі  жұмыстар атқарылды. Соның бірі Алатау ауданында орналасқан №181 жалпы білім беретін мектептің бітіруші түлектері мектеп ауласына түрлі ағаштар мен гүлдер отырғыздық. Мектеп ауласына бозарша ағашын көп отырғызуды жөн көрдік. Бұл ағаш топырақтағы темір, сынап секілді ауыр металдарды азайтады, ағашта хош иісті сары түсті эфир майы бар. Сондықтан ауаны тазартуға белсенді қатысады. Мақсатымыз мектебіміздің ауласын көгалдандырып, ауасын тазарту болды. Себебі қоңырау уақытында оқушылар аулада серуендейді, орындықтарда демалып отырады. Ал таза ауада демалып, дене жаттығуларын жасау баланың жаны мен тәнінің өсуіне ерекше ықпал етеді.

Қашанда таза ауа денсаулықтың кепілі екенін ұмытпауымыз керек. Таза ауада серуендеп, дене жаттығуларын жасаған кезде ағзамызға қажетті оттегіні аламыз, иммунитетімізді күшейтеміз және ауру тудырушы микробтардан қорғанамыз. Сонымен қатар, таза ауада уақыт өткізу көңіл-күйді жақсартып, күйзелісті азайтады. Сол үшін күнделікті өмірімізде таза ауаға көп көңіл бөліп, оны денсаулығымызды жақсарту үшін пайдалануымыз қажет.

 

Қуат Диана

Алматы қаласы

№181 ЖББ меептің 11-сынып оқушысы

 

 

 

 

 

7

Дулат Исабеков: «Қазақстанның жарты байлығы Назарбаевтың қолында»

0

«Күлтөбе» ютуб арнасы жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек ері Дулат Исабековпен сұхбатын жариялады. Сұхбатта Дулат Исабековтің қазіргі әлеуметтік-саяси оқиғаларға деген көзқарасы сұралады. Жазушы сұхбат барысында зиялы қауым өкілдеріне сипаттама беріп, тұңғыш президент Н.Ә.Назарбаевтың саяси қателіктеріне бағасын береді.

«Назарбаевтың екі жақты мінезі бар. Жақсы жағы шекарамызды бекітті. Украинаның трагедиясы шекарасын бекітбегендігінен. Біздің шекарамызды ешкім бұзалмайды. Бірақ Қазақстанның байығын иеленіп кетті деп айтады. 200 млрд байлығы бар деп естідім. Қазақстанның бір жылдық бюджеті 4 млрд. Егер осы рас болса, бұл кешірілмейтін күнә»,- дейді жазушы.

Одан бөлек жазушы сұхбатында Қуандық Бишимбаевтың қылмысын «түсініп болмайтын жауыздық» деп айтады.

Сұхбатты төмендегі сілтемеден көре аласыз.

 

Сұхбатты ұйымдастырушы шығармашылық топ журналистері Берікбол Төлеген және Нұрбибі Айтбайқызы

Жер сілкінісінің адам және қоғамға әсері

0
«Мен осындай баламын» тәрбие сағаты

Жер бетінің тербелісі – жер мантиясының тектоникалық ығысуынан пайда болады. Нәтижесінде сейсмикалық толқындар пайда болып, олар өз кезегінде жойғыш күшке ие және қоршаған ортаға зиян келтіреді. Невропатолог мамандардың айтуы бойынша, жер сілкінісі кезінде адамның автономды жүйке жүйесі белсенді түрде жұмыс істейді, бұл өз кезегінде жүрек соғу жиілігінің жоғарылауына әкеледі.

Жердің тербелісі кезінде адам бойын үрей билеп, ми сигналдарына бірден жауап бермейді. Тіпті жер сілкінісі кезіндегі шу мен үйрей адам санасында психологиялық ыңғайсыздық тудырып, күйзеліске ұшыратуыда мүмкін.

Табиғи опат – байсалды ойлауды қажет етпейді. Себебі, ол адамдардың көлеміне, орналасуына, халықтың тығыздығына және инфрақұрылымның дайындығына байланысты әртүрлі әсер етуі мүмкін. Міне, жер сілкінісінің адамдарға қалай әсер ететінін талдасақ.

Ең әуелі физикалық зақым, жер сілкінісі ғимараттардың, жолдардың, көпірлердің және басқа да инфрақұрылымдардың бұзылуына әкелуі мүмкін, бұл халықтың жарақат алуына және өліміне әкеледі. Осылайша, адам көп жиналатын жерлерде қашу жағдайында көптеген адамдар дене жарақаттарын алып жатады. Осындай жағдайларда медициналық көмек алу қиындықтар туытып, зардап шеккендердің саны тек арта беруі әбден мүмін.

Сонымен қатар, психологиялық әсерінеде көңіл аудару қажет, себебі жер сілкінісі адамдарда күйзеліс пен мазасыздықты тудырады. Олардың психологиялық әл-ауқатын әлсіретіп, жеке ерекшеліктерін жоюы мүмкін.

Жер сілкінісінің салдары тек физикалық және психологиялық тұстарды қарастырмайды, сонымен қатар қоғамдық мәселелерді де қатар алып жүреді, оның қатарына судың ластануы, канализациялық инфрақұрылымның бұзылуымен байланысты аурулар, сондай-ақ санитарлық жағдайдың нашарлығына байланысты жұқпалы аурулардың өршу қаупін қамтуы мүмкін.

Мемлекеттік экономиканыңда әлсіреуіне алып келетін бұл апат, жұмыс орындарының айтарлықтай экономикалық шығынға ұшырауын,  ғимараттардың қирауы мен мүліктердің жоғалуына алып келеді. Жалпы алғанда, жер сілкінісі қоғамға күрделі әсер етеді, зардап шеккен аумақтарға көмек көрсету және қалпына келтіру бойынша іс жүргізіліп, қоғамдық ұйымдардың және азаматтардың күш-жігерін үйлестіруді талап етеді.

Бұл жер сілкінісінің адамдарға әсер етуінің бірнеше жолы ғана. Түйіндей келе, жер сілкінісінің әсері әртүрлі факторларға байланысты, соның ішінде апаттың ауқымы мен қауымдастықтың дайындығы, инфрақұрылымды жақсарту және төтенше жағдайларға дайындықты арттыру сияқты қоғамдағы мәселелердің өзгеруіне әкелуі мүмкін.

Балалардағы невроз не себептен пайда болады?

0
«Мен осындай баламын» тәрбие сағаты

Кішкентай балаларда әртүрлі әдеттердің пайда болуы сирек емес жағдай. Мысалы, олардың кейбіреулері үнемі тырнақтарын тістеп, шашын шайнап, ал біреулер жыныс мүшелерін ұстайды. Мұндай әдеттер психология тұрғысынан нені білдіретіні туралы психолог Айдана Меделханованың айтуынша, балалардағы әдеттердің пайда болу себебі невроздың бастапқы кезеңінде жатыр. Бала бойындағы әртүрлі әдеттерді байқаған жағдайда ата-аналар бұған дер кезінде назар аударып, балаға көмек көрсетуі керек.

«Энурез (еріксіз зәр шығару), энкопрез (нәжістің ағып кетуі), бақылаусыз жөтелу, тырнақ тістеу және басқа да бір типті қозғалыстардың қайталануы обсессивті қозғалыс деп аталады. Жыныс мүшелерін сипау немесе үнемі тию де осы ауытқуға жатады. Бұлардың барлығы балада әртүрлі жағдайдан кейін пайда болатын невроздың белгілері», — дейді психолог.

Балалардағы невроздың пайда болуының әртүрлі алғышарттары бар:

  • Биологиялық факторлар – перинаталдық зақымданулар немесе генетикалық бейімділік;
  • Әлеуметтік алғышарттар – қолайсыз жағдайларда туылған балаларда обсессивті әрекеттер жиі кездеседі;
  • Психологиялық себептер – бұл үлкен эмоционалдық шок нәтижесінде пайда болатын психикалық жарақаттарды қамтиды;
  • Жұқпалы әсерлер – жұқпалы аурулардың нәтижесінде пайда болатын ауытқулар.

«Балалық невроздың негізгі себебі отбасындағы қолайсыз жағдайларда жатыр. Үнемі балағаттау, ұрыс-керіс, қатты дауыспен сөйлеу, ата-ана арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуі. Мұның бәрі күйзеліске, кейіннен неврозға алып келеді», — дейді сарапшы.

Психолог балалардағы невроздың пайда болуына ықпал ететін себептерді де санамалап берді.

  • Эмоцияларды көрсетуге тыйым салу. Мысалы, ата-аналар балаларының жылауына тыйым салады;
  • Баланың қанағаттандырылмаған қажеттіліктері;
  • Жүйке жүйесінің шаршауы;
  • Баланың бос уақытының болмауы. Мысалы, балалар мектептен кейін бірнеше секциялар мен үйірмелерге қатысуы мүмкін;
  • Баланың ернінен үнемі сүйіп тұру;
  • Балаға ыңғайсыз немесе жараспайтын киім таңдау;
  • Баланы өз еркіне қарсы тамақтандыру;
  • Баланың алдында ашуды, агрессияны ұстай алмайтын импульсивті ата-аналар;
  • Гиперактивтілік.

Неврозбен ауыратын балаға қалай көмектесуге болады?

Сарапшы атап өткендей, жұмыс тек баламен ғана емес, сонымен қатар барлық отбасы мүшелерімен де жүргізілуі қажет.

«Невроз адамды өмір бойы мазалайтын ауру, сондықтан балаға дер кезінде көмектесу керек. Бұл жерде психолог маманның көмегі де, отбасы мүшелерінің көмегі де аса қажет. Өйткені психолог, баланың мінез-құлқын түзейтін қажетті бағдарламаны таңдайды. Ал ата-ананың балаға арнайы жаттығулар мен тапсырмаларды орындауға көмектесуі қатты маңызды», — деп бөлісті.

Психолог сонымен қатар ата-аналарға балалық неврозбен жұмыс істеуге көмектесетін жалпы кеңестер бар екенін атап өтті:

  • Тәулік режимі. Ата-аналар үшін күнделікті тәртіпті сақтау және өзін тәртіпке келтіру маңызды. Яғни, баланың түскі ас кезінде ұйықтауы, серуендеуге және ойындарға уақыты болу керек.
  • Күнделікті әдет-ғұрыптарды орындау, тісті тазалау, киімді өзгерту, ойыншықтарды жинау.
  • Уақытылы ұйықтау. Неврозбен ауыратын балаларға кеш ұйықтауға болмайды.
  • Гаджетті басқару. Гаджеттен уақытша бас тарту.
  • Физикалық белсенділік.
  • Стресске қарсы бірнеше ойыншықтардың болуы.
  • Балаға дауыс көтермеу.
  • Агрессивті түрде балаға күш көрсетпеу.
  • Бала мен ана арасындағы байланысты орнатуға көмектесетін жаттығуларды орындау. Мысалы, баланы құшақтап, оны тербету, баланың нәресте кезіндегі суреттерін көрсету, оның қаншалықты маңызды екенін және жақсы көретінін жиі айту.
  • Баламен сапалы уақыт өткізу, бірге ойын ойнау немесе тамақ әзірлеу сапалы қарым-қатынасқа кіреді.

Балалардағы неврозды емдеу аурудың белгілеріне байланысты жеке таңдалады. Көп жағдайда балалар амбулаториялық жағдайда емделеді. Дәрігер бірнеше негізгі компоненттері бар кешенді терапияны тағайындайды. Ең алдымен, неврозды қоздыратын факторлар нақтыланып, содан кейін баламен толыққанды жұмыс жасалады. Осылайша, психолог баланың мінез-құлқы өзгерген жағдайда дереу невропатолог маманмен кеңесу керектігін алға тартты.

 

Аружан Ардаққызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті

Жүрек талмасынан сақтанудың амалдары

0

«Шарите» Берлин клиникасынаның кардиологы, медицина ғылымдарының докторы Ульф Ландмессер немістің Focus басылымына берген сұхбатында жүрек талмасынан қалай сақтануға болатынын хабарлаған. Профессордың айтуынша, жүрек ауруының қаупін азайту үшін төрт факторға ерекше назар аудару қажет.

Біріншісі – қан қысымы. Оның жоғары деңгейде болуы жүрек ауруларының жиі кездесетін себебі болып табылады. Маман емдеу неғұрлым тезірек басталса, жүрек-тамыр жүйесінің зақымдануының алдын алу оңайырақ екенін атап өтті.

Келесі факторды кардиолог, тығыздығы төмен липопротеиндер (ТТЛП) деңгейі деп атады. Бұл организмдегі холестериннің негізгі тасымалдаушылары. ТТЛП холестерині «жаман» деп саналады, өйткені ол артық болған кезде қан тамырларының қабырғаларында бляшкалар пайда болады, бұл тамыр арқылы қанның қозғалысын шектеп қана қоймай атеросклерозға қауіп төндіреді және жүрек ауруларының қаупін айтарлықтай арттырады.

Жүрек-тамыр жүйесі аурулары генетикалық немесе қоршаған орта факторларының әсерінен туындайды. Аурудың алдын алу үшін отбасылық тарихпен танысу маңызды. Егер біреу ерте жаста инфарктпен ауырса, тәуекелдер жыл сайын артады.

Төртінші фактор – қант диабеті. Қандағы қант деңгейінің жоғарылауы және метаболикалық өзгерістер қан тамырларының зақымдануын тудырады.

«Аталған қауіпті факторларды қазіргі таңда жеңе аламыз. Қарсы шаралар неғұрлым тезірек қабылданса, соғұрлым жақсы», — деп кеңес берді Ландмессер.

Дәрігер созылмалы қабыну аурулары бар адамдар да жүрек ауруына бейім болуы мүмкін екенін айтты. Мұндай емделушілерді жоғарыда аталған көрсеткіштер бойынша ерекше мұқият бақылау керек. Кардиологтың айтуы бойынша, 40 жастан асқан адамдарға жүйелі түрде тексеруден өтуді ұсынады.

 

Аружан Ардаққызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті

 

Жүктіліктен кейінгі болатын аурулардың түрі

0
«Мен осындай баламын» тәрбие сағаты

Жүктілік жас аналардың денсаулығына айтарлықтай әсер беріп қана қоймай, баланың дүниеге келуі әйел өмірін күрт өзгертеді. Жаңа міндеттердің артуы, күнделікті тәртіптің өзгеруі, ұйқысыз түндер және ең бастысы, нәрестенің денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін үлкен жауапкершіліктің қосылуы. Мұның барлығы денеге ауыр жүк.

Босанғаннан кейінгі депрессия

Соңғы мәліметтерге сәйкес, босанғаннан кейінгі депрессия жаңа туған аналардың 20 пайызында анықталған. Ол орта есеппен алғанда бір айдан кейін пайда болатын психикалық бұзылыс.

Депрессияның бұл түрі жас ананың балаға қамқорлық жасағысы келмей, кейде оны көргісі келмей, төсектен тұрып бірден басқа шаруаларымен айналысуынан байқалады. Бұндай жағдайда жас ана әлемге, қарым-қатынасқа, хоббиге деген қызығушылығын жоғалтады. Босанғаннан кейінгі депрессия ауыр болмаса 3-6 айда жойылады, бірақ кейбір әйелдерде 1,5-2 жылға дейін созылуы мүмкін.

Әдетте, бұл жағдай нәресте туылғаннан кейін гормоналды өзгерістермен туындайды. Жас ананың өзіне уақыт бөле алмайтындығы оның жеке кеңістігінің жоқтығы және қоғамнан оқшаулануымен қиындайды.

Босанғаннан кейінгі депрессия әйелдің өмір сүру сапасын төмендетіп қана қоймай, ол ана мен баланың өлім қаупінің көзіне айналады. Сондықтан бұл аурудың алғашқы белгілерінде маманмен кеңесу қажет.

Арқа және мойын ауруы

Босанғаннан кейін арқадағы ауырсыну буындардың шамадан тыс қозғалуынан пайда болуы мүмкін. Салмағы артып келе жатқан нәрестені көтеру қажеттілігі остеохондроздың өршуін тудырады, оған өткір ауырсыну жатады немесе ауырсыну аяқ пен жамбасқа таралады.

Нәрестені бір қолымен жамбасқа тіреп көтеру немесе бір жағында жатып тамақтандыру салдарынан жас аналарда омыртқа қисаю мүмкін. Ол, өз кезегінде жүйке талшықтарының қысылуына әкеледі, арқадағы қатты ауырсынуды тудырып, омыртқаның қозғалғыштығын шектейді. Егер сіз арқадағы ауырсынуды сезсеңіз, физиотерапияны тағайындайтын дәрігермен кеңесіңіз.

Тіс аурулары

Күрделі және кенеттен пайда болған тіс ауруы, бұл жас аналардағы ортақ мәселе. Көптеген жүкті әйелдер тіс емдеуден қорқады, нәрестеге зиян тигізуі мүмкін деп есептейді. Ал нәресте туылғаннан кейін тіс дәрігеріне баруға уақыт пен мүмкіндік табу өте қиын. Сонымен қатар, ана сүтімен баланы емізу сау тістерге қажетті кальцийді және басқа минералдарды денеден шығарады.

Нәтижесінде жас анаға кариес пен пульпитпен күресуге тура келеді. Бұл жағдайда құрамында кальций бар тағамдар мен сүзбеге бай диета көмектеседі. Нәрестенің амандығы ананың денсаулығы мен тыныштығына байланысты.

Көз аурулары

Босанғаннан кейін кейбір жас аналарда «құрғақ көз» синдромы, бұлыңғыр көру секілді мәселелер туындауы мүмкін. Жүктілік кезінде көру өткірлігінің төмендеуі жиі кездеседі, оның дамуының негізгі себебі гормоналды фонның өзгеруі болып табылады. Осы кезеңде әйелдің денесі стрессті бастан кешіреді және оның әсері көптеген дене жүйелерінің жұмысына әсер етеді. Дәрігерлер босанғаннан кейінгі көру қабілеті әдетте 1 диоптриядан аспайтынын айтады. Бұл уақыт өте келе гормоналды фон қалыпқа келген кезде көру қабілетіде қалпына келеді.

Темір жетіспеушілігінен туатын анемия

Босану және емізу кезінде қан жоғалту салдарынан басқа элементтермен қатар ана ағзасына керек темір элементіде азаяды. Темір жетіспеушілігінен туатын анемия қан сарысуындағы және сүйек кемігіндегі темір мөлшерін азайтып, гемоглобин мен қан жасушаларын бұзатын ауру.

Нәтижесінде гипоксия пайда болады, соның салдарынан ана өзін әлсіз сезінеді. Сондай-ақ, темір жетіспейтін жас анада көңіл-күй нашарлайды, өйткені элемент нейрондардың бір-бірімен байланысу синтезіне ықпал етеді. Әйелдің шашы мен тырнақтары құрғап, сынғыш болады, терінің жағдайы нашарлайды. Бұл ауруға тән белгілерінің бірі – дәмнің бұзылуы. Адам ағзасына темір жетіспеген жағдайда, ол бор, саз, жер сияқты жеуге болмайтын нәрселерді жеуге құмар болады.

Темір тапшылығы анемиясы гастритке, бұлшықет әлсіздігіне және иммунитеттің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бұл ауру темір препараттарымен емделеді. Дәрігерлер жас аналарға анемияның алғашқы белгілерін күтпестен бұрын, препараттарды профилактикалық дозада қабылдауға кеңес береді.

Денсаулыққа қамқорлық жасау маңызды

Балаға күтім жасау көп уақытты қажет ететініне қарамастан, жас аналарда денсаулығына назар аударып, дәрігерге үнемі баруы маңызды. Бұл өмірге көлеңке түсіретін күрделі мәселелердің уақытында алдын алуға көмектеседі.

 

Аружан Ардаққызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті

 

БАҚ-тың қоғамдық-саяси және ақпараттық қызметі

0
Jennie Kim: кәріс айдолының Голливудтық дебюты

Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық-саяси және ақпараттық қызметі қоғамдық пікірді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, саяси процестерге әсер етеді және әлеуметтік оқиғаларды кейбір аспектілер бойынша сипаттайды. БАҚ қоғамда және саясатта болып жатқан маңызды оқиғаларды көрсетеді. Бұл адамдарға не болып жатқаны туралы хабардар болуға және негізделген шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Талдау арқылы адамдарға күрделі саяси және әлеуметтік процестерді, оқиғалардың себептері мен салдарын түсінуге көмектесетін талдаулар мен түсініктемелер береді.

Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық пікірді қалыптастыруға ықпалы зор. Олар талқылауға арналған тақырыптарды алға тартады, талқылаулар жасайды және мәселелер бойынша әртүрлі көзқарастарды ұсынады. Сонымен қатар, үкімет пен басқа саяси институттардың қызметін бақылаушы рөлін атқарады. Олар сыбайлас жемқорлықты, заңдарды бұзуды және саясатта ашықтық пен есептілікті сақтауға көмектесетін басқа да келеңсіз құбылыстарды әшкерелейді.

Әлеуметтік белсенділік арқылы қоғамның саяси процестерге қатысуын арттыра алады. Олар маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеріп, азаматтар арасында пікірталас пен әрекетті тудыруы мүмкін. Ең маңызыдысы сөз бостандығы мен баспасөз бостандығын қорғауда маңызды рөл атқарады. Олар журналистердің құқықтарын қорғап, цензураға және сөз бостандығын шектеуге қарсы күресе алады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық-саяси және ақпараттық қызметінің оң және теріс жақтарын қарастыратын болсақ.

Артықшылықтары:

  • БАҚ әлемде болып жатқан оқиғалар мен процестер туралы ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Адамдар нақты уақытта ағымдағы оқиғалардан кез келген сәтте хабардар бола алады.
  • БАҚ адамдарға күрделі мәселелерді түсінуге және сыни ойлауды дамытуға көмектесу арқылы қоғамдық пікірді қалыптастыруда басты рөл атқарады.
  • Бұқаралық ақпарат құралдары сыбайлас жемқорлық пен адам құқықтарының бұзылуын әшкерелеп, үкімет пен басқа саяси институттарды бақылаушы ретінде әрекет етеді.
  • БАҚ өз қызметі арқылы қоғамның саяси процестер мен қоғамдық қозғалыстарға қатысуын арттыра алады.
  • БАҚ цензураға және сөз бостандығын шектеуге қарсы тұру арқылы сөз бостандығы мен баспасөз бостандығын қорғауда маңызды рөл атқарады.

Кемшіліктері:

  • Сенсациялық тақырыптар мен аудиторияны көбейту үшін кейбір БАҚ фактілерді бұрмалауы немесе ақпаратты бұрмалауы мүмкін.
  • Кейбір БАҚ белгілі бір көзқарастарды белсенді түрде алға жылжытуы мүмкін, бұл қоғамның поляризациясына және әртүрлі топтар арасындағы қақтығыстардың күшеюіне әкелуі мүмкін.
  • БАҚ қоғамдық пікірге және аудиторияның мінез-құлқына әсер ету үшін әртүрлі манипуляция әдістерін қолдана алады.
  • Белгілі бір оқиғаларға немесе мәселелерге назар аударту үшін алып сатарлық пен сенімсіз дереккөздерді пайдалануы мүмкін.
  • БАҚ халық арасында қорқыныш пен үрей атмосферасын тудыруы мүмкін жағымсыз жаңалықтарға назар аударуы мүмкін.

Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық-саяси және ақпараттық қызметінің күрделі салдары бар және сөз бостандығы мен қоғам алдындағы жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті талап етеді. Қоғам мен демократияның салауатты өмір сүруі үшін бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық-саяси және ақпараттық қызметінің маңызы зор. Дегенмен, бұқаралық ақпарат құралдарының өз аудиториясы мен жалпы қоғам алдындағы жауапкершілігін де есте ұстаған жөн.

 

Берікқожаева Аружан Ардаққызы

Әл-фараби атындағы ҚазҰУ студенті

Журналистиканың құқықтық негіздері

0
Jennie Kim: кәріс айдолының Голливудтық дебюты

Журналистиканың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын, сондай-ақ олардың сөз бостандығы мен ақпарат алу құқығын қорғайтын өзіндік құқықтық базасы бар. Журналистиканың негізгі құқықтық негіздеріне сөз бостандығына, баспасөз бостандығына және ақпарат алу құқығына кепілдік беретін баптар жатады. Бұл конституциялық ережелер еркін журналистиканың негізін құрайды. Азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқықтарын, сондай-ақ осы ақпаратты қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдардың міндеттерін анықтайтын ақпарат еркіндігі туралы заңдар бар. Журналистер бұл заңдарды көбінесе мемлекеттік құжаттар мен ақпаратқа қол жеткізу үшін пайдаланады. Бұл құқықтық негіздер журналистердің де, жалпы қоғамның да құқықтары мен мүдделерін қорғай отырып, еркін және жауапты журналистиканың негізін құрайды.

Ата Заң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қоғамдық қатынастарды және құқықтық негіздерді реттейді. Осы тұста журналист БАҚ-қа хабарламалар мен материалдарды жинауды, өңдеуді және дайындауды жүзеге асыратын жеке тұлға болып табылады. Журналистің міндеті – қарапайым халық білуі тиіс кез келген ақпаратты жариялау. Ал оған үкімет тарапынан ешқандай шектеу қойылмауы тиіс.

Өкінішке орай, Қазақстанда көп жағдайда журналистер өзіне қажет, халық білуі тиіс мәліметтерге қол жеткізе алмайды. Мемлекеттік мекемелердегі мамандар үкіметке емес, халыққа қызмет етіп жатқанын кейде ұмытып кетеді. Олардан ресми ақпарат алудың өзі бірнеше айға созылады. Ал берілген жауапта мекеме жұмыстарының тек позитивті жақтары ескеріледі. Қазір ақпарат құралдарының 90 пайызы мемлекеттен тапсырыс алатын болғандықтан, Қазақстандағы сөз бостандығы басқа елдермен салыстырғанда төмен орында.

«Reporters Without Borders» халықаралық ұйымының жариялаған сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінен 158-орынды алған. Рейтингте Ресей 148, Өзбекстан 165,  Беларусь 155, Тәжікстан 149, Қырғызстан 98-орында тұр. БҰҰ-ның Даму Бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Стелиана Недера ханымның айтуынша, әлемнің кез-келген мемлекетіндегі азаматтық қоғамның қаншалықты деңгейде дамығандығы сол елдегі баспасөз еркіндігінің толық жағдайын көрсете алады. Яғни, бұл екі ұғымды бір-бірінен ажыратып бөлек қарауға әсте болмайды. Сөз еркіндігі, баспасөз бостандығы азаматтық қоғамның бір маңызды бөлшегі болып табылады.

Орта Азияның өзге елдерімен салыстырғанда, әрине, бізде сөз бостандығы көбірек. Кім не айтса да, өзі біледі. Бірақ белгілі бір шеңбер төңірегінде. Мысалы, соңғы бір жылда сол әлеуметтік желілерде сыни пікір білдірудің өзі қиындай түсті. Дәлелдеуге нақтылық жоқ, бірақ айқын сын жазсаңыз, екі жылға дейін бас бостанығынан айырылу қарастырылған. Қазір ақпарат құралдары емес, әлеуметтік желі қоғамдық пікірді тудырып отыр, сөз бостандығы елдегі саяси-әлеуметтің, экономикалық жағдайдың да түзелуіне біршама ықпал етеді.

Журналистиканың құқықтық негіздері журналистік қызмет жүзеге асырылатын елдің заңнамасымен айқындалады яғни, көптеген елдер азаматтардың негізгі құқығы ретінде сөз және баспасөз бостандығына кепілдік береді. Бұл журналистер цензурасыз және алдын ала цензурасыз өз пікірлері мен идеяларын еркін білдіруге және ақпаратты таратуға құқылы дегенді білдіреді. Журналистер заңнамалық базаны жақсы түсініп, өз қызметін жүзеге асыру кезінде міндетті түрде заң талаптарын сақтауы маңызды.

 

Берікқожаева Аружан Ардаққызы

Әл-фараби атындағы ҚазҰУ студенті

Жұмыссыздық және оны шешу жолдары

0
Jennie Kim: кәріс айдолының Голливудтық дебюты

Жұмыссыздық мәселесі бүкіл әлемде бар. Егер адамның жұмысы немесе басқа да табыс көзі болмаса, ол өзін қандай да бір кәсіпте жүзеге асыра алмай қана қоймайды, сонымен қатар өзіне көп нәрсені теріске шығаруға мәжбүр болады. Жұмыссыздардың әртүрлі санаттарына көмектесетін басқа да мемлекеттік бағдарламалар бар, мысалы, мүгедектерге, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған адамдарға, жұмысынан айырылған зейнеткерлік жастағы адамдарға және т.б.

Жаппай кедейшілік проблемасы, өкінішке орай, біздің еліміз үшін өзекті болып қалуда және қазірдің өзінде қоғамдық-саяси тұрақтылыққа нақты қауіп төндіреді. Белгілі болғандай, кедейліктің негізгі себебі жұмыссыздықтың жоғары деңгейі болып табылады. Қазақстан экономикасында еңбекке жарамды халықты толық жұмыспен қамту үшін 2 миллионға жуық толық жұмыс орны жетіспейді. Шикізат секторында, қызмет көрсету саласында және мемлекеттік секторда жұмыспен қамтуды кеңейтудің мұндай әлеуеті енді жоқ. Демек, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамыту арқылы ғана осындай көп жаңа жұмыс орындарын ашуға болады.

Жұмыссыздықтың табиғи деңгейіне фрикциондық және құрылымдық жұмыссыздық кіреді. Бұл түр ел экономикасының өсу динамикасына қатысы жоқ және кадрлардың тұрақсыздығы, көші-қон және демографиялық себептер сияқты табиғи себептерге байланысты. Сонымен қатар маусымдық жұмыссыздық оның белгілі бір салалардағы өнім көлемінің маусымдық ауытқуынан туындайтынымен түсіндіріледі.

Қазақстанның еңбек нарығына келетін болсақ, елде табиғи және циклдік жұмыссыздық сияқты жұмыссыздықтың әртүрлі түрлері байқалады. Мамандық немесе біліктік бойынша еңбек нарығындағы сұраныстың сәйкес келмеуіне байланысты өтініш берушінің жұмыс таба алмай қалуы сияқты факторлар бар. Маусымдық сұраныс құрылыс пен ауыл шаруашылығы салаларында да байқалады.

Жұмыссыздықтан құтылу – мемлекет тарапынан да, жеке адамдар тарапынан да кешенді көзқарасты талап ететін күрделі міндет. Жұмыссыздықпен күресудің бірнеше жолын атап өтетін болсақ:

  1. Мемлекеттік инвестицияларды ынталандыру, инфрақұрылымды дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті қолдау, жұмыссыздықты азайтатын бағдарламаларды құру арқылы экономикалық дерттен арыла аламыз.
  2. Білім мен жұмыс дағдыларын арттыру жұмысқа қабілеттілікті жақсартуға көмектеседі. Мемлекеттік және жеке ұйымдар жұмысқа орналасқысы келетін немесе мансапты өзгерткісі келетіндер үшін қолжетімді білім беру және оқыту бағдарламаларын ұсына алуы қажет.
  3. Кәсіпкерлікті қолдау және жаңа кәсіпорындарды дамытуға жағдай жасау жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектеседі. Бұл бюрократиялық кедергілерді азайтуды, қаржылай қолдау көрсетуді және болашақ кәсіпкерлерге кеңес беруді қамтуы мүмкін.
  4. Жұмыс күшінің ұтқырлығын қолдау жұмыс іздеп жүрген адамдар үшін пайдалы болуы мүмкін. Бұған жұмыс күшіне сұраныс жоғары аймақтарға көшуді қолдау секілді, сондай-ақ қоныс аударуды қамтамасыз ететін, оқыту мен жұмысқа орналастыру бағдарламалары кіруі мүмкін.
  5. Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы және әлеуметтік көмектің басқа түрлері мемлекет тарапынан қорғалуы қажет. Әлеуметтік қауіпсіздік бағдарламалары жұмыссыздыққа тап болған адамдарға жаңа жұмыс іздеу кезеңінде аман қалуға көмектеседі.
  6. Жұмыспен қамту бағдарламалары, тағылымдамалар, субсидия секілді басқа да шараларды жүзеге асыру жұмыссыздардың еңбек нарығына тезірек оралуына ықпал ете алады.

Әрине бұндай бағдарламаларды ұсынып оны іске асыру үлкен қаржыны талап етеді. Әрбір ел өзінің экономикалық, әлеуметтік және саяси ерекшеліктеріне байланысты күрделі мәселелердің халық пайдасына шешілгенін қалайды, алайда бұл ұсыныстарды толықтай жүзеге асыру мүмкін емес.

 

Берікқожаева Аружан Ардаққызы

Әл-фараби атындағы ҚазҰУ студенті