Дұрыс тамақтанудың адам ағзасы үшін маңызы

0
979

2023 жылдың 11-ші қарашасында Ш. Уалиханов атындағы жалпы білім беретін мектепте жаратылыстану пәні аясында Ә. Жақсыханованың жетекшілігімен және 1В сыныбының қатысуымен ашық сабақ өтті. Ашық сабақтың мақсаты – тамақтанудың адамның өсіп-дамуына аса қажет екендігін ұғындыру.

  Ашық сабақ негізгі бес кезеңнен құралды:

  • Сабақтың басы. Атап айтсақ, сабақтың басы психологиялық ахуалға негізделген. Мысалы, оқушылардың сәлемдесуі, ұстазбен жақсы қарым-қатынас орнатуы басты назарға алынды. Оқушылардың сабаққа деген құлшыныстарын ояту мақсатында «Миға шабуыл» әдісі арқылы өткен сабақтардағы тақырыптар пысықталды. Дұрыс тамақтану туралы «кластер» әдісі пайдалынылды.
  • Сабақтың ортасы. Бұл кезең оқушылар үшін өте маңызды болып есептеледі. Өйткені дәл осы кезең арқылы оқушылар жаңа тақырыппен танысып, білім деңгейлерін арттырады. Жаңа тақырыпты өту барысында адамдардың тамақ дайындау үшін көгөніс, жеміс, сүт, жұмыртқа, ет, балық, жарма, ұн және басқа азық-түлікті пайдаланылатыны, денсаулықтың мықты болуы үшін ас мәзірі де түрлі пайдалы тағамдардан құралуы керектігі де оқушыларға түсіндірілді. «Пайдалы тағамдарға не жатады?», «Пайдасыз тағамдарға не жатады?» деген сұрақтар қойылғанда оқушылар таратылған қималардан картон қағазда пайдалы және зиянды тағамдарды атап көрсетті. Сонымен қатар, «Коллаж әңгіме» әдісімен орындалатын топтық жұмысқа қатысты арнайы ресурстар әзірленді. Мақсаты – оқушылардың сыни ойлау және коммуникативтік дағдыларын дамыту.
  • Сергіту сәті. «Азық-түлік дүкені» рөлдік ойыны ұйымдастырылып, нәтижесінде оқушылар тағамдардың пайдалы немесе зиянды екенін ажыратты.

  • Сабақты қорыту. Бұл кезең зерттеу жұмысына негізделген. Зерттеу нысаны ретінде алма жемісі алынды. Оқушылар алманы ыдыстағы суға салып, оның су түбіне батпауының негізгі себебін түсіндіруге тырысады. Ал бұл кезеңнің «Білгенің жөн» атты бөлімінде дұрыс тамақтану ережелері құрылады.
  • Кері байланыс. Ашық сабақ аясында өткен тақырыпты оқушылардың бойларына қаншалықты сіңіргендерін, қандай деңгейде ұғынғанын анықтауға арналды. Әр ұстаз оқушылармен тұрақты түрде кері байланыс жасауы керек. Себебі оқушыларға тек ақпаратты жеткізу жеткіліксіз. Сол берілген ақпарат бойынша білім алушылардың тақырыпты тереңінен түсінуі, ұстазды ұғына алуы да осы кері байланыс тәсілі арқылы жүзеге асады.

Сонымен, ашық сабақты қорытындыласақ, денсаулықтың адам өміріндегі ең басты құндылық екені белгілі. Ал сол денсаулықты жақсартатын да, құртатын да тұтынатын тағамдарымыз екенін атап өткен жөн. Осы мақсатта оқушылар пайдалы және зиянды тағамдарды ажыратып, өз денсаулықтары үшін дұрыс тамақтанудың қаншалықты маңызды екендігін ұғына алды.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ