«Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы жастар бейнесіне сипаттама

0
282
Jennie Kim: кәріс айдолының Голливудтық дебюты

Махаббат, қызық мол жылдар романы қалың көпшілікке арналған, қазіргі әдебиеттегі махаббаттың қандай болу қажет екенін көрсететін көркем туынды. Әңгіме Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарды баяндайды, үлкен махаббат оқиғасы басты кейіпкеріміз Ерболдың соғыстан аман-есен оралып, Алматыдағы Қазақ университетінің, тарих-филология факультетіне түсуінен басталады. Оның 33-аудиторияда тек қыздармен отыруының өзі керемет суреттелген «отыз қыздың көзі менің де жүрегімді өртеп жібергендей» деген сөздерінен түсінуге болады. Ербол әйел қауымын жақсы көретін, ұялшақ, әр қыздың сұлулығы мен нәзіктілігіне тамсанатын, аңғал жігіт сияқты сипатталған.

Отыз қыздың арасынан Ерболдың жүрегіне жақын болғаны – Меңтай. Кітаптағы Меңтай бейнесіне әр қыз сүйсінеді деп ойлаймын, себебі ол қыз тәрбиесінің жоғары деңгейде болу керектігін үйретті. Меңтай сыпайы, ақылды, сабырлы және ұяң мінезді жарық қыз. Ерболдың өміріндегі маңызды оқиғалардың себепкері болған, Ерболды көрген сәттен бастап оны «ағай» деп құрметтеп, іштей ғашық болған ару.

Шығармада басқа да жастар бейнесі жақсы сипатталған, бірақ мен тек екеуіне тоқталғым келеді. Ербол мен Меңтайдың кіршіксіз таза махаббаттары бәріне үлгі болған секілді, кітапты оқып отырғанда сондай таза махаббат қасында мекендеп жүргендей болады. Бірақ автор жақсы жігіт пен білімді қыздың ғана бейнесін шығарып қойған жоқ. Ол келер ұрпақтың бойында болу керек қасиеттерді жинақтап, көрсете білді, яғни «Апамның айтқандары», «Шығыс нақылы», «Өз ойларым» деген тарауларда қыз бен ұлдың өзіне жарасар мінезі мен ақылы болу керектігі есте сақтайтын қағидалар.

Роман оңай болып көрінгенімен, басты кейіпкерлеріміздің бастан кешкен оқиғалары, қалаған бақыттарына қалай жеткендері жүректі жылатады десем артық емес. Ғашықтар бір-бірін сүйгенін білгенімен, Меңтай ағасына берген уәдесін бұза алмады. Осы тұста романның жағымсыз кейіпкері Тұмажан «Ошақбаев опық жемейді!» деген сөздерін мәтелге айналдырып алып өтірік сөйлеп, өзін ғана ойлап қалған арсыз кейіпкер шығады, ол Меңтайдың ағасының майдандасы, қыздарды кемсітіп, қорлаушылардың қатарынан. Меңтайды алдап, өзіне тоқал қылып алмақшы болады, ақыры соңында зорлап «ішіндегі бар нәрін сорып алып, сыртындағы қабығын лақтырып жіберген лимондай етіп қызды жатақханаға жеткіздім» дейді, қыздың бар абыройын төгіп, Ерболдың ашуына тиеді. Осылайша, бастарынан қаншама оқиға өтседе Ербол мен Меңтайдың махаббаттары өшпей, сезімдері әрі қарай лапылдады. Роман бізді соңында қуантпады, махаббат бәрін жеңе алғанымен күтпеген ажалды жеңуге қауқарсыз екен… Осылайша Ербол, жан жарынан айырылып, жаңа туған баласын жер қойнауына тапсырып, сәбидей қорғансыз күй кешеді. Менің ойымша, автор жастардың бейнесін тіл көркемдігімен керемет суреттеп шықты, олардан үлгі аларлықтай оқиға қалдырды. Қорыта айтқанда, бүгінгі күні адал махаббаттың қаншалықты маңызы бар? Оның құны қанша? Осы сұрақтарға жауап табу қиын болды. Егер барлық жігіттер Ерболдай қыз намысын қорғайтын, адал болса, қыздар Меңтайдай көрікті, ақылды болса бұл әлем басқаша болар ма еді? Ең өкініштісі, қазіргі заманның өзінде Тұмажан секілді арсыздардың саны көбеюде, ал таза махаббаттың бар болуы жоқтың қасы.

 

Берікқожаева Аружан Ардаққызы

Әл-фараби атындағы ҚазҰУ студенті

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ