Тағылымы мол ғылыми семинар

0
1501
Jennie Kim: кәріс айдолының Голливудтық дебюты

Тағылымы мол ғылыми семинар

Білім мен ғылым – адамзаттың рухани өрісінің өзегі. Абай айтқандай «ақылға бірлік» қана адамзатты кемелдік шыңына жетелейді. Еліміздің ертеңі жастардың қолында деп бекер айтылмаса керек. Өйткені көзі ашық, көкірегі ояу, санасы еркін, мәдениет дүниетанымы кең жастары бар, білім мен ғылымы дамыған ел ғана өркениеттің керуен көшіне ілесе алады. Алдыңғы қатарлы дамыған елдермен терезесі тең, әлемдік аренада бәсекеге қабілетті мемлекет болуымыз үшін білім мен ғылымды дамытуымыз керек. Сондықтын да әрбір қазақстандық білім мен ғылымға өздері ғана талпынып қоймай, перзенттеріне болашаққа салынған сенімді, қайтарымы мол инвестицияның көзі білім екендігін түсіндіріп, көрсетуі қажет.

Қазақстан ғылымы үшін жоғары оқу орындарынан кейінгі магистратура және докторантура білім беру бағдарламалар негізінде ғылыми кадрларды даярлау аса маңызды болып табылады. PhD доктор дәрежесін алу үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен арнайы талаптар бар. Солардың бірі және бірегейі – Scopus және Web of Science ғылыми деректер базасына енетін рейтінгі жоғары журналдарда мақала жариялау. Ғылыми ақпараттың ауқымды ресурстары – әрбір ғалымның кәсіби қызметі үшін, жалпы ғылыми қауымдастық үшін маңызды екені сөзсіз. Өйткені аталған ғылыми ресурстар әлімдегі ең ауқымды және сапалы ғылыми дерекқор болып табылады.

Scopus және Web of Science халықаралық дерекқорына кіретін жоғары рейтингті журналдарға мақала жариялау үшін қатаң талаптар қойылған. Мақаланың жариялануы оның сапалы жазылғандығын және әлемдік ғылыми қауымдастық үшін маңыздылығын көрсетеді. Ал мақаланың индекстелуі ғалым еңбегінің еленуі және ғылыми жаңалығының өміршеңдігі болып табылады. Бұл өз кезегінде ғалымның ғылыми әлеуетінің және беделінің артуына әсер етеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті зерттеушілерге жоғары рейтингті журналдарға ғылыми мақала дайындауға және оны жариялауға қатысты ауқымы кең, пайдасы мол ғылыми семинарлар өткізіп отырады. Солардың бірі – 2022 жылдың 2 желтоқсан күні Филология факультетінде, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен өткен Эскишехир Османгази университетінің профессоры Феррух Ағжаның «Шетелдік ғылыми басылымдарға мақала жариялаудың әдіс-тәсілдері» тақырыбындағы ғылыми семинары. Ғылыми семинарға кафедраның меңгерушісі филол.ғыл.докторы, профессор Р.А. Авакованың бастауымен профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар мен магистранттар қатысты.

Профессор Феррух Ағжа ғылыми семинар барысында жоғары рейтингті журналдарға ғылыми мақаланы дайындау кезеңдері, мақалаға қойылатын талаптар, зерттеушілер жиі кездестіретін кедергілер туралы өз тәжірибесімен бөлісті. Scopus базасын журналдарды іріктеуде тиімді құрал ретінде қолдану тетіктері туралы ақпарат берілді. Семинар барысында қатысушылар ғылыми мақаланы жазуға және жариялауға қатысты сұрақтарға нақты жауап алды. Бұл семинар әсіресе докторанттар үшін маңызды болды. Семинар соңында кафедраның докторанттары мен магистранттары осындай семинар ұйымдастырылғанына ризашылықтарын білдірді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Түркітану және тіл теориясы кафедрасының
1-курс докторанты Төлегенова Меруерт Әділқызы,
филол.ғ.к., доцент м.а. Акимишева Жанар Абдисадыккызы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ