Абай Құнанбайұлы

0
1760

Абай Құнанбайұлы1845 жылдың 10 тамызында  қазіргі Семей облысының  Шыңғыс  тауларында Қарқаралының аға сұлтаны Құнанбайдың   екінші әйелі  Ұлжаннан туған. Абай әкесінің алты баласының ішінде ертеден дәме қалғаны болады. Сол себепті оны әкесі жас күнінде Семейге апарып Ахмет Риза деген иманның медресесіне оқуға береді. Бірнеше жыл сонда мұсылманша оқудан алғаны: араб, парсы ақындарымен шағатай үлгісіндегі түркі әдебиетімен танысқан. Бұның үстіне өз уақытына дін жайында жетіп, молдалығы бар бала болып, қалады. Медреседегі кезде көбірек бой салып оқығаны ақындар болу керек. Бірен – саран сол уақытынан сақталып қалған «әліп би өлеңі», «жүзі раушан» деген сияқты бірен – саран өлеңі араб, қарсы ақындарын оқып танысу ғана емес солар үлгісіндегі жазып байқамақ талабында көрсетеді.
Зейінді, талапты шәкірт жасының аздығына қарамай өзінше нәрлі оқу деп таңдағанда, дін схолостикасынан гөрі сол ақындарды сүйісіп кеткен сияқты.
Бірақ оқуы ұзаққа бармаған, 13 жасынан ары сол шала сүрлеу оқудың да есігі жабылады. Ел тартысында жалғыздық сезе бастаған әкесі бұны оқудан алып өзге жұмысқа қосады. Ол жұмысы – ел сөз, ел билеу жұмысы. Әуелі ат үсті «барып келіп», «пәленге пәлен сәлем айтып келмек» жүріп аяғы азғана жылдың ішінде жап – жас Абайдан мықты, жуан би, руласы, ел тартысының атқа мінері қалыптанып шығады.  Әкесіне көмекші ғана емес, әр уақытында ол істер жүрген іс, биліктің, бәрін өз қолына меңгеріп алады. Құнанбаймен алсықан туысқанмен 17 кісіні Сібір айдатады. Сонымен бір тартыстың бастықтары бұлардан жеңіледі. Бірақ сол жеңудің өзі де атадан ұрпаққа кететін үзілмес жаулықтың себепшісі болады. Әкесі бастаған істі аяқтаймын деген Абай өзінің ұзын өміріне жетерлік пәле, тартыс-талас бәлесін тілеп алады.  Ұлық пен ағайын ішіндегі күш салмақпен жеңіп алған Абайға тартысушы жаауларының өштігі кемімейді. Күшейе береді.Бұның өзі қолданған әдісті қолданып үстінен ұлық атаулыға арыздар  беріледі. Неше алуан жала жабылады. Бұл бір ғана жыл емес әрбір жыл болып отырады. Мысалы, 28 жасында келгенде бір қыс ішінде 12 түрлі зор қылмысты іспен тексерілетін болған кезі де бар. Ол істердің түрлері кісі өлтіру, ауыл шабу, қос талау, жер өртеу тағы – тағы сондайлар. Әрине, Абай бұның бәрін өз қолымен істемеуі мүмкін. Көбі сол күнгі шағым қойылып, жалақорлық арқылы беруден өтірік арыз, жалған куәлік, бос жала болуға тиіс.
Бірақ ол күндегі тартыстың тәсілі сол. Ұлық арқылы мұқату керек болса осындай жалалар жауып, соны жалған куәлік – жан күмән, ант иманмен бекіту керек. Абайдың 17 кісі жауларын айдатқанда өзі қолданған әдісі, айласы да осы болатын.  Жаңағы 28 жасында 12 арызбен тергелуі сол өмір бойында талай рет болған, кезек жабылатын пәле – жаланың бірі ғана болса, бұл жылдары іс, арыздық саны ғана молырақ болған. Бірақ Абай бұндай тартысқа ысылып, қалыптанып алған еді. Бір қыс бойы қалада жатып, қарсы қимыл істеп қайтаратын да, пұлын да шашып жүріп «әні әкетті»,  «міні әкетті десіп» жаулары жүргенде, бұл ап – аман ағарып шығып пәледен бірақ құтылып кетеді.   Осындай тартыс, даудың қалың ішіне кіріп, белшесінен абып жүрегн уақытта Абай қара күш, айламен қатар, тіл безеуді, шешендік, жүйрікті де үлкен құрал қылған. Ерте уақыттан ақ жауапқа жүйрік, ескі жораға жетік, алғыр би қалпымен қалпына келіп алады.
Естімеген шешені ақыны, ескі сөзі некен саяқ болады. Уақытындағы не жүйрік, не білгір ділмар болса соның еш қайсысынан кем түспейді, асып түсіп отыратын болады. Бұнысы бұрыннан аыздан – ауызға көшіп, сақталып келе жатқан қазақ ішіндегі сөз қазынасын молынан ұғынып, біліпалуына себеп болдаы. Көп жерде өзі де өлеңдетіп, тақпақтатып, сырлап, сымбатты сөйлейтін болады. Өлең жас күнінен білінген өнері болса да, дәл жаңағы қызу, тарбойына ылайық өнер деп білмейді. Қайта би басын кішірейтетін, абүйір атағын кемітетін нәрсе деп біледі. Ол кезде ақын тіл безеген, соны кәсіп қылған әлсіздің, құнсыздың ісі сияқты бағаланатын. Абай өзі де солай қараған. Сол себепті ерте уақытының өлеңі, әлде қалай суырып салу ретінде айтылып, сол айтылған жерінде қала беретін болған.
Абай өлең жазуды 10 жасында («Кім екен деп келіп ем түйе қуған…») бастаған. Одан басқа ертеректе жазылған өлеңдері — «Йузи-рәушән», екіншісі — «Физули, Шәмси». «Сап, сап, көңілім», «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа», «Кең жайлау» өлеңдері 1870 — 80 жылдар аралығында жазылған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы — «Қансонарда» 1882 ж. жазылған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі — өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі — ғақлия (немесе Абайдың қара сөздері) деп аталатын прозасы; үшіншісі — өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.
Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлік — шалымын одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным жайындағы философиялық көзқарастарын да өлеңмен жеткізеді. Абайдың дүниетанудағы көзқарасы XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақ халқының экономикасы мен ой-пікірінің алға ұмтылу бағытта даму ықпалымен қалыптасты. Дүниетану жолында сары-орыстың төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қорытып, басқаларға қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданады. Дүниетану өңірінде екі қасиеттің — сезім мен қыйсынның , түйсік пен ақылдың қатынасын таразылайды. Сондықтан да: «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз» деп жазады. Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы — жүйеге бейімделген біртектес өмір салттың ғана нәтижесі емес, сонымен бірге қасиеттік деп саналатын- арман-аңсардың (идеал) да біртұтастығына айғақ. Олай болса Абай сынының тәлкегіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты қасиеттер қазақ баласының кейбірінің бойындағы туа біткен кемшілік емес, сол Абай өмір сүрген қоғамдағы саяси әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда, Абай бұрынғы бабаларымыздың бойынан көрген «кемшіліктерді» себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қарастыруға жол ашқан.

Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі — қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) — ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зор салған.  Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың кара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды.  Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 ж. Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.   Абай орыс тілін тамаша меңгерді. Мұның өзі оның орыс ақыны М. Лермонтовтың біркатар өлеңін қазақ тіліне аударуына мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Абай М.Ю. Лермонтовтың «Шайтан» («Демон»), «Дұға» («Молитва»), «Қанжар», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Жалау» («Жалғыз жалау жалтылдап»), «Теректің сыйы» («Асау Терек долданып, буырқанып») сияқты өлендерін аударды. Абай А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» дастанының үзінділерін қазақы ұғымда жатық етіп еркін аударды. Абайдың Татьяна хатының сөзіне шығарған «Татьянаның қырдағы әні» қалың елдің сүйікті әніне айналды.  Абай И.А. Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударумен де айналысты. Қазақтар ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті жетекшісі Ә. Бөкейханов өзінің қырғыз даласындағы әртүрлі уездерде болған кезінде ондағы ақындардың Пушкин мен Лермонтовтың Абай аударған өлеңдерін жақсы білетініне, оларды домбырада әнге қосып айтатынына көз жеткізіп қайтқанын жазады.Орыс тілінен Абай аударған шығармалар қазақ әдебиетін байыта түсті. Абай орыстың ұлы акындарының 50-ден астам өлеңін қазақ тіліне аударды.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ