Біз – бейбіт күннің балаларымыз. Бұның бәрі – ел мен жер үшін аянбай ерлік көрсеткен ата-бабамыздың арқасы. Бүгінде ұлы жеңіске 80 жыл толып отыр. Оны біз атаулы күн деп санаймыз.
1941 жылдың 22 маусымы тарих күнделігінің парағына ең ауыр да қайғылы күндердің бірі ретінде өшпестей жазылды. Шырт ұйқыда жатқан жұртты дәл осы күні сағат 4-тер шамасында Юрий Левитанның дабыл қаққан радиохабарламасы оятты. Қолдарына бұрын қару ұстап көрмеген жас та, кәрі де сауысқандай сақ сарбаздармен бірге ортақ Отан үшін қан майданға аттанды.
Соғыс жылдарында Қазақстаннан 1 миллионнан астам жауынгер майдан даласында көз жұмып, қаншама бала жетім, әйелдер жесір қалды. Майданда өз өжеттігімен, қайсарлығымен ерекше көзге түскен, ержүрік батылдығымен мәңгі ел жадында қалған батырларымыз қаншама?! Олардың арасында Кеңес Одағының батыры атанып, кейіннен қаруын қаламға алмастырған қаламы қарамды жазушы Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, батыр қыздарымыз Әлия мен Мәншүк та бар. 50-ден астам дұшпанның көзін жойып, жоу дзодын кеудесімен жапқан С.Баймағамбетов, әуеде от-жалынға оралған ұшағын жау танкісінің колонносына құлатқан Бейсекбаевтардың еңбегін ұрпақ ұмытпайды. Айта берсек, батырларымыз жеткілікті. Ерен ерлігі үшін 499 қазақстандық азамат Кеңес Одағының батыры атанды. Ал соғыс алаңында ажал құшып, туған жердің топырағы бұйырмаған қаншама азамат өзге елде жерленді.
Қазақстан тек жауынгер жіберіп қана қойған жоқ, сонымен бірге майдан арсеналы болды. Қазақ халқы ұрыс даласына азық-түлік, киім-кешек, керек-жарақтының бәрін беріп, жеңіс үшін аянбай тер төкті. Он оқтың тоғызын біздің еліміз шығарып отырды. Ата-бабаларымыз тек майданда ғана емес, Еуропаны азат етуде де жанқиярлықпен шайқасты.
Зұлмат жылдары халыққа өте ауыр тиді. Көптеген отбасылар жақындары мен жалғыздарынан ажырап қалды. Жеңіске жеткен жақ болсақ та, соғыстан кейін де халқымыз қаншама қиындықты басынан өткерді.
Қорқыныш пен қасіретке толы күндер өткенімен, бұл жылдарды еш ұмытпауымыз керек. Олардың ерліктерін үлгі етіп, рухтарына тағзым ету –парызымыз. Ерлік – мәңгі, ал тарихты ұмытпайтын ел болашаққа нық қадам басады.
Алтаева Камила
Алматы қаласы, Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияның 11-сынып оқушысы