1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні

0
1552

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бастап, ел тұтқасына айналып, көрегенділігі, сарабдал саясатының арқасында Қазақстанды әлем өркениетінде алдыға бастап жүрген «Президент жолы» – кемеңгерліктің, данышпандықтың белгісі.

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, 1991 жылы 1 желтоқсан күні өткен сайлау нәтижесінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықтың сеніміне ие болып, «Тұңғыш Президент» болып сайланды.

Нақты іс-әрекеттері мен саясатының арқасында тарихымызды қайта жаңғыртып, өшкенімізді қайта жағып, өлгенімізді қайта тірілтті. Еліміздің болашағына сенімді, игі істердің бастамасының тұсауын кесті.

Игі істермен қатар, еліміздің жеке мемлекет ретінде қалыптасуы қиын, әрі аз уақытта шешілмейтінін қадап айтқан да болатын. Сол үшін шыдамдылық пен бірліктің, іскерлік пен еңбекқорлық қабілеттерінің ең үздік үлгісін көрсете отырып, гүлденген, нақты аяғына тұрған мемлекет құрып, жақсы күндердің туатынына сенді.

Бірнеше жылдардан кейін нақты шешімдерінің арқасында халықтың сайлауда қате таңдау жасамағандығын дәлелдеді. Оның айғағы – қазіргі дамыған, гүлденген Қазақстан көрінісі.

Тұңғыш Президентіміздің егемендік алған жылдардан бастап бүгінгі өркениетті дамыған ел болып қалыптасуына сіңірген еңбегі орасан зор. Атап айтқанда, елдігімізді танытатын еңселі Елтаңбамызды, тұғырлы Туымызды белгіледі.

Айбатты Әнұранымызды алғаш рет 1992 жылы шырқатып, ХХІ ғасырдың алғашқы жылында-ақ қайта жаңғыртты. Төл теңгемізді айналымға енгізіп, тарих парақтарын қайта ақтарып, есіл ерлерімізді ақтап, әрбіріне өзіндік бағасын берді. Артынша, елдегі халықтардың басын біріктіріп, олардың ұлттық тегіне қарамастан, теңдігін бекітетін құжатты – Ата Заңымызды қайсар халқымызға тарту етті.

Ең бастысы, мемлекет атауын «Қазақстан Республикасы» деп өзгерту туралы Елбасының шешімі тарихта да, ел есінде де елеулі орын алады.

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте! –

деп шегелеген Қадыр атаның, «Туған тілің – қыдырың» деп ұрандаған Ахмет бабаның сөзін ұстанып, 70 жыл бұғауда болған ана тіліміз – қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялап, Тіл туралы Заңымызды қабылдады.

«Мәдениет мұраттарын көтерейік» деген Бейімбет арманын ақиқатқа айналдырып, әр жылға өзіндік атау берді. Әлемнің түрлі елдерімен сенімді, үзілмес дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Осылайша, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы елімізді дамудың, өркениеттің жаңа даңғылына түсіріп, әлемдік аренаға «тәуелсіз», «егеменді» ел ретінде атымыздың шығуына едәуір үлес қосты.

         Өзі басқарған 30 жылға жуық уақыт ішінде қазақ халқының санасы жаңғырып, өзін-өзі тану, өзінің көне, ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлерін ұлықтау, мәртебелі тұлғаларын бүкіл әлемге әйгілі ету, рухани бай қазынасын әлемдік өркениетпен теңестіру барысында бірнеше істер атқарылды. Өлшеусіз табиғатымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқының ауызбірлігімен аты шықты.

Бүгінгі Қазақстан мемлекеті – өз елінің ғана емес, бүкіләлемдік мәселелердің жауабын табуда және пікірлесуде ықпалды рөл атқаратын ел.

Сонымен қатар, егемен мемлекет құру, ұлттық болмысты нығайту, мемлекеттің экономикасын дамыту, тұрмыс деңгейін, халықтың әл-ауқатын көтеру, Қазақстан Республикасының дүниежүзілік қауымдастыққа кіруі мен оның халықаралық тең құқылығын қамтамасыз ету идеясын ұстануы да – Елбасымыздың көсемдігінің нақты дәлелі.

Бүгінде әлем саясаткерлері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың пікіріне, сарабдал саясатына оң көзқарас қалыптастырып, ықылас танытуда. Ел Президентінің де, Елбасының да және бастысы қазақ жұртының атақ-абыройы жылдан-жылға асқақтауда.

Дәл осы деңгейіміздің қалыптасуына  сонау 1991 жылдан бастап кешегі 2019 жылдың наурыз айына дейін отыз жылға жуық уақыт ел басқарған Елбасының атқарған істерінің де үлесі зор. Атап айтсақ, 2010 жылы бұрынғы КСРО республикаларының ішінен ЕҚЫҰ төрағалығы лауазымын тұңғыш иеленуі де – тарихтағы елеулі оқиға.

1986 жылдың қысталаң шағында ұлт болашағы үшін ұрандаған қазақ жастарының азаттыққа ұмытылысы тарихтың парағында хатталса, 2010 жылы еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі мен Саммитті өткізуі – барша қазақстандықтардың тәуелсіздік жолындағы шынайы жетістігі.

Жыл сайынғы әлемдік діндер басшыларының елімізде бас қосуы, 2015 жылы Дүниежүзілік Сауда ұйымына енуіміз, 2017 жылы Сирия мемлекетінің шиеленісті мәселелерін шешу мақсатында әлем Елбасыларының Астанада бас қосуы, тіпті сол жылы маусым мен қыркүйек айларының аралығында елордада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге мүмкіндік алуымыз – бәрі-бәрі ел бірлігінің, егемендігіміздің, әрі Елбасының тынымсыз еңбегінің айқын бейнесі.

«Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты уақиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгірді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік.

Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін» — деген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сөзі бұл күнде әр қазақтың ұранына айналды.

Қорыта айтсақ, жаңа әлемдегі Қазақстан – менің Отаным дамудың сара жолында. Әлемдік аренада орны айқындалып, өркениеті өсіп келеді. Көрші елдермен ынтымақты қарым-қатынас жасап, күннен-күнге биіктеп барады.

Сондықтан ел межесі – елулікке еніп, дамыған 30 елдің қатарынан көрінуді мақсат тұтқан халқым ғылым мен өнер, білім жолында да ғаламат істерді бағындырып қана қоймай, ел есінде әрдайым қалатын Елбасымыз сынды тарихи тұлғаларымызды келер ұрпаққа дәріптеп, құрметтейтін болады.

Бұл күні халқымыз жастарға сенім артуда. Сондықтан, ел болашағы – жастардың – біздің қолымызда.Біз тәуелсіздігімізді қолдан шығарып алмай, білімді ұрпақ атанып, еліміздің қоржынын толтыруға үлес қосып, арам пиғылдыдан алыс, адалмен дос болып, шекарадан жау өткізбей, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді еншілеп, бірлігімізді нығайтып, әрдайым бабаларымыздың «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегіні іледі» деген қағидасын есімізде ұстауымыз қажет.

Әрі бұл жолда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы сынды ел дамуына үлес қосқан тарихи тұлғаларымыздың ізін қуып, қарқындап қарыштау жолын ұстанып, армандарды алға қойып, болашаққа үлкен үмітпен қараймыз. Сондықтан осы  бағытта жыл сайын тойланатын 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай дәстүрлі мереке біз үшін қадірлі, мәртебелі мереке болып қала бермек.

Мәлік Мади Арманұлы
Тұран университеті
3 курс студенті

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ