12 ЖАСЫНДА МЕКТЕП БІТІРГЕН ВУНДЕРКИНД

0
2329

12 жасында мектепті бітірген Абзал Мырзаш жайлы көпшілік таңдана айтып жүр. БАҚ бетінде де талқыға түсуде. Өзгеден ерек туған дарынды жас туралы «Жас өркен» сайтында жарияланған мақаланы оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Бүгін сіздерді 12 жасында мектеп бітіріп жатқан вундеркинд бала – Абзал Мырзашпен таныстырамыз. Осындай ерекше дарынды баланың бар екенін естігенде, әркім әртүрлі пікір айтты. Бірі таңданды. Енді бірі «немене сонша асықтырып, баланың балалығын ұрлап» деп те жатты. Сенсеңіздер, Абзал екі жастан асқанда газет-журнал оқып, екі таңбалы сандарды қосып-азайтыпты. Қызық қой, иә? Мұндай бала тәрбиелеу үшін не істеу керек? Ол бала ерекше тамақ ішіп-жей ме екен? Біз осындай сауалдарды ойлап, Абзалдың үйіне қонаққа бардық. Әкесі Дәуренбек Нысанов кардиохирург, ал анасы Жазира Доскеева кардиолог екен. Абзал – үйдің тұңғышы. 2005 жылдың 19 наурызында дүниеге келген. Өзінен кейін інісі мен қарындасы бар. Қазақы дәстүрді сақтаған отбасы екен. Ері тұрғанда әйелі сөйлемейді, әкесі тұрғанда баласы үндемейді. Әдетте кейіпкерлерімізге сұхбатқа барғанда, баланың бүкіл тәрбиесімен аналары айналысатын. Ал бұл отбасында әкенің тәрбиесі де, тәртібі де қатты екен. Сүйсіне қарадық. Абзал жайлы да әкесі әңгімелеп берді.  Ендеше, Абзал туралы аңызға бергісіз ақиқатқа көз салыңыздар. 

– Екі жасқа толмай тұрып балам автомобильдердің маркасын ажырататын болды. Қабілетін байқағасын, әріптерді үйреттік. Бірдеңе айтсаң, қағып алады. Қайталап жатпайсың. Келесі күні сұрасаң, сайрап тұрады. Екі жарым жасында миллионға дейін санайтын. 2 жас 10 айында газет-журнал оқитын болды. Үш жасында екі таңбалы сандарды ойша қосып-азайтты. Төрт жасында көбейту кестесін жатқа білді. Төрт жарымға келгенде екі, үш таңбалы сандарды ойша көбейтіп, бөле беретін. «Жазбай, сызбай қалай есептейді?» деп өзіміз түсінбейміз. Көбейту кестесін көрмей-ақ, ойша жаттап алды. Кейіннен ғана дәптердің мұқабасындағы кестені көрсеттік. Үйге келгендер: «Менің жасым 49-да, сенің жасың 3-те. 41 жылдан кейін мен қаншаға, сен қаншаға келесің?» деп сұрайды. Бірден есептеп береді. Бәрі қызық көріп, осындай сұрақтар қоятын.

Кішкентай кезінде Абзалдың сұрағы көп болды. Аспан әлемі, жан-жануар, табиғи құбылыстар туралы әңгімелескісі келеді. Физикалық терминдерді сұрайды. «Балам, мен саған дұрыс ақпарат бермеуім мүмкін. Өз сөзіммен тым әсірелеп те жіберермін. Сол сенің санаңда қалып қоюы мүмкін. Өзіңді қызықтырған сұрақтардың жауабын мына кітаптардан табасың» деп, түрлі энциклопедиялық кітаптар әкеп бердім. Энциклопедиялар қымбат тұрады. Бірақ, баланың қызығушылығын басып тастамау үшін ештеңе аямау керек.

Бір туысымыз туған күніне қазақша-орысша ертегілер сыйлады. Тілі ауырлау екен. Аз күннен соң екеуін де бірдей айтып беретін болды. Дүниежүзінің том-том ертегілерін әкеп беремін, қысқа уақытта оқып тастайды. Өзім таңғалып жүрдім.

Бірінші сыныпты бітірген жылы жазда кешқұрым келе жатқанбыз. Жанымда екі балам бар. Кіші ұлым Сұлтаннан: «Мынау қандай ай?» деп айға қарап тұрып, сұрақ қойдым. «Домалақ» деп жауап берді. Абзалдан сұрап ем: «Қазір өліара кезең ғой», – деді. Сөйтіп, әжелерімізден естіген әңгімені ғылыми тұрғыдан түсіндіріп берді. Мұны өзім әкеп берген кітаптан оқып алған екен.

Шынын айтсақ, балаларды балабақшаға берген жоқпыз. Өйткені, кезегі келем дегенше мектепке баратын уақыты да келіп қалды.

АБЗАЛ СЫНЫПТАН СЫНЫПҚА ҚАЛАЙ СЕКІРДІ?

Абзалды 5 жасында орыс мектебіне 1-сыныпқа, Сұлтанды 4 жасында дайындық сыныбына бірге бердік. Шешесі Абзалды 1-сыныпқа емес, дайындық сыныбына бергісі келді. «Орыс балалармен түсінісе алмай, балам қиналады» деді. «Жоқ, бұл бірінші емес, 4-сыныпқа баратын бала негізі», – деп өз дегенімнен қайтпадым.

Бір ауыз орысша білмейтін. Үйде бәріміз қазақша сөйлейміз. «Баламыз орысша үйренеді» дедік. Үшінші тоқсаннан бастап баға қояды ғой. Сонда Абзал бақылау жұмысы, тесттерден тек «5» алады. Мұғалімдер ғана емес, ата-аналардың да назары Абзалға ауды. Бір күні мектепке баламды алып кетуге барсам, сынып жетекшісін көрген ата-аналар өздерінің балаларының қанша алғанын емес, Абзалдың бағасын сұрайды жамырап. Ата-аналар «баланы сыныптан «секірту» керек» деп ұсыныс жасады. Сынып жетекшісі де солай айтқанмен, жақсы оқитын оқушысынан айрылғысы келмейді. Бір баланы мектепке тасып жүретін татар апа болды. 40 жыл мұғалім болған. Сол кісі Абзал 2-сыныпты бітіргенде: «Балаңызды қалайда «секіртіңіз». Әйтпесе, қызығушылығын жоғалтып аласыз», –  деді. 3-сыныпқа келгенде «секіртетін» болдық. Педагогикалық кеңес мақұлдады. Ол кезде 3-сыныптың материалын игеріп қойған. Аралас мектепке барды ғой. Біз қайтадан қазақша оқытқымыз келді. Бірақ, 4-сыныптың мұғалімі қырын қарады. Баламды көрмей жатып «бағасын төмендетіп қоямын» дегенін естіп, қапа болдым. Сосын басқа сыныпқа баруға өтініш жазсам, 4-сыныпта бір ғана қазақ сыныбы бар екен. Таныстарымның көмегімен Алматыда қазақ тілінде оқытатын жақсы мектептерді іздестірдім. Үйге жақын маңдағы №136 гимназияға баратын болып шештік. Директор бірден қабылдады. «Бірақ, орыс мектебінен ауысқандықтан 3-сыныпта оқиды», – деді. Қазанның 4-і күні қазақ мектебіне барып, мазмұндамадан «4» алып келді. Сұлтан «3» алды. «Сендер мықтысыңдар ғой, бірінші күні-ақ біреуің «4», біреуің «3» алдыңдар. Әдетте орыс мектебінен ауысқан балалар жарты жылға дейін мұндай баға алмайды. Келесі аптадан бастап «5» ала бастайсыңдар», – дедім. Айтқанымдай болды. Үйде өзіміз диктант, бақылау алдық. Басында минутқа аз оқитын. Орыс мектебінде сабаққа қажетті бір құралы үйде қалып қойса, «2» қоятын. Соған үйреніп қалған ғой. Апайы баға қояйын деп күнделігін сұраса, тартыншақтап бергісі келмепті. «Әкел, «5» қоямын» дегенде ғана беріпті. «Мен сізді ермексаз әкелмегеніме «2» қоя ма деп ойладым» депті. «Сен өзі ермексаздың не екенін білесің бе?» десе, білмейді дейді. Сөйтсе сөмкесінде пластилин жүр екен. Сәл болмағанда, баламызды ана тілінен алыстата жаздаппыз.

3-сыныптағы жетекшісі өте пысық мұғалім болды. Жаздың кезінде ертерек жаңа, жыртылмаған оқулықтарды алып қойыпты. Тамыздың 8-і күні «балалардың оқулықтарын алып кетіңіздер» деп, ата-аналарға хабарласты. Оқулықтарды үйге алып келген соң Абзалды далаға ойынға шығара алмадық. 20 тамыз күні: «Мен мынаның бәрін оқып тастадым. Енді осыны тағы да бір жыл бойы оқимын ба?» – деп тұр. 4-сыныпқа барған соң екі аптадан кейін: «Папа, маған мыналарды қайталап оқу қызық емес, ары қарай оқығым келеді», – деді. Директорға барып, сыныптан сыныпқа көшіруге өтініш жаздым. «Жауабын күтіңіздер» деген. Хабар жоқ. Қыпкүйектің соңында жұма күні кешкісін сынып жетекшісі хабарласады. Барлық сабақтан емтихан тапсыратынын айтты. Ата-ана ретінде емтиханына қатыстық. Емтихан алған мұғалімдер таңғалды. Дүйсенбіден бастап 5-сыныпқа ауысты.

5-сыныпты жаңа жылға дейін оқып тастады. Тағы «қызық емес» деп отыр. Директор «бір жылда екі рет секірте алмаймыз» деді. Келесі оқу жылында қазанның 16-сы күні 7-сыныпқа көшірді. Емтихандарын 4 күн бойы «5» деген бағаға тапсырды. 7-сыныпты да жаңа жылға дейін бітіріп тастады. Сосын 8-9-сыныптардың есебін шығаратын болды. Екі айдың ішінде химия пәнінің 8-сыныпқа арналған толық курсын оқып бітірді. Есептерді химиялық және математикалық жолмен шығарғанда, мұғалімдер таңғалды. Химиялық есептерді математикалық жолмен шығаратын кітаптар алып бергенімнің пайдасы тиді. Тамыз айында 8-сыныптың сабақтарынан емтихан тапсырып, тек «5»-ке шықты. Солай 10 жасында 9-сыныпқа көшті. 9-сыныпты да жаңа жылға дейін оқып тастады. Бірақ, мемлекеттік емтихан тапсырып, аттестат алатын болғандықтан 9-сыныпта «секіртпеді». 10-сыныпта 10-11-сыныптарды қатар игерді. 2016 жылдың 22 қаңтарында 2007 жылғы заңға өзгертулер енгізіліпті. Онда оқушыны сыныптан сыныпқа көшіруге мектеп әкімшілігі жүзеге асыра алмайды екен. Сосын құжаттарын Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы «экстернат» ретінде рәсімдедік. Сөйтіп, 10-11-сыныпты қатар оқыды.

«АЛТЫН БЕЛГІНІ» НЕГЕ АЛА АЛМАДЫ?

«Алтын белгіге» де үміткер болған. Аттестатында тек қана «бестік». 2012 жылдан бастап «экстернаттарға» «Алтын белгі» берілмейтін болыпты. Біздің бала бір емес, төрт рет сыныптан сыныпқа «секірген». Бастапқыда қапа болдық. Заң рұқсат етпейді екен. Абзал талай рет қалалық, республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі болған.

Ағылшын тілі оқыту орталығына бердім. Бастапқыда ересектермен жалпы топта оқыды. Бір күні: «Папа, маған олармен қызық емес. Бір сабақты ұзақ оқимыз», – деді. Орталыққа айтып ем: «Сіздің балаңыз үшін бағдарламаны жылдамдата алмаймыз, басқалар үлгермей қалады. Жекеге оқытып көріңіз», – деді. Сосын ағылшын тілінде анық сөйлесін деп, шетелден келген оқытушыға бердім. Аптасына 4 реттен барғанда 47200 теңге, 5реттен барғанда 59 000 теңге төлеп отырдым. Бір жарым ай оқитын IELTS-ты асығыс болып 1 апта ғана оқыттық. ҚБТУ-ға түсу үшін IELTS-тан 4,5 балл алу керек екен. Абзал 5,5 балл алды. Бірақ, біз де, өзі де 6,5-7 балл жоғары балл күткенбіз. Абзалға «Не үшін ірі компаниялар спорттық жарыстарға демеушілік етеді? Артықшылығы мен кемшілігін көрсет» деген тапсырма келіпті. Абзал артықшылықтарын жазыпты да, кемшіліктеріне не жазарын білмепті.

АБЗАЛ ҚАНДАЙ ОҚУ ОРНЫН ТАҢДАДЫ?

Абзал кішкентай кезінде ата-анасы секілді кардиохирург болғысы келетін. Бірақ, біз оған түрлі мамандықтар туралы айтып, деректер жинап бердік. Өзінің қалағанын таңдауына болады деп, тікелей мамандық таңдауға араласпадық. Өз шешімімен ІТ саласын таңдады. Енді ҚБТУ-ға оқуға тапсырып жатырмыз. «Мемлекеттік грантты ала алмай қалсақ не болады?» деп ойландық. Бірақ, университет басшылығы вундеркинд балаға ректордың грантын бөлетін болды. Құжаттарын жинап жатырмыз. Одан өзге де университеттер грант бөліп, оқуға шақырып жатыр.

НАНОТЕХНОЛОГИЯ БОЙЫНША ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ ҒАЛЫМ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

Әдетте ғылымға бет қойған балалар сөзге сараң болады. Абзал да сондай екен. Өзі туралы мақтаса, оны да жаратпайды. Өзінен қысқаша сұхбат алдық.

– Абзал, өзіңнің арманың не?

– Болашақта АҚШ-та оқып, нанотехнология бойынша әлемге әйгілі ғалым болғым келеді. Жаңалық ашсам деймін. Кішкентай кезімде өзімше «жаңалық» ашқанмын. Сөйтсем, оны менен бұрын басқа ғалым ашып тастапты (күліп). Содан кейін мен де ешкім ашпаған ерекше жаңалық ашқым келді. Мақсатым сол.

– Кумирің кім?

– Альберт Эйнштейн.

– Мектеп бітіргенде қуандың ба?

– Қуаныш пен қимастық араласып жатыр.

Өзіңнен үлкендермен оқыдың. Әлімжеттік көрсеткен кездері болған жоқ па?

– Кейде сыныптастарым «братишка» дейтін. Негізінен өзім қатарлы балалармен доспын. Аулада солармен ойнаймын.

– Сабақ оқудан басқа неге қызығасың?

– Жүзу, бокс, таэеквондоға қатысқам. Достармен бір сәт футбол ойнаған ұнайды.

– Сыныптастарыңның арасында ағылшын тілінен ең үздігі сен бе?

– Ол жағын білмедім. Сыныбымда менен басқа ешкім IELTS тапсырған жоқ.

 Кейін сыныптастардың 10-20 жылдық кездесуінде қай сыныбыңмен кездескің келеді?

– Өте қиын сұрақ. Маған бәрі жақсы қарады.

– Болашақтан қазақты әлемге танытатын ғалым болуыңа тілекшіміз!

Абзалдың әкесі сұхбат соңында ұлының білім көрсеткішін растайтын барлық құжатын көрсетіп жатты. Ал, біз 6-сынып оқитын кезінде 11 жылдық білімді игеріп тастаған баланың дарынына онсыз да сенген едік.

Мақала zhasorken.kz сайтынан алынды.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ