Есімшелердің тіл жүйесіндегі жұмсалу парадигмасы

0
2744

Тіл жүйесіндегі парадигмалық және синтагмалық қатынастарды сипаттауды біз әріден бастағымыз келіп отыр. Өйткені есімшелердің тіл жүйесіндегі жұмсалу парадигмасы деген мәселе жалпы тіл білімінде алғаш рет сөз болғалы отыр. Парадигманың лексикалық морфологиялық және синтаксистік түрі жөнінде жалпы тіл білімінде бұрыннан сөз болып келе жатқандығы мәлім. Ал жеке бір функционалдық тұлғаның парадигмасы деген мәселеге әлі ешкім көңіл аудара қойған жоқ. Бұл мәселе алғаш рет 2000 жылы көсемшенің жұмсалу өрісіне қатысты қолданылған болатын [11, 43 б.]. Біз де осы ізбен есімшенің тіл жүйесіндегі жұмсалу парадигмасын анықтамақшымыз. Ол үшін жалпы парадигма ұғымына кеңірек тоқталып өтуді жөн көрдік.\r\n\r\nПарадигма грек сөзі (paradigma). Тура аударғанда үлгі деген мағынаны береді. Тіл білімінде бірнеше мағынада қолданылады: 1) кең мағынада бір-бірінен ерекшеленіп келетін, сонымен бірге бәріне ортақ белгілері арқылы біріккен кез келген тілдік бірліктер тобы, 2) осындай топтар мен жиынтықтардың жасалу моделі (үлгісі) мен схемасы (сызбасы). Тіл бірліктері тобының жүйесіне қарай парадигма морфологиялық, синтаксистік, лексикалық және сөзжасамдық болып жіктеледі [7, 245 б.].\r\n\r\nКең мағынада алғанда біз бұған тіл жүйесіндегі фонетикалық парадигманы да қосар едік. Тілдің ең кіші бірлігі фонема дейтін болсақ. Олар да қатарлық (тармақтық) қатынаста болатындығы белгілі. Мәселен, қазақ тілінде дауысты дыбыстардың жуан-жіңішке қатары бар екендігі белгілі. Бұл парадигмалық қатар осы ұғымға қойылатын талаптарға толық сай келеді. Айталық жуан және жіңішке қатарлар бір тізбектің бойында қатар келе алмайды. Яғни қазақтың төл сөздері я жуан, я жіңішке ғана айтылады. Бұл парадигма талаптарының бастыларының бірі. Мәселен, септік жалғаулары бір синтаксеманың бойында қатар келе алмайды. Немесе бір сөз бірден жекелік және көптік тұлғада тұра алмайды және т.б.\r\n\r\nТілдегі парадигмалық қатынастардан парадигматика пайда болған. Парадигматика тіл жүйесіндегі тіл бірліктерінің вертикаль (тік) қалпындағы қатынасын зерттейтін тіл білімінің саласы (тарауы) [7, 245 б.].\r\n\r\n«Парадигма» ұғымы тіл білімі салаларының ішінде, әсіресе морфология саласында кеңінен қолданылады. Морфологиялық парадигманың көлемі мен сипаты әртүрлі болып келеді. Мысалы, жіктеу есімдігінің парадигмасы:\r\n\r\n                         мен\r\n\r\n                         сен (сіз)\r\n\r\n                         ол\r\n\r\n–  деп көрсетуге болады. Жіктік жалғауының парадигмасы деп:\r\n\r\n                         келемін\r\n\r\n                         кетесің(сіз)\r\n\r\n                         кетеді\r\n\r\n– деген етістіктің жіктелу қатарын көрсетуге болады және т.б. Морфология саласында «парадигма» ұғымының кең қолданылатын жері морфологиялық категориялар. Септік категориясын құрайтын септік формаларының парадигмасы (парадигмалық қатары) деуге болады. Белгілі бір тілде, мәселен қазақ тілінде қанша морфологиялық категория бар болса, сонша парадигмалық қатар бар деуге болады. Өйткені парадигма ұғымы жүйелік қатар дегенді білдіреді. Ал морфологияда категория болу үшін грамматикалық мағынаны білдіретін бірыңғай кемінде екі грамматикалық форманың болуы шарт. Екі қатардан ғана тұратын категорияға қазақ тілінде көптік категориясын жатқызуға болады.\r\n\r\nДәстүрлі тіл бірліктерін жүйелеу барысында туындаған заңдылық және соған қойылған атау бір деңгейден екінші деңгейге өтіп отыратындығы белгілі. Оған мысал көп, мәселен деривация термині ең алғаш лексика саласына қатысты қолданыла бастаған болатын кейін оның (деривацияның) тіл білімінде лексикалық, семантикалық және синтаксистік түрлері пайда болып, орныға бастады.\r\n\r\nИнвариант, парадигма терминдері жөнінде де осыны айтуға болады. «Инвариант» термині алғаш рет фонетика саласына қатысты қолданылса, «парадигма» термині алғаш рет лексика саласына қатысты қолданылған. Бұл құбылысты өткен ғасырдың басында швейцар ғалымы Ф. Де Соссюр тілдегі мағыналық қатынастардың парадигмалық және синтагмалық қатары ретінде ұсынған еді [10, 127 б.].\r\n\r\nПарадигматика парадигмалық қатынастарды, оларды топтастыруды, олардың таралу саласын қарастыратын тіл білімінің саласы ретінде ұғынылатын болса, онда оның тілдің деңгейлеріне де қатысы бар деп түсінген жөн.  Мәселен, лексикалық парадигматика лексемалардың арасындағы түрлі қатынастарды қарастырады. Ондай қатынастар антонимдік  немесе синонимдік болуы мүмкін. Кей лексемалар бір-біріне мағыналық жағынан жақын болса, кей лексемалар бір-біріне қарсы мағынада келеді. Міне осындай тармақтық қатынасты парадигмалық қатынас дейміз. Бұл парадигма ұғымының тілдің лексика саласындағы қолданылуының шегі емес. Оны кең мағынада кез келген топтауға сүйенілген лексемалардың қатары деп те қарауға болады (тақырыптық топтар, көп мағыналы сөздердің қатары, семантикалық топтар және т.б.).  Бұл мәселенің сөйлеу тегриясына да қатысы бар. Сөйлеуші парадигмалық қатынаста тұрған лексемалардың бірін өз сөйлеу мақсатына қарай таңдап қолданады. Парадигматикалық қатынастар тілдік қолданыста, мәтін ыңғайында әрдайым бірдей бола бермейді. Олар айтушының санасы мен жадында сақталған ұғым мен тілдік элементтердің арақатынасының көрінісі болып табылады. Олар бұл элементтердің сәйкестігін не грамматикалық тұлғаларға қарап, не мазмұнға қарап, тіпті осыларды тұлға мен мазмұнның екеуіне қарап байланыстыруы мүмкін.\r\n\r\nЛексикалық парадигма туралы мына бір сызбаны назарларыңызға ұсынамыз:\r\n\r\nСинтагмалық бағыт\r\n\r\nақылды\r\n\r\nүлкен\r\n\r\nәдемі т.б.\r\n\r\nПарадигмалық бағыт\r\n\r\nақылды\r\n\r\nкез келген заттың алғашқы бөлігі\r\n\r\nжанды денені басқарушы және т.б.\r\n\r\nБұл лексикалық парадигманың бір түрі ғана. Түрлі лексикалық қатынастарға қарай лексикалық парадигма сан түрлі болуы мүмкін. \r\n\r\nМорфологиялық парадигманы танудың басты белгілері: 1) сөздің (лексеманың) өзгеріссіз түрі; 2) қатар құрайтын сөзформалардың мағыналық және тұлғалық жағынан оппозициялық қатынаста болуы; 3) оппозициялық қатынастың рекурренті теңдестікте болуы\r\n\r\nГрамматикалық категория, ең алдымен, грамматикалық мағынамен және грамматикалық формамен тікелей байланысты. Грамматикалық мағына, грамматикалық форма болмаған жерде грамматикалық категорияның болуы мүмкін емес. Екіншіден, грамматикалық категорияның болуы грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың өзара бірлігімен, тұтастығымен, сәйкестікпен, ондағы жүйелілікпен байланысты. Яғни кез келген грамматикалық мағына немесе қайсыбір грамматикалық форма грамматикалық категория құрай бермейді. Белгілі бір грамматикалық мағыналар бірлігі белгілі бір грамматикалық топ құрайтын сөздерге тән болып, солардың грамматикалық түрлену жүйесі болу арқылы грамматикалық категория құрайды. Үшіншіден, грамматикалық категория сипатына жету үшін грамматикалық мағыналар жиынтығы, бір жағынан, өзара бір тектес, бірыңғай сипаттағы, екінші жағынан, бір-біріне қарама-қайшы мәндегі мағыналар болу керек. Яғни грамматикалық категория – өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы қасиетте бола алатын бірнеше (кем дегенде екі түрлі) тектес, мәндес грамматикалық мағынаның жиынтығы, бірлігі. Сол бірлік пен өз ішіндегі қарама-қайшылық арқылы және соның әрқайсысын білдіретін әр түрлі тәсілдер арқылы немесе соған тән арнайы грамматикалық формалар жүйесі я түрлену парадигмасы арқылы грамматикалық категорияның мәні, сипаты, шегі байқалып, айқындалады .\r\n\r\nБерілген грамматикалық мағына мен сол сөздің сан түрлі қосымшалар жалғану арқылы түрленуінен (септік, көптік, тәуелдік, жіктік жалғаулары, тағы семантикалық өзгеріс тудырмайтын жұрнақтардың жалғануы және т.б.) морфологиялық парадигманың көлемді және шағын, сонымен қатар толымды және толымсыз түрлері болатындығын байқауға болады. Көлемді морфологиялық парадигма кіші немесе шағын, толымды парадигмаларды қамтиды, ал толымсыз парадигма болса сол жалғаулардың кейбіреуін ғана қамтуы мүмкін.\r\n\r\nМорфологиялық парадигма синтаксистік парадигманың  жасалуына негіз болады. Демек, қосымша морфемалардың өзгеріп отыруы синтаксистік конструкциялардың да өзгеруіне әкеледі. Бірақ синтаксистік парадигманың ауқымы өте кең. Мысалы: суды іш – судан ішті; ауырып қалғандықтан жұмысқа бара алмайды – ауырып қалды да жұмысқа бара алмады т.б.\r\n\r\n            Сөйтіп парадигма ұғымы тек лексика мен морфология саласында ғана қолданылмайды. Синтаксис саласында да қолданылады екен. Бұнда парадигма бірліктері ретінде сөйлемдер танылады және бұндағы парадигмалық құбылыстар сөйлемдердің динамикасынан туындайды. Яғни синтаксистік парадигма динамикалық құбылыстарға негізделетін деривациялық және трансформациялық заңдылықтарға  қатысты болып келеді. Динамка – қозғалыс. Бұның өзі тіл бірліктерінің функциясымен тығыз байланысты. Сонда тіл бірліктерінің жұмсалу  парадигмасы мен синтаксистік парадигма арасында ұқсастық бар. Екеуі де динамикадан тұрады.\r\n\r\n            Трансформацияланған сөйлемдер бірдей тепе-тең құрылымдар емес. Оған айтылу мақсаты әртүрлі, бірақ семантикалық құрылымы бірдей сөйлемдерді салыстыру арқылы көз жеткізуге болады:\r\n\r\n                         Сен барасың (Хабарлы)\r\n\r\n                         Сен барасың ба? (Сұраулы)\r\n\r\n                         Сен бар! (Лепті, бұйрықты)\r\n\r\n            Бұл сөйлемдер парадигма құрап тұр. Негізінде синтаксистік парадигма деп осыны айтамыз.  Бірақ жоғарыда айтып өткендей, парадигма құраудың мақсаты әртүрлі болуы мүмкін (сөйлемдердің болымды, болымсыз және басқа да құрылымдық түрлері немесе модальділік типіне байланысты т.б.).  Қысқасы, белгілі бір мағынаны жеткізудің түрлі құрылымдық тәсілдерінің жиынтығы синтаксистік парадигма болады да, ондағы жеке-жеке құрылымдар трансформациялық құбылыстар болып табылады:\r\n\r\n                        Ол жоқ.\r\n\r\n                        Ол жоқ сияқты.\r\n\r\n                        Ол жоқ болса ғой.\r\n\r\n                        Ол жоқ болсын.\r\n\r\n            Жалпы тіл білімінде синтаксистік парадигманы түсінудің екі түрлі жолы бар: 1) әйтеуір бір белгісіне қарап (құрылымдық, мағыналық модальдік және т.б.) топталған сөйлемдер қатары парадигма болады (Ломтьев, Уорт, Апресян) 2) «трансформа» ұғымына қатысты топтастырылған сөйлемдер қатары (Харрис, Адамец и Грабе). Д.И.Москальская орыс тіл білімінің материалдары бойынша синтаксистік парадигма мәселесін көп қарастырған ғалым. Ол жоғарғы синтаксистік парадигманың кең және тар көлемдегі екі түрін бөліп көрсете келе, былай дейді: «Понятие парадигмы предложения не обрело еще желанной четкости и однозначенности. Прежде чем произошло окончательное становление понятия, обнаружилось стремление опреировать термином «парадигма предложения» при описании весьма разнородных явлений в синтаксисе» .\r\n\r\n            Парадигматика теориясының синтаксиске қатыстысы сөйлемдердің синонимдігімен байланысты болып келеді. Бұл мәселе (сөйлемдердің синонимдігі  қазақ тіл білімінде жеткілікті зерттелген .\r\n\r\n            Орыс тіл білімінде Н.Ю.Шведова  мен Е.А.Седельников  синтаксистік парадигма морфологиялық парадигманың талаптарынан шығуы тиіс дегенді айтады. Мәселен, Е.А.Седельников сөйлемнің формасы сөздің формасы сияқты тілдегі бар бірлік дегенді айтады . Егер морфологиялық парадигманың талабынан шықпайтын болсақ, онда үш жақта жіктеліп, бірақ бірдей тұлғада тұрған немесе бірдей құрылымда келіп, болымды-болымсыз тұлғаларда тұрған сөйлемдерді ғана синтаксистік парадигмаға жатқызатын боламыз. Біздіңше бұл жеткіліксіз. Синтаксистік парадигма ұғымы кең. Сол төмендегі бірліктердің жұмсалу орны сол синтаксис борлып табылады. Сондықтан синтаксистік бірліктердің өзі басқа төмен деңгейдегі бірліктерден ерекше. Мәселен, фонеманың, морфеманың, лексеманың санын, олардың жүйелік қатынасын (парадигмалық, синтагмалық, деривациялық) анық көруге болады. Жалпы кез келген тілдің жүйесі фонетика мен морфологияда анық көрінеді. Тілдер арасында фонетикалық және морфологиялық ерекшеліктер синтаксиске қарағанда молдау болады. Тілдерді типологиялық жағынан жіктеу де олардың морфологиялық құрылысына негізделетіндігі сондықтан.\r\n\r\n            Синтаксистің парадигмалық арғы төркіні морфология екендігіне ешкімнің дауы болмауы тиіс. Өйткені, қосымша морфологиялардың грамматикалық мағына жасауға қарай өзгеріп отыруы синтаксистік конструкциялардың да өзгеріп парадигма құрауына себепші болады. Олардың іштей өзгешелігі мынада: морфологиялық парадигма негіз сөз өзгеріссіз қалады, ал синтаксистік парадигма кезінде түпнегіз (Т+Ә). Элементтер өзгеріссіз қала алмайды. Мәселен, Бала отын жарып, от жағып жатыр – Отын жарылып, от жағылып жатыр.\r\n\r\n            Орыс тіл білімінде транформациялық қатынаста тұрған сөйлемдер де парадигмалық қатарға жатқызылады және ондай сөйлемдердің құрылымы мынадай болып келеді: Диірмен ұн тартты – ұн диірменмен  тартылады. Қазақ тілінде құралдың септік барлық зат есімге қолданыла бермейді. Ет пышақпен кесілді, жер тырмамен тырмаланды. Отын балтамен жарылды деуге болады әрине, бірақ орыс тіліндегідей  Жер трактормен жыртылды деп айту қисынсыз. Орыс тіл білімінде ырықсыз етіс тұлғасымен келетін құрылымдар синтаксистік парадигма ретінде жиі көрсетіледі: книжная торговля – торговля книгами. Студенты читают книгу – книга читается студентами және т.б.\r\n\r\n            Кейбір орыс ғалымдары синтаксистік топ арқылы анықталатын грамматикалық категориялардың түрін синтаксистік категория деп таниды . Сөйлемдердің парадигмасын да осы синтаксистік категориямен байланыстыра қарауға болады. Оның ең бір айқын түрі – модальділік. Модальділіктің тілдің ең жоғарғы деңгейінде көрінетіндігі туралы «Жалпы синтаксиске кіріспе» атты көлемді еңбек жазған Я.Ч.Тестелец былай дейді: «Модальность определяется на предложении, поскольку предложение обычно выступает в роли единицы коммуникации – высказывания» .\r\n\r\n            Жалпы синтаксистік парадигмаға бұл ғалым сөйлемдердің әйтеуір бір белгісіне қарай қатар құрауын жатқызып, морфологиялық парадигмамен синтаксистік парадигманың онша айырмашылығы болмайтындығын айтады: «Синтаксическая парадигма принципиально не отличается от более привычной нам морфологической, т.е. таблицы форм словоизменения, только вместо морфологических единиц (слов) она включает синтаксические (предложения)» – дейді ғалым.\r\n\r\n            Сонымен өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап парадигма (синтаксистік парадигма) ұғымы туралы сөз бола бастаса да бұл мәселе әлі бір ізге түсті, ғалымдар ол туралы ортақ пікірге келді деу қиын. Оның үстінде қазір қазақ тіл білімінде жеке құралдардың жұмсалу парадигмасы жөнінде де айтыла бастады. Бұл мәселені көсемше тұлғаларына қатысты қатынасты алғаш рет Б.Қапалбеков көтерген еді. Мына сызбаға көңіл аударайық:\r\n\r\n \r\n\r\n2-сызба. Көсемшенің жұмсалу парадигмасы\r\n\r\n   Көсемша\r\n\r\n  тұлғалары           1     2     3     4     т.б.\r\n\r\n                           п  с и н т а г м а л ы қ  б а ғ ы т\r\n\r\n                           а      \r\n\r\n                      1   р\r\n\r\n                           а\r\n\r\n                      2   д\r\n\r\n                           и\r\n\r\n                      3   г\r\n\r\n                           м\r\n\r\n                      4   а\r\n\r\n                           л\r\n\r\n                      т.  ы\r\n\r\n                      б.  қ\r\n\r\n                           б\r\n\r\n                           а\r\n\r\n                           ғ\r\n\r\n                           ы\r\n\r\n                           т\r\n\r\n \r\n\r\n            Синтагмалық қатынас\r\n\r\nСебеп бағыныңқылы;\r\n\r\nМезгіл бағыныңқылы;\r\n\r\nАмал бағыныңқылы т.б. сөйлемдерді жасауға қатынасады.\r\n\r\nПарадигмалық қатынас\r\n\r\nСабақтас құрмаластарды;\r\n\r\nСөйлемде пысықтауышты;\r\n\r\nКүрделі етістіктерді т.б. жасауға қатынасады.\r\n\r\nСызбада көсемшелердің құрмалас сөйлем жасаудағы қызметінің көлденең қатары ғана көрсетілген. Егер бізге көсемшелердің күрделі етістік немесе пысықтауыш жасаудағы қызметінің біртектілік қатары қажет болса, онда сызбаға сәлдеген өзгерістер енеді. Парадигмалық қатардағы көсемшелердің күрделі етістік жасаудағы қызметін бірінші орынға қойып, оның етістік синтагмалық қатарын түземіз де, құрмалас сөйлем жасаудағы қызметін соңына ығыстырамыз. Мәселен, 1) аналитикалық формант, 2) тұрақты тіркесті етістік, 3) жай күрделі тіркесті етістік жасауға қатысады [11, 39 б.].\r\n\r\nПарадигмалық бірліктер сызықтың бойында, ал синтагмалық бірліктер көлденең сызықтың бойында орналасады. Парадигмалық қатардағы тілдік бірліктер көлденең бағытта тізбектеле алмайды. Тік сызықтың бойында парадигмалық қатар құрау үшін кемінде екі тілдік таңба орналасуы тиіс. Сөйлеуші, тілді қолданушы тұлғаның бірін таңдауға мүмкіндігі бар. Сондықтан парадигмалық қатынастар сөйлеуге емес, тілге (жүйеге) тән. Ал оның тілдің динамикасына, деривациялық құбылыстарға қатысы болуы парадигмалық қатардағы тілдік таңбалардың туынды құбылыс болуында. Мына мысалдарға көңіл аударайық: Сабақ өтіп жатыр. Сабақ өтуде. Осы шақты білдіретін екінші сөйлем кейіннен пайда болған туынды құрылымға жатады. Соның нәтижесінде синонимдес екі құрылым парадигмалық қатар құрап, жүйеден орын алып тұр. Екінші құрылымды тілдік норма жатырқап қарайды.\r\n\r\nДинамика, тіл жүйесіндегі динамика, сөйлемдердің туындау жүйесі, деривация мәселесінің синтаксистік деривацияға тікелей қатысы бар. Синтаксистік деривация динамикадан, тіл элементтерінің жайылуынан, синтагмалық тізбектелуінен пайда болатын құбылыс. Деривация процесі – жаңа сөйлемдердің туындау жолы. Семантика мен синтаксис – бірінсіз бірі өмір сүре алмайтын байланысты ұғымдар. Ендеше синтаксистік парадигма ұғымына сөйлемдердің тек формалдік белгісі ғана емес мазмұндық ортақтығы да негіз болуға тиіс. Сөйлемдерді түрлі құрылымға келтіретін – морфологиялық құралдар. Біз қарастырып отырған есімшелер де функционалдық жұрнаққа жатады. Оның жұмсалымдық парадигмасын айтпас бұрын алдымен тіл жүйесіндегі жұмсалымдық өрісін анықтап алуды жөн көрдік.\r\n\r\nПайдаланылған әдебиеттер:\r\n\r\n \r\n\r\n1 Байтұрсынұлы А. Тіл тағлымы.  –Алматы, 1992. –444 б.\r\n\r\n2 Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. –Алматы, 1999. –581 б.\r\n\r\n3 Қазақ грамматикасы. –Астана, 2002. –783 б.\r\n\r\n4 Словарь по языкознанию. –Алматы, 1998. –540 б.\r\n\r\n5 Қазақ тілі (энциклопедия). –Алматы, 1998. –508 б.\r\n\r\n6 Салқынбай А. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. –Алматы, 1998. –301 б.\r\n\r\n7 Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. –Алматы, 2005.   –439 б.\r\n\r\n8 Қапалбеков Б. Көсемшелердің жұмсалу өрісі. –Алматы, 2006. –161 б.\r\n\r\n9 Ақкөзов Ә. Сапалық сын есімдердің семантикасы. –Алматы, 2005. –166 б.\r\n\r\n10 Фердинанд де Соссюр. Труды по языкознанию. –Москва, 1977. 695 с.\r\n\r\n11 Қапалбеков Б. Көсемше бағыныңқылардың дамып қалыптасуы мен мағыналық түрлері. Филол.ғылым.канд.дисс. –Алматы, 2000.  150 б.\r\n\r\n12 Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. –Алматы, 1991. –381 б.\r\n\r\n13 Хасенова А. Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты. –Алматы, 1971. –307 б.\r\n\r\n14 Мелиоранский П.М. Краткая грамматика казах-киргизского языка.Часть І, изд. 1894 г., –Санк-Петербург. – 154 с.\r\n\r\n15 Ерғалиев Т. Қазақ тіліндегі есімше категориясы. –Алматы, 1958. –80 б.\r\n\r\n16 Хасенова А. Қазақ тіліндегі туынды түбір етістіктер. –Алматы, 1959. –176 б.\r\n\r\n17 Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі. –Алматы, 1966. –183 б.\r\n\r\n18 Оразов М. Етістік. –Алматы, 2001. –385 б.\r\n\r\n \r\n\r\n 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ