15 ақпан | Интернационалист жауынгерлерді еске алу күні. 1989 жылы 15 ақпанда Ауғанстаннан Кеңес әскерінің ең соңғы бөлімшесі қайтарылды. Осы оқиғаға байланысты 15 ақпан Интернационалист жауынгерлерді еске алу күні деп жарияланды. |
15 ақпан | Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермұқан Бекмаханұлы Бекмахановтың туғанына 102 жыл (15.02.1915-6.05.1966) |
Ауған соғысы (27.12.1979 — 15.02.1989) — КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс.1978 жылы Ауғаныстанда сәуір айында төңкеріс болып,оның арты аяқталмас соғысқа айналды:Бұл қасірет тек сол елдің өз ішінде ғана емес ,оған сыртқы мемлекеттердің қатысуымен де ұзаққа созылды . 1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті ауғанстанға кіріп 10 жылға жуық соғыс жүргізілді . Қазақстаннан Ауған соғысына 22.000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кетті. Бүгінгі таңда Қазақ елінде 10.000 — ға жуық ауған ардагерлері бар. Олардың 3.000 — дайы мүгедектер қатарында. Ауғандық ардагерлер қоғамы өкілдерінің сөзінше кеңес заманында мемлекет тарапынан бұларға айтарлықтай көңіл бөлінді. Ал қазіргі кезде аталмыш жеңілдіктерден мүлдем алынып тасталды. Елбасының 1998 — жылдың 28 — сәуірінде шыққан жарлығы аталған жандарға берілетін қаржылық көмектің мөлшерін анықтап берді.
Ермұхан Бекмаханұлы Бекмаханов (15.02.1915, Төре ауылы, Баянауыл ауданы, Павлодар облысы — 06.05.1966, Алматы) — тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы (1946 жылы), профессор, Қазақ КСР ғылым академиясының корреспондент мүшесі (1962 жыл).
1937 жылы Ресейдің Воронеж қаласындағы педагогикалық институтын бітіргеннен кейін Қазақ КСР халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми зерттеу институтында еңбек еткен. Отан соғысы жылдарында Республиканың халық ағарту комиссариатының басқарма бастығы болған. Сонымен қатар Алматының жоғарғы оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарған.
1946—1947 жылдарда Қазақ КСР Ғылым академиясында жаңадан құрылған Тарих, археология және этнография институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, 1947 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін, ягни 1966 жылғы мамырдың алтысына дейін Қазақ мемлекеттік университетінде өзі ұйымдастырған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды.
Е.Бекмахановтың ғылыми мұрасы оның тақырыптарының алуан түрлі болуымен, тарихи мәселелерді кең қамтуымен және оларды байыпты шешуімен ерекшеленді. Оның еңбегінің бастысы 1947 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты монографиясы болды. Осы тақырыпта 1946 жылы Мәскеуде тарих мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған.
Асыра сілтеу, бурмалау жөне күдікшілдік бел алған осы тұста бұл еңбекке пікір айтушылардың кейбіреулері оны Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың тарихын ақтау тұрғысынан көрсеткен еңбек деп бағалап, оны буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дөріптеуші деген саяси кінәға ұшыратты. Е.Бекмаханов еңбегіне байланысты пікірталастар 1947 жылдың екінші жартысында күшейе түсті. Ермахан Бекмаханов бірақ айтқанынан қайтпады. Халқы үшін жан аямай күрескен Кенесары Қасымовтың батыр екенін дәлелдеген, оның кітабын да, өзін де қызыл империя аямай жазалады. 1947- 1950 жылдарда Е.Бекмахановтың күйі өте ауыр болды, күн өткен сайын оған тиген моральдық соққының салмағы арта берді. Ермұхан Бекмахановты қаралау кампаниясы Тілеуқажы Жанайұлы Шойынбаев, Хадиша Гилимқызы Айдарова және А.Ф. Якунинің қол қойған КСРО-ның басты газеті — «Правда» газетіндегі 1951 мақаладан басталады. 1951 жылы университеттеғі жұмысынан қуылып, партия қатарынан шығарылды.
Ол біраз уақыт Алматы облысы, Нарынқол ауданында мектепте тарих пәнінен сабақ берді, көп кешікпей Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Новотроицк селосындағы мектепке мүғалім болып орналасты. Осы жерде 1952 жылы 5 қыркүйекте тұтқындалды. Екі айға жуық тергеу жүмыстары жүргізіліп, 1952 жылдың 3 қарашасында № 699 іс бойынша Е. Бекмахановты айыптау қортындысы дайын болды. Ермұханның жары Халима Бекмаханованың естелігінен:
«1952 жылдың 30 тамызында Ермұқанды Новотроицкіге шығарып салдым. Кеткісі келмей, бірдеңе сезгендей, мазасыз күй кешіп еді. Айтқандай-ақ, 5 қыркүйекте оны тұтқындап, Алматыға әкеліпті. Сол күні біздің үйде де тінту жүргізілді. Кешкі сағат 10-да жұмыстан келсем, үйдің есігі ашық тұр. Бір бейтаныс қазақ тінтуге құжат көрсетті. Ермұқанға бірдеңе болғанын сездім. Ас-су беруге рұқсатты табаннан тозып жүріп бір ай дегенде әрең алдым.Тергеу үш айға созылды. «Тергеу әдістері жайында жиркенішсіз еске түсіре алмаймын, – деп жазды Ермұқан өзі Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке. – Тергеудің өн бойында қорқыту мен қоқан-лоққы қатар жүрді. Сол үшін барлық тәсілдерді пайдаланып тырысса да мен жекелеген адал адамдарды қаралай алмадым». Ерекең бұл арада Сәтбаев пен Әуезов жөнінде айтып тұр.
Сот 1952 жылдың 2 желтоқсанында болды. Жоғарғы Соттың ғимараты Гоголь мен 8-ші март көшелерінің бұрышында болатын. Ермұқанды 4 солдат айдап алып келді. Ол маған жақындамақшы болған, мен де ұмтылдым, бірақ бізді айырып жіберді. Соттың үш күнінде көптеген куәлар келіп, кетіп жатты. 4 желтоқсанда үкімді жария еткен кезде менің қатысуыма рұқсат берді. Көз жасы еріксіз сорғалаған Ермұқан маған қарады да отырды. Үкімді естігенде жылап жіберді. Мұндай әділетсіз, қатал үкімге қалай жыламассың! Онда: «…айыпталушы Бекмаханов өзінің тарих ғылымы саласындағы ғылыми қызметкер жағдайын пайдаланып 1942-1951 жылдардың өне бойында өз жұмыстарында тарихи фактілерді өңін айналдырып бұрмалаған, сөйлеген сөздерінде буржуазиялық-ұлтшылдық идеологияны насихаттаған, феодалдық-байлық құрылыс пен оның орыс халқына қарсы күресуші һәм Қазақстанда орта ғасырлық тәртіптерді сақтап қалуға ұмтылушы кертартпа хандары мен сұлтандарын мадақтаған. Ол өзінің буржуазиялық-ұлтшылдық көзқарастарын негіздеу үшін кертартпа ақындардың, сондай-ақ Кеңес өкіметіне қарсы күрескен халық жаулары – алашордашылардың шығармаларын пайдаланды. Нақ осы ұлтшылдық идеологияны таныстарының арасында да жүргізді», – деп жазылып, сот тергеуі осыларды анықтағанын және айыпталушы Бекмахановтың мойнына қойылғанын айтады»
Жоғарыдағы айыптау негізінде 1952 жылы 2 желтоқсан күні Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмысты істер жөніндегі коллегиясының үкімімен Е. Бекмаханов 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, ГУЛАГ-тың алыстағы лагерінің біріне айдалды.
Ол кісінің лагерьден тиісті органдарға жазған көптеген арыздарының нәтижесінде, академик, қоғам қайраткері Анна Михайловна Панкратова сияқты қайырымды адамдардың көмегінің арқасында Берия атылғаннан кейін Е. Бекмахановтың ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда оның ісі жабылып, өзі ақталып шықты.
ГУЛАГ-тың лагеріндегі адам төзгісіз азапты күндерді басынан кешкеніне қарамастан, қайсар ғалым, артына халықтың игілігіне айналған мол ғылыми мұраларын қалдырды. Өзі ұсталып кеткенге дейін бастап қойған «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты еңбегін аяқтау ісімен айналысты. Бұл еңбегі А.М.Панкратованың бага жетпес көмегінің арқасында Мәскеудегі «Наука» баспасынан 30 баспа табақ көлемінде 1957 жылы жарық көрді.Е.Бекмаханов өзінің жемісті еңбегіне сай ғылым мен қоғамдағы орнын қайтадан алды. Оған университеттегі өзі ұйымдастырған кафедрасы қайтарылып берілді. 1964 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды. Өмірінің соңғы он жылында өнімді еңбек етіп, терең мазмұнды ғылыми шығармалар жазды, орта мектептер үшін Қазақ КСР тарихының оқулығын жазды. Бірнеше жас ғалымдарды даярлауда ат салысты. Шәкірттері бүгінде Республика Ғылым академиясының мүшесі, ғылым докторы, профессор дәрежелеріне жетіп, ұстаздарының ғылыми өмірін жалғастыруда.
Қазақстан төуелсіздік алғаннан кейін Е. Бекмахановтың басты еңбегі — «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» ақталып, орыс жөне қазақ тілдеріндегі нұсқалары «Қазақ университеті» (қазіргі «Санат») баспасынан жарық көрді.
Ермахан Бекмаханов жөнінде Халық қаһарманы, академик Шапық Шөкин былайша еске алған: «Ұлтымыздың аса көрнекті тарихшысы Ермахан Бекмаханов уақыт бедеріне бағынбаған, шыншыл ғалым болатын. Ол докторлығын екі рет қорғады. Еңбегінің нашарлығынан емес, тыйым салынған Кенесары тақырыбына жазылғандықтан. 1947 жылы Қазан төңкерісінің 30 жылдығына байланысты Одақтық Академия бойынша үлкен салтанатты кеңес өтуі керек болатын. КСРО ғылым академиясының басшысы Вавилов Сәтбаевқа телефон соғып, Қазақстан тарапынан баяндама жасайтын адамды айтуды сұрайды. Қаныш Бекмахановты ұсынады. Жиналыста қағазсыз сөйлеген жас баяндамашыға ғалымдар таң-тамаша болады»