«22 наурыз —Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы»

0
21214
«22 наурыз —Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы»
НАУРЫЗ — көне мейрам. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер «патрих», бирмалықтар «су мейрамы», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», буряттар «сагаан сара», соғдылықтар «наусарыз», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деп түрліше атаған. Әбу Райхан Бируни, Омар Һайям, т.б. еңбектерінде шығыс халықтарының наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер мол. Мыс, парсы тілдес халықтар наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжайды; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалак» ұсынады; ескі киімдерін тастайды; ескірген шыны аяқты сындырады; бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою — «күн символын» салады; үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі; түрлі жарыстар (жамбы ату, т.б.) ұйымдастырады.
Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық  түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады; әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі — қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы — жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру, т.б.) ойналады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады.

Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде (1920 — 25) шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып тоқтатылды, бірақ Қазақстанның бар аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды. 1988 жылдан Алматы қаласында, республиканың көптеген аудандарында наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады.

Наурыз қай жағынан алып қарағанда да бүкіл халық үшін ерекше мерекелі күн, маңызы үлкен сән-салтанатты оқиға. Бұл күндері Наурыз мерекесі атаулы күн қатарында аталып өтіледі.

Наурыз — жаңа жылды карсы алатын ежелгі зороастриялық салт-дәстүр. Наурыз мейрамы ежелгі Иранда пайда болды, күнге табыну мен Заратуштра пайғамбарының есімімен байланысты. Наурыз парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағына береді. Бұл күні ежелгі парсы патшалары жыл мезгілдері бейнеленген Күн тәжін басына киіп, от шіркеулерінде құдайға құлшылық еткен және өзінің бағыныштыларына жомарттық танытып сыйлықтар тараткан.

Наурыз — Шығыс елінің бүкілхалықтық мейрамы, яғни Ұлыстың ұлы күні. Наурыз бұған дейін мыңдаған жыл бұрын шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтетін болған.

Наурыз шығыс елдері үшін — бірліктің, татулық-еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Наурызда жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар жақсы өнегеден үлгі алған.

Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттың, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері тән таным-ұғымдарының үлгі-түрлері өте көп. Онын бәрі әр адамды жоғары саналыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдылыққа, көрегенділікке, білімділікке баурайды. Наурызды әр халықтың асыға күтетіні де осыдан болса керек.

Осы ұлы күнге байланысты халықтың әдет-ғұрыптары мен жол-жоралары бар.

 

 

 

 

 

 

 

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ