Салауаттылық – өмір негізі
Өмір деген- көк мұхиттың толқыны,
Бір-бірімен жатқан шулап жалғасып, Бір-бірімен жатқан тулап арбасып,
О, толқындар,арпалысып,алға шық!
… Өмір деген – мәңгі гүлдеп жататын, Құштарлықтың толғағы мен көктемі. Ешкім оған қоя алмайды нүктені, Өмір деген сөйлем емес өйткені. Т.Айбергенов
Денсаулық дегеніміз тек дененің сыртқы бүтіндігі ғана деп қарау ағаттық, жалпы алғанда оны ағзаның жан-жақты дамуы мен бүкіл дене қызметтерінің жүзеге дұрыс асырылуы деп ұққан жөн. Айналамызға көз салсақ, бүгінгі таңда қоғамдық көліктерде , жұмыс орындарында, отбасында болсын, бесіктегі баладан , еңкейген қартқа дейін ұялы телефонна көз алмай отырғандарды көргенде айтарға сөз таппайсың. Әрине, оны сатып алып, пайдалы дүниелерге қолданғанға не жетсін! Бірақ біз оның зиянын бір сәт ойладық па? Әлі өмірді танып білмеген бесіктегі сәбиді жылатпау үшін басының қасына қойып, сәбилерді әнмен ұйықтатып жүрген жандардың куәсі болып жүрміз. Ертеңгі баланың денсаулығын ойлап жүрміз бе?
Қазіргі технология қарыштап дамып жатыр. Қалың көпшіліктің қолында жүрген қалталы телефондардың адам ағзасына тигізер зияны ұшан- теңіз. Біріншіден адамның көру мүшесін зақымдайды. Екіншіден бүкіл ағзасына реактивті сәулелер бойына тараса ,адамның жасушаларын өлтіреді. Ертең қоғамда дені сау ұлт қалар ма екен?! Осы жәйт мені көптен бері толғандырып жүр. Өткенімізге көз жүгіртсек , ата-бабаларымыз табиғи өнімдерді қолданған. Үнемі ат үстінде жүрген. Олар бізден анағұрлым күшті әрі сау болып өмір сүрді.
Дені сау ұрпақты тәрбиелеу үшін Ұлықпан Хакім өзінен кейінгі ұрпаққа жеті өсиетін қалдырды. Бірінші — ерте тұру, екінші – орта тазалығын сақтау, үшінші – дене шынықтыру , төртінші- үнемі денені таза ұстау, бесінші – үнемі сергек жүру, алтыншы – артық тамақ ішпеу, жетінші – көп ұйқтап жалқау болмау. Міне , бұлардың барлығы денсаулықтың сақтаудың негізгі кепілі. Қазіргі таңда елімізде індет жайылып жатқан сәтте осы жоғарыдағы айтылған ғұламаның өсиеті бүгінгі күнмен сабақтасып тұрғандай. «Тәні саудың- жаны сау» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Ұлттың болашағы сана мен дене саулығында. Біз өскелең ұрпағымызды құлағына салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаларын құйып отырумыз қажет.
Әрбір тұлға өз ұрпағына бүгіннен бастап алаңдаса, артық етпейді. Ойымды ұлы шипагер, ғұлама Әбу Әли Ибн Синаның қанатты сөзімен қорытындылаймын. « Шеміршектеп артық жемеу түгіл, асқазаныңда жегеніңдей тамақ сыятын бос орын қалсын», — деп кеңес береді.