2021 жылы ҰБТ-ға енгізілген өзгерістер

0
711

2021 жылы оқушылар ұлттық бірыңғай тестілеуді жаңа форматта  тапсырады.  Тестілеу электронды форматта өтеді және  түлектерге тестілеуді екі рет тапсыруға мүмкіндік беріледі.                                                                               

 Ең алдымен оқушы ұлттық тестілеу орталығының сайтында электронды түрде тіркеледі. Тестілеу күнін, уақытын және орнын таңдау оқушының өз еркінде. Сонымен қатар, биыл грантқа үміткерлер үшін ҰБТ үш айға созылады және оны 100 күн ішінде екі рет тапсыруға болады.

Оқушы грантқа түсу үшін ҰБТ-ны қалауы бойынша сәуір, мамыр немесе маусым айларында екі рет тапсыра алады.  Ең жақсы нәтижені конкурсқа жіберу мүмкіндігі пайда болды. Алайда тестілеуді бір күнде екі рет тапсыра алмайсыз. Яғни сәуір айында бірінші мүмкіндікті пайдалансаңыз, екінші мүмкіндікті бірнеше күннен кейін немесе келесі айда қолдана аласыз.

Пәндер саны өзгеріссіз қалды-үш міндетті пән және оқушының мамандығына байланысты екі пән таңдау керек. Ең жоғарғы ұпай саны — 140.

Электронды форматтың жақсы тұстары – жауапты өзгерте алу және тест нәтижелерін «тестілеуді аяқтау» батырмасын басқаннан кейін бірден алуға болады. Яғни жинаған баллдар саны тестілеу аяқталғаннан кейін бірден экранға шығарылатын болады.  Сұрақтар базасы жыл сайын кем дегенде 30% жаңартылып отырады. Биыл тестілеуге жағдаяттық тапсырмалар мен сұрақтар  қосылды.

Тестілеу орталықтарының кіреберісінде, алдыңғы жылдардағыдай, металл детекторлар болады. Тыйым салынған заттардың тізімі өзгеріссіз қалды: телефондар, шпаргалкалар және т.б.

Аудиторияда не болып жатқанын көрсететін камерадан басқа, әр үстелдің үстіне тағы бір камера орнатылады.

Сондай-ақ әр компьютерге оқушының сәйкестендіру Face ID және прокторинг жүйесі қосылады. Талапкердің әрбір қозғалысы камерадан көрінеді. Егер ҰБТ тапсыру кезінде тапсырушының телефонды немесе шпаргалканы пайдаланғанын байқалса, онда тестілеу автоматты түрде тоқтатылады.

Бұрынғы формат бойынша аудиторияда 3-4 бақылаушы болса, енді тек бір бақылаушы отырады. Себебі камера, прокторинг жүйесі арқылы барлығы бақыланатын болады.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ