«Абай – дана, Абай – дара қазақта» поэзия сағатының өткізілу жоспары

0
1925

Абайдың әндері орындалып тұрады.

Көрермендер мен қатысушылардың жиналуы.

Жүргізуші: Армысыздар, құрметті Абайдай данасын дәріптеген, ұлы тұлғасын ұлықтаған жыр сүйер қауым. Бәрімізге белгілі, бүгін ұлы ақынымыздың туылған күні. Осыған орай өткізгелі отырған «Абай — дана, Абай — дара қазақта» поэзия сағатына қош келдіңіздер!

Қазіргі заманда алты құлаш әлемге аты танылып отырған, Алаш деп соққан жүрегі бар қазақ деген халықтың ұлы тұлғасы, ұлы ақыны – Абайды осы күнде дүние жүзі танып отыр. Қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ұстазы, рухани айбары, елінің мың жылдық мұңын шерткен Абайдың өлеңдері, қара сөздері мен аудармалары – асыл  қазына, мәңгілік өлмес мұра.

«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы» деп Сұлтанмахмұт мойындап кеткендей, бүгін біз Абай есімінің, Абай мұраларының мәңгілік екенін тағы бір дәлелдеп отырмыз.

Қонақтарға сөз беріледі.

Жүргізуші:  Абай – халықтың ұлы. Абай халық болашағы үшін аянбай қызмет етті. Елді мәдениет нұрына үндеді, дамуға шақырды. Ол қалдырған мұралар өз дәуірінің алуан түрлі мәселелерін қамтып қана қоймай, болашақ ұрпаққа, ұрпақ тәрбиесіне, салт-санасына назар аударып, адамдықтың алтын бағасын берген тұлға. Абай шығармалары қазақ қоғамының өзекті де өте маңызды мәселелері – халық тағдыры, азаматтық міндет, адамдардың қоғамдағы қарым-қатынасы туралы тың пікір, терең ойларға толы. Соның бірі «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңінде ақын халықты надандықтан арылып, білім алуға, қоғамның ағымына ілесуге, адамгершілікке шақырады.

Абай – поэзия патшасы. Поэзияда қайталанбас өнерпаздық шеберлік пен даралық стилі қалыптасқан ақынның өлең дүниетанымын сезініп, болмысын ерекше суреттеуі «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңінде анық берілген.

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңі.

Жүргізуші:  Абай – сазгер. Абайдың ақындық қасиетінен өзге сазгерлік қыры да бар. Оны «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем Қаламқас», «Көзімнің қарасы» әндерінен көреміз.

Абай – суретші. Абай өлеңдерінің ішіндегі өз алдына ойып орын алатыны – табиғат лирикасы. Ол  суретші-реалист ақын. Абайдың табиғатты суреттеуде ой-сезімі, жан-дүниесі терең ашылған. Ол өз шығармаларында жыл маусымдарын қайталанбас соны бояулармен бейнелеп берді. Ашығын айтсақ, Абайдың табиғат лирикасын еш ақын әлі күнге дейін Абайдан озып жеткізе алған емес. Абай өлеңінің өміршеңдігін осыдан да көруге болады.

«Күз» өлеңі

Жүргізуші: Абай өмірінен ақынның немересі, ұлы Мағауияның қызы Уәсиланың естеліктерінен біраз мағлұмат беріп кетсек. Абай қайтыс болған жыл ауыр болғанын айтады. Сол жылы Уәсиланың әкесі Мағауия қайтыс болады. Мағауияның өлімі Абайға ауыр тиеді. Көп сөйлемейді, көп оқиды. Мағауияның қырқын үш күн бұрын ерте береді де Абай төсек тартып жатып қалады. Тура Мағауияның қайтыс болғанына қырық күн толғанда Абай өмірден өтеді. Абай өлімі елінің қабырғасын қайыстырып кетеді. Абайдың қайтыс болғанына тура қырық күн өткенде, яғни Абайдың қырқын бере сала естияр ұлы Ақылбай аяқасты қайтыс болады. Араларына қырық күн салып өткен осы үш өлім елін есеңгіретіп, халқын қара жамылдырады.

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңі 

Жүргізуші: Абай ақынның суреткерлік қабілетін жоғарыда айтып өттік. Сонымен қатар ақынның теңеу арқылы көркемдік бейнені, көркемдік образды ұтымды жеткізе білуі, сөздерді шебер қайыстыруы, тілінің байлығы, өзі айтып кеткендей теп-тегіс, жұмыр келген тіркестері аса ерекше шеберлікпен орындалғанын көрсетеді. Ақынның теңеу арқылы көркемдік суреттеуге құрылған өлеңдерінің бірі «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» өлеңі. Абай өлеңдерінің тіліне тоқталатын болсақ, Абай өлеңдері фразелогияға бай. Абай фразеологизм ұғымын еркін әрі ұтымды пайдаланады. (Аузымен орақ ору, құлын-тайдай тебісу, алты бақан ала ауыз болу, малына шылбыр беру, басқа шауып, төске өрлеу, қарағайды талға жалғау)

Абай өлеңдері оқылады

Жүргізуші: Абайдың өз кезеңінде аударма ісін де жақсы  меңгергендігін орыс және әлем классиктерінің шығармаларын жетік әрі ұтымды аударғанынан көреміз. Сонымен қатар қазірде Абай өлеңдері бірнеше тілде аударылып өзінің шетелдік оқырмандарын да тауып жатыр.  Келесі қатысушыларымыз Абайдың «Жастықтың оты, қайдасың…» өлеңін орыс тілінде оқып бермек. Назар салып тыңдайық.

Жүргізуші: Абайдың соңғы жазып кеткен өлеңдерінің ішіндегі «Сегіз аяқ» өлеңі бізге етене таныс. Бұл өлеңге кезінде ақын ән де жазып кеткен. Осы «Сегіз аяқ» өлеңіндегі мына тіркестерге назар салсақ, «Атадан алтау, Анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ» – деген тіркесті ғалымдар жан-жақты зерттеп, түрлі пікірлер айтып жүр, анадан төртеу деген түсінікті, яғни Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжаннан: Тәңірберді, Абай, Ысқақ, Оспан туады.

Ал атадан алтау дегенге келсек, мысалы, Күңкеден Құдайберді, Ұлжаннан жоғарыда атап өтке ұл, Айғыздан Халиолла туады сонда жеті ағайынды. Ал Абай неге атадан алтау деген екен. Мұны әркім әрқалай түсіндіреді. Сол мысалдарды келтіре кетсек: алтау ала болса ауыздағы кетеді, алты алаш, алты қанат киіз үй деген сияқты метафораға немесе ассонансқа құрылғандығын байқаймыз, метафора – құбылту, ассонанс – дыбыстық үндесу. Бұдан біз Абай өлеңдерінің мағынасының тереңдігін, философиялық сипатын көреміз.

Жүргізуші:  Абай кемелденген шағында, өткен өміріне үңіле отырып, жамандық пен жақсылық, адалдық пен адамдық секілді пара-пар ұғымдарды саралай отырып, адам болып дүниеге келгеннен кейін арамдық пен жамандықтан арылып, ақыл-парасат кемесіне отыруға шақырады. Сол мотивтегі өлеңдерінің бірі – «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңі.

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңі

Жүргізуші:  Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған — деп ақын өзі жырлап кеткендей Абай есімі, ақын мұрасы, поэзиясы, шығармашылығы мәңгілік… Кемеңгер тұлғаның келешекке қалдырған алтын қазынасын дәріптеп, ақын атын мәңгі жүрегімізде сақтайық.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ