Абай мұрасының тәрбиелік мәні, тағылымдық бағыт-бағдары

0
27704

Автор: Кабдыкаликызы Жаңыл

«… Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!…»

Абай болашақ ұрпаққа сөзін осылай арнады. Бұл өткеннің құлазыған ғасыр-ларынан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жар-қын болашаққа сенімді жол салған ақын-ның айтқан сөзі еді. Даланы торлаған надандық түнегіне ол шамшырықтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсетті…

Абайға деген бетбұрыс жаңа жаңғырып келе жатқан кезең халқымыз тәуелсіздік алған заманға тұспа-тұс келіп отыр. Дүние жүзі халықтары Абайды тану арқылы оны туып, өсірген халқын, елін тани бастады.

Абай ұлы ғұлама ақын, моралист – ойшыл, қазақ елінің, бүкіл түркі тектес халықтарының ортасынан шыққан әлемдік тұлға. Абайдың өмірі, істеген ісі, жазған өлеңдері мен сөздері өз халқының тағды-рымен тығыз байланысып, оның болмыс-бітімінің айнасындай болып жатыр.

Абай шығармасының сая бағында өсу, тәрбие алу – қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының алдағы тұрған міндеттерінің бірі.

Абайға әр оралған сайын «көкірек көзің ашылады», азаматтық ірілік пен адамдық ұғымдардың жаңа қырларына, сырларына жолыққандай боласың. Қазақ халқының алдында енді қазақтың Абайын әлемге таныту, оны Адамзаттың Абайын айналдыру тұр.

Абай – құбылыс, ғасырларда біртуар ғұлама. Туысы бөлек, бесігі өлең, өсуі еркін. Оқуды өмірден алған. Оқуға зерек, ұғымға ұшқыр, талан, мектебі орта болған. Сондықтан да оның түрлі айтыстар мен даулардағы, мәжілістер мен кеңестегі айтқан пікірлері – дара өнеге, нақыл. Ойла-нып жазғандары өлең өнер болған. Абай дүниеге өз көзімен қарап, көргені мен сезгенін жалтақтамай айтқан. Құдай берген даналық оны даралық жолына, даныш-пандық шыңына бастады. Өмір мен қоғамды барлап, болашақты болжап жазған әр шығармасы – осы шыңға шығар жолындағы баспалдақ.

Нағыз ақын, әрі патриот Абай халыққа оның неге қасірет шегетінін түсіндіруге тырысты.. өзінің шығарма-шылығында ол феодалдық-рулық билеп-төстеушілерді аяусыз әшкерелеп, халықты өнер-білімге шақырады.

Ел бағу? Мал бағу? Ғылым бағу? Софылық қылып дін бағу? Балаларды бағу? Осындай бес түпрлі қоғамдық, эконо-микалық, ғылыми, діни маңызы бар және бала тәрбиелеу ісіне қалған өмірін жұмсаудан бас тартқан Абай «… ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде кім ішінен керекті сөз тапса жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ», — деп ойын тұжырымдайды.

Абай тірелген тығырық тек қана өз басының мәселелері ме, жоқ болмаса, ол қазақ халқына тән құбылыс па? Абайдың соншама пессимистік ойға шомуының себептері неде?

Өскен орта, көрген үлгі, тоңмойын надандық толқыны ағызып, ақын көзін ақиқатқа ашқызбай, заман тонын кигізіп, 35 жасқа шейін ықтиярсыз айдап келді. Бұл жасқа келгенде маңайындағы жұрттың кір, бұзық мінездері бар қалпымен кезінде айқын суреттеледі. Өкінді, өксіді, жирен-ді… осы өкініш, өксіктің уыты бойын керней, ызалы, кекті, улы көп әсері көп із қалдырды.

Осы өткен өкініш, жалған өмірден «өксіктің уыты керней ызалы, кекті…» Абай төмендегі бір шумақ өлең арқылы терең ойын баяндап береді.

Өңкей уды жинап ап,

Себеді сорлы жүрекке.

Адасқан күшік секілді

Ұлып жұртқа қайтқан ой.

Өкінді, жолын бекінді.

Әуре болма, оны қой.

Абайдың 80 жылдарға жақындаған кезіндегі өмірінің сыртқы пішіні қазақ халқының өміріне тән қоғамдық жайлармен іспеттес екенін көреміз. Абайдың қолына қалам алып, надандықпен алысуға бет байлап, ақиқат пен жалған пәлсапалық категориялар заңдылықтарына сүйене оты-рып жазған өлеңдері мен қара сөздеріндегі педагогика, мораль, эстетика, психология, философия, этика, сатира, әдебиет, өнер, ғылым саласында айтылған терең ойларына қайран қаласың, таңырқайсың.

Абай қазақ халқының мінез-құлқындағы келеңсіз, нашар қылықтардың қайдан және қалай туындайтынын саралап, ақиқат пен жалған философиялық категориялар арқылы талдап беріп оты-рады. «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағанын, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынын, рас сөзі аз болатұғының, қызметке таласқыш болатұғының, өзде-рінің жалқау болатұғының себебі не?» — деген сұрақ қойып алып, ары қарай талдау жасап, ол талдауларды бір топ филосо-фиялық категориялар арқылы таразылайды. Мәселен, Абай бұл тұрғыда тек қана өз халқының туындыларына ғана зер салмай «һәмма ғылымға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған» — деп өзінің ой-өрісінің кеңдігін, дүние жүзіне белгілі данышпан адамдар, ғалымдар, ойшыл-философтардың еңбектерімен таныс екенін білдіре келе: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз-қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамасақ, өзі тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» — дейді.

Абайдың осы сөзінде пайдаланылған философиялық категорияларға зер салсақ: қорқақ-ақылсыз, қорқақ-мақтаншақ, қорқақ -қайратсыз, ал қорқақ категориясы жалқаулықтан туындайтынын ашық айтып отыр.

Абайдың бұдан 100 жыл шамасы бұрын қазаққа айтқан ойларының тереңдігі бүгінгі егемендігін қолына алған Қазақстан Халқына, оның ішінде қазаққа айтылар ойларымен ұштасып жатқан жоқ па. Абай философиясының халық тағдырымен ұштасуының негізгі себебі халқына деген шексіз сүйіспеншілігінде, жан-тәнімен бар күш салып көмектесуінде, болашаққа жол сілтеуінде, жаны ауырып күйзелістен туындайтын философиялық ойлар, филосо-фиялық категориялар арқылы шешімін табуында.

«Қулық саумақ көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» — дейді Абай.

Абай айтқан қулық сауу, көз сүзу, тілену, адам сауу (адам қанау) – өнерсіз иттің ісі. Ал мұндай теріс мінезден арылу үшін Абай қандай кеңес береді – еңбегіңді сау дейді. Ал еңбекті сауу үшін бос күлкіден, жарамсыз қылықтан, мақтан-шықтан арылғанда ғана өнерсіз иттіктен кетесің дейді. Абай өнерге үйрену мәселесі адамның өміріндегі ең бағалы да қажетті іс екеніне көзімізді жеткізді. Бүгінгі өмірдің тауқыметі базар, нарық экономикасының ауыртпалығына тіреліп отырған халқы-мыздың мән-жайы, одан туындап отырған кеселдер сол Абай заманында да, бүгін де белең алып отыр. Ол Абай айтқан «Қулық саумақ көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі» — дегендей қулық, көз сүзу, тілену, адам адамның еңбек ақысын жеу арқылы өзінің мал мүлкін молайту, жастарымыздың, қала берді үлкенде-ріміздің де ісі, бүгінгі таңның ең бір жағымсыз қылықтарының бірі екеніне бәріміз де куәгерміз.

Абай бұл ойларының түйінін бесінші сөзінде де, қазақ даласында көп таралған мақал-мәтелдердің мазмұны арқылы да дәлелдеген: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен. Ол тек қана мал үшін қам жейді екен. Ал мал табу жолын біле ме? Оны да білмейді. Оның бар білетіні – малдыларды алдап, арбап, мақтап, мал жинау, егер бұл іске аспаса, алдап немесе мақтап ала алмаса, онда әкесімен болса да жауласудан тайынбайды екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшік, соған ұқсаған қылықтардың қайсысын болса да қылып, мал тапса жазалы демесек керек екен. Осындай Абай айтқан әдіспен мал тауып, халықты алдап, арбап, қулықпен, сұмдықпен, ұрлықпен, зорлық-зом-былықпен көгеріп, көркейіп отырмын деп санайтын адамдар бүгінгі таңда баршылық екеніне бәріміз тағы да куәгерміз.

Абай алтыншы сөзінде қазақтың «бірлік пен тірлікті» қалай түсінетінін көрсеткен. «Өнер алды – бірлік, ырыс алды — тірлік» деген мақалдың пәлсапалық мәні қандай? Оны дұрыс түсіне ала ма? «Қазақ ойлайды, — дейді Абай, — бірлік ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен» деп. Осы ортақтықты бірлік деп түсінеді. «Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Осы ма бірлік?» — деп Абай «бірлік» сөзінің мағынасын өзі ашып береді. «Жоқ,-дейді Абай, — бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса антұрғандықтың басы осы».

Мызғымайтын шындықтарды айтуды Абай алдына ешқашан мақсат қылған емес. Рухани дүниесі құлдырау жолына түскен тобырларды дұрыс жолға салу қиынның қиыны болатын. Осыны сезінген Абай қатты қиналып, дағдарысқа ұшырайды. «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» деп мұңын шаға келіп, оның себебін түсіндіреді.

Бас басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын? –

(«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», 1886 ж.)

деп отаршыл саясаттың құрбаны болған елдің «атқа мінерлерінің» кінәсін көрсетіп, оларды аяусыз мінейді. Абайдың «Болыс болдым мінеки», «Болды да партия», «Бөтен елде бар болса», «Қалың елім, қазағым» деген өлеңдері халықтың көзін ашып, оятуды көздеген, атқамінер белсенділерді жаман әдеттен сақтандыруға арналған туындылар еді.

Абай өлеңдерінде халықты азғын-даудан сақтандырады, жаман әдеттен жиренуге, адамгершілікке шақырады, өз шығармалары арқылы моральдық-этикалық нормаларды орнықтыруды көздейді. Сөйтіп Абай елдің ақылшысы, қамқор-шысына айналады. Бірақ көпшілік қауымның оның ұсынған асыл мұрасын қабылдап, түсінуге өрісі жетпеді.ал елдің озбырлары болса, оған бөгет жасауға ұмтылып, аяғынан шала берді. Осыған налыған Абай былай деп ой тербейді:

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,

Етекбасты көп көрдім елден бірақ.

(«Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?», 1898 ж.)

Абай мұрасының тәрбиелік мәні, тағылымдық бағыт бағдары турасында сөз қозғағанда, алдымен ойға оралатын Абайдың өз басының адамгершілігі. Ақыл мен қайратты, білім мен адамгершілікті тең ұстаған ақын шығармаларына деген ілтипатымыз, құштарлығымыз бүгінгі күн санап артқандай болса, ал мынау нарықтық экономика қыспағында қысылып жүрген жағдайда ақын шығармаларына, оның терең мағыналы, күні бүгінге дейін мәнін жоймаған ой-тұжырымдамаларына деген қажеттілік одан да артық. Оның кіршіксіз, таза, ақ жүрегінен тебірене туындаған жырларынан адам жанына әл қуат беретін, жанға жайлы, ыстық леп ескендей.

Бар асылын, ойын замана жастарына, келер ұрпаққа да арнады. Оның шығар-машылық қызметінің негізгі мұраты – адам тәрбиесі. Ұстаз сөзінің биік мағынасы Абайдай ағартушыға өте орынды айтылған. Абай халықтың үлкені мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен баласына өмірлік қажет пен еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның ағартушылық тұрғыдағы педаго-гикалық тұжырымдары негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат – «Толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған.

«Адамның білімі, өнері – адамшы-лықтың таразысы» деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі – жастық шақты оқуға, ғылымға, жұмсауды еске салады. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үйрен, үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе:

«Дүние де өзі, мал да өзі

Ғылымға көңіл бөлсеңіз…», — деген тұжырым ұсынады.

Абай адам болуға ұмтылған әрбір жалынды жастың бойына адамшылықтың қандай нәрін, нендей ізгілікті қасиеттерді егу, орнықтыру керектігін «Ғылым таппай мақтанба…» өлеңінде:

«Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз…» — деп, айқындап берді. Осындағы «Адам болу, оған тезірек жетуге, асығуға ұмтылатын бе нәрсе не?» деген сұраққа Абай:

«Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой –

Бес асыл іс көнсеңіз…» — деп, кесімді, тұжырымды жауап береді.

Шын мәнінде нағыз адам болу үшін адамгершілікке тән, жағымды жақсы қаси-еттер, жақсы сипаттар – адамдық, әділеттік, достық, махаббат, ар-намыс, сабырлық, батырлық т.б. толып жатыр. Солардың ішінен ақын жастардың бойындағы адамгершіліктің негізгі қасиеттері, «Бес асыл іс»: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым туралы даналық ой қозғауының өзіндік мәні бар.

«Бес дұшпан» — Абай айқындап бер-ген адамгершілікке жат этикалық-әдеп нормалары. Абай «Бес асыл» ісінде нағыз адам болу үшін бес нәрсеге асық болу керектігін айтса, «Бес дұшпанында»:

«Адам болам десеңіз,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер, мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз…»

— деп адамның бойындағы жағымсыз қасиеттерді сынға алады. Ақынның түсіндіргеніндей адамгершілікке жат жа-ман қылықтар – арамдық, әдепсіздік, әділетсіздік, жағымпаздық, жылпостық, менмендік, қулық-сұмдық, пәлеқорлық т.б. толып жатыр.

Абай қазақ халқының дамуы үшін, оның басқа елдер қатарына жетуі үшін бұл әдеттердің бәрі де кедергі болатын қылықтар деп ұғып, бұларға барынша қарсы шықты. Ақын сол кездегі ауылдың басты әдеттерінің бірі – өсек, өтірік, мақтаншақ, бекер мал шашпақ тәрізді елді аздыратын мінез-құлықты әшкерелеп, жұршылықты олардан сақтандырмақ бол-ды. Қазақ қауымының болашағы жастар-дың бойына адамгершіліктің асыл қасиет-терін қалыптастыру туралы даналық ой қозғайды. Адам болам десең, байлықпен озбай ақыл, әділеттілік, ғылым, ар, жақсы мінезбен оз дейді. Қазақ қоғамында жан-жақты жетілген адамды арман ете отырып, оның мінезді болуына, мінездің әлеуметтік өмірдегі қызметіне айрықша мән береді. Туған халқын барынша сүйгендіктен, оның әлеуметтік өміріндегі кемшілігін мінеп, соны жоюға күш салды. Өз мінін көре алмаған халықтың прогреске ұмтылмай-тынын түсінді. Сондықтан ол кертартпа патриархалдық-феодалдық дәстүрлерге қатал да батыл қарсы күресті, әлеуметтік өмірдің жаңа да озық өлшемдерін уағыздады. Өз шығармаларында прогрес-шіл әлеуметтік күштердің мүддесін қорғады. Кемеңгер Абайдың әлеуметтік ойлары – әлеуметтік іліміне қосылған үлес.

Адамды көздеген мақсатына, асыл арманына жеткізетін, ғылым-білімді меңге-руге мүмкіндік тудыратын жан қуатта-рының бірі – ерік-жігер, қажыр-қайрат. Ерік-жігер адамның өз мінез-құлқын меңгере алу қабілеті, оны әр түрлі кесапаттардан, пайдасыз құмарлықтардан қорғайды. Абайдың айтуынша «жан қуаты деген қуат пен бек көп нәрсе… бұл қуаттың ішінде артық қуат бар… ол жоғалса, адам баласы хайуан болды, адамшылықтан шықты». Ақын: «… ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын!» — деп, адамның өзі таңдап түскен жолынан таймауына ерік-жігері мен қажыр-қайратының ғана көмектесетінін еске салады. Адамның бірқатар жағымды да, жағымсыз қасиеттерін көрсете келіп, олардың табиғатын түсіндіруге тырысады.

«Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қалпың,

Не түсер қу түлкіден жыртың-жыртың…», — деп тиянақтылық пен ұстам-дылықты адам мінезінің жақсы қасиет-теріне жатқызады.

Адамгершіліктің мәні жөнінде терең толғаған ақын өз ойын әлем кеңістігіне жүгіртіп, Ар, Ұят, Намыс деген ұғымдар адам өзінің ары алдында жүгінген кезде түйсігімен түсінетін киелі ұғымдар екенін, әр адам өзіне-өзі жауапты екенін аңғарта айқындай түсіндіре келіп: «Осы да есеп бола ма, Ар, абұйыр тапқанға? Миың болса жолама Бос желігіп шапқанға…», «Абиыр қайда, ар қайда? Өз басыңа не пайда?…», «Достық, қастық, бар қызық жүрек ісі, Ар ұяттың бір ақыл-күзетшісі. Ар мен ұят сынбаса өзге қылық, Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі», — дейді. Адамды адам етіп тұрған Ар екендігін, тіпті өлім төніп тұрса да Ар сатуға болмайтындығын, халық санасында «өлімнен ұят күштіні» терең түсінген Абай – қазақтың тарихына ой жүгірте отырып: «Аты аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен…», «өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады», — деп түйеді. Абай түсінігінде әр адамның ең үлкен күнәсі, міні, өзінің өз ары алдында жасалған рухани қылмысы – арын сату, арсыздыққа салыну, ұяттан безу. Мұндай-ларға Абай төмендегідей теріс бата береді: «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, Арын сатып тіленген малы құрсын, Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілімен қулық салған заңы құрсын».

Адам болудың бір шарты – Ұят деген ұғымды бойға сіңдіру. Ұят дегеніміз – адам бойындағы адамгершілікке жат, жаман қылықты, істі өз мойнына алып, өзіңді-өзің сөгу, өзіңе-өзің ұрсу, өзіңді-өзің дұрыс, әділ, адал жолға салу. Абай ұяттыларға мейірленсе, ұятсыздардан жиіркенеді де: «Қайнайды қаның, Ашиды жаның, Мінездерін көргенде», «Жігерлен сілкін, Қайраттан беркін!» деп насихат бергенде; «Ұятсыз, арсыз салтынан Қалғып кетер артынан» деп, ұятсыздарды сөгіп, «осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да, ол істен, мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?» — дейді. Ар, ұятпен қатар саналы қазақтың табиғатына сіңген бір ұғым – Намыс. Ақын бұл ұғымға да ерекше мән береді. «Бұрынғы ата-бабаларымыздан артық екі мінезі бар: соның екіншісі – намысқор келеді екен». Ар ұяттан айырылған, намыс дегенді білмейтін, білгісі де келмейтін болыстарды Абай мысқылдай кекетіп, өткір сатиралық тілмен түйреп:

«Сүйегім жасық, буын бос,

Біраз ғана айлам бар,

Айлам құрсын білемін –

Болыстықтың жолы тар

Қайтіп көмек болады,

Антұрған өңкей ұры-қар?

Көргенім әлгі ойлашы,

Ұят, намыс, қалды ма ар?…» —

деп налиды. Не құдайшылыққа, не адамшылыққа жатпайтын, ардан бездіруге итермейлейтін «жарлы болсаң, арлы болма ма», жалқаулыққа, сұрампаздыққа, жыл-постыққа шақыратын «Қалауын тапсаң қар жанады, Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ», ұрлыққа, мейірімсіздікке бағыттайтын «Алтын көрсе періште жолдан таяр», «Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті» дейтін, ата-анасын малға сатуға бейім тұрған опасыздардан, сатқындардан «бек сақ болу керектігін» қатты ескертеді.

Ақын адамгершілік, мораль мәсе-лесін сөз еткенде жақсылыққа: адамшы-лық, адалдық, әділеттілік, берекелік, достық, білімділік, еңбеккерлік, терең ойлылық, ерлік, жомарттық, қайраттылық,, кісілік, қанағатшылдық, рахымдылық, махаббат, арлылық, намысқойлық, сабыр-лық, сертке беріктік, табандылық, татулық, тәуекелшілдік, шүкіршілік т.б. қасиеттерді, жамандыққа: арамдық, азғындық, айла-керлік, парақорлық, арызқойлық, тәкап-парлық, сараңдық, алдампаздық, сайқал-дық, даңққұмарлық, әділетсіздік, әдепсіз-дік, пәлеқорлық, паңдық, әсемпаздық, бақастық, борышқорлық, өсекшілдік, на-дандық, менмендік, әсемпаздық, еріншек-тік, әулекілік, есерлік, жалақорлық, мақтан-шақтық, жарамсақтық, залымдық, жылпос-тық, қияңқылық т.б. жиіркенішті мінез-құлықтарды жатқызады. Абайдың негізгі этика, адамгершілік, түсініктері әділдік пен әділетсіздіктің ұғымдық мәнін, арақаты-настарын түсінуге арналған.

Ақын білімді деген ұғымға өзінше ерекше мән береді. Абайдың түсінігіндегі білімді адам – адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды (әкелі-балалы, алыс-жақын, туыс-тума, үлкен-кіші, ерлі-байлы, жолдастық, достық) дұрыс түсіне білетін адам. Мектептен алған білімін адамгер-шілікпен ұштастыра білмейтіндерді Абай адамсымақтардың ең үлкен наданы, арамы екенін айта келіп:

«Осы жасқа келгенше

Өршеленіп өлгенше,

Таба алмадық еш адам

Біздің сөзге ергенді,

Өмірдің өрін тауысып,

Білімсізбен алысып,

Шықтық міне белге енді…» —

деп тоғыршылықтан адамдыққа, білімсіздіктен білімділікке қарай күрес жолында өткен өмірін баяндайды. Абайдың бұл ойлары «жақсылық ақиқатпен бірге болады, жамандық білімсіздіктің салдары», сондықтан да «өзіңді-өзің таны, өзіңді-өзің біл» деген этикалық принциптермен ұштасып жатыр.

Абайдың адамгершілік туралы, Адам деген атқа лайық сілтеген бағыттары, көрсеткен жолдары ақынды бізге жақындата түседі. Абай өткеннің ғана Абайы емес, біздің қасымызда жүрген, қазақ халқының басына қиыншылық түс-кенде дем беруші, рух беруші пайхам-барымыз, рухани көсеміміз. Абай 19 ғасырдың ортасында дүниеге келіп, 20 ғасырдың басында бұл дүниеден кетіп қалған жоқ. Абай заттың адамы емес, рухтың адамы. Абайдың адамгершілік туралы этикалық ойлары, пікірлері өз халқының ұрпақтарына әрқашан қуат бере бермек.

Поэзияда, музыкада, қоғамдық-азат-тық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шы-ғармалар берген Абай қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеуші біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып көрінеді.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Абай. Энциклопедия. — Алматы: «Атамұра», 1995.

2. Абай Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қара сөздер. – Алматы: «Жазушы», 1995.

3. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Т.15. Мақалалар, зерттеулер. – Алматы: «Жазушы», 1984.

4. Тәжібаев Т. Абайдың философиялық, психологиялық, педагогикалық көзқа-растары. — Алматы, 1957.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ