Абай туындыларындағы Ислам көрінісі

0
1817

«Абай ұғымында Аллаһты сүю адамның жеке басындағы абзал қасиеттерді қастерлеу, адамгершілікті негізгі қағидаға айналдыру, ал ол үшін ең алдымен өзіңді-өзің тазалауың қажет»

Ғарифолла Есім

Абай атын естігенімізде есімізге оның тек ақындығы ғана түспейтіні мәлім. Оның қасында тағы қандай қырлары бар дер болсақ, былай жауап берелік:

Қазақтың маңдайына біткен заңғар ойшыл, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов 1934 жылы жазған «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласында: «Абайға Шығыстан кірген бұйымдардың басы Ислам діні» — деген ұстанымы кейінгі күллі абайтанушы ғалымдар үшін негізгі бағдар болуы ләзім. Бұл сөзін «Абай жолы» атты роман-эпопеясынан аңғаруға болады. Кітаптың басы оның медреседен еліне оралу сәтінен басталатынын көпшілік оқырман біледі. Кейінгі ұрпаққа ұлы Абайдың Ислам құндылықтарын бойына әбден сіңіргендігі мәлім. Қазақ халқының рухани әлеміне Абайдың қосқан айрықша үлестерінің бір парасы оның “қара сөздерінде” атойлап алдыңыздан шығады.

Абай дүниетанымында Аллаһ сансыз ғаламды жаратушы. Отыз сегізінші қара сөзінде Алланың сипаттары мен есімдері туралы терең діни, философиялық талдау айтылады. «Аллаһты бар дедік, бір дедік, ғылым құдіреті сыйпаты бірлән сипаттадық» — деп, Алланың бірлігі мен барлығын негіздейді.

Алла Тағала әлемдерді жаратушы һәм ешбір серігі жоқ. Жаратушы тек өзінің кемел белгілерімен сипатталады. Абай Алланың кемелді сипаттары – білімділігі, жаратушылығы, естушілігі, күштілігі, мәңгілігі, сөйлеушілігі сынды сипаттары туралы былай дейді: «Алла Тағаланың көрмегі, естімегі, біз секілді көзбенен, құлақпенен емес, көргендей, естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты».

Алланың өзі де рас, сөзі де рас

Рас сөз еш уақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті,

Аллаһты танытуға сөз айырмас.

Әмәнту оқымаған кісі бар ма?

Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма?

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,

Жарлық берді, ол сіздерге сөзді ұғарға

Ақын бұл өлеңінде Жаратушының барлығына ешқандай шәк келтірмейді. Оның бұл сөздері Исламдағы «кәлима шаһаданы» негіздейді. Сонымен бірге Забур, Тәурәт, Інжіл, Құран кітаптарын айта отырып, кітаптарға иман келтіру ләзімдігін нұсқайды. Құдіретті Хақ Тағаланың жалғыздық қағидатын айқындайды. Бұл жөнінде қасиетті Құрани Кәрімде: «Жер мен көктің жаратылуында және күн мен түннің алма кезек өзара алмасуында, ақыл иелері үшін (Аллаһтың бірлігін, барлығын білдіретін) айқын дәлелдер бар» (Әли-Имран, 190).

Абай ес білгелі Құдай танып, шариғатпен сусындап өседі. Алланың рахым мен мейірімге толы ислами тәрбиесі, Пайғамбар (с.а.с) мектебі, оның адами бейнесінен алған тәлімі Абайдың көкірегін мейірім мен жылуға әбден толтырды. Мұның нәтижесінде:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті,-

деген баршаға мәшһүр туындысы дүниеге келіп, адамдарға Алланы тануға, адамзатқа рахыммен қарайласуға бағдар жасады.

Осындай имани сөздерден Абайдың исламиятты қолдаған діни ойшыл екендігіне көз жеткіземіз. Оның Аллаға деген шынайы махаббаты және Оған риясыз құлшылық етуді көрсетеді. Аллаһқа шын ниетімен ғибадат ету кәміл мұсылман ететіндігін айқындайды.

Абай исламиятқа жүрегімен ұйып, шынайы иман келтіріп жыр төкті. Ой түбіне бойлады. Абайдың дүниетанымында толық адам ұят пен арды сезінген Жаратушының рахымына шүкіршілік еткен адам. Оның түсінігінде: «Әрбір ақылы бар кісіге иман – парыз. Ал әрбір иманы бар кісіге – ғибадат парыз» — деп парасатты адамның Жаратушыға иман келтіріп, өзінің көркем мінезділігін қағида ретінде ұстанып, үнемі ғибадатта болатынын көрсетеді. Абайдың Ислам діні мен мәдениетін, философиясын терең меңгерген тұлға екендігі оның шығармашылық мұрасында айқындалып отырады.

Отыз алтыншы сөзінде А.Құнанбайұлы «Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы. Демек, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп, өзіңе-өзің қылған қысымыңның аты… Мұндай қылыққа жетіп, ұялған адамға өкпесі бар кісі өкпесін кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп,  сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар» дейді. Бұл орайда әйгілі имам Бұхаридің кітабында ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) «Ұят – иманнан» деген хадисі қара сөзді қуаттайды.

Абай – адамзаттың жанашыры. Ол әуелі ұлты үші қам жеген жанашыр. Дейтұрғанмен, тек қазақ үшін ғана емес, ақиқатты іздеген, тура жолды таппақа ұмтылған кез-келген пенде үшін жол сілтеуші – Темірқазық.

Бүгінде Абайдың аты ғаламға әйгілі һәм оның құрметіне жер-жерлерде түрлі қоғамдық шаралар өтуде. Және ол шаралардың деңгейі Абай атамыздың атағы мен абыройы секілді өте ауқымды.

Абай – ғасырда бір туатын ұлы тұлға. Адамзат үшін шынайы қам жеген Құнанбайұлы есімі сәйкесінше адамзат санасында мәңгі қалары хақ.

 

Қолданылған әдебиеттер:

  1. «Қазақ ойшылдары дін туралы» оқу құралы / Бейсенов Б.Қ. – Алматы, «Көкжиек» баспасы, 2015. – 195 б.
  2. Қара сөз / Абай. – Алматы: «MELOMAN Publishing», 2018. – 154 б.

 

Шағырбай Алмасбек Дүйсенбекұлы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор

Мұхамеди Мағжан Игенбайұлы

исламтану мамандығының 1-курс магистранты

www.kaznu.kz


ПІКІР ҚАЛДЫРУ