Абай әндері мен өлеңдері

1
24032
Ғашықтық, құмарлықпен-ол  екі жол
 
Ғарыштық,құмарлықпен-ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
 Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен не болсам болайын,сен аман бол.
 
Көңілімнің рақаты сен болған соң,
Жасырынба,нұрыңа жан қуансын.
Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді,
Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?!
 
Ғашықтық келсе,жеңер бойыңды алып,
Жүдетер безгек ауру сықылданып.
Тұла бой тоңар,суыр,үміт үзсе,
Дәмеленсе өртенер күйіп-жанып.
 
 
 Есіңде бар ма жас күнің
 
Есіңде бар ма жас күнің,
Көкірегің толық,басың бос,
Қайғысыз,ойсыз,мас күнің-
Кімді көрсең,бәрі дос.
 
Махаббат,қызық,мал мен бақ
Көрінуші еді досқа ортақ.
Үміт жақын,көңіл ақ,
Болар ма сондайқызық шақ?
 
Құдай-ау,қайда сол жылдар,
Махаббат,қызық мол жылдар?
Ақырын,ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар?
 
Жалынасың,боқтайсың,
Сағынасың,жоқтайсың.
Махаббат кетті,дос кетті-
Жете алмайсың,тоқтайсың.
 
Көзімі жас бер,жылайын,
Шыдам бер,сабыр қылайын.
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер,жамап сынайын.
 Айттым сәлем,Қаламқас
 
 
   Айттым сәлем,Қаламқас,
   Саған құрбан мал мен бас.
   Сағынғаннан сені ойлап,
   Келер көзге ыстық жас.
 
   Сенен артық жан тумас,
   Туса туар артылмас,
   Бір өзіңнен басқаға
   Ынтықтығым айтылмас.
 
  Асыл адам айнымас,
  Бір бетінен қайырылмас,
  Көрмесем де,көрсем де,
  Көңілім сенен айырылмас.
 
Татьяна хаты
 
Тәңірі қосқан жар едің сен,
Жар ете алмай кетіп ең.
Ол кезімде бала едім мен,
Аямасқа бекіп ең.
 
Талақ етіп бұл ғаламды,
Болды мәлім кеткенің.
Кінәсі жоқ жас адамды,
Қатты соққан неткенің?
 
Елжіреген жас емес пе ем,
Еппен айтсаң жұбатып;
Мен ғашыққа мас емес пе ем,
Кетсең еді ұзатып.
 
Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем,
Тірі қалдым өлмей әрең,
Қатты батты тырнағың.
 
 
Желсіз түнде жарық ай
 
 
Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп.
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп.
 
 
Қалың ағаш жапырағы,
Сыбырласып өзді-өзі.
Көрінбей жердің топырағы,
Құлпырған жасыл жер жүзі.
 
 
Тау жаңғырып,ән қосып,
Үрген ит пен айтаққа.
Келмеп пе едің жол тосып,
Жолығуға аулаққа.
 
 
 Көзімнің қарасы
 
Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы.
Бітпейді іштегі
Ғашықтық жарасы.
 
Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы,
«Бар»демес сендей бір,
Адамның баласы.
 
Жылайын,жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айтуға келгенде,
Қалқама сөз дайын.
 
Жүректен қозғайын,   
 Әдептен озбайын,                           
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын.
 
 
 
Бойы бұлғаң
Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң,
Кімді көрсем мен сонан
Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан.
Өз ойыңда,
Тал бойыңда
Бір міні жоқ пендесіп,
Түзде мырзаң,
Үйде сырдаң,
Сөзі қалжың еркесіп.
Бас құрасып,
Мал сұрасып,
Бермегенмен кетісер.
Адам аулап,
Сыпыра саулап,
Байды жаулап жетісер.
Сөз қыдыртқан,
Жұрт құтыртқан,
Антын,арын саудалап
Бұтты,шатты,
Үй санатты
Байдан алды алмалап.
 
Қараңғы түнде тау қалғып
 
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт,дел-сал ғып,
Түн басады салбырап.
 
Шаң шығармас жол-дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен дағы,
Сабыр қылсаң азырақ.
 
 
 
Қор болды жаным
 
Қор болды жаным,
Сенсіз де менің күнім.
Бек бітті халім
Тағдырдан келген зұлым.
Тағдыр етсе алла,
Не көрмейді пәнде?
 
Сайрай бер тілім
Сарғайған соң бұл дерттен.
Бүгілді белім,
Жар тайған соң әр серттен.
Қамықты көңіл,
Қайтсе болар жеңіл.
 
Сағндым сені,
Көрмедім деп көп заман:
Адам деп мені
Салмадың хат сен маған.
Жай таба алмай жүрек,
Жасылған соң сүйек.
 
 Бұл қылған зарым
Барса жардың маңына.
Ол қылған дәрім
Ғашығымның жанына.
Оңалдырып ойды,
Түзетпей ме бойды?
 
 Домбыраға қол соқпа
 
Домбыраға қол соқпа,
Шымырлатып бір бір бірлеп.
Жүрегім,соқпа,кел тоқта,
Жас келер көзге жүр жүрлеп.
 
Қайғылы көңілім қайдағы
Бұрынғымды жаңғыртар.
Қайратты алып бойдағы,
Басымды қайғы қаңғыртар.
 
Онан да жылы жүзіңмен
Кел жарым,қара бетіме.
Жылы,тәтті жауап айт
Іштегі қайғы дертіме.
 
Іштегі ескі жалынды
Сөндір жаңа қылықпен.
Сөйлесші жақсы,жағымды
Мендей көңілі сынықпен.
 
Сынық көңілім көп кешер,
Майда қолмен ұстасаң.
Көңілге түрлі ой түсер,
Әр тереңге нұсқасаң.
Күйлі,күйсіз бәйгеге
Қажыды көңілім көп шауып.
Көп қинамай әрнеге,
Енді семірт,жем тауып.
 
Жарқ етпес көңілім
 
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде,сірә,сендей маған жар жоқ,
Саған жар меннен артық табылса да.
 
Сорлы асық сарғайса да,сағынса да,
Жар тайып,жақсы сөзден жаңылсада,
Шыдайды риза болып жар ісіне,
Қорлық пен мазағына табынса да.
 
 
 Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы  
                        
Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,
Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.
Жіңішке қара қасы сызып қойған,
Бір жаңа ұқсатамын туған айды.
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,
Ақша жүз,алқызыл бет тіл байлайды.
Аузын ашса,көрінер кірсіз тісі,
Сықылды қолмен тізген,іш қайнайды.
Сөйлесе,сөзі әдепті әм мағыналы,
Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.
Жұп-жұмыр,ақ торғындай мойыны бар,
Үлбіреген тамағын күн шалмайды.
Тақтайдай жауырыны бар,иығы тік,
Екі алма кеудесінде қисаймайды.
Сорақы ұзын да емес,қысқа да емес,
Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды.
Етіндей жас баланың білегі бар,
Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы.
Қолаң қара шашы бар жібек талды
Торғындай толқын ұрып көз таңдайды.
 
Қандай қызда ләззәт бар жан татпаған?
Сұлуы бұл заманның тек жатпаған.
Он сегіз,он тоғызға келгеннен соң,
Алмасы өкпе болар қол батпаған.
Бұлардың кей бірінің мінездері-
Еш нәрсе көрмегенсіп бұртақтаған.
Кейбірі жайдары,ашық боламын деп,
Орынсыз адамдармен жырқақтаған.
Әуелде сұлу жайы бізге мәлім,
Жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған.
 
Кей жігіт мақтан үшін қылық қылмай,
Бойына майдалықпен сыр сақтаған.
Кей жігіт арсыздықпен ұятсынбай,
Қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған.
 
Орынды іске жүріп,ой таппаған,
Не болмаса жұмыс қып,мал бақпаған.
Қасиетті болмайды ондай жігіт
Әншейін құр бекерге бұлғақтаған.
 
 
Сегіз аяқ
 
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
         Шымырлап бойға жайылған
Хиуадан шауып,
Қисынын тауып,
         Тағыны жетіп қайырған.
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
         Сөйлеймін десең , өзің біл.
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі,
         Өрнегін сендей сала алмас.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
         Надандар бәһра ала алмас,
         Қиналма бекер, тіл мен жақ,
         Көңілсіз құлақ-ойға олақ.
Басында ми жоқ,
Өзіндей ой жоқ.
         Күлкішіл кердең наданның.
Көп айтса, көнді,
Жұрт  айтса  болды-
         Әдеті надан адамның.
         Бойда қайрат, ойда көз,
         Болмаған соң, айтпа сөз.
Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
         Мінездерін көргенде
Жігерлен, сілкін,
Қайраттан, беркін,
         Деп насихат бергенде.
         Ұятсыз, арсыз салтынан,
         Қалғып кетер артынан…
…Атадан алтау,
Анадан төртеу,
         Жалғыздық көрер жерім жоқ
Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп,
         Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым-тап шыным!
 
 
 
Бұл ән-бұрынғы әннен өзгерек
 
Бұл ән-бұрынғы әннен өзгерек,
Бұған ұйқасты өлең сөз керек,
Өзіне орайлы.
Денең-жан нұрлы болса жөнделмек,
Өлең-әнді өлшеп айтса өңделмек,
Ұйқасқа қолайлы.
 
       Ән өлшеуіш, өлең күміс,
       Қоспаңыз мыс аралас.
       Артық алу не кем салу,
       Қапы қалу жарамас.
 
Ауыр, осы әнге тұщы сөз салмақ,
Тәуір, тартымды ұйқас жиналмақ,
Тереңнен толғанып.
Сырын бұл әннің айтып қарайын,
Түрін, сипаттап тізіп санайын,
Өлең тап ойланып!
 
       Буыны сегіз, алтауы егіз,
Үш ем деңіз, екеуі.
Кім дәл басты, кілтін  ашты,
Жақсы ұйқасты нешеуі?
 
 
 

1 ПІКІР

  1. «Бұл ән-бұрынғы әннен өзгерек» Шәкәрмнің өлеңі!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ