Адам ғұмырындағы ғажайып бір сәт…

0
1678

Жалпы студенттік жылдар деген адам ғұмырындағы ғажайып бір сәт қой… Оны нұрландыратын жастықтың алауы.Сол жастықтың алауын жалындатуларына қол ұшын созып, қажетті жағдайын жасап қою дегеннің де өзіндік маңызы бар.Күнделікті тұрмыс-тіршілік жағдайы жасалған болса, эстетикалық, рухани азық алудың мүмкіндіктері бар болса, неге білімнің тереңінен сусындап, ғылымның қиясына өрмелемеске?! Бұл қазіргі жастарға  сауал. Әрине,өмір өзгеріп, күн санап эволюциялық жаңғырулар болып жатқанда, ғасыр тек прогрессті талап етеді.Сондықтан да, бүгінгі білімгерлерден сұралатын нәрсе көп.

Қазіргі заманғы білім алу деген көп жеңілдетілген. Интернет, компьютер дегенің бәрін алдыңа әкеліп беріп отыр.Алайда, дайын дүниелерден нәр алуға, соны бойға сіңіруге бола ма? Яғни, өздігінен ізденіп, өзімізде жоқ, ғаламдық құбылыстарға қол созу, басқа иірімдерден сусындау сияқты талпыныс жасайтындардың аздығы сәл көңілге қаяу түсіреді.Күнделікті сабағын оқып, қажет баллын алып қойып, « сен тимесең, мен тимен» деген принциппен жүре беруге бой үйреніп кетеді.Сондықтан, сілкініс керек, жастықтың жалынын беймезгіл сөндіріп алмау керек, аяулы бозбалалар мен бойжеткендер!

ҚазҰУ қалашығының бүгінгі көз тартар көркі санаңды жаулайды, көңілді көтерер күй сыйлайды, өмірге деген сүйіспеншілігіңді арттырады, өнбойыңды әлдебір күй билеп, музаның әуезді үні сиқыр әлемге ала жөнеледі. Қалашықта қыдырыстағанда әрдайым осындай күй кешемін.Осында өмір сүріп, білім алып жатқан жастарға деген қызығушылығың артып, тіпті қызғаныш сезіміне бой алдырасың. Өйткені, жастардың жұмағы, жастардың нұрмекенінде білім алу әркімнің маңдайына жазыла бермеген сәттілік.

Бұл күндері өз басым тек студенттік күндерді ғана емес, жалпы жастық шағымды сағынамын… Кезінде бағаламаппын, «қашан мектеп бітіремін, қашан университет бітеді екен» деген ойлармен жүріп, тепеңдеп кете беретін «есек тірлікке» асығыппыз. Кейіннен бала-шағаны қалай асыраймыз, қалай білім береміз деп желіп отырыппыз.Алла аманшылық берсе оның бәрі өз орынына келетін көрінеді…  Жастарға айтайын дегенім, әр ғұмыр кезеңін өз сәтінде бағалап,соған лайықты өмір сүру қажет екен… Ендігі жерде әдемі қартайып, өз немере –шөберең емес, ұлттың ұрпағына өнеге қалдыра алатындай тірлік жасасақ екен деген бір көкірекке ойлар қонақтаған…

Қолым сәл қалт етсе ҚазҰУ қалашығына қарай көңілім ауып тұратыны бар. Міне, саф ауасын сіміре жұтып тағы да аралап келемін.Әне, қарт  Алатаудың ақ тақиялы басына сәулесін төгіп, күн көтеріліп келе жатыр. Алқызыл жалқын көзжетер көкжиекке тарап, нұрын шашып, нұрлы мекенге жарығын төге бастаған. Қаз қатар тізілген ақ балтырлы аққайыңдар, қысы –жазы өңін өзгертпей , жастықтың символы сияқтанатын шыршалар, тал-теректер, сан түрлі гүлдер, жасыл алаңқайлар, тап-таза, тұнық ауа және жастық шақтың жан-болмысы қосылып, еркше бір күй орнағандай.

Аққайың асқақтап,

Тұр әне, еңселі.

Сол жерден өткенде,

Еске алам, мен сені,-  

деп әуелетіп, ән салатын едік. Шіркін, студенттік дәурен-ай, қамсыз, алаңсыз, арманшыл, үмітке толы күндер-ай…

Қазіргі заман әуезі өзгеше.Ол бейқамдықтан гөрі беймазалыққа, қамсыздықтан гөрі карекетшілдікке, арманшылдықтан гөрі жігерлілікке меңзеп тұр.Жаңалыққа, үмітке, қиялға толы музалы өмір симфониясы ойнап тұрғандай. Еріксіз құлақ түресің… Ешкім бейтарап, беймаза қала алмайды. Өйткені, жаңа дәуірдің жаңаша ескен самалы, жаңа күндердің сағымға толы саздары, көрсем екен, білсем екен, жетсем екен деген сияқты ізгі ұмтылыстар ернеулеп толған болашақтың мезгілі.Нұрлы мекен тұрғындарының жүзінен тек осындай тамаша адами  сезімдерді көре берсек, еліміздің елдігі , халқымыздың рухы асқақтай берері анық.

Осыдан біраз жыл бұрын «Қазақ университеті» газетінің редакторы Саягүл Әлімбекова менен сұқбат алыпты. Сонда: -Сіз үшін университеттің басқа оқу орындарынан қандай ерекшелігі бар?,- деп сұрақ қойған екен. «-Мен үшін бұл теңдесі жоқ оқу орны. ҚазҰУ –дың аты ҚазҰУ ғой…»,-деп жауап берген екенмін.Сол пікірімнен әлі де айныған емеспін, айнымаспын… Өйткені, мен ғана емес, нәмі қазақ үшін ҚазҰУ-дың аты ҚазҰУ! Ал, қазіргі университет қабырғасында білім алып жүрген шәкірттер де өз оқу ордасын мақтан тұтулары керек. Өйткені, ол мақтануға тұрарлық білім ордасы!

Жалпы жұмыс өтілім жарты ғасырдан асса,соның ішінде отыз жеті жыл осы университет қабырғасында еңбек етіп келемін.  Жастарға теориялық білім берумен қатар, бойларына адами қасиеттерді де қалыптастыруды аналық, ұстаздық парызым деп санаймын. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп әл Фараби бабамыз айтқандай, заманауи біліммен қоса халықтық педагогика нәрімен сусындап өсер ұрпақтар болашақтың жалғасы болмақ. Сондықтан да, дәрістердің бірін «Қазақ баласының әдебі» деген тақырыпта өтемін. Дөңгеленген дүние аунап кетпей тұрса, ол адамшылықтың, жақсы адамдардың әсері екендігін дәріптеймін. «Өлімнен де ұят күшті» дейтін халық принципін жалғастырар ұрпағы бар ел – бақытты ғой…  

Нұрлы мекенді мекендейтін болашақтың өкілдеріне артылар сенім, тапсырылар міндеттер ұлан-асыр.Өйткені , болашақтың кілті солардың қолында.Заманауи өмір тынысымен тыныстай отырып, жаһандық жаңалықтардан қалыспай елін алға апара алатын ұрпақ тәрбиелесек, міне , сонда қалашық ұстаздарының еңбегінің жанғаны деп білеміз.                                                                                                                                                                          

Клара Қабылғазина,

филол.ғ.к., профессор м.а.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ