Адами капиталды дамыту басты назарда

0
1084

Covid – 19 – осы бір індет барша адамзатқа алай-дүлей өмір мен алаңғасар көңіл сыйлағаны рас. Әлем жұртшылығы дәл қазір екі көзі төрт болып тамшыдай судан теңізге айналғандай болған індеттің жаулап бара жатқанына қарап жанын шүберекке түйіп отыр. Алайда, осы бір індет жұмыс тәртібімізге елеулі өзгеріс енгізсе де,біз  бұл жолы да бірлігіміздің бекем екенін көрсеттік. Біз ырыс пен ынтымақтың арқасында кез келген сынақты абыроймен еңсеретінімізді дәлелдеп жатырмыз.

Мамырдың жиырма жетінші жұлдызында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтті.  Айта кетейік,  2019 жылдың 17 шілдесінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 20 тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ережесі және құрамы бекітілген болатын.  Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау.

Ұлттық кеңестің негізгі міндеттеріне:

  • тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалардың және нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу;
  • жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарау;
  • жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету;
  • өзінің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру болып табылады.

Ұлттық кеңестің мамыр айындағы осы бір кезекті отырысы адами капиталды дамытуға, білім беру, денсаулық сақтау мәселелеріне арналды.  Бұл тегін емес, себебі мемлекет адамдардың кәсіби білігіне арқа сүйейді. Коронавирус қазіргі әлемнің құндылықтарын айтарлықтай өзгертті. Денсаулық сақтау жүйесінің, өзін-өзі қамтудың, ынтымақтасу мен жауапкершіліктің маңызы арта түсті.

Мемлекет басшысы осы тұста жаңа ахуал білім беру және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отырғаны жайлы айтып, атқарылу керек бірнеше істерге тоқталып өтті.

Қазақстанда балаларды ерте жастан дамыту жүйесі халықаралық стандарттарға сай келмейтінін білеміз.   «Біз мектепке дейінгі білім беруді белсенді дамытып, оны мектеп бағдарламасымен сабақтастыруымыз керек. Алдағы уақытта 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен 100% қамтылады. Сонымен бірге бізде әзірше мектепке дейінгі дамытудың толыққанды моделі жоқ. Үкімет оны осы жылдың соңына дейін әзірлеуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда мектеп оқушыларының білім деңгейі мәз емес деген ақпараттың рас екенін жоққа шығара алмаймыз. Осы орайда «Оқушылардың білім жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасының (PISA) мәліметінше, Қазақстан бұл жағынан дамыған елдерден айтарлықтай кейінге қалып отыр. Бұған көп түсінік беруге болады. Негізгі себеп – білім беруге қаражаттың жеткіліксіз бөлінуі және осы өте маңызды салада жүйелілік пен реформалардың ойланбай жасалуы. Ал білім беру – экономиканың маңызды салаларының бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент білім деңгейін арттыру үшін педагогика мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттердің стипендиясын 26 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін арттыру керек екенін айтты.

Тағы бір айта кететін жәйт техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту жөніндегі президенттің берген тапсырмалары көңілге қонарлық. « “Жас маман” жобасы шеңберінде біз 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартып жатырмыз. Жыл сайын 100 мың студентке тегін кәсіптік-техникалық білім беріледі. NEET санатындағы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасы балалары мен ауыл жастарына ерекше көңіл бөлу керек. Үкімет техникалық және кәсіптік білімі бар маман даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемін, әсіресе осы аталған санат үшін арттыру мәселесін қарастыруға тиіс, – деді Президент.»

Мемлекет басшысы тағы да бірқатар мәселеге тоқталып

— 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржы 7 есе өсетінін ескеріп, білім беруді және ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын реформаларды қайта әзірлеу қажет екендігін;

— Ауыл ұстаздарына еңбекақы төлеу жүйесіндегі бірнеше мәселелерге тоқталып, оларға түзету енгізу керек екені туралы;

— 2025 жылға қарай 11 мың орынға арналған 100-ден аса интернат салынуы керек, және білім беру мекемелеріндегі балалардың қауіпсіздігін арттырып, санитарлық талаптарға сай жағдай жасау керектігін;

— жоғары оқу орны оқытушыларының еңбекақысын көбейту;

— Дарынды жастардың шетелге кету мәселесіне ерекше назар аударып, 2020 жылға дейін білім гранттарының құнын 3 есеге арттыру туралы;

— Мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін барынша арттыру қажеттігі туралы;

— Ғалымдар даярлауда оларға жағдай жасап,  жыл сайын кемінде 100 ғалымның әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуіне қаржы бөлу;

— Докторанттардың стипендиясын 150 мың теңгеге дейін көбейту керектігін;

— Білім және ғылым министірлігі мен Қорғаныс министірлігіне армиядағы жастарға кәсіптік білім беру тетіктерін әзірлеуді, аталған мәселелерді 2025 жылға дейін шешуді жүктеді .

«Бүгін мен негізгі әлеуметтік салаларды реформалауға арналған бастамалар жөнінде айттым.  Бұл бастамалардың басым бөлігі Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде жасалды. Осы шараларды тиімді жүзеге асырсақ, адами капиталдың сапасын айтарлықтай арттырамыз» — деп өз сөзін қорытындылады Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президентіміз ел болып алдағы бесжылдықта жету керек айқын мақсаттарды шегелеп айтып, мемлекет дамуындағы бірден-бір фактор білім мен ғылым екенін тағы да дәлелдегендей, ал оның ішінде ел болашағының жарқын болу жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздардың мәртебесін көтеру және олардың біліктілігін арттыруға бар жағдай жасау керек екенін баса назарда ұстағаны қуантады.

Расымен де, пандемия жағдайында адамға не керек екені белгілі болды. Барша адамзат баласы білімге ұмтылады. Кез келген елдің білім беру деңгейі – экономикалық және ғылыми-техникалық прогрестің ең негізгі көрсеткіші. Бұл мемлекет пен қоғамның қарышты дамуының негізгі кепілі саналады. Білім беруде олқылық кетсе, салдары өте ауыр болады. Қисық ағашты кесуге, түзетуге болар. Надандықты қайтіп түзейміз? Бұл  созылмалы ауру сияқты, ал оның зардабын бүкіл халық тартады. Білімі нашар халық ұзаққа бара алмайды.

Алматы технология және флористика колледжінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы, ҚазҰУ Журналистика факультетінің магистранты Ерсайнова Акмарал Ермековна

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ