Жарнамаларға назар аударасыз ба?

Бүгінгі таңдағы кез келген бизнестің алға жылжуындағы басты құпиясы жарнамасында. Ол қаншалықты назар аудартарлықтай болса, соншалықты жақсы табыс алып келеді. Бұған көз жеткізген кәсіпкерлер өз кәсібін дөңгелету үшін жарнамаға қыруар қаражат жұмсайды. Сәйкесінше, ол өз жемісін бірнеше еселеп алып келеді.

Сол жемістің дәмін татуға апаратын жарнаманың берілу түрлері де көп. Жарнама беруші жариялар алдында өзіне сұрақ қоюға тиіс: жарнаманы қайда жарияласа тиімді болады?

Ол газет, не журнал, не теле-радио, тіпті  сыртқы жарнама болуы да мүмкін. Енді осы жарияланатын ресурстардың тиімді тұстарын қарастырсақ.

Газеттерде жарнама жариялағанның бірден-бір тиімді тұстары: таралым санының көптігі; жариялар алдында жедел өзгерістер енгізе алу; бағасының төмен болуы; жарнаманы бірнеше қайтара оқуға мүмкіндіктің болуы; алғашқы беттен орын алған жағдайда, көбірек назар аударта алуында.

Ал журналдарда жарияланған жарнаманың артықшылығы: басылып шығу сапасының әлдеқайда жоғары болу; графикасымен назар аударта алауы; журнал беделіне қарай хабарландырудың өтімділігі; жарияланған жарнаманы бірнеше қайтара оқуға мүмкіндіктің болуы.

Егер сіз жарнамаңызды теледидарда жариялаймын деп шешім қабылдасаңыз, онда халыққа аудиовизуалды әсер етуі жоғары болады. Сонымен қатар, жарнама беру креативтілігінде зор мүмкіндіктердің болуы; ақпаратты берудегі жан жақтылық және бір мезетте ауқымды аудиторияны қамти аласыз.

Радиожарнамаға келер болсақ: жедел ақпарат тарату; орналастыру құнының төмендігі; жылдам өзгерістер енгізе алу; музыкалық композиция немесе фон арқылы есте қалу мүмкіндігі болады.

Сыртқы жарнаманың (баннерлер) артықшылықтары кез келген уақытта көре алу; ірі көлемі мен графикасымен көз тартуы; қысқа да нұсқа 5-7 сөзден тұратын слогандарымен жадыда оңай сақталуында.

Жоғарыда аталған артықшылықтармен танысу арқылы жарнамаңызды қайда және қалай орналастыру керек екендігін анықтай аласыз.

Жарнама жайлы сөз қозғағанда, ҚР «Жарнама Туралы» Заңының бар екендігін айта кеткен жөн. Заңмен бекітілгенімен, іс жүзінде бекітілмей ақсап жатқандары да баршылық. ҚР «Жарнама Туралы» Заңының 5-бабы «Жарнамаға авторлық құқық және сабақтас құқықтар» жайында:

«Жарнама авторлық құқықтың және сабақтас құқықтардың толық немесе iшiнара объeктici бола алады. Авторлық құқық және сабақтас құқықтар Қазақстан Республикасының заңдарына, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес қорғалуға тиiс» делінген.

Көріп жүргеніміздей еліміздегі арналарда шетелдік жарнамалар отандық жарнамаларға қарағанда едәуір көп. Және де шетелдік жарнамаларды біздің арналардан көрсетер алдында, авторлық құқық қорғау заңдары бойынша қорғалып, арнайы рұқсатпен көрсетілімге жіберіледі.

Мысалы, жаңа жыл қарсаңында көрсетілетін «Coca-cola» сусынының жарнамасын барлығымыз білеміз. Ең алғаш рет АҚШ-та пайда болып, кейіннен бүкіл әлемге тараған. Біздің еліміздегі арналардан да «Мейрам келе жатыр!» деген қазақша аудармасымен көрініс тапқан болатын.

Оған қоса, көрермендердің сүйікті «M&M» жарнамасы. Бұл жарнамада танымал өнімдегі түрлі-түсті сөйлеп жүретін жаңғақтардың да түп тамыры шетелден. Сары және қызыл түсті кәмпиттердің қазақша сөйлеп жүргенін біршама рет көгілдір экраннан көрген болатынбыз.

Сонымен қатар, афроамерикандық ер адамның қабырғаны бұзып шығып немесе көліктің ішінде кетіп бара жатып та қолындағы «Old Space» өнімін жарнамалап жатқанын да көрдік. Оның айғайлап айтқан сөздері әрбір адамның есінде қалғаны анық. Себебі, мұндай жарнамалар сирек. Бұлжарнамадан теледидар көрермендері шошыса да, оны ұмытпайды.

Осы секілді түрлі АҚШ-тың және Ресейдің жарнамаларының қазақша дубляждалған нұсқасы арналарымызда көрсетілуде. Біздің арналарымызда өзіміздің түсінігімізге, өмір сүрі салтымызға жақын отандық жарнамалар көбірек болса дейміз.

10-бап. «Кино, бейне және анықтамалық қызмет көрсетудегi жарнама»:

«Сериялар арасындағы үзiлiстердi қоспағанда, кино және бейне қызмет көрсетудегi фильмнің қойылымын жарнамамен бөлiп жiберуге тыйым салынады» деп айтылған.      

Қаншалықты күшіне енді?

Ең алғаш осы тармақты оқығанда: «мына заң нақты өз күшіне енбеген немесе күшін жоғалтқан» деген ой келді. Себебі, күнделікті телеарналарда кино және сериалдардан бөлек, концерттер мен мерекелік шаралардың көрсетілімін тамашалап отырғанда да жарнамадан көз ашпаймыз. Көрсетілім ортасынан бөліп тастайды. Заңға қайшы болса да, көрермендер үшін қалыпты жағдайға айналған.

Қорытындылай келе, қандай жарнама көрсеңіз де ойлана жүріңіз. Ол жарнаманың қоғамға тигізер пайдасы қаншалықты мол?

Гүлманат Райымбаева


ПІКІР ҚАЛДЫРУ