Әділ сайлау

Мысал-ертегі

Жаздың шуақты күндерінің бірі болатын. Сол кезде құстар елінде жалпыхалықтық сайлау өтіп жатқан. Бір жас қарлығаш әкесімен оқудан қайтып келеді. Сайлаудың болып жатқанын естіп, пойыз станцияларға тоқтаған сайын сайлау бюросын іздеп, «мен де дауыс беремін!»  безек қағып жүр. Әкесі де: «біздің берген дауысымыз көп нәрсені шешеді ғой» деп әділ сайлаудан күдерін үзбеуде. Әрең дегенде сайлау бюросын тауып, қарлығаш дауыс бермекші болды.Сайлау парағында: сақал-мұрты бар, ақ басты журналист көкек; көзінде көзілдірігі бар, құстар тілінде сөйлей білмейтін кәрі қарға; бұрын соңды ешкім атын естімеген, мойнында алқасы бар жалғыз сауысқан тұрды.  Жас қарлығаштың өзі де болашақ журналист болған соң, көп ойланбай: «көзілдірігі бары ақылдырақ болса керек» деп кәрі қарғаға өз дауысын береді де, ел болашағына алаңдай пойызына мініп,сапарын жалғастырады.

Бірнеше күндерден соң үйіне жетіп, сайлаудың нәтижесін теледидардан естиді. Құстардың көбі кәрі қарғаға дауыс берсе де, қандай жолмен екені түсініксіз, бірақ билікке көкек ие болыпты. Әттең тонның келтесі-ай. Мына билікті қолына алған журналист көкек көреген, әрі тым әділ болса керек. Елдегі заң талаптарына өзгерістер енгізіп, жазаны күшейтуде. Құстарға теледидардан жолдауын тікелей баяндап, былай депті:

– Маған дейін билікте болған жолдастың арқасында сіздердің  әл-ауқаттарыңыз біршама жақсы көрінеді. Ендігі бізде жаңа басшымен, жаңа дәуір басталмақ. Сондықтан, халықтың несиесінің барлығы жабылады. Болашаққа бірге несиесіз қадам басайық! Ел тыныштығы үшін, еліміздегі әрбір құс өкілдерінің орны үлкен маңызға ие. Әсіресе, дүнген құстардың. Сол себепті, олар ең көп шоғырланған мекен біздің  еліміздің астанасы болмақ. Ғылымға ертеден-ақ үлкен көңіл бөлінуде. Химик ғалымдар құстар арасында ауа арқылы тарайтын ауруларды қосарластырып, оларға қарсы екпе ойлап тапсын. Ең бастысы, жемқорлықпен күресеміз. Себебі,соңғы уақытта құстар арасында ЖЕМқорлық көбеюде. Жемқорлықпен ұсталғандар өмір бойына темір торға жабылсын деп бұйырамын.

Бұрын-соңды мұндайды естімеген құстар не қуанарын, не жыларын білмей қалыпты. Ақ басты журналист көкек ел басқарғаннан бері, құстар елінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мінсіз қоғам орнапты деседі.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ