Диқаншы Қайраттың оқиғасы

Памфлет

Ш. қаласында Қайрат деген диқаншы болыпты. Ол отбасымен бидай егіп, оны тартып ұн жасаумен айналысатын көрінеді. Бірнеше жылдар бойы жасаған еңбегінің арқасында «Ш. қаласының құрметті азаматы» деген атқа лайық болыпты. Осы кәсібінің жемісі – аты бүкіл елге жайылып, халықтың ол отбасыға деген құрметі арта түскен көрінеді.

Күндердің бір күнінде ел басына күн туып, ел ішін жұт жайлапты. Халық ішерге ас таба алмай, балаларын асырай алмай, әбден тозып біткен көрінеді. Осындай қиын-қыстау кезеңде не істерін білмей ашынған жұрт, диқаншы Қайратты есіне түсіреді. «Оларда бізді асырай алатындай ұнның жеткілікті мөлшері болуы керек. Бізге соны тегін таратсын. Біз болмасақ, ұнын кім алар дейсің. Біздің арқамызда саудасын жүргізіп байып отыр» деп кеуделерін қағады. Бұл отбасы әр жыл сайын ерте көктемде жержыртып, бидайдың тұқымын себеді. Жаз бойы сепкен бидай тұқымын күтіп баптайды. Анасы баласының еңбегі зая кетпесін деп, алқапты құстардан, құрт — құмырсқалардан қорғап жүреді. Жаңбыр суымен өсетін бидай алқабы, үлкен еңбектің арқасында сары алтындай болып күзде пісіп жетіледі. Одан соң әкесі бидайды тартып ұн етіп шығарады. Бұлар еңбек етіп жатқанда, халық оларды аңдып, бұрыш-бұрыштан шыпшыңдап, үнемі сөз етіп отыратын. Мына ауыр жағдай қыспаққа алғанда, оның барлығын ұмытып, түк болмағандай қол жаюларын қарашы..

Диқаншы Қайрат отбасымен еңбектеніп жатқанда, халыққа біреу еңбек қылмаңдар деп пе? Әлде біреулер келіп қолдарын байлап кетіп пе? Еңбектенем деген адамға екі қолға бір күрек табылып-ақ тұрған заман ғой. «Болашақтарыңды ойламай, бүгінгі қарным тоқ, көйлегім көк, уайымым жоқ деп қана өмір сүріңдер» деп пе? Қызық…


ПІКІР ҚАЛДЫРУ