Ағылшын тілі курсын қалай дұрыс таңдау керек?

0
3785
Ағылшын тілін үйрену

Белгілі ағылшын тілінің маманы Асхат Еркімбай ағылшын тілін үйренгісі келетіндерге өз кеңесін ұсынады.

Ағылшын тілі курсына жазыламын деп жүргендерге 10 кеңес

Курс таңдайтын болсаңыз мына кеңестерге назар аударғаныңыз жөн: 
✔️1. Топта ең көп дегенде 12 адамнан аспасын. Сабақтың ұзақтығы 60 немесе 90 минут болғаны жөн.
✔️ 2. Топқа студенттерді алғанда іріктеумен жүргізіле ме? Мәселен, алдын ала тест алады. Топтағы студенттердің ең болмаса грамматика немесе оқу, сөздік қор бойынша деңгейлері бірдей болса, топта оқу өзін ақтайды.

✔️
3. Қандай кітаппен оқытатыны аса маңызды емес. Маңыздысы оқытушы кім? Оқытушының CELTA сертификаты болса, одан айырылмауға тырысыңыз. CELTA оқып келген адам ретінде білерім: бұл сертификатты екінің біріне бермейді.

✔️
4. Бір пробный сабағына қатысыңыз. Сабақта оқытушы қанша минут, ал студенттер қанша минут ағылшынша сөйлесетініне назар аударыңыз. Егер оқытушы көп сөйлесе, ол курстан қашыңыз. Ол курста студенттер емес, мұғалім өзінің ағылшыншасын дамытып жатыр деген сөз.

✔️
5. Жақсы мұғалім сабақта төрт түрлі аспектіге назар аударады: Оқу, сөйлеу, тыңдау және жазу.

✔️
6. Сабақта осының екеуі қатар алынады немесе біреуі. Бір сабақ бір дағдыны дамытуға арналуы тиіс. Сол кезде нәтиже болады.

✔️
7. Жақсы оқытушы сабақты тұтастай ағылшынша жүргізеді. Барлық деңгейге. Тек грамматика түсіндіргенде арасында қазақ немесе орыс тіліне көшуі мүмкін.

✔️
8. Барлық сабақта студенттер ағылшынша сөйлесуі керек. Сабақта ағылшынша сөйлесетіндей жағдай тудырмаса, ол курста сіз ағылшынша сөйлеп үйрене алмайсыз деген сөз.

✔️
9. Курс негізгі іргетасты қалауға көмектеседі. Өзіңіз үйренемін десеңіз де болады. Бірақ топ ішінде болсаңыз бір-біріңізден үйренесіздер.

10. Барлық адам ағылшынша сайрап, сөйлеп кетпеуі мүмкін. Бірақ қарапайым ауызекі әңгімені сенімді түрде айта алатын деңгейде болуға шамасы жетеді.

Қосымша!
☑️Ағылшын тілін үйрену үшін нақты 500 сөз біліп бару керек деген шарт болмауы тиіс. Әрине әр деңгейде өзіне шақтаған белгілі бір сөздік қор бар. Бірақ деңгейді тек сөздік қормен анықтаған дұрыс емес. Сөзді қолданбасаңыз жаттай беруден пайда бермейді. Екі сөз жаттасаңыз сол сөзді қолдануыңыз керек, сол кезде пайдасы болады. Иә, қазақ тілінде предлог жоқ. Ағылшын тілін үйренетін қазаққа негізінен екі қиындық бар: предлог және дыбыстау [әсіресе, екпін]. Қалғандары қазақ тілімен ұқсас.

Көп оқу керек. Ағылшын тілінде көз көрмеген сөзді құлақ түсінбейді. Себебі жазылу мен айтылуы бөлек. Сондай-ақ, граммаға көп көңіл аударудың қажеті жоқ. Менің ойымша, тіл үйренгісі келетіндер reading-ге көп екпін түсіру керек. Арғы жағын өзіңіз алып кетуіңіз мұмкін. Әзірге өз деңгейіңізге сәйкес, әрі қызық болатын бір мәтін алып соларды оқи беру керек. Сөздікпен емес. Әр сөздің астың сызып оқитын болсаңыз, оқу дағдысын емес, сөздікпен жұмыс істеу дағдысын дамытасыз. Сол себепті ішіндегі бір екі сөзін түсінбесеңіз де идеясын түсініп, оны ұнататын мәтінді көбірек оқысаңыз, грамма да, жаңа сөз де есіңізде қалып отырады.

✏️
Граммаға үйір болған сайын ол қиындап, күрделене береді. Бар болғаны, ағылшын тілін өмірде өзіңнің рахатың үшін қолданып үйренгенің дұрыс. Сол кезде ағылшынша білетініңді түсінесің. Грамма сағым тәрізді. Үңілген сайын түк білмейтін сияқты сезінесің. Тілді өзіңнен алыстата береді. Өзім филфакта оқығандықтан тілді білу үшін міндетті түрде граммасын дұрыс білуім керек деп санайтынмын, түсінуге тырысатынмын. Бірақ өмірде қолданбайтын нәрсені түсінуге сонша уақыт құртқаныма таңмын. Есесіне қысқа хабар, шағын документалды фильм, аудио хабар тыңдағандарым көп көмектесті. Сонымен қатар ағылшын тілінде өтетін баспасөз жиындарынан қалмауға тырысатынмын.

Жазба Асхат Еркімбайды Фейсбук парақшасынан алынды. 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ