Қазақстандағы мектеп формасы қандай өзгерістерге ұшырады?

0
3504
№12 Қазақ орта мектебінің 10 сынып оқушылары, Алматы, 1949 жыл.

Киім үлгісі – қоғам дамуын анықтайтын компоненттердің бірі болғандықтан, әлеуметтік құбылыс ретінде қарастыруға болады. Қазақ киімдері – халықтың материалдық мәдениетінде пішін логикасымен, құрылым тұтастығымен, түр-түсімен ерекшеленеді. Жаңа оқу жылының алғашқы аптасында Қазақстандағы тұңғыш мектеп ашылған тұстан бүгінге дейінгі мектеп формасының фотожинағын «Егемен Қазақстан» газетіне сілтеме жасай отырып, назарларыңызға ұсынамыз. 

1. Қазақтардың дәстүрлі білім жүйесі. XIX ғасырдың орта шеніне дейін қазақ балалары мектептер мен медреселерде мұсылманша білім алды. Оларды негізінен молдалар оқытты. Халық арасында медреселердің беделі күшті болды. Медресе шәкірттері ислам дінінің негіздері бойынша бастауыш білім алумен қатар философия, математика, медицина, тарих, тіл білімі (лингвистика) және астрономия жөнінде де едәуір хабардар болып шықты. Бұл тұста ұлттық киімнің пішіні мен құрлымы, оның элементтері әрқашан да мата түріне, климат жағдайына негізделген созылымдық пластикалық сипатына қарай ыңғайланып, тігілді. Ұл балалар жейде, көйлек, дамбал, шалбар, жұқа шапан кисе, жасөспірім қыз балалар қос етек көйлегі мен үкілі тақиясымен ерекшеленді.

Киіз үйдегі сабақ, XIX ғасырдың соңы

2. Жәңгір ханның бастамасымен 1841 жылы хан ордасында алғашқы мектеп ашылды. 1864 жылы Торғай қаласында Ыбырай Алтынсарин ашқан тұңғыш мектеп Қазақстанның жалпы мәдени қозғалысына елеулі ықпалы етті. Бұл кезеңдердегі оқушылардың киім үлгілері туралы мардымды ақпарат табыламады. Дегенмен фотосуреттен оқушылардың бірыңғай түймеленетін жейде киіп, сыртынан белбеумен буынғанын байқаймыз.

Ы.Алтынсарин Қостанай екі сыныптық училищенің оқушыларымен, 1889 жыл

1884 жылы Қостанайдағы Троицк орыс-қазақ мектебі жаңа ғимаратқа көшіріліп, «Қостанай екі сыныптық орыс-қазақ училищесі» деп атала бастады.

Қостанай екі сыныптық орыс-қазақ училищесінің оқушы қыздары

3. XX ғасырдың бас кезінде дәстүрлі мұсылман мектептерін реформалау қозғалысы басталып, жаңа әдістемелік мектептер пайда бола бастады. Қазақстандағы ең алғашқы жаңа әдістемелік мектеп 1900 жылы Түркістан қаласында ашылды. Ондай мектептер Ақтөбе, Жаркент, Верный, Қазалы, Қостанай, Перовск, Семей сияқты басқа да қалаларда пайда бола бастады. Қазақ зиялыларының едәуір бөлігі жаңа әдістемелік мектептерде білім алып шыққандар болатын. Мәселен, Уфадағы «Ғалия» медресесінде Б. Майлин, Орынбордағы «Усмания» медресесінде Қ. Болғанбаев және басқалары оқыды. Абай Құнанбаев та Семейдегі Ахмет Риза медресесінде жаңа әдістемелік оқыту методикасы негізінде дәріс алған.

Түркістандағы орыс-қазақ түземдік мектебі, 1899 жыл

4. Торғын мектебі 1869 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Торғын өзенінің бойындағы елді-мекенде ашылған. Бөкей орда тарихи-музей кешені директоры М.Махимовтің сөзінше бұл жылдардағы оқушылардың киім үлгісі туралы нақты дерек жоқ.

Торғын мектебінің оқушылары, 1911 жыл

5. Советтік мектеп формасы патшалық Ресейдің гимназиялық киім үлгісіне ұқсас келеді. Қыздар көйлек сыртынан ақ фартук киді. Бірыңғай мектеп формасы сталин дәуірінде енгізілді. СССР тұсында ұл балалар көк түсті шалбар мен көйлек киді. 1929 жылы қазақ әліпбиі латын графикасына негiзделіп, 29 әрiптен тұратын жазу емлесіне көштi. Фотосуреттен латын әліпбиінің қолданыста екенін көруге болады, 1928-1930 жылдар

6. Пулеметші Мәншүк Мәметова оқыған сыныптың фотосуреті. Мәншүк Мәметова екінші қатарда, сол жақтан санағанда алтыншы тұр. №28 мектебі – 1932 жылы ашылған ескі оқу орындарының бірі. 1938 жылы үлгілі мектеп ретінде мадақталып, Иосиф Сталин есімі берілді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары аталған мектептен 120 оқушы майданға аттанған.

Алматыдағы №28 мектептің, 4 сынып оқушылары

7. II дүниежүзілік соғыс жылдары халықтың әлеуметтік тұрмысы нашарлағандықтан, шалғайдағы елді-мекендердегі оқу орындарында бірыңғай мектеп формасы сақтала бермеген сыңайлы. 1940-41 жылдары жалпы білім беру мектептерінде 1 млн 145 мың 993 оқушы оқыды. 1925 жылмен салыстырғанда оқушылар арасында қазақ қыздарының саны 20 мыңға артты.

Батыс Қазақстан облысы Орда ауылындағы мектептің 5-6 сынып оқушылары, 1937-1941 ж.ж

8. Соғыс аяқталғаннан кейін СССР елдеріне бірыңғай мектеп формасы міндеттелді. Пионерлер қызыл галстук байласа, комсомол мүшелері кеуделеріне төсбелгі тақты. Суретте №12 Қазақ орта мектебінің  оқушылары. Күләш Байсейітова мен Әбілхан Қастеевтер осы мектепті бітірген.

№12 Қазақ орта мектебінің 10 сынып оқушылары, Алматы, 1949 жыл.

9. Индустриаландыру аясында 1950 жылдары ҚазССР-да 9 мыңға жуық жалпы білім беру мектебі жұмыс істеді.

Ауыл мұғалімі балалармен әңгіме құрып отыр, 1950 жылдардың аяғы

10. 1965-1970 жылдар шамасында ҚазССР аумағындағы күндізгі жалпы білім беру мектептерін 650 мыңнан астам оқушы бітіріп шықты.

Алматыдағы № 75 орта мектебі, 1 мамыр мерекесі, 1963 жыл

11. 1980-90 жылдары жалпыға бірдей білім беру саласына реформа жүргізілді. 6 жастан оқыту жүйесі енгізілді. Тегін білім берумен қоса ақылы мектептер де ұйымдастырыла бастады.

Қарағандыдағы №36 мектебінің 7 сынып оқушылары, 1982 жыл

12. 1991 жылдан бастап Қазақстанда жаңа үлгідегі мектептер мен арнайы орта оқу орындары ашылды: лицей, гимназия, техникалық-кәсіптік мектептер, колледждер. Ал 1995 жылы Қазақстанда жаңа Конституция қабылданып, жалпыға міндетті тегін орта білім алу жарияланды. Қазақстанның көп мектептерінде ақ кофта, қара шалбар классикалық киім үлгісі сақталып келді.

№136 орта мектебінің бірінші сынып оқушылары, Алматы, 1991 жыл

13. 2016 жылы Білім және ғылым министрлігі орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекітті. Талаптар білім алушылар арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған. Министрлік бекіткен құжатта «Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіліп, күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді» делінген.

Қазіргі мектеп формасы

Фотосуреттер Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар және дыбыс жазбалары мұрағаты, Бөкей орда тарихи-музей кешені, Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің мұрағатынан алынды.

Әзірлеген Ая ӨМІРТАЙ

Материал «Егемен Қазақстан» газетінің ресми сайтынан алынды
 

 

 

 

 

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ