Айтыс – халық ауыз әдебиетінің ең мол да ерекше саласы. Айтыс жанры қазақ ауыз әдебиетінде сапасы жағынан да, саны жағынан да ерекше орын алады. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде айтыстың бірнеше түрі бар:

1. Бәдік айтысы.
2. Жар-жар.
3. Жануар мен адамның айтысы.
4. Өлі мен тірінің айтысы
5. Жұмбақ айтысы.
6. Салт айтысы: 1) қыз бен жігіт айтысы; 2) ақындар айтысы.
7. Осы күнгі айтыстар.

Бәдік айтысы – айтыстың ең көне түрі. Ерте заманда адамдар мал ауруының да, адам дертінің де иесі бар деп ойлап, сол дерттен құтылу жолын іздеген. Ескі наным-сенімге байланысты дерттен құтылудың жолы – үшкіру, шақыру деп есептеген. Түрлі аурумен ауырған малды «бәдік» арқылы үркіту үшін кешқұрым ауыл жастары жиналып, кеш өткізген, өлең сөзбен малға келген індетті көшіруге әрекеттенген. Келе-келе айтыстың бұл түрі жастардың әзіл-қалжың ойын айтысына, сауық кешіне айналды.

Айтыстың көнеден келе жатқан тағы бір түрі – жар-жар ұзату тойы үстінде екі мақсатпен: 1) ұзатылып бара жатқан қыздың мұң-зары түрінде; 2) ұзатылатын қызды жұбату сарынында айтылған. Жар-жар айтысының негізгі көркемдік тәсілі – пихологиялық параллелизм – екі құбылыстың ұқсас жақтарын параллель етіп қою.

Қазақ халқының өмірінен, тұрмыс-тіршілігінен төрт түлік мал ерекше орын алған. Төрт түліктің адам өміріндегі маңызы халық ауыз әдебиетіндегі айтыс жанрының бір түрі жануарлар мен адамның айтысында көрсетілген.

Иесі:
Шолақ сиыр, көзіңді ояйын ба?
Биылғы жыл соғымға сояйын ба?
Биылғы жыл соғымға сойып алып,
Танабайға жаяңды қояйын ба?

Сиыр:
Шиыршықтап қыл арқан ескеніңде,
Қу шолақты соялық дескеніңде,
Қу шолақты соғымға сойып алып,
Бүржекейден көремін көшкеніңді.

Төрт түліктің бірі сиыр мен иесінің айтысында адамның тұрмыс-тіршілігінің төрт түлікпен тығыз байланысты екені баяндалған.

Айтыстардың ішінде ерекше орын алатын түрі – жұмбақ айтысы. Бәдік, жар-жар, жануарлар мен адамның айтысына қарағанда жұмбақ айтысы адамның сана-сезімінің, таным-түсінігінің даму, өсу, табиғаттың әр түрлі құбылыстарын танып-білу кезінде туған. Жұмбақ айтысына «Сапарғали мен Нұржан», «Әсет пен Ырысжан», «Қожахмет пен Әубәкір» айтыстары жатады.

Айтыс жанрының ең көлемді де көркем түрі – салт айтысы. Салт айтысы ХІХ ғасырда кең түрде дамыған. Осы кезеңде өмір сүрген Шөже, Балта, Орынбай, Кемпірбай, Тезекбай, Сүйінбай, Түбек, Омарқұл, Тәбия, Мұрат, Сүгір, Жаскілең, Біржан, Сара сияқты айтыс өкілдері сөз таластырып, айтысқа түскен. Салт айтысы екіге бөлінеді: 1) қыз бен жігіт айтысы; 2) ақындар айтысы.

Қыз бен жігіт айтысы той-думанда, үлкен жиында айтылған. Айтыс қыз бен жігіттің арасындағы әзіл-қалжыңға құрылған. Қыз бен жігіт айтысына «Омарқұл мен Тәбияның», «Біржан мен Сараның», «Жамбыл мен Салиханың», «Кенен мен Ләтипаның», «Сүйінбай мен Күнбаланың» айтыстары жатады.

Салт айтысының ерекше түрі – ақындар айтысы. Ақындар айтысының маңызын академик-жазушы М.Әуезов: «Айтыс – сөз барымтасы» деген сөзбен ерекше бағалаған.

Ақындар әр уақытта халыққа арқа сүйеген, себебі айтыс ақындары халықтың сөзін сөйлеген, елдің мұң-мүддесін жоқтаған. Елге, халыққа арқа сүйеген ақындар өз ойын ашық айта білген, сол кезеңдегі үстем тап өкілдерінің іс-әрекеттерін батыл әшкерелеген. Мысалы, айтыс ақыны Шөже Қаржаубайұлының көзі соқыр болған екен. Соны айтысқа түскен ақындар бетіне баса берген. «Шөже мен Балта» айтысында үстем тап өкілдерінің сөзін сөйлеп отырған Балтаға Шөже:

Кем-кетік толып жатыр таз бен соқыр,
Жемтік молда алдияр құран оқыр, –
дей келе:
Соқыр-соқыр дейсің де еш тынбайсың,
Соқыр десең құтылсаңшы Құнанбайдан, – деп, Құнанбайдың соқырлығын, Алшынбайдың таздығын өлтіре сынайды.

Айтыстың мәні мен маңызы туралы С.Мұқанов: «Айтыс – ат бәйгесімен пара-пар», – деп ерекше бағалаған.

Қазақ халқының ақындар айтысының ішіндегі ең үздігі – «Біржан мен Сара» айтысы. «Біржан – Сара» айтысы айтыстың екі түрін де: қыз бен жігіт айтысын да, ақындар айтысын да қамтиды. Айтыс ақындары Біржан да, Сара да тарихтан белгілі, көпке мәлім адамдар болған.

Ақындар айтысына «Сүйінбай мен Тезектің», «Құлмамбет пен Түбектің», «Шөже мен Балтаның», «Шөже мен Кемпірбайдың», «Шөже мен Орынбайдың», «Жанақ пен Шөженің», «Біржан мен Сараның» айтыстары жатады.

Сара Тастанбекқызы – Жетісу өңірінен шыққан, әнші, ақын, күйші, сауықшыл қауым ортасында өскен, жастайынан домбыра алып, ән салып, «домбыра ап он үшінен сөз сөйлеген» талант иесі болған. Сара Тастанбекқызы – талай ақындармен сөз жарысына түсіп, оза шауып бәйге алған ерен жүйрік ақын. Бұл туралы Сараның:

Белгілі қанша жұртқа атым – Сара,
Ішінен ер Қаптағай шықтым дара.
Домбыра ап он үшімнен сөз сөйледім,
Келемін бір сүрінбей жеке-дара, –
деген сөзінен көруге болады.

Біржан сал Қожағұлұлы – Көкшетау өңірінде туып-өскен, Ақан, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Естай сияқты өнерпаздарды тәрбиелеп шығарған танымал тұлға. Біржан – қазақ халқының кемеңгер, үздік әнші, ақыны. Ол ұлы Абаймен кездескен, пікірлес, сыйлас болған. Біржан Сарамен айтысында Абайды пір тұта, мақтан ете сөйлеген. Біржанның Сарамен айтысы бүкіл халық игілігі, халықтың сүйіп тыңдайтын өлеңі болған. Біржан Жетісу өңіріне аты шыққан ақын Сараны арнайы іздеп келіп айтысқан.

Бұл үйде Сара бар ма шықсын бері,
Ауылында Тұрысбектің өлер жері, –
деген Біржан сөзінен айтыстың Тұрысбек ауылында өткенін көруге болады. Өнері мен ақындығы жағынан Біржанға тең түскен Сараның осал жері ұзатылатын күйеуінің кемтарлығы еді. Біржан да Сараны осы жерден сүріндіреді. Сара ол туралы:

Арғынға дес бермеген есіл тілім,
Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім, –
деп, жеңілгенін мойындаған. Сара күйеуінің кемтарлығын

Көрінсін Біржан салға ай секілді,
Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді
Ұсынса, қол жетпейтін арғымағым,
Біржанға баламаймын тай секілді…
деп, ирония мен сарказмды шебер пайдалана отырып тілге тиек еткен.

Айтыста екі ақын да өздерінің сөз шеберлері екенін көрсете білген. Өздерін таныстыру барысында: «Қырандай желді күнгі аспандаймын»«Мойыным сұңғағындай жүзген қудың», «Лебізім шырынындай шәрбат судың», «Тамағым жас баланың білегіндей», т.б. теңеулер мен «Ақиық мұзбалақпын жерге түспес», «Найманда екі жүзді наркескенмін», «Ұшырған тәрбиелеп ақ тұйғынмын», т.б. метафораларды тиімді қолданған.

«Біржан мен Сара» айтысының тақырыбы – әйел теңдігі, қазақ әйелдерінің бас бостандығы. Осы тақырыпты батыл көтерген Біржан Сараның басына бостандық алып береді.

«Біржан – Сара» айтысы құрылысы жағынан да, түрі мен мазмұны жағынан да салт айтысының ең биік шыңы болып табылады.

Осы күнгі айтыстар жаңа заманға лайық сөз саптауымен, тақырыптық жаңалығымен, жарасымды әзіл-қалжыңмен ерекшеленеді. Осы күнгі айтыскер ақындар: Балғынбек Имашев, Мұхамеджан Тазабеков, Мэлс Қосымбаев, Айнұр Тұрсынбаева, Дәулеткерей Кәпұлы, Ринат Зайытов, Ақмарал Леубаева, Сара Тоқтасынова, т.б.


1 ПІКІР

  1. Кұшті бірақ өзіңнің миыңа жетпиді екенғой хазазазазаззахаххахахахахахаха ассалаумағалайкум

ПІКІР ҚАЛДЫРУ