АҚ АЛТЫНДЫ АРМАНДАР

0
1984

Бала арманы шексіз. Шексіз арман бірде ұшқыш болып әуені шарласа, бірде дәрігер болып ем іздейді, бірде мұғалім болып тәлім-тәрбие бесігін тербейді, бірде тілші болып елді белдейді. Бала қиялының таусылған күні бар ма? Ғарышкер болып, галактикаға аяқ бассам, әкім болып ел билесем, әнші болып әуелетсем, биші болып тербелтсем, күйші болып құйқылжытсам дейді. Жаңа ғасыр — ақпарат ғасыры екенін баланың саналы сезімі ұмытпақ емес. Ел ахуалын көтерер экономист болсам, халықтың тұрмысын арттырар банкир болсам, әсемдік пен әдемілікке құштар дизейнер болсам, жаңа технологияның мың бір түндік ертегісін тауыссам деген баланың тәтті арманы бұл жолы адаспай арнасын табуына тілектес көңілмен Алматыға оралдым.\r\n Оңтүстік аймақтың ең шеткі ауылдарының бірі – Қоғалы ауылының балалары да болашақты барлық елдің балаларындай ойлап, өзге жұрт балаларындай толғайды.\r\n Бірақ бұл аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Көзін ашып, ес білген бала Мырзышөл аймағында мақта егіншілігі — басты күнкөріс көзі екендігін түсінеді. Жастайынан мақта шарушалығында еңбек ету қажеттігін де сезінеді. Әрине ауыр еңбекке баланы таңып қойған ешкім жоқ. Бірақ балалардың еңбекке ерте жасынан араласуының өзіндік себептері бар.\r\n Кеңестер Одағы кезінде де бұл өлке социалистік отанға миллиондаған тонна ақ мақта өсіретін «ақ алтынды аймақ» болып саналатын. Мектеп қабырғасын аттаған 7 жастан бастап-ақ 45 минуттан болатын 4 сабақты бір 45 минуттық сабақта жылдамдатып өткізген мұғалімдер бастауыш сынып оқушыларын мақталы алқапта бастап апаратын. Жеті жасар бала өндіріп қанша мақта теруші еді? Азды-көпті 5-10 килограмм мақтамызды өткізіп кешкісін үйге қайтатынбыз. Бұл – социалистік кезеңде, жерге не болмаса егіншілікке жеке меншік жоқ дәуірдегі бала еңбегінің бір көрінісі деуге болады. Яғни қоғамдық меншікке балалардың қосқан үлесі – «мақталы алқапта» еңбектену болып саналатын.\r\n Нарық заманына көшкен қазіргі уақытта да сол бала еңбегі сол еңбек. Бірақ бұл еңбектің сипаты енді басқаша. Жеке меншікке негізделген жанұялық фермерлік бизнесте бала еңбегінің де өзіндік орны бар. Бастысы — табыс енді жанұяға ортақ болып саналады. Қосымша жұмыс күшін жалдау, шағын бизнесті дамытудағы қаржының, жұмыс қолының жетіспеушілігі, ең бастысы мақта зауытының фьючерлік несиесінің пайыздық өсімінің жоғарылығы баланың еңбекке араласуына итермейтін факторлардың бір сарасы. Мақтаарал, Жетісай, Асықата аудандарын алып жатқан Мырзашөл аймағында басты табыс көзі, еңбекпен қатамасыз етудің жалғыз жолы – шаруашылық қожалықтары болып отыр. Бұған қоса мектеп, аурухана, жергілікті әкімшіліктердегі бюджеттік жұмыстан басқа елде мақта шаруашылығына балама жұмыс көзі тағы жоқ. Тұрғындардың еңбекке жарамды әлеуетті тобы — орта не жоғары білімді ата-аналардың айналысар кәсібі – мақта шаруашылығына келіп тіреледі. Көктемнің наурыз айынан бастап күздің қарашасына дейін науқандық жұмыстан түскен нәпақа жанұялық бюджетті толықтырса жақсы. Ал толықтырмаса ше? Онда жанұядағы еңбекке жарамды баладан қарияға дейін науқан кезінде тұрмыс қажеті үшін ақ алтынды аймақта еңбектенуіне тура келеді. Өкінішке орай жылдан жылға мақталы алқапта еңбенуші баланың саны артпаса кемімек емес. Күнделікті тамақты қоспағанда, орта есеппен әр жаняұдағы 4 баланың 2 мектепке барса, олардың көпшілігі оқулықтары мен киім-кешектеріне өздері еңбектеніп қаржы табады. Төрт бала деуіміздің де себебі бар. Бұл өлкеде 4 балалы жанұя мемлекет тарапынан берілетін 4 мың теңгелік төлемақы ала алады. Бұл әлеуметтік жәрдемақы барлық дерлік жанұяның (қариясы барлардың зейнетақысын қоспағанда) ресми түрдегі табыс көзі. Халық тұрмысының тұралауының бір себебі ала жаздай диқан еңбегінің күздегі жиын-терім науқаны кезінде мақта зауыттарының шикізатты өте төмен бағамен қабылдауы. Соңғы үш жылда мақтаны қабылдау құны килограмына 35-50 теңгеден аспауы. Аптап ыстық пен шөлде техникалық мақта дақылын баптап өсіру үшін де диқан шамамен гектарына 30-40 мың теңге қаржы жұмсайды. Ал күзде шамамен гектарына 100 000 теңге шамасында (2 тонна) өнім алады. Қаржыны көбінде диқандар зауыттан күзде мақталай өсімімен қайтаратын несие негізінде алады. Ал алпауыт зауыттар алыптығын танытып, айтқан бағасынан таймайды.\r\n Мақтаарал ауданы Қоғалы ауылдық мекенінің Ж.Сүлейменов атындағы орта мектеп оқушылары арасында жүргізген сауалнама деректері осы ойларды растай түссе керек. 8-18 жас аралығындағы 246 баланың 31,7% — 6, 39,8% — 8, 19,1% — 10, 9,7% — 12 жасынан мақталы алқапта енбектенеді екен. Яғни 6-8 жас баланың ауыр еңбекке қабілетті жасы болып отыр.\r\n Баланың денсаулығына, ойлау қабілетіне, рухани дамуына және білім алуына кедергі келтіретін жұмыс жағдайындағы еңбектің кез-келген түрін бала еңбегі деп анықтама беріледі халықаралық еңбек ұйымы конвенциясында. Бұл конвенцияны қабылдаған әлем елдерінің бірі — Қазақстан. Олай болса мақтаның шабығы жаз айларында өтеді десек те мақта терімі оқу оқитын қыркүйек айынан қараша айына дейін ұласады. Білім алатын оқушы күздің үш айын ата-аналарына көмектесу мақсатында күн көріс қамымен мақталы алқапта сарп етеді.\r\n Мырзашөл жазының 40 градустық аптап ыстығында мақтаны арамшөптен тазарту, жегенелеу жұмыстары бала тұрмақ ересектерге де оңай түспейді. Жүйек-жүйек аралап, сағым бұлдырында еңбектенген баланың денінің саулығы қайдан болмақ? Күннің ыстығы андыздап тұрғанда еңкейіп отырып қосқұлақтанып қалған мақта арасын жегенелеу, кетпен көтеріп бой түзеп қалған дақылды арамшөптен тазарту, көсектеп қалған қозапаяны аралап, мақта құртын теру де бала үшін ауыр жұмыс. Балалардың 27,2% — мақтаны жегенелеуді, 37-8% — мақта шабығын, 21,9% — мақта құртын теруді, 10,1% — мақта терімін, ал 22,7% — осы еңбектің барлық түрін ауыр деп санайды екен.\r\n Сауалнама көрсеткендей жұмыс жағдайы да бұл өлкеде мәз емес. Жағдайдың жоқтығы ауыз су мен алғашқы медициналық көмек, түскі ас ішетін орынның болмауы мен дұрыс тамақтанбау, ауыр затты көтеру, ұзақ уақыт ауыр жұмыс жасау деп санамалауға болады. Бірақ сол жағдайдың көрсеткіші мынадай. Балалардың 55,6% барлық жағдайдың жоқтығын растаса, соның ішінде 13,4% — алғашқы медициналық көмектің, 4,4% түскі аш ішетін орынның, 3%-ауыз судың жоқтығы десе, 14,6% — дұрыс тамақтанбайтынын, 10,9% — мақта еңбегі ұзақ та ауыр жұмыс екендігін атап көрсетеді. Респонденттердің 51,6% — ер бала болса, ал 48,3% қыз балалар. Болашақ ана – жасөсіпірім қыздар үшін ауыр зат көтеру және ұзақ уақыт еңбектену зиян екендігін түсіндіру артық шығар. Бір күнде бала орта есеппен 50-100 кг.ға дейін мақта теріп, өткізеді. Мақта салынған қапты әрине арқалайтын да бала. Ұзақ уақыт еңбектену деп мақталы алқаптағы еңбек күнінің ұзақтығын айтып отырмыз. Балалардың 32,5% — күніне 6 сағатқа дейін (8-13 жас аралығы), 25,2% — 8 сағатқа дейін (11-14 жас аралығы), 47,2% 10 сағатқа дейін (9-18 жас аралығы) еңбектенеді екен.\r\n Балалар осындай еңбекке ерте жасынан араласуын өз қажеттеріне жұмсайтындықтарымен, мектепке қажет оқулықтар мен киім-кешек алуымен түсіндіреді. Тапқан табыстарын көбінде ата-аналарына беретін балалар жанұяға көмектесетіндіктерімен түсіндіреді.\r\n Балалар еңбегінің өтемақысының бір күндік картинасы 50 теңгеге дейін 20,7%, 100 тң.ге дейін – 15,4%, 200 тң.ге дейін – 43,08%, 200 тң.геден жоғары – 20,3% үлес көрсеткіштері айқындаса керек. Бұл балалардың мақта терімі науқанындағы табыстары. Мақта шабығында гектарына 1-3 мың теңге аралығында еңбек ақы төленсе, балалар терген әрбір зиянкес-құртқа 5-10 теңге көлемінде еңбек ақы алады екен.\r\n Осыншалық ауыр еңбек балаларға несімен ұнайды екен деген сауалдың жауабы біршама таң қалдырғандай. Балалардың 45,5% — мақталы алқаптағы жұмыстың ұнайтындығын, ал 53,2% — керісінше ұнамайтындығын, соның ішінде 1,2% бейтарап қарайтындығын айтады.\r\n Өз жанұясының жерінде еңбектенген бала неге басқаларға жалданады деген сұрау да туады. Ауыл қазақтарының барлығы дерлік пайлық үлестерін алып,толықтай жерлерін заңдастырып алды десек қателесер едік. Әлі де болса кей жанұялар қаржы тапшылығынан жерлерін жекешеліндіре алмай не болмаса бар жерді толықтай заңдастыра алмай қалғандар бар. Мақта тек техниканың ғана күшімен емес шабық, терім сияқты қол күшін керек ететін шаруашылық. Өз жері бола тұрып, жанұясына көмектескен бала келесі жанұя шаруашылығына табыс табуды көздеп жалданады.\r\n Нарық заманының баласы нарықтың жемісі екендігі даусыз. Бала азын-аулақ үлесімен жанұяға табыс әкелетіндігін, ата-анасына қолғабыс болатындығын мақтаныш та етеді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның біленбей»,-деп те жатады дана халқымыз. Бүгін еңбекке баулыған ұрпақтың ертең еңбегінің жемісін көретіні де рас. Дегенмен бала алдымен орта білім алуға, жасына лайықты өсуге, рухани дүниесі бай азамат болып жетілуі қажет.\r\n Мұның өзі 2005-2009 жылдарға арналған ХЕҰ жаңа бағдарламасының балалар тағдырына жауапкершілікті қамтамасыз ететін барлық баланың өмір сүруі, дамуы, қорғау құқына тиімді жағдай жасауды жүзеге асыратын Үкіметтің қолдауына қарама-қайшы келмесе керек.\r\n Әлеуметтік-экономикалық жүйенің ауысуы, мемлекеттік әлеуметтік қорғау жүйесінің реформалануы, қоғамның әлеуметтік жіктелуі, еңбек қатынастары саласында мемлекеттік бақылаудың әлсіреуі, бейресми экономика секторының болуы, ауылдың әлеуметтік-экономикалық артта қалуы, көрші елдерден еңбек күші миграциясының орын алуы сияқты факторлардың мақталы алқаптағы бала еңбегі мен күшін пайдалануының басты себептері деуге болады.\r\n Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлемде 5-14 жас аралығында 250 млн. бала жұмыс істесе, соның 120 млн. жыл бойына толық жұмыс күнінде және 5-17 жас аралығындағы 171 млн. бала денсаулыққа зиянды да қауіпті жерлерде еңбектенеді екен. 2000 жылғы мәлімет бойынша Азияның дамушы елдерінде 127 млн, Африкада 61 млн, Латын Америкасында 17 млн, Орталық және Шығыс Еруопа, ТМД елдерін қосқанда 2,4 млн 5-14 жас аралығындағы балалар еңбек етсе, ал дамыған елдерде 2,5 млн бала ауыр еңбекке ерте жасынан араласқан.\r\n Бала еңбегіне не үшін сұраныс көп? Өйткені бабаларға аз еңбекақы төлеуге, оларды қорқытып та міндеттеп те жұмыс істетуге болады, оның үстіне бабалар кәсіподақ ұйымына мүше болып саналмайды әрі олар өз құқықтарын талап ете білмейді дейді ХЕҰ мамандары.\r\n Бала күші еңбек ретінде не үшін қажет болып отыр? Өйткені бабалар өздерін қамтамасыз етуі, жанұяларына көмектесуі тиіс және білім алу мүмкіндігінің төмендігі, нашар білім беру жүйесінің болуынан деп санайды халықаралық сарапшылар.\r\n Қазақстан жағдайына келсек, елімізде Халықаралық еңбек ұйымының Бала еңбегінің алдын алуға бағытталған халықаралық бағдарламасы аясында 2005 жылдан бері Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне арналған «Орталық Азия елдерінде бала еңбегінің ауыр түрімен күресу әлеуетін арттыру» жобасы жұмысын бастаған болатын. Осы Халықаралық бағдарлама 1992 жылдан бері әлемнің 80-нен астам елінде бала еңбегінің ауыр түрін зерттеу және күресу жұмыстарын жүргізіп келеді.\r\n Халықаралық қауымдастық бүгінде ХЕҰ 1973ж. қабылданған №138 «Жұмысқа қабылдаудағы минималды жас мөлшері» және 1999 ж. қабылданған №182 «Балалар еңбегінің ауыр түріне тыйым салу мен шара қолдану» Конвенцияларын негізге ала отырып, мәселені шешуге және алдын алуға күшін салуда.\r\n 2005 ж. 7-8 шілдеде Астана қаласында балалар еңбегінің ауыр түрін шектеу және шара қолдану үшін ұлттық бірлескен жұмыс жоспары дайындалып, қол қойылып, жүзеге асуда. Осы мақсатта бірлескен серіктестер қатарында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Бас Прократура, Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, жұмыс берушілер конфедерациясы, жергілікті органдар және Үкіметтік емес ұйымдар бар.\r\n Тығырықтан шығу жолы қандай?\r\n Ең алдымен, ХЕҰ Конвенциясында «Жұмысқа қабылдаудағы минималды жас мөлшері Қазақстанда 14 жас» деп бекітілген. Сондықтан мақталы алқапта жұмыс істеуге тек 14 жастан асқан балалар ғана жіберілуі тиіс.\r\n Ауылды жерлердегі, әсіресе темек, мақта шаруашылығымен айналысатын аймақтардағы табысы төмен жанұядағы балаларға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында қаржы көздері іздестірілуі (көпбалалы жанұя, ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар және т.б.) қажет.\r\n Келесі ұсыныс — Халықаралық ауыл шаруашылығы кәсіподағы қолдауымен темекі өндірісінің алып компанияларынан құрылған қор Қырғызстандағы темекі шаруашылығына микронесиелер ұсынған. Несие алушы темекі алқабында балалардың еңбектенуіне жол бермеу жайлы шартқа отырады. Әрі бұл шарттың орындалуы үшін инспекторлар штабын құру, бақылау қиынға түсетіндіктен фермерлер қауымдастығы өз көршілерінің темекі алқабында балалардың еңбектенбеуін қатаң қадағалап отырады. Әзірге тәжірибе жүзіндегі жоба болашақта оң нәтиже беруі де мүмкін.\r\n Міне, Қазақстандағы мақталы алқап шаруа қожалықтарын да балаларды еңбекке араластырмауға міндеттей отырып, оларға микронесиелер берудің жолдары қарастырылса жөн болар еді.\r\n 14 жастан асқан балалардың мақталы алқаптан басқа салаларда еңбектенуі үшін балама жұмыс көздері қарастырылған да жөн. Мәселен, балаларға тек мақта не темекі алқаптарында емес, жеміс-жидек өнімдерін өсіретін бау-бақшаларда еңбектеніп, қаржы табуына мүмкіндіктер берілсе де үлкен қолдау. Ал мектептерде ісмер де өнерлі балалардың шеберханалары ашылып, өз еңбектерінің жемісін көрсе, бұл да балама жұмыс көзі болып табылар еді.\r\n Ауыл балаларының парасаты мен рухани дүниетанымын арттыратын байқаулар мен сынақтар ұйымдастырып, жеңімпаздарға қаржылай қолдау көрсететін арнайы мемлекеттік немесе халықаралық қорлардың бағдарламаларын жариялау да «бала еңбегі» проблемасын шешудегі прогрестік қадам болып табылары сөзсіз. Онда қаншалық дарынды біз ауылдан тауып, болашаққа үлкен куәлік берген болар едік.\r\n Иә, ой көп, ұсыныс бар. Тек біздің қоғам болашақтың кілті – саналы да сауатты өскіншек ұрпақты еңбек алқаптарында жоғалтып алмаса игі еді.\r\n Тағы да бала арманына оралсақ. Бала көңілі сенгіш те алданғыш келеді. Қашан да бала арманы ең үлкен арман. Өзбекстанмен шекаралас жатқан Қазақстанның Оңтүстік нүктесінің ең шетіндегі ауыл балаларының болашағы ақ алтынды алқаптың төсінде өрнектеледі. Сол болашақ аптаптағы буалдыр сағымнан қол бұлғап ақ армандарға жетелейді. Сонда да бала арманы таусылмақ емес. Қоғамның міндеті сол бала арманының шынайы өмірде орындалуы үшін жағдай жасауы емес пе? Жағдай жасауы дегеніміз баланы сапалы білім, саналы азамат болып жетілуі емес пе? Әзірге сұрақ көп. Бірақ жауабын іздестіріп отырған қоғам ғана бар.\r\n\r\nГүлмира Сұлтанбаева\r\n Алматы – Мырзашөл — Алматы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ