ҰБТ: кеңестер (2-бөлім)

0
3234

Оқу жылы басталғалы бері 11-сынып оқушыларына тыным жоқ. Ұлттық бірыңғай тестілеудің науқанына дайындық қыза түседі.  Олжас, Әсел, Ұлдана, Берікбол — ҰБТ-дан сәтті өткен түлектер, бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенттері. Олар 2015 жылғы мектеп түлектеріне ҰБТ-ға дайындық туралы өз кеңестерін ұсынады. Бір пайдасы тиіп қалар…\r\n\r\nОлжас Әзімбаев\r\n\r\nОлжас Әзімбаев «Алтын белгі» иегері, Қызылорда облысы, Шиели ауданындагы Ш.Уалиханов атындагы N127 орта мектеп лицейінің 2014 жылғы түлегі:\r\n\r\nМен ҰБТ-ға дайындықты 9-10 сыныптардан бастадым. Барлық пәннен білмейтін сұрақтарымды анықтап, қай тақырыптардан қиналатынымды білген соң, сол тақырыптарды ұстаздарыммен қайталадым. Математика, физика сияқты пәндерден көп есеп шығардым. Қазақстан тарихынан мектеп бағдарламасында бекітілген оқулықтарды қайталап оқыдым, тест сұрақтарының жауабын жаттадым. Нәтижесінде, ҰБТ-дан 119 балл жинап, «Алтын белгі» иегері атандым. Қазір физика-техникалық факультетте ядролық физика мамандығы бойынша білім алып жатырмын.\r\n\r\n \r\n\r\nӘсел Сарқыт\r\n\r\nӘсел Сарқыт «Алтын белгі иегері», ШҚО, Үржар ауданы, Қарабұта орта мектебінің 2013 жылғы түлегі:\r\n\r\nҰБТ-ға дайындалмас бұрын, ең алдымен, өз табиғатыңызды түсініп алуға кеңес беремін. Мәселен, сіздің ұйқыңыз қай кезде тез қанады? «Үкісіз» бе, әлде «бозторғайсыз» ба? Осыған байланысты дайындық уақытын өзіңізге тиімді уақытқа қойыңыз. Менің табиғатым «үкі» болғандықтан, кешкі 21:00- 23:00 аралығында тынығып, он бірден кейін сабақ оқуға кірісетінмін.\r\n\r\nСондай-ақ, қай пәннен қанша қайталау керектігін де анықтап алыңыз. Оларды 25 мамырға дейінгі уақытқа шамалап бөліп қойыңыз. Сонда күніне тек 1-2 тақырыптан ғана қайталап отырасыз. Және кітап оқу барысында есте қалмайды-ау деп ойлаған мәліметтеріңізді дәптерге түртіп отырыңыз.\r\n\r\n«ҰБТ-ға арналған» деген жазуы бар қандай кітап көрсеңіз, соған жүгіре бермеңіз. Тестте тек мектеп бағдарламасындағы кітаптардан алынған сұрақтар ғана келеді!\r\n\r\nСоңғысы, сізге қиыннан-жеңілге қарай жұмыс істеген тиімді ме, әлде жеңілден-қиынға қарай жылжыған оңай ма? Мен үшін қиыннан- жеңілге өткен оңай болғандықтан, оқу жылының басынан бастап сынақ тесттерді математика, Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті, орыс тілі, қазақ тілі реттілігімен орындап жүрдім, тест кезінде де осы әдеттен ауытқымадым. Нәтижесінде, 115 баллмен (орыс тілінсіз 93) журналистика факультетіне грантқа түстім.\r\n\r\nОсылайша бәрін жоспарлап алсаңыз, бәрі де оңай болып қалады. Есіңізде болсын: дайындық барысында сіздің қанша кітап оқығаныңыз маңызды емес! Қанша тақырыпты түсініп оқығаныңыз маңызды!\r\n\r\n \r\n\r\nҰлданай Қанашева\r\n\r\nҰлданай Қанашева «Алтын белгі» иегері, Ақтөбе облысы Темірхан ауданы, Ақсай ауылы Н.Байғанин атындағы мектеп- балабақшасының 2014 жылғы түлегі:\r\n\r\nНегізінен, кітаппен дайындалған абзалырақ.Өйткені кез келген сұрақтың жауабын кітаптан табуға болады. Бір жағынан білгеніңді қайталап шығасың, ал білмейтініңді дәптерге түртіп алып, кейін бір қарап аласың. Менің дайындығым осылай жүзеге асты. Әсіресеғ негізгі пәнім Қазақстан тарихы мен тандау пәнім қазақ әдебиетінен солай дайындалдым. Ал математикадан күніге есеп шығаруды және күнде таңертең ертемен формула қайталауды әдетке айналдырдым. Осылайша ҰБТ-дан 112 балл жинадым. Қазір филолгия және әлем тілдері факультетінің 1-курс студентімін.\r\n\r\n \r\n\r\nБерікбол Төлеген\r\n\r\nБерікбол Төлеген «Ерекше аттестат» иегері, Қызылорда облысы Қазалы ауданы 249 мектеп- лицейдің 2013 жылғы түлегі :\r\n\r\nҰБТ-ға дайындалғанда ең бастысы сенімділік керек! Жүйелі түрде дайындалуға тырысыңыз! Мысалыға, өзім ҰБТ-ға дайындалғанымда қазақ тілі, әдебиет, тарих және математика деп екіге бөліп алдым. Бұл пәндерге жеке дайындалу керек. Тарих пен әдебиеттен кітаппен дайындалуға кеңес берер едім. Ауызша пәндер болғаннан кейін өзіме мақсат қойдым. Осы 3 пәннен кемінде 70 алуым керек. Математикадан 15-20 балл алсаңыз, барлығы 85-90 баллмен грантқа ойланбай түсесіз. Осы жоспар бойынша дайындалдым. Нәтижесінде жоспарым 100 % орындалды. Орыс тілсіз 92 баллмен журналистика факультетіне грантқа түстім. Қазір осы факультетте 2-курс студентімін.\r\n\r\nБиылғы түлектерге айтарым, жоспарлы түрде жұмыс жасаңыз! Өзіңізге артық мақсат қоюдан аулақ болыңыз. Іске сәт, жас түлек!\r\n

Жинастырған: Әсел Сарқыт


ПІКІР ҚАЛДЫРУ